Саяси қуғын-сүргін құрбандары мәңгілік ел есінде
2024 ж. 19 мамыр
857
0
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Саяси қуғын-сүргін тарихын есте қалдыру шараларының Түркістан облысы бойынша (музейлендіру, мемориалдандыру, есте қалдыру т.б.) ғылыми негіздеме-ұсыныстарын жариялауды құп көрдік.
Осы бағыт бойынша мынадай ұсыныстар жасалады:
І Созақ ауданы бойынша: Созақ көтерілісінің тарихы Созақ ауданында, облыстық музейлерде де жеткілікті көрініс таппаған. Сол үшін 1. Шолаққорғандағы С.Қожанов атындағы тарихи өлкетану музейінде Созақ көтерілісінің тарихын музейлендіру керек. Музейдің жаңа тақырыптық-экспозициялық тұжырымы жасалуы керек. 2. Ауданда қуғын-сүргін қарбандарының тарихына арналған мемориалдың ғылыми тұжырымы жетілдіруді қажет етеді. 3. Созақ өңіріндегі діни нысан-ескерткіштер жүйеленіп, тұтастай ғылыми тұжырым жасалса, музейлендіру, ескерткіштер қою мәселелері шешім табар еді. 4. Көтерілісшілер жаппай атылған, жерленген жерлерге арнайы геологиялық құралдардың көмегімен зерттеу-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік тіркеуге алыну керек:
А) Созақ ауылының ортасында Ақтас деген жерде 40-50 көтерілісшінің мүрдесі көмілген. Басына волонтерлер ескерткіш белгі орнатқан. Мемлекеттің есебіне алынбаған.
Ә) Созақтан 2 шақырым жердегі Тастақсайға шайқас кезінде қаза болғандар мен шайқастан кейін атылғандар көмілген. Нақты саны белгісіз. Ескерткіш белгі жоқ.
Б) Созақтан 10 шақырым жердегі Дуана деп аталатын жерге концентрациялық лагерь үлгісінде жертөлелер қазылып, көтеріліске қатысқандардың туыстары қамалған және азапталған. Жанында жаппай жерлеу белгілері бар. Әзірге толық анықталмаған. Нақты қанша адамды қамтығаны белгісіз. Ескерткіш белгі жоқ.
Ашаршылық құрбандары бойынша:
Сарыағаш ауданы Дарбаза стансасындағы ашаршылық құрбандары жерленген жерге геологиялық және археологиялық тәсілдермен зерттеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жер учаскесін белгілеу, мемлекет қарамағына алу.
Діни-рухани мәселелерге қатысты:
Шаяндағы Аппақ ишан мешіт медресесі тозып тұр және өз мақсатына қызмет етпейді. Мешіт-медіресе бойынша деректер, экспонаттар жоқтың қасы. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы «Саулет-көркем музейі» деп аталатын музейдің мазмұны аудандық өлкетанушылық деңгейде. Музей алғашқы кезде «Республикалық кілем музейі» болып құрылған. Шешімін күткен мәселелері көп, осыған байланысты ұсыныстар: 1. Мешітті өз иесіне немесе діни басқарманың қарамағына қайтару керек. Мешітті діни мақсатта пайдалануға болады. Медресені Республикалық деңгейде діни танымдық музейіне айналдыру керек.
Түркістан облысы аймағында қуғын-сүргін жылдары 100 ге жуық мешіт, медреселер тәркіленіп, бұзылып жойылған. Солардың белгілі пайызы ғана сақталған. Бірақ әлі күнге Советтік тәркілеу бұйрығы мен тіркеу саны арқылы тұр. Бүгін сол ғимараттарды тарихи функциясын атқаруы үшін және әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында қайтадан сараптан өткізу шарт.
Түркістан облысындағы рухани тарихи туризмді дамытуға үлес қосатын ислам діні ескерткіштерін қайта тіркеу, инвентаризация жасау да уақыт талабы.
Түркістан қаласы бойынша:
Облыс орталығы және Түркі халықтарының мәдени астанасы мәртебесін, және туризм инфраструктурасын қалыптастыруды қарқынды дамытуы мемлекеттік бағдарламаға айналғандығын ескеріп, Түркістан қаласында облыстық саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының музейін немесе мемориал-кешен ашуды облыстың мәдени даму концепциясына енгізу қажет.
Сол сияқты Түркістан қаласы – Алаш қозғалысы орталықтарының бірі ретінде алаштық қайраткерлерге арналған аллея ашу қарастырылғаны дұрыс деп білеміз.
Музейлер бойынша:
Аудан орталықтарындағы (Жетісай, Кентау, Арыс, Сарыағаш, Шардара және т.б.) тарихи-өлкетану музейлерінің тақырыптық-экспозициялық жоспарлары мазмұндық, идеологиялық және дизайндық тұрғыда ескірген, ғылыми негізділігінде кемшіліктер көп. Барлығына ортақ ғылыми тұжырым қажет екендігіне көз жеткіздік. Саяси қуғын-сүргін тарихы аталған музейлердің тақырыптық-экспозициясынан көрініс табуы қажет.
qazaquni.kz