Тарихи әділдік орнату – жарқын болашаққа жасалған қадам
2024 ж. 21 маусым
9507
0
Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлы профессор, философия және теология ғылымдары докторы,
Қ.А. Иасауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы. «1920-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссияның Түркістан облысы бойынша төрағасының орынбасары.
– Елімізде бұған дейін де саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар, жазықсыз жапа шеккендер ақталып келді. Арнайы еске алу күні де бар. Ал, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлығының маңызы мен мақсаты қандай. Ерекшелігі неде?
– Иә, әңгімені тереңнен бастасақ, ХХ ғасырдың 1920-50 жылдары қазақ халқының тауқыметке толы тағдырының ең бір қаралы сипатымен тұспа-тұс келді. Ұлт тарихындағы ауыр трагедияға баланатын қайғылы да қасіретті оқиғалар қазақ қоғамын түгел шарпыды, адамдардың санасы мен жүректе терең қатпарлы із қалдырып, жанды жаралады. Жаппай репрессия - «қызыл қырғынның» диірменінен жүз мыңдаған қазақстандықтар өткен, оның жиырма мыңы «үштіктің», «бестіктің» қаулыларымен өлім жазасына кесіліп, атылып кеткен. Бұл сталиндік режимнің жасаған мемлекеттік терроры құрбандардың басым көпшілігі халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары, олардың арасында, әрине, діни тұлғалар да болатын. Бұл мәліметтер ресми тіркелгені ғана. Ал халық жады мен ел аузындағы әңгімелерде қуғын-сүргін қазақ отбасыларының әрқайсысын қамтыған және аштан босып, ауа көшіп кеткендер мен сотсыз атылғандар да баршылық. Контрреволюциялық әрекет деген айып қазақ зиялыларынан бастап, ауқатты адамдардың барлығын бай, кулак деп кінәлауға, қарапайым еңбек адамдарын астық ұрлады деген айыпқа ұласты, ал діндар адамдар антисоветтік элемент деген жазғыруға ұшырады.
2020 жылдың 29 мамырында мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев саяси қуғын-сүргін мен ашарлық құрбандарын еске алу күніне орай сөйлеген сөзінде осы мәселелерді ескере отырып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін қуғын-сүргін құрбандарын толық анықтайтын мемлекеттік комиссия құру қажеттілігін қадап айтты. Осы арқылы Тәуелсіздігіміздің іргесін нықтап, жарқын болашаққа батыл қадам жасауға болатындығын атап өтті. Содан көп ұзамай, 2020 жылдың 24 қарашасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамында әдіснама, БАҚ-пен жұмыс, саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды құпиясыздандыру бойынша кіші комиссиялар мен Жобалық кеңсе ашылды, оншақты категория бойынша жұмыс топтары жасақталды. Әрине, мұны осы саладағы алғашқы қадам деп айтуға болмас. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1920-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты бірқатар талпыныстар жүзеге асырылды. Мысалы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16 қаңтар 1989 жылғы «1930-50 жж. арасындағы саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтауға қатысты қосымша шаралар»; осыған сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасы 14 сәуір 1993 жылғы заңы. Елде 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды. 2016 жылы ашылған ҚР ІІМ сайтында репрессияға ұшырап ақталғандардың саны 110 мыңнан асады. Дегенмен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты бұрынғы қабылданған заңнамалар мен жүзеге асырылған іс-шаралар өте шектеулі сипатта болды. Алматы және Астана қалаларындағы мемлекеттік архивтердегі құжаттар құпиясыздандырылған жоқ, яғни осы салада еңбектеніп жүрген ғалымдар, зерттеушілер арнайы отырып, қуғын-сүргін істерімен жете таныса алған жоқ. Сонымен қатар қуғынға ұшыраған қайраткерлердің істері жинақталған Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан т.б. мемлекеттердегі архив қорларына барып зерделеу мүлдем қарастырылмады. Сол себептен қудаланған тұлғалардың саны қанша екені жайлы мағлұматтар белгісіз болып келді. Қазірге дейін көрсетілген статистикалық деректердің жазаға ұшырағандардың тек онннан бір бөлігін ғана қамтитыны тарихшы ғалымдардың аузымен де айтылып келді. Ал 2020 жылы Қ.Тоқаевтың арнайы жарлығымен бекітілген ақтау акциясы толығымен құрбандар феномені туралы тарихилық пен әділеттілікті орнықтырудағы ең күрделі әрі маңызды қадам болды. Осы жарлық негізінде құрылған мемлекеттік комиссия көптеген құжаттарды құпиясыздандырып, өте толымды еңбек етті. Аты-жөні бүгінге дейін ашылмай келген көптеген кісілер анықталып, ақтауға ұсынылды. Төмендегі бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылды: Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу жөніндегі, үш жүз жетпіс екі көтерілісті басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі, кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі, түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандары мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша, большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, азық даярлау және басқа да саяси науқандарының құрбандарын ақтау бойынша, ақталмаған қазақстандықтар – НКВД ГУЛАГ-ының 26 лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне қатысты ұсыныстар әзірлеу жөніндегі Қазақстандағы қоғамдық және саяси ұйымдарды, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар даярлау жөніндегі, 1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау бойынша, дәстүрлі дін өкілдері - саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс топтары). Аталмыш жұмыс топтары үш жыл ішінде қыруар тың деректерді жинақ етіп жарыққа шығарды.
– Тың деректер іздеу барысында қай елдің мұрағаттарына барып, іздеу салдыңыздар. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қатары қалыңдай түскен болар. Архив қопару үстінде ұшырасқан тың ақпараттармен бөліссеңіз?
– Жұмыс тобы мүшелері негізінен тарихшы, дінтанушы, өлкетанушы ғалымдардан және архив қызметкерлерінен жасақталған. Үш жыл ішінде ғалымдар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы т.б. қалаларындағы архивтерінде, сонымен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстандағы мемлекеттік архивтерде қуғын-сүргін, ашаршылық пен ауа көшуге қатысты құжаттарды тауып, тапжылмай зерттеу жүргізді. Қол жеткізген нәтижелерді, мәліметтерді құжаттар жинағы түрінде баспадан шығарды. Әрине, зерттеу кезінде аштықтан қайтыс болғандар мен қудаланғандар және ауа көшкендер саны бұрынғы айтылып жүрген сандық көрсеткіштерден он еседей асатыны анықталды. Өйткені көптеген іс құжаттары бұрын зерттелмеген. Түркістан облысынан Өзбекстан мен Тəжікстанға ауа көшушілерге қатысты тарихи құжаттардың басым бөлігі шетелдік архивтерде сақталуы олардың жалпы оқырманға қолжетімділігін қиындататын еді. Өңірдегі ауакөшудің басты бағыты Орталық Азия республикалары, Ауғанстан болғандықтан архивтік зерттеу-іздестіру жұмыстарын отандық архивтермен (ҚР ПА, ҚР ОМА, ТОМА, ТОҚСТМА) бірге шетелдік архив қорларын да жүргізуіне тура келді.
Осыған байланысты зерттеу тобының мүшелері Х.Тұрсұн, А.Қабыл, Н.Оразхандар Тəжікстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивы (ТР ОМА), Ресей федерациясы Мемлекеттік архивінің (ГА РФ) қорларында жұмыстар жүргізді. Мен өзім Түркияның Стамбул қаласындағы Ислам зерттеу институты орталығында арнайы іс сапармен болып, ондағы ауа көшкен қазақтардың, оның ішінде діни тұлғалардың деректерімен таныстым. Архив құжаттарымен танысу кезінде жаппай қуғын-сүргіннің мақсатты түрде жүргізілгенін көрдік. Ол қазақ халқының ділінен, дінінен, тамырынан, ұлттық болмысынан, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінен ажырату үшін жүргізілді. Әрине, табылған тың ақпараттардың барлығы менің «Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты және дін қызметкерлерінің қуғындалуы» және «Қазақстандағы 1920-50 жж. аралығындағы дін және дін өкілдері негізінде жаппай қуғын-сүргін құбылысы» деген қос бірдей монографияма және «Кеңес өкіметінің дін саясаты және діни себептермен қуғындалғандар» атты ІІ томнан тұратын құжаттар жинағына енгізілген.
– Қазақ халқын аштыққа ұрындырып атып-асу, қуғын-сүргінге ұшырату кезінде ең көп жапа шеккен мешіт қызметкерлері, имам, ишандар ғой. Кеңес үкіметінің ислам дінінен қорқу себебі неде еді?
– Иә, қуғын-сүргін кезінде ең көп қысымға ұшыраған, жаппай жазаланған дін қызметкерлері еді. Әсіресе имам, ишан, ахун, дамолла, мүдәріс, т.б. деп аталатын діни тұлғалардың түгелге жуығы атылып-асылды, аман қалғандары бас сауғалап Ауғанстанға, Түркияға, Қытайға, Иранға өтіп кетті. Атеистік мемлекет ретінде КСРО жаппай дінге қарсы саясат жүргізді. Дінді мемлекеттік өмір түгілі, қоғамдық және жеке өмірден де ығыстырып шығару үшін мүмкіндігінше, барлық заңнамалық негіздер мен мейлінше пәрменді идеологиялық машина қуатты түрде қолданылды.
Бұл жерде Кеңес өкіметінің ислам дінінен қорқуы деген түсініктің астарын терең зерделеген кезде мынадай тарихи факт алға шығады. Діндарларды жаппай қудалаудың, біздің пікірімізше, мынадай себептері мен жағдайлары бар: пролетариат диктатурасын орнатқан большевик идеясының көсемдері, К.Маркс, Ф.Энгельс және В. Лениннің ілімдері әуел бастан атеизмді насихаттайтын диалектикалық және тарихи материализммен сипатталды. Сондықтан билікке келісімен большевиктер дінді «рухани қанаушылық» деп қарастырып, «поповщинамен» күресті, дінге қарсы жауыққан зор идеологиялық машина жұмыс істеді. Жалпы Еуропада Ағартушылық заманынан бергі тұрпайы әлеуметтануда дін «ескіліктің қалдығы» саналды. Бұрыңғы патшалық Ресей империясын мекендеген территорияда билікке келген большевиктер бұратана халыққа, олардың тілі мен дәстүріне және ұстанатын дініне қатысты кемсітушілік, отаршылдық саясатты әрі қарай жалғастырып, номенклатуралық әдіс-тәсілді пайдаланды; тоталитарлық қоғамға тән қатаң тәртіпке бағынышты ұстау үшін дәстүрлі дінінен айыру тиімді тәсіл болды және т.б. Дінді мемлекеттен ажырату туралы, діни бірлестіктер және олардың мүлкі мен құндылықтарын тәркілеу жөнінде заң қабылдаудан бастап, әртүрлі қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулықтар арқылы және арнайы ұйымдастырылған науқандар (мысалы, Казақстанда «сопы операциясы» немесе «ишандар ісі») арқылы, арнайы құрылған «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» ұйымдарының, «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас», «Әйел теңдігі» басылымдарының жүргізген барынша белсенді үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде дін қызметіне шектеу қойылды. Құдайға құлшылық жасау, діни жиналыстар мен мерекелер өткізу кеңестік жүйеге жат деп саналып, тыйым салынды, діни мектептер жабылды. Барлық шіркеулер мен мешіттер мемлекет меншігіне өткізіліп, мәдени-ағарту орындарына берілді, тіпті кей жерлерде мал қораға айналдырылды.
Мемлекеттік саясат, оның ішінде дін саласындағы мемлекеттік саясат ең алдымен, сол саладағы практикалық өмірді реттеп отыратын нормативті-құқықтық актілерден көрініс табады. Оның жүзеге асырылуы ресми федеративті құрылымдағы Кеңестер Одағында екі деңгейде – орталық мемлекеттік деңгейде және одақтас жергілікті билік деңгейінде өтті. Республикада негізінен дінге қарсы күрес 1920 жылдардың орта кезінен бастап ұйымдасқан сипат алды. Дінді қоғамдық өмірден сәтті ығыстыру үшін коммунистер 1925 жылдың сәуірінде «Дінсіздер одағы» құрылды. Ал 1929 жылдың маусымында бұл одақ «Жауынгерлік дінсіздер одағы» болып өзгертілді. Партия тарапынан одақтың алдына мынадай міндеттер қойылды:
а) дінмен идеялық күрес;
ә) еңбекшілерде ғылыми дүниетанымды қалыптастыру;
б) діндар адаммен жеке жұмыс жүргізу;
в) атеистік әдебиеттерді шығару;
г) ғылыми-жаратылыс білімін насихаттау және т.б.
Қазақстанда «Дінсіздер одағының» ұялары мен үйірмелері 1926-1927 жылдардан бастап пайда бола бастады. Кейіннен «Дінсіздер одағының» қалалық және аудандық Кеңестері пайда болды. Кеңестердің жанынан қазақ жастарының секциясы ұйымдастырылды. Бұл секцияларда әр ай сайын дінге қарсы тақырыптарда дәрістер оқылып, онда ислам дінін құбыжық ретінде көрсету басты орында тұрды. Қазақстандағы «Кіші қазан» дінге қарсы насихатпен қатар жүргізілді. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап тек мұсылман дін иелері ғана емес, сондай-ақ басқа да діннің өкілдері жаппай қуғын-сүргіннің қармағына ілікті. 1937 жылы Қазақ өлкелік комитеті «діннің таптық мәнін түсіндіре отырып, дінге қарсы үгіт-насихатты кең құлашпен жүргізу» туралы шешім қабылдады. Осы кезден бастап «еңбекшілердің таптық жауы» ретінде дін иелеріне қарсы қатаң жазалау шаралары жүргізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде молдалар мен ишандарға, тәуіптер мен бақсыларға қарсы қудалау науқаны басталды. 1937-1938 жылдары қазақ ауылдарындағы дін иелерінің барлығы дерлік ұсталып, түрмеге жабылды не ату жазасына кесілді. Дін құбылыс ретінде жоққа шығарылды. Діндарлар жүйенің дұшпандары ретінде қуғындалды, асылды, атылды. Діни білім беруге тыйым салынды. Сенім, иман негіздері мен ілімдері, орталықтары, мектептері қудаланды. Мешіт, шіркеу қиратылды, жабылды, атқораға айналды. Діни кітаптар өртелді, тәркіленді. Медреселер мал қораға, базаға, контор т.б. функциясы ауыстырылды. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап тек мұсылман дін иелері ғана емес, сондай-ақ басқа да діннің өкілдері жаппай қуғын-сүргіннің қармағына ілікті. 1937 жылы Қазақ өлкелік комитеті «діннің таптық мәнін түсіндіре отырып, дінге қарсы үгіт-насихатты кең құлашпен жүргізу» туралы шешім қабылдады. Осы кезден бастап «еңбекшілердің таптық жауы» ретінде дін иелеріне қарсы қатаң жазалау шаралары жүргізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде молдалар мен ишандарға, тәуіптер мен бақсыларға қарсы қудалау науқаны басталды. 1937-1938 жылдары қазақ ауылдарындағы дін иелерінің барлығы дерлік ұсталып, түрмеге жабылды не ату жазасына кесілді.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін мынадай категорияларға бөліп қарастыруға болады: «айырылғандар» (лишенцы), священнослужитель», «поп», «монах», «молда», «имам», «ишан», «ахун», «мұқтасиб», «қожа», «қажы», «сопы» діни лауазымдардың ішінде имам, имам хатиб, имам мүддәрис, нәйб, муәзин дегендер болған және т.б.
Дін мен діндарларға қарсы саяси қуғын-сүргіннің түрлері, формалары, жүйесі мен тетіктері. Діндарлар «тап жаулары», «халық жаулары», «қауіпті антисоветтік элемент», «зиянкес», «салықтан бас тартушы», «банды», «шайка», «басмашы», «бандит», «бүлікші», «ағылшын тыңшысы», «шпион», «контра», «саботаж», «кеңестік билікке қарсы үгіт-насихатшы», «діни әдебиет таратушы», «түрікшіл» (пантуркист), «исламшыл»(панисламист) және т.б. жапсырмалармен айыпталды. Қазақстанда мұсылман қауымына қарсы «Сопы операциясы», «Ишандар ісі», «Құран тізбегі», «Еділ-орал операциясы» тәрізді арнайы ұйымдастырылған шаралар ұйымдастырылды.
Созақ құбылысы
– Ұлтын сүйер, адамсүйгіш ислам діні мамандары тұяқ серіппей, құдайсыз қоғам жасаушыларға оп-оңай беріле салған ба, әлде бас көтеріп қырсылық білдірген бе?
– Жоқ, дін өкілдері халықты біріктіріп, коммунистерге барынша қарсы тұрған. Жалпы, Кеңес билігіне қарсы көтерілістердің басында міндетті түрде ишандар, имамдар, ахундардың болғанын көре аламыз. 1920-30 жылдардағы Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы діни сипаттағы көтерілістердің саны 380-ге жуықтапты. Бұлардың ішіндегі ең негізгілері: 1929 жылғы Түркістан облысына қарасты Бостандық ауданындағы Исламбек Жұмабеков бастаған көтерілісі; 1929 жылғы 1-9 қарашада Қостанай округі Батпаққара ауданында болған Абайділдә Бекжанов, Сейтбек Қалиев, Ахмедия Смағұлов бастаған көтерілісі; 1929 жылғы Қызылорда аймағының Тақтакөпір ауданындағы Үббі Ибрагимов, Жәлел Мақсұт Исматуллаев, Барлықбай Нұрымов бастаған көтерілісі; 1929-1930 жж. Түркістан облысы Созақ ауданындағы Сұлтанбек хан Шалақов, Сапар қожа мен Ибрагимов Асадулла бастаған «Созақ көтерілісі»; Жамбыл облысының Сарысу және Мойынқұм аудандарын да қамтыды. 1930 жылы Қызылорда облысының Қарақұм өңірінде Жұмағазы Байымбетовтің бастауымен болып өткен көтерілісі. 1930 жылы Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы аудандарын қамтыған, дін білгірі, ишан Ақмырза Дамолла Төсұлы бастаған көтерілісі. 1931 жылы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында Мырзаш Қарамұрзиннің басшылығымен болып өткен көтерілісі. 1930 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қызылорда облысының Қазалы ауданында Иман Мақсат Орымбетов бастаған көтерілісі. 1930 ж. Қостанай облысының Жітіқара ауданы мен Ақтөбе округының Ырғыз ауданында өткен, Айжарқын Қанаев пен Мұхантай Саматов бастаған көтерілісі. Осындай көтеріліс, наразылық, ішкі диалектикалық қайшылықтарды кеңестік жүйе бейберекетсіз, аймақтық, ауылдық масштабтағы дүмпу ретінде танытқан және солай бағалаған. Себебі кеңестік большевизмді пролетариаттың мақсаты, адамзаттың түпкі идеясы ретінде дәріптеген. Бүгін енді президентіміздің арнайы жарлығы негізінде, тарихқа, өткенге, әсіресе, саяси қуғын-сүргін құрбандарына баға берерде, кешегі кеңестік маркстік материалистік диалектикалық тарих методологиясы қалыптастырған шаблондардан сақ болғанымыз жөн. Қуғын-сүргінге қатысты архивтік материалдарды сараптай отырып, осы мәселеге көз жеткізуге болады.
Архив материалдарында «Қазақстандағы наразылық актілері жекелеген аймақтармен емес, керісінше трансаймақтық сипатқа ие екендігін тануға болады. Бұл наразылықтардың өркениеттік тұрғыдан, ислами, діни, мәдени, саяси, геополитикалық, халықаралық орталықтардың назарын аударған құбылыс екендігін айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар, Қазақстан территориясындағы кеңестік режимге қарсы діни мәндегі көтірілістің артында Түркістан облысы аумағында болған наразылық шаралары жатыр. Бұл сол кездегі тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия Мұсылмандарының отарлаушылар мен атеизмге қарсы ортақ платформасының көрініс тапқан әрекеті болатын. (Архивте ауғандық ишан - аты Сайидали, Сұлтанбек Ханның кеңесшісі әрі жақын күйеу баласы, кезінде Англияда білім алған, 1916 жылы Османлы патшасы алдында «Англияның Орта Азия Саясаты» туралы мәлімдеме жасаған. 1930 жылдары Созақ феноменінің бел ортасында жүр, Сұлтанбек Шалақовтың кеңесшісі. Кейін тергеу материалдары бойынша үштік тарапынан атылған)
Архивтердегі зерттеулерімізде біраз тың деректерге қол жеткіздік. Сол материалдар негізінде атақты «Созақ көтерілісінің бір аймақпен ғана емес, оның жалпыхалықтық сипатқа ие екендігін тануға болатын қорытынды жасаған болатынбыз. Себебі «Созақ көтерілісі» - өркениеттік тұрғыдан, діни, мәдени, саяси, геополитикалық, халықаралық орталықтардың назарын аударған құбылыс екендігін таныдық.
Сонымен қатар, Қазақстан территориясындағы кеңестік режимге қарсы діни мәндегі көтірілістің артында осы «Созақ феномені» жатыр. Арнайы «Созақ құбылысы» деген атау бердік, себебі бұл сол кездегі тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия Мұсылмандарының отарлаушылар мен атеизмге қарсы ортақ платформасының көрініс тапқан әрекеті болатын.
Архив зерттеулерімізде Созақ көтерілісінде ауғандық ишан - аты Сайидали-Асадулла қожа туралы дерек таптық. Ол «Созақ көтерілісінің» көсемі Сұлтанбек (Шалақов) Ханның кеңесшісі әрі күйеу баласы еді. Шымкент қаласындағы МВД (Ішкі Істер Министрлігіне қарасты) архивінде Асадулла туралы деректерде оның ауғандық ишанның ұлы екендігі, кезінде Англияның Ауғанстанды протекторатына айналдырғандығы жазылған. Сонымен қатар Асадулла жас бала кезінде Англияда білім алып, «...1916 жылы Османлы патшасы алдында «Англияның Орта Азия Саясаты» туралы мәлімдеме жасаған» делінген. Ал 1930 жылдары «Созақ көтерілісінің бел ортасында жүрген, Сұлтанбек Ханның (Шалақовтың) кеңесшісі дәрежесіндегі діни тұлға. Кейін тергеу материалдары бойынша үштік тарапынан атылған «Англияның шпионы» болатын.
Сонымен алдымызда екі мәселе тұрды: Біріншісі, расында кеңестік режимнің айтқанындай Асадулла Англияның шпионы болуы ықтимал. Себебі келтірілген дәлелдердегі уақыт пен құбылыс соны көрсетеді. Сол кезде Англия Ауғанстанды басып алған болатын. Нәтижеде Асадулла Батыста тәрбиеленуі де ықтимал. Кеңестік жүйеге қарсы Османлыда да Орта Азия мұсылмандарын қолдау жүріп жатты. Оны Әнуар Паша жорығынан да көруге болады. Кеңес идеологтары тұрғысынан «Созақ көтерілісі» кеңістік жағынан өркениеттік негізі жоқ, тек сырттан басқарылған, ұйымдастырылған болып шығады.
Екіншісі, мұның барлығы жалған, яғни кеңестік режим әдейі қасақана бұрмалап, тарихты да, құбылысты да өзіндік шаблонға салып, қарсы көтеріліске шыққандарды «жапонның тыңшысы, ағылшынның шпионы» деген сияқты айдар тағып отыр. Жаппай жазалау кезінде осы шаблон ең кең тараған үкімдердің қатарында орын алғандығы рас.
Сондықтан ауғандық шайх Асадулла тұлғасы туралы әрі Шымкент архивіндегі материалдың тарихи шындыққа сай немесе сай еместігіне көз жеткізу шарт болды. Осы мақсатта 2022 жылдың 20-31 мамыр аралығында Туркия Республикасы Стамбул қаласында арнайы іс сапарда болдым. 23-30 мамыр аралығында Сүлеймания кітапханасы мен Османлы архивінде болдым. Негізгі мақсатым да осы архивтен Асадулланың Османлы патшасы алдында жасаған баяндамасы яки кездесу туралы деректер табу болатын. 1916 жылы Османлы патшасымен ресми түрде кездесіп, шарттары мен ұсыныстарын баяндаған ауғанстандық Жамалуддин Афгани ғана болып шықты. Одан басқа Орта Азиядан сол жылы Орта Азиядан ешкім Османлы патшасымен ресми кездеспеген. Себебі сол жылдардағы Османлы патшасының ресми «хумайун дәптерлерін» толық ақтарып шықтым.
Шалақов бастаған қарсылықта Асадулла Ибрахимов ешқандай Ауғандық ишан емес, ол негізінен нақшбандия тариқаты өкілі, заманауи білімді меңгерген мужахид болатын. Ол өз құндылықтары үшін күрескен мұсылман тұлға. Қазақстан аумағында болған көтерілістер бір режимге қарсы наразылық ретінде барша мұсылман қауымының реакциясы болғандықтан да, Кеңестік құпия архивтеріндегі жаппай қуғын-сүргін құжаттары, тергеу іс қағаздары мен протоколдардан тыс, ел аузындағы фольклорлық, әдеби, мәдени, жыр дастан, отбасылық шежірелер мен жекелеген деректер мен дәйектерді де назарға алуды міндеттейді. Сондықтан «Кеңестік режим және діни құндылықтық диалектика» туралы зерттеулер кешенді сипат алуы тиіс.
Қазақстан аумағындағы наразылық шараларының төңірегінде атылғандардың саны туралы арнайы тізім дайындалуы тиіс. Бүгінгі архивтердегі құпия құжаттар негізінде «Кеңестік режим және діни құндылықтар диалектикасы»» тікелей және жанама қатысы бар деп ату жазасына кесілгендердің саны анықталып жатыр.
– Кеңес үкіметі құдайсыз қоғам орнатып, қазақ халқы дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап бытырап, аштықтан қырылып жатқанда өз қазағымыз, өз ағайындары оларды сатып, қайда кеткенін көрсетіп беріп отырған дейді. Осы қаншалықты рас сөз?
– Мұндай мәліметтердің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен мұны бүкіл қазаққа жаппай таңған дұрыс емес. Көркем шығармаларда, әдеби туындыларда бірін-бірі ұстап берген, сатып берген қазақтар жайлы барынша ұлғайтылып көрсетілді. Бұл, әрине, ел арасында кездесіп жатты. Өйткені қинау, қысу, жазалау, азаптау қорқыту, бір сөзбен айтқанда, тұтас террор машинасы тергеу-тексеру кезінде басқаларды лажсыздан көрсетіп беруге мәжбүрлеп жатады. Дегенмен «қазақтың жауы - қазақ» деген мұндай негізсіз, әсіре ұйғарымдарға сенбеу керек деп ойлаймын.
– Елде қалған қазақтар аштықтан қырылып, мәйіттер жаназасы шығарылмай ит пен құсқа жем боп, көмілгені ғана көміліп жатыпты. Шетелге бас сауғалап кетіп бара жатқан қазақтар да қиындықтан қайтыс болып, адам төзбес ауыртпалықтарды бастан кешкен дейді. Қазақ халқы осынша хайуандық көретіндей неден жазып қалған екен деп ойлаймын. Бұл туралы сіз не айтасыз?
– Иә, ашаршылық пен қуғын-сүргін өткен ғасырда қазақтың жартысынан көбін жалмап кетті. Архив құжаттарында да, ел арасындағы естеліктерде де бұған қатысты оқыған, естіген адамның төбе шашы тік тұратын мәліметтер жетерлік. Ол жайлы жарық көрген кітаптарда, жинақтарда да жазбалар орын алды. Бұл алдында айтылғандай, коммунистік құдайсыз безбүйрек биліктің қанды саясатынан туды ғой. Құдайсыз мемлекетте ешқашан адамға аяныш көрсету деген болмайды. Ар-ұят, обал-сауап, адамгершілік деген құндылықтар түгелдей аяқ асты етілген қоғамда адамның құны көк тиынға да татымайтынын өткен тарих көрсетіп берді. Кеңестік жүйе, иедологиялық теориялық тұрғыдан қазақтың саяси, өркениеттік, мәдени, діни және аксиологиялық жүйесіне қарсы бағытталған еді. Аяусыз тоталитарлық машина жолында тұрғандардың бәріне қан қасапқа айналдырып, турап өткен.
– Негізі, кеңес үкіметі орнағанға дейін Түркістанда, жалпы қазақ еліндегі мешіттерде астрономия, математика, геометрия, физика сияқты пәндер оқытылған дейді. Бұл қаншалықты рас сөз?
– Бұл деректе шындық бар. Бірақ мешіттер емес, арнайы медреселерде жаратылыстану пән ғылымдары да шәкірттерге үйретілген. Бұл мұсылмандық оқу орындарының ескі «қадімше» білім беру жүйесінен жаңаша, яғни «жәдидше» оқыту жүйесіне ақырындап көше бастаған кезімен тұспа-тұс келеді. ХХ ғасырдың басында Қазақстанның барлық аймақтарында жергілікті халықтың арасында «жәдидтік» реформаторлардың жаңа күші пайда болды. Бастапқы кезеңде жәдидтер білім беру саласындағы реформаларды қолдап, дәстүрлі және еуропалық мектептердің ұстанымдарын біріктіруге тырысты. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қазақстанда Верный қаласында «Ғабдулвалиевтер», Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және тағы басқа медреселер ашылып, қызмет етіп келген. «Әмирия» медресесінде 1912 жылы 150-ден артық бала дәріс алған болса, 1919 жылы оның саны екі есеге дейін артқан екен. Большевиктік төңкерістің аяқталуымен Азаматтық соғыс жылдары аралығында Қазақстанда 14410 оқушысы бар 2410 мектеп жұмыс істеген. 1909 жылы ағартушылық мақсатты көздеген Жетісу облысының Қапал уезінде «Мұсылмандардың ағартушылық және қайырымдылық қоғамы», ал 1912 жылы Жаркент қаласында «Мұсылман-прогресшілдер қоғамы» ұйымдастырылды. Бұл қоғамдар оқу саласына көмек беріп қана қоймай, мұқтаж мұсылмандарға, кедей жатақтарға, қарттар мен жетім-жесірлерге, мүгедектерге ақшалай көмек көрсету ісін де қолға алды. Аталған мекемелер Түркістан АКСР жылдарында да өз қызметтерін жалғастырып келді.
Николай Остроумов есімді патша өкіметі кезінде ағарту саласында қызмет еткен ғалым өзінің «Мусульманские мактабы и русско-туземные школы в Туркестанском крае» деген мақаласында 1912 жылы Түркістан өңірінде 7290 мектеп, 376 медресе болған дейді. Ал өлкелік әкімшіліктің 1912 жылғы есебі Түркістанда 6022 мектеп, 445 медресе болғанын көрсетеді. Оның әрқайсысында жыл сайын 200 жуық шәкірт оқып шығатын болған. 1917 жылы «Қазақ» газеті Уфадағы «Ғалия» медресесін 154 қазақ бітіріп шықты деп жар салған. Медреседе білім алып шыққандарға – ахун, ишан, абыз, дамолла, қалпе, молда сияқты діни атақ беретін. Медреседе дін ілімімен қатар, астрономия, химия, география, физика, математика, биология, медицина пәндерін де оқытатын. Білім алып шыққан молда арабша сауат ашумен қатар, жұртты емдеп, жұлдызға қарап күн райын болжай беретін.
– Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ халқының қанша пайызы ислам дінін ұстанып келген еді.
– Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақ халқы толық, яғни 100 пайыз ислам дінін ұстанып келген.
– Мешіттерді құрту орыс патшасы дәуірінен басталған ба, әлде кеңес үкіметі орнаған соң талқандау басталған ба? Кеңес үкімет орнаған тұста қазақ жерінде қанша мешіт жұмыс істеп тұрған?
– Мешіттерді жоспарлы түрде талқандау, құрту, жабу Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүзеге асты. Патша өкіметі кезінде мұндай қысым, жаппай қирату болған жоқ еді. Француз ғалымдары А. Беннигсон; Ламержи-Құл Қожай: «Кеңес Одағындағы Ислам» атты еңбегінде 26 279 мешіт, 45 339 имам, мола, муаззин; әрбір 700-1000 адамға орта есеппен 1 мешіт болғандығы айтылады. 1928-1953 жж. аралығында атеистік қаулы-протоколдар негізінде, функциясы өзгертілген, яки толығымен жойылған діни ғұрып ғимараттары (мешіт, шіркеу) туралы да арнайы экспедиция ұйымдастыра отырып қайта зерделеу жүргізілді.
Зерттеулер бойынша Қазақстандағы қазақтардың негізгі бөлігі Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатының негізінде қуғын-сүргінге ұшыраған және қатаң жазаға тартылған. Қазақтардың ішінде 700 000 – 1 000 000 арасындағы адам дін талаптарын жеткілікті түрде орындайтын адамдар, яғни діндарлар санатынан орын алған. Олардың 90 пайыздан астамы жуығы діни мотивпен қуғындалған.
Діни ғимараттар жөніндегі Тұрақты Орталық комиссияның (ДҒЖТОК) деректеріне қарағанда, Кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары Қазақстанда 2500 діни ғимарат тіркелген. Комиссияның үкіметке берген ақпараттық есебінде 1918-1931 жылдар аралығында 1630 діни қызмет көрсететін ғимараттың, соның ішінде 782 мешіт жабылды. Ал, тек 1931-1933 жылдары ОАК-нің берген ақпарында Қазақстанда бар жоғы 499 мешіт өз қызметін жалғастыра білген. Осы мәліметтерді тұтастай облыс бойынша жіктейтін болсақ, Семей округында бар жоғы 10 мешіт, Оңтүстік Қазақстанда 24, Алматы қаласында 7, Жамбыл облысында 12 және т.б. мешіттер қызметін жалғастырған. Көптеген мешіттер жасырын түрде жұмыстарын жүргізіп, имамдар уағыздарын құпия түрде жүргізген. Қызылорда аймағында 100-ден аса мешіт мен медресе 1930 жылдың ортасына дейін қызмет етіп келген.
1930-1937 жж. мемлекеттік атеистік науқан шеңберінде Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Өскемен, Шымкент, Алматы, Жамбыл облыстарында барлық мешіттер жабылды. Қазақстандағы коммунистердің ресми билік органдардың хаттама түрінде тіркелген деректерге сәйкес, 1929 жылы Қазақстан АКСР-де 2041-ға жуық мешіт, шамамен 3391 қазы, муаззин және имамдар, 4,570 шәкірт, 323 мешіт, құжыра болған .
Кеңестік билік Қазақстанда 100 000-ға жуық дін қызметкерін қуғын-сүргінге ұшыратқан. Солардың ішінде 30 мыңға жуығы атылған. Жобамен 30 мыңдайы қуғындалып, қамалып, кәмпескеленіп, жер аударылған. Қалған 40 мыңдайы туралы деректер шет ел асқандығы болжанып отыр. Солардң ішінде қазіргі таңда ақталғандары туралы мәліметтер толық емес. Жалпы 60 мың адам діни сеніміне қатысты қуғындалған болса, соның 10 пайызы ғана ақталып, қалғаны туралы деректер енді ғана жинақталды.
– Кеңес үкіметі жазықсыз атып-асқан, қуғынға ұшыратқан аса білімді имамдар мен ишандардың есімін атап айтсаңыз?
– Кеңес үкіметі қаймықпай қарсы шыққан әрі қуғындалған ишандардың бірі Аппақ Сейдахметұлы Мақсұм ишан болды. Оның 1920-1931 жылдар аралығында коммунистік билікке қаймықпай қарсыласқандығы туралы қылмыстық іс-құжаттары дәлелдей түседі. Аппақ Сейдахметұлы Мақсұм 1864 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданының (қазіргі Бәйдібек ауданы) №1 ауылында дүниеге келген. Оның атасы Қасым, әкесі Сейдахмет сопылық бағытты ұстанып, қожалардан шыққан және ишан болған. Олардың ишандығы негізінен халықтың діни ағарту саласында көрініс тапты. Осы мақсатта олар Шаян елді мекенінде ең ірі мешіттер салып, медресе ашқан. Мысалы, XIX ғасырдың 70 жылдарында әкесі Аппақ-Саян Сейдахмет-ишан жиналған қаражатпен мешіт тұрғызған, ол халық арасында «Шаян мешіті» деп аталды. Мешітте Қарқаралы, Атбасар, Қарағанды, Пишпек, Шу, Талас, Сырдария және Сарысу өзен алқаптарынан 1927 жылға дейін жүздеген шәкірттер білім алған. «Шаян мешіті» және оның жанындағы медресе, әрине, халық арасында ислам құндылықтар мен білімінің таралуына оң әсерін тигізді.
№ 22-ші ауылдың жетекшісі хазірет Исатай, № 25 ауылдікі хазірет Ухатай, № 5 ауылдікі хазірет Айтбай, № 26 ауылдікі Айжаркын хан деген имам, ишандардың есімдері белгілі болып отыр. Ырғыз уезіндегі А.Қанаев бастаған көтерілісшілердің тізімінде келесі имамдар мен ишандардың аты-жөндері көрініс тапқан: Әбдібек Сегізбаев, Қайып Баймұратов, Тілеп Жаналин, Сүйінғали Сәметов, Қайырлы Мырзабеков, Мешітбай Қанаев, Абдолла Кенжетаев, Дошан Бастауов, Ұрмағамбет Құдайсугіров, Нурғали Мыңбаев, Махмуд Әйнекбаев.
Тағы да 1930 жылдың наурызында Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Қарабұғат елдімекенінің № 1, № 2 және № 3 ауылдық ауыл тұрғындарының арасында молда Жұмағазы Байымбетов кеңес билігіне қарсы сөз сөйлеп, халықты Қарақұмға ашық қарулы көтеріліс үшін көшуге шақырғандығы жайлы ақпараттар бар. Оңт. Қазақстан Облотдел ОГПУ 234/УСО-Ю-К құжатында Ибадуллаев Сәруар, Ныметов Махмұт, Мамыраев Сейдахмет, Құтымбай Тілеубергенов жалпы ұзын саны 66 дін қызметкері 58-16 бабы, 58-9, УК РСФСР қылмысқа тартылған. Себебі, олар «Орта Азия мен шектескен Оңтүстік Қазақстан аудандарында ишан молдалар діни фанатизм тұрғысынан елді шатастырып келген». Негізгі консервативтік орталықтар Бұхара,Самарқандтағы мектептер мен медреселер. Ал ишандардың байланыстары негізінен Орталық Азия мен Ауғанстан, және Аравия болды делінген. Осы жерде Сыр бойындағы Айқожа Ишан мектебі туралы да жаңа деректер табылды. Айқожа Ишан қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы мен Түркістан қаласы ортасында қабірі орналасқан осыдан 260 жыл бұрын өмір сүрген ишан болатын. Жоғарыдағы адамдар тізімі осы тариқат ишанына берік болған делінген. Айқожа Ишанның пірі де Ауғанстандағы Ислам шейх Шахит болатын. Ауған шайхының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияда мүридтері көп болатын. Айқожа Ишанның жолын жалғастырған мүрид ишан Сәруар ишан Ибадуллаев еді делінген.
– Тағы бір сұрай кететін нәрсе, Мемлеткеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы кітаптың қанша томдығын шығарды. Және, кітап неге орыс тілінде шыққан деп сұрайды ел. Келешекте қазақ тіліне аударылама?
– Мемлекеттік комиссия табылған жаңа архив құжаттары негізінде 33 томдық жинақты басып шығарды. Одан кейін де бұл толығып, елуден астам құжаттар жинағы жарық көрді. Бұлардың басым көпшілігі орыс тілінде болатын себебі, бұл құжаттар талданбаған, зерттелмеген мәліметтер. Оларды болашақта зерттеушілер, осы саланы тереңінен қазбалайтын ғалымдар қазақ тіліне аударатын болады деп ойлаймын.
– Және, аты жөні архивте жоқ, бірақ кезінде қуғынға ұшыраған есімі елге белгілі, аты кітаптарда жазылған би-болыстардың ұрпақтары ата-бабасын қалай ақтаймыз деген сұрақ төңірегінде жүр. Бұларға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Әрбір облыста Мемлекеттік комиссияның өңірлік жұмыс тобы құрылған. Егер ұрпақтары ата-бабасын ақтауға ниетті болса, қолда бар деректер мен құжаттарын алып барып, өтініш бере алады. Осы негізде қуғын-сүргінге ұшыраған кісілерді ақтап алуға болады. Мен комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық, саяси тұрғыдан толық ақтаудың теориялық және практикалық ұсыныстарын әзірлеген кезде оның ішінде осы мәселені де арнайы келтірген едім. Қуғын-сүргінге ұшыраған кісілердің кейінгі өмірдеректері, ауызша, естеліктер, фотосуреттер, шежірелері, ауызша тарап, ешбір архив не кітаптарда кездеспейді. Осы мәселе яғни ел аузындағы деректер де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл тұрғыда оларды ақтау үшін жақындарының, ұрпақтарының естеліктері, көне көз қариялардың әңгімелері де жарамды болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбатты жүргізген
Зүбәйра Тілегенқызы