ЖАҢАҚОРҒАН ЭКСПЕДИЦИЯСЫ
2024 ж. 30 мамыр
6183
0
31-мамыр саяси қғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
2022 жылдың 15-қарашасында Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері әрі жұмысшы топ жетекшілері т.ғ.д., профессор Тұрсұн Хазретәлі, фил.ғ.к., доцент Сержан Оразбай, т.ғ.к., доцент Адилбекова Забираш және PhD, аға оқытушы Хазретәліқызы Райгүл Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына экспедицияға барды.
1928 жылдары Сырдария округінің құрамында болған Жаңақорған ауданында Түркістан облысына қатысты заттай, ауызша және жазбаша деректердің кездесетіндігі айқын еді. Экспедиция барысында қуғынға ұшырап, ашаршылықтан аман қалған аталарымыздың ұрпақтарымен тілдесуге, тың деректер жинақтауға мүмкіндік алдық.
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында орын алған екі бірдей ашаршылық бұл өңірді де айналып өтпегені анық. Аштықтан әбден қалжыраған халық, бір үзім нан іздеп Қаратауды жағалай отырып Жаңақорғанға ілігуді арман еткен көрінеді. Ондағы ойлары Жаңақорғандағы шойын жолға жету, поезға отырып Түркістанға, одан ары наны мол Ташкент жеріне жетіп жығылуды ойлапты. Сонда арып-ашып, бірін-бірі сүйреп келе жатқан халық, Жаңақорғанның төбесін көріп, одан ары қадам басуға шамалары келмей сол төбеде құлап жан тапсырыпты. Қаншама адамның сүйегі жатқан бұл төбе кеңестік кезеңде Секретарь төбе деп аталып кетіпті.
Ашаршылық зардабынан Жаңақорғанда қанша адам қайтыс болғаны күні бүгінге дейін нақтыланбай отыр. Алайда ғасырға жуық уақыт өткеніне қарамастан бұл елді мекендегі ашаршылықтың ізі сайрап жатыр. Жаңақорғанның солтүстік-шығысында «Ей, жолаушы! Екпініңді бәсеңдет. Бұл жерде ашаршылық құрбандары жатыр» деген тақтайша қойылған. Бұл жазуды көрген жол үстіндегі кез-келген жолаушы аруақтарға құран бағыштап өтері анық. Алайда бұл жерге ешқандай белгі қойылмаған. Осы себептен де алдағы уақытта Түркістан облысы өңірлік комиссиясы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары жерленген осындай жерлерді мемлекет қамқорлығына алуға және арнайы ескерткіш орнатуға ұсыныс береді.
Экспедиция барысында арнайылап зиярат ете келген жеріміз Ақтас мешіті болды. Ақтас мешіті Жаңақорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 49 шақырым жерде орналасқан. Айқожа ишанның айтып кеткен өсиетімен 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен, Тасжан деген байдың демеушілігімен және жергілікті халықтың күшімен салынған. Мешіттің етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Мешіттің биіктігі сонша, одан Қожа Ахмет Иасауи мен Арыстан бап кесенелері көрінетін болған. Қажылық жасаушылар Меккеге қажылыққа барар алдында осы мешітке жиналатын дәстүр болған екен.
Осы орайда Ақтас мешітінің шырақшысынан естіген мына әңгімені айта кетуді жөн санадық. 1928-1929 жылдардағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде қазақ халқы Қытай, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан жерлеріне атамекенін тастап көшіп кеткен болатын. Сол тұста Жаңақорған ауданының байлары мен дін ұстанған молда, ишандары Тәжікстан жеріне ауа көшкен. Өзге жат жерде жүріп, жерден, судан, астықтан таршылық көргені анық. Тәжікстанға ауа көшіп барған бір қазақ ауылы мен жергілікті тұрғындар арасында суға талас болған бір оқиға айтылады. Жат жерден келген қазақтардың егістіктеріне канал арқылы келетін суды жібермей, бітеп қойған. Сонда әулие аталарымыз құран сүрелерін оқу арқылы суды теріс ағызған екен. Жат жерліктердің арасында әулие адамның бар екендігін сонда барып білген тәжіктер кешірім сұрап, ат тонын айыбын өтеп, су мәселесі оң шешімін тапқан екен. Бүгінгі ұрпақтың сене қоюы қиын бұндай таңғажайып оқиғалар ХХ ғасырдың басындағы нәубет жылдары өте көп орын алған.
Бұл экспедицияның тағы бір ерекше тұсы ол - Қызылорда облысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы мен Түркістан облысының өңірлік комиссиясы бірге экспедицияға шығуында еді. Экспедиция барысында екі облыстың комиссия мүшелері өзара тәжірибе алмаса отырып, екі облысқа да ортақ Жаңақорған ауданынан тың деректер жинақтай алды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры т.ғ.д. Оразбақов Айтжан, PhD Омаров Даулет Қызылорда облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясында жасалып жатқан істерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Экспедиция барысында тың деректер мен өзгеше мәліметтерді жинақтау тек далалы аймақтарда ғана іске асып қана қоймады. Сонымен қатар, ортақ сұқбат пен идея алмасу түрінде де жалғасын тапты. Жаңақорған Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ордакент» жастар ресурстық орталығының ғимаратында Жаңақорған Ішкі саясат бөлімінің басшылары Әбілқайыр Сыздықов, Нұрдаулет Әмірмен және Жаңақорған ауданындағы тарихшы ұстаздармен кездесу болды. Кездесуде адамдардың қилы тағдырынан сыр шерткен ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында адамдардың басынан өткен оқиғалары жөнінде сыр шертілді.
Хазретәліқызы Райгүл
PhD, аға оқытушы,
Ахмет Ясауи университеті, Түркістан