Тарихқа терең үңілсек...
2024 ж. 30 мамыр
547
1
Бүгінгі таңда еліміздің тарихын жаңа заман биігінде архивтік құжаттар негізінде қайта қарастыру қажеттілігі туып отыр. Бірнеше ғасырға созылған отаршылдық езгіден құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізген ұлттың өз мемлекетін құрып нығайтатын өтпелі кезеңінде шынайы ұлттық тарихын танып білуге деген сұранысы күрт өсетіні тарихи заңдылық.
Бүгінгі мақаламыз Түркістан облысы мемлекеттік архиві қызметкерлері дайындаған «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» және «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағы» кітаптарының таныстырылымына арналып отыр. Аталмыш кітаптарда осы күнге дейін көпшілікке беймәлім болып келген Оңтүстік тарихының кезеңдері туралы нақты архивтік мағлұматтар берілген. Бұл жинақтарды жарыққа шығарудағы мақсатымыз – ғасырға жуық уақыт аралығында әбден ескіріп көнерген құжаттарды жарыққа шығару, төте-араб әліпбиінде сақталған құжаттарды жалпы оқырмандарға қолжетімді ету, өлке тарихына қызығушылық танытатын зерттеушілерге қолжетімді ақпарат ұсыну және өңіріміздің тарихын келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Алғашқы кітабымыз 1928 жылғы Оңтүстік өңіріндегі байларды тәркілеу науқанына арналған. 2015 жылы «Сырдария округіндегі кәмпеске науқаны», жалғасы ретінде 2017 жылы «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағы» кітаптары баспадан шығарылды.
Байларды тәркілеу – «Кеңестік қызыл империяның» қазақ қоғамында «ірі, жартылай феодал-байлардың шаруашылығы мен мал-мүлкін тәркілеу» мақсатында жүргізген саяси науқаны. Түркістан облысының мемлекеттік архиві республикадағы іргелі мекемелердің бірі болғандықтан да архив қорларында ел тарихындағы оқиғаларды айғақтайтын аса құнды құжаттар сақталып келеді. Тарихи оқиғалардың қисынына жүгінсек, елде жүргізілген кәмпеске науқаны 30-жылдары жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргіннің бастамасы болғандығын көреміз. Бұл сөзіміздің айғағы ретінде архивте сақталған құжаттар дәлел болмақ. Атап айтатын болсақ, жинақтағы №204 құжатта «Үлкен комитет пен халық комиссариатының ірі байлар мен жарты бектерді жер аудару деген қаулысы негізінде дұрыс деп табамыз. Науқан кезеңінде ірі байлар, жарты бектер мен солардың қасында болып жүргендермен күресеміз, тағы да ортамызға жүктелген қызмет болса атқаруға міндеттіміз деп уәде береміз» делінсе, №206 құжаттағы Шаян ауданының №14 ауыл жиылысында «Өмірі ата-бабасынан бері қарай хан, датқа тұқымды яки өмірі болыстық неше атасынан бері үзілмей келе жатқан шынжыр балақ ескі үкімет адамы болған, өзім де боламын деген зорлықшыл, жуандығы арылмағандардың көзін жоюға, өмірі малының көптігіне сүйеніп, халықты қойдай қырып бірін екіге беріп, суын сүт қылған ірі байлардың тамырына балта шауып, малдарын алып, өздерін жер аударуға қарар қылынсын» делінген. Бұл құжаттардан біз кәмпеске науқанының қалай жүргізілгенін және оның зардаптарын танып біле аламыз. Сырдария округіндегі аудандарда жүргізілген кәмпескелеу науқанына қатысты құжаттар архивіміздің «Сырдарьинский окружной исполнительный комитет» деп аталатын №74-қорында сақталған. Қор құрамында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасы Халық комиссарлар кеңесі, орталық атқару комитеті қаулылары, жиналыс хаттамалары, округтік және аудандық съезд материалдары, бай-феодалдарды кәмпескелеу жөніндегі құнды құжаттар кездеседі. Сонымен қатар, Сырдария округінен Орал округіне жер аударылған жерлестерімізге қатысты деректік құжаттар Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен әкелініп, жинаққа енгізілді.
«Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағы» кітабындағы мәліметтердің барлығы еліміздегі архивтерден алынған болса, екінші «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» кітабындағы деректер өзіміздің және жақын шетелдердегі архивтерден алынған мәліметтерден топтастырылды. Нақтырақ айтқанда, аталмыш кітаптағы жазбалар Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде, Омбы облыстық мемлекеттік архивінде, Орынбор архивтерінде сақталған деректер, сонымен қатар Өзбекстанның А.Науаи атындағы Ұлттық кітапханасы, Өзбекстанның Ғылым Академиясының іргелі кітапханасы және Өзбекстанның Беруни атындағы Шығыстану институты кітапханасындағы алуан түрлі материалдар негізінде құрастырылған.
Жинақтың «Патшалық Ресейдің қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» (1864-1917 жж.) атты бірінші бөлімінде Түркістан және Далалық генерал-губернаторлықтарына қараған өлкелердегі халық ағарту қызметіне қатысты құжаттар жарияланған. Онда патшалық Ресейдің қазақ даласындағы қалалар мен ауылдарда оқу орындарын ашу жөніндегі бұйрықтарының, өкімхаттарының, 1890 жылғы Түркістан өлкесінің оқу орындарының жағдайы туралы статистикалық мәліметтердің түпнұсқалық көшірмелері берілген. Бұған архивтік құжаттардағы Омбыда 1789 жылы Азиялық училищенің, 1841 жылы Бөкей Ордасында Жәңгір ханның қазақ балалары үшін орыс мектеп-пансионатын ашуы, 1825 жылы Орынбордағы татар мектебі негізінде Неплюев кадет училищесі (1844 жылдан бастап кадет корпусы), 1846 жылы Сібір қазақ-орыс әскери училищесі негізінде Омбы кадет корпусының бой көтергендігі туралы құжаттар нақты дерек бере алады. Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев т.б. оқып бітірген. 1850 жылы Орынбордың шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін жеті жылдық мектептің ашылғандығын да осы жинақ құжаттарынан біле аламыз. Бұған Өзбекстан Республикасы архивтерінен әкелінген 1873 жылғы Чимкент қаласында халық мектебін құру жөніндегі хат алмасулар айқын дәлел бола алады.
Екінші «Кеңестік кезіндегі оқу-ағарту ісі» (1917-1929 жж.) бөлімінде большевиктік партия мен Кеңес өкіметінің жаппай сауатсыздықпен күрес, жаңа оқу жүйесін қалыптастыру, тегін мектептерді ашу, мұғалім кадрларын даярлау, алғашқы қазақтың мұғалім даярлайтын институтын ашу, қазақ тілінде оқулықтарды жарыққа шығару, оқу-ағарту саласындағы Алаш қайраткерлерінің қызметі, А.Байтұрсынов жасаған араб қарпіндегі «Қазақ әліпбиінен» латын қарпіне алмастыру және т.б. құжаттар берілген. Архивтік құжаттарға сүйенсек А.Байтұрсыновтың қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсағанын біле аламыз. Ол бастаған бір топ қазақ зиялысы 1905 жылы 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Министрлер Кеңесінің төрағасына петиция жолдап, «Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Ол ана тілінде жүргізілсін» деген талап қойды. Байтұрсынов 1912 жылы қазақ тіліндегі тұңғыш әліппе құралын жазды. Оның 1892 жылы Қазанда басылған «Букварь для киргизов» деген оқу құралы жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінің негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылып келді.
1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің Халық ағарту комиссариаты құрылғаннан кейін, А.Байтұрсынов халық комиссары қызметіне тағайындалды. 1921 жылы ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-техникалық білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты т.б. мәселелер қаралды. 1922-1923 жылдары ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Сонымен қатар, Европа мен Азияның, Түркістан өлкесінің карталары, «Кенесары-Наурызбай», «Қыз Жібек» поэмалары мен «Бәйбіше-тоқал» драмалары т.б. қолжазбалар баспадан басып шығарылды. Бұл сөзімізге «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» жинағын парақтай отырып, көз жеткізе аласыздар.
Аталған еңбектерді жарыққа шығаруға жазушы М.Әбдәкімұлы, ғалымдар Х.Тұрсұн, Г.Тілеуқұлов және архив қызметкерлері көмек көрсетті.
Тарихи мәні бар, келешек ұрпаққа аманат арқалған бұл кітаптар ғалымдар мен тарихшылар, Жоғар оқу орнының оқытушылары мен студенттері, жалпы көзі қарақты оқырман үшін құнды дүние болары сөзсіз. Ұлттық тарихымыз – ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықтың, ұлтжандылықты арттырудың қуатты тетігі. Ал архив ісі ел тарихын зерттеп, құжаттарды жарыққа шығару мен пайдалану, оларды наситхаттауда келешек ұрпаққа жеткізетін алтын көпір болып қала бермек.
Айдын Кеңесбайқызы Исатаева –
Түркістан облысы
мемлекеттік архивінің басшысы