Саяси қуғын-сүргін құрбандары қашан да ел жадында
2024 ж. 19 мамыр
929
0
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының Республикалық ономастикалық комиссияға саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихи тұлғаларының есімдерін ұлықтау, қалдыруға байланысты жариялаған ұсынысын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Мына тарихи тұлғалардың есімдері көшелерге, мәдени-әлеуметтік нысандарға беру жөніндегі республикалық ономастикалық комиссияның тізіміне енгізу ұсынылады.
ІІ жергілікті деңгейдегі тізімге
Бабаев Уәш (1809-1938) - ОҚО Жаңақорған ауданында туған. Коммунистік партия мүшесі. Түркатком Төралқасының мүшесі. Шымкент қаласындағы Қорғасын зауыты аудандық атқару комитетінің төрағасы. С.Қожановпен туыстық қатынаста болған. ОҚО обкомының хатшысы Ә.Досовпен бірге айыпталып, 1938 ж. ату жазасына кесілген, 31.12.1957 ж. ақталған.
Әзімхан Ахметұлы Кенесарин (1878, Шымкент қаласы – 29.10. 1937) – Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының немересі. Әкесі Ахмет Кенесарының бәйбішесі Күнімжаннан туған кіші ұл.
Мұртаза Шоқаев (Мұстафа Шоқайдың туған інісі) 1890 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда ауданы, 14 ауылда дүниеге келген дүниеге келген. 1937 жылдың 12 қазанында облУНКВД «Үштігінің» шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 ж. 30 желтоқсанда ОҚО Сотының төралқасы ақтаған.
Кенбаев (Кембаев) Сеитбек Кенбайұлы (1897-1938) –Түркістан уезі Жаңақорған болысында туған. Ташкентте партия-кеңес органдарында жауапты қызметтерде болған. 1925 ж. Әулиеата уездік-қалалық атқару комитетінің төрағасы. Шымкент қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде Ә.Досовпен бірге айыпталып, қуғындалған. 1938 ж. 27 ақпанда тұтқындалып, атылған.
Күлетов Қазмұхамед Кәрібайұлы (1897-1938) - Сырдария облысы Қазалы уезінде туған. Сырдария облаткомының төрағасы. 1932-1934 жж. РКФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы, 1936 ж. қарашасына дейін сауда және тұтыну кооперациясы саласында қызмет істеген, кейін ОҚО атқару комитеті төрағасының орынбасары. Қуғындалған. 1937 ж. тұтқындалып, 1938 ж. атылған. 1957 ж. ақталған.
Құлтасов Фазылбек (1890-1937) - ОҚО Қызылорда ауданында туған. Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі. Ташкенттегі Қазақ Ағарту институтын ұйымдастырушылардың бірі. Тұтқындалғанға дейін Шымкент облыстық тұтынушылар қоғамы жанындағы облыстық шикізат кооперациясының директоры болып қызмет істеген. Қуғындалған. 1937 ж. 29 тамызда революцияға қарсы ұлтшылдық ұйымның мүшесі ретінде тұтқынға алынып, 1937 ж. 2 қарашасында атылған. 1956 ж. 30 желтоқсанда ақталған
8. Мұңайтпасұлы (Лапин) Әбдірахман (1901-1963) - Қызылорда, кейін Ташкентте оқыған. 1921 ж. Германияға оқуға жіберілді. 1924 ж. былғары ісі мамандығы бойынша оқуын бітіріп, Мәскеуге оралады. Қуғындалған. 1931 ж. Бутырка түрмесіне қамалып, кейін Воронежге жер аударылады. Соғыс кезінде әскер қатарына алынған. Ақталған.
9. Османов Садуақас – 1898 ж. ОҚО, Жаңа Қорған ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді, 1917-1919 жж. партия мүшесі болған, 1919 ж. бастап ВКП (б) мүшесі, сауда академиясын бітірген, жоғары білімді. Тұтқындалғанға дейін Келес аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасаған. Ақталған.
10. Өтегенов Садық Қалмұхамедұлы (1874-1937) - ОҚО Түркістан қаласында туған. 1896 ж. Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген. Ташкенттегі «Кеңес» астыртын үйірмесі басшыларының бірі. Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысының депутаттығына ұсынылған. С.Қожановтың ұстазы. Ташкенттегі Қазақ Ағарту институтының оқытушысы. 1918 ж. қаңтардағы Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі. Қуғындалған. 19.11.1937 ж. ату жазасына кесілген. 17.07.1957 ж. ақталған.
11. Палманов Икрам – 1900 ж. ОҚО дүниеге келген. 1927 ж. Мәскеудегі Артем атындағы жұмысшы факультетін бітірген, 1924 ж. бастап партия мүшесі, Басшылық орындарда қызмет атқарған, ОҚО Талас ауданының хатшысы болған тұтқындау сәтінде Үшқатын МТС-нің директоры қызметінде болған. Шымкент облыстық сотының төралқасы ақтаған.
12. Созақ көтерілісінің басшысы Сұлтанбек Шалақов – шайқас кезінде қаза тапқан.
13. Қызылқұм көтерілісінің (Шардара, Нұрата аумағында орын алған) басшысы Ағатай Қарақұлов – шайқас кезінде қаза тапқан.
14. Сәруар ишан Ибадуллаев – дін қайраткері. 1935 жылы ауакөшуді ұйымдастырды деген айыппен, тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Ақталған.
15. Исаев Жанаділ – болыс болған деп тәркіленген, ауакөшуді ұйымдастырды деген айыппен 1935 жылы тұтқындалып, 10 жылға жер аударылған. Ақталған.
16. Досов Әбілхайыр – Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген. 1937 жылы тұтқынға алынып, атылған. Ақталған.
Ұсынысты дайындағандар:
Г.Шардарбекова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі
Х.Тұрсұн, Облыстық комиссияның мүшесі, т.ғ.д., профессор
Д.Кенжетай, Республикалық комиссияның мүшесі филос.ғ.д., профессор
qazaquni.kz