Ақтаңдақтар ақталуы тиіс
2024 ж. 10 қыркүйек
2482
0
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына және Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №6 қаулысына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі әділет, сот, прокуратура органдарының жабық және ашық қорлардағы құжаттарды екі бағытта талдау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі - Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың, қоғамдық және саяси ұйымдрдың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау бағыты. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңында қуғын-сүргін құрбандарының бұл санаты мүлдем аталмаған, азаттық үшін күрескен құрбандар туралы бір ауыз сөз жоқ. және Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы. Қазақстанның мүддесі, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін сөз сөйлеген қазақтар ғана емес, осы күреске қолдарына қару алып, саяси-идеологиялық майданда шын жүректен қатысқан жүздеген, мыңдаған түрлі ұлт өкілдері репрессияға ұшырады. Бірақ олар туралы аз адамдар біледі. Сондықтан олардың ерлігін жаңғырту, есімдерін Қазақстанда мәңгі қалдыру өте маңызды және қажет.
Қазіргі таңда, Түркістан облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлерінен құралған жұмыс тобымен бекітілген нұсқаулыққа сәйкес, қылмыстық істерді зерделеу барысында жұмыс тобы анықтаған барлық тұлғалар 58, 59, 61, 62, 63, 159, 180, 69, 73, 79, 82, 95, 105-баптары бойынша сотталғандғы анықталды. Сонымен қатар, 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық Кодексінің 107, 108, 110, 111-баптары «ұрлық», «бұзақылық», «ұжымдастыруға қарсы үгіт», «пара алу», «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» т.б., және 1932 жылғы 7 тамыздағы «Мемлекеттік кәсіпорындарды, колхоздар мен кооперацияларды қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» Заңының негізінде («Үш масақ туралы заң») жекелеген азаматтардың мәліметтері жинақталуда. Бұл заң «социалистік меншікті ұрлау» ұғымын «мемлекетке және халыққа қарсы қылмыс» ретінде енгізді.
Нұсқаулықта барлық саяси-қуғын-сүргін құрбандарын ұлты мен жынысына, категориясына қарамастан толық ақтау керек делінген. Алайда құжаттарды зерделеу барысында «ақтауға жатпайды» деп саналатын мәліметтер де кездесуде. Мысалы №217 қор, 1 тіз., 7 бума, 75 іс, 106-123 беттердегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының құжаттарында 1908 жылы туылған Култай Юлдашевтың «Қылмыстық Кодекстің 111-бабымен «Таласқа барар жолда көшпелілер мен балаларды өлтіргені үшін» айыпталып жатқандығы көрсетілген. Сонымен қатар, сыбайластары Шурыгин, Ахметовтың айыпталып жатқан 109-бабын 59-баптың 7-тармағына ауыстыруын, яғни жеңілдетуін сұраған. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1933 жылғы 12 ақпандағы көшпелі сессиясының отырысымен «Шурыгин и Ахметов не взирая на смертность среди откочевников казахов ничего решительно реального не предприняли к их благоустройству, а наоборот старались от них отделаться, куда-либо сплавить не заботясь о их дальнейшей судьбе, отправили среди зимы без обеспечения их продовольствием, исключительно на национальной почве и их преступление как простое должностное преступление считать нельзя» деп себебі көрсетіліп, қараусыз қалдырылған. Нұсқаулықта Қылмыстық Қодекстің 111-бабымен айыпталып сотталғандардың барлығы «ақталуға жатады» деп көрсетілген. Дегенмен, жұмыс тобы «адам өлімі» үшін, «қыз зорлағаны» үшін айыпталып, сотталғандар «ешқандай да ақталуға жатпайды» деп есептейді. Осы себепті, осындай айыппен сотталғандар 111-баппен сотталса да, тізімге енгізілмеуде.
Түркістан облысы мемлекеттік архивінің жабық және ашық қорларындағы құжаттарды сараптай отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссияның қарауына ұсыну үшін нұсқаулықта көрсетілген баптар бойынша қылмыстық жауапкерршілікке тартылған адамдардың мәліметі тізімге енгізілді. Тізімде аты-жөні, туған жылы, туған жері, ұлты, жұмыс орны, білім деңгейі, соттылығының бабы мен мерзімі, сондай-ақ мұрағаттық деректер қамтылған.
Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды зерттеу және анықтау жұмысы барысында қуғын-сүргінге ұшырағандар тізіміндегі кейбір есімдер нақты болмауы мүмкін, деректер толық емес, өйткені нашар оқылатын мәтіндер бар. Қуғын-сүргін жылдарындағы құжаттар латын әліпбиінде қолжазба әріптермен жазылғандықтан, мүлдем оқылмайтын құжаттар да кездесіп жатады. Алайда, қиындықтарға қарамастан, комиссия құрамына енген арабтанушы, дінтанушы мамандар көмегімен оқиға барысын жан-жақты ашуға барынша күш салынуда. Қорытындылай келе айтарымыз, қалай дегенмен де, қазақ тарихындағы бұл қасіретке бей-жай қарау, санамыздан өшіру елдігімізге сын емес пе?! Ащы тарихымызды білмеу — тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ендеше, ұрпақ санасына өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білейік!
Камшат Қиятқызы Тасыбекова –
Түркістан облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, Түркістан облысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссияның бағыт жетекшісі