Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – тәуелсіздік жемісі
2024 ж. 19 мамыр
340
0
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілгені белгілі. Ата-баба рухына тағзым ететін осынау атаулы күн аясында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының Республикалық ономастикалық комиссияға саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихи тұлғаларының есімдерін ұлықтау, қалдыруға байланысты жариялаған ұсынысын оқырман назарына ұсынбақпыз.
Мына тарихи тұлғалардың есімдері көшелерге, мәдени-әлеуметтік нысандарға беру жөніндегі республикалық ономастикалық комиссияның тізіміне енгізу ұсынылады.
І республикалық тізімге
1.Алдабергенов Серіқұл (Серкул) – (1873-1936) Оңтүстік Қазақстан облысы Жаңақорған ауданы №7 ауылда туған. Болыс басқарушысы, 1917 ж. Орынбордағы Алаш съездеріне қатысқан. Перовск уезддік совдепінде бөлім басқарған (1918-1919 жж). Жаңақорған болысында су шаруашылығымен айналысқан. 1929-1933 жж Сыр бойындағы тұрғындардың Өзбекстан, Тәжікстанға ауакөшуін ұйымдастырған. Тәжікстанда қазақ ауакөшушілерін жерге, жұмысқа орналастыру бойынша Ортаазиялық бюрода үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сұлтанбек Қожанов және Тәжік КАСР Халкомкеңесінің төрағасы Абдраим Хаджибаевпен байланысып, уакөшушілерді қабылдау және орналастыру мәселелерін ұйымдастырған. Осындай әрекеттері үшін 1934 жылдың маусымында тұтқынға алынып, Шымкент қалалық түрмесінде тергеуге алынғын, 5 жылғы Краноярск лагеріне жер аударылған. 1988 ж. 1 қыркүйекте Шымкент облыстық сотының төралқасы ақтаған.
2.Әділев Дінмұхамед (Дінше) (1900-1930) - Сырдария облысы Сарысу уезінде туған, «Алаш» партиясының және коммунистік партияның мүшесі. 1913 ж. бастауыш училище (Ақмола қ.), 1918 ж. гимназия (Омбы қ.) бітірген, 1919-1920 жж. Ташкент университетінде оқыған. 1914-1917 жж. «Бірлік» қоғамының мүшесі (Омбы қ.). 1917-1918 жж Алашорда жағында азамат соғысына қатысқан. 1922 ж. Бұхарада Қ.Болғанбаевпен бірге А.З.Валидовпен кездескен. 1918-1920 жж Қазақ ағарту институтының оқытушысы (Ташкент қ.), Жетісу губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі. Түркреспубликасының Сырдария және Әулиеата уездеріндегі ҚырОАК өкілі. 1923-1925 жж Қазақ ағарту институтының оқытушысы, директоры, Түркреспубликасының Халық ағарту халық комиссиаратында, Сырдария облыстық атқару комитетінде, губерниялық сотта (Ташкент қ.), ҚАКСР халық ағарту халкомында еңбек еткен, ұлттық театрды ұйымдастырушылардың бірі. Қуғындалған. 1928 ж. желтоқсанда тұтқындалған, 1930 ж. сәуірде ату жазасына кесілген. 1988 ж. қарашада ақталған.
3.Болғанбаев Қайретдин (Қайралдин) Әбдірахманұлы (1894-1937) - Ақмола губерниясы, Ақмола уезі Нұра болысында туған. Орынбордағы Хусаиния медресесінің түлегі. 1916-1917 ж.ж. тылдың қара жұмысына алынған қазақтардың арасында болған. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Қоқан қаласындағы 1917 ж. қарашада өткен Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезіне, 1918 ж. қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысқан. Түркатком мүшесі. «Бірлік туы» газетінің редакторы, «Ақ жол», «Ұшқын» газеттерінде қызмет істеген. 1922 ж. Бұхарада Д. Әділевпен бірге А.З. Валидовпен кездескен. Қуғындалған. 1930 ж. 4 сәуірде 6 жылға сотталған. 1937 ж. екінші рет тұтқынға алынып, ату жазасына кесілген.
4.Бірімжанов Ғазымбек (1896-1937). - Торғай облысы Торғай уезінің Тусын болысында дүниеге келген. Орынбор реалды училищесінің түлегі. Алашорда үкіметінің мүшесі және іс басқарушысы. 1920 ж. Орта Азия университетіне оқуға түскен. 1922 ж. қазанына дейін «Ақ жол» газетінің қызметкері. 1922-1928 ж. ТүркОАК жолдамасымен Германияда Ауыл шаруашылық институтында білім алған. Қуғындалған. 1930 ж. 4 сәуірде ату жазасына кесілген, кейін ол жаза 10 жыл концлагерьмен ауыстырылды. 1937 ж. қайта қамауға алынып, ату жазасына кесілген. Москвадағы «Коммунарка» арнайы нысанына жерленген. 04.11.1988 ж. ақталған.
5.Қожықов Қоңырқожа (1886-1938) - Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі. Қазақ Ағарту институтының оқытушысы. «Қосшы» одағы басшыларының бірі. Сырдария, Жетісу облыстарында жер-су реформасын ұйымдастыруға басшылық жасаған. ТүркОАК мүшесі. 1918 ж. қаңтарда Түркістан қаласындағы Сырдария облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі. 1925 ж. Әулиеата уездік жерге орналастыру комитетінің бастығы. Қуғындалған. 1938 ж. ату жазасына кесілген.
6. Қоңыратбаев Әлібек (1907-1937) - жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1931-1933). М.Дулатовтың алғашқы күйеу баласы, «Әдебиет майданы», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдардың белсенді авторы. М.Әуезов, М.Жолдыбаевтармен бірігін «XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті», т.б. кітаптар шығарған. 1937 жылы17 наурызда қамалып, 2-желтоқсан күні үштіктің шешімімен Алматы НВВД-сында атылған. 1956 жылы Түркістан әскери округінің шешімімен ақталған. 2008 жылы Астанадан шығармалар жинағы жарық көрген.
7. Қоңыратбайұлы Қалжан (1877-1940) - Қарнақ медресесін аяқтаған, Түркістан Алашордасының мүшесі, «Қазақ», «Бірлік туы», «Айқап», «Ақ жол», т.б. газет-журналдардың авторы, тұрақты тілшісі. ТүркЦИК (1924), ҚазЦИК (1925) мүшесі. Халық соты. 1937 жылы алашоршыл ретінде ұсталып, Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасы үштігінің шешімімен 10 жылға кесілген. 1940 жылы Советская Гавань маңындағы N22 Амурлагте қайтыс болған. 1958 жылы облыстық, 1993 жылы ҚР Жоғарғы сотының шешімімен ақталған. Есімі «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (2004 жыл, 6-том, 41-б.), «Қазақстан тарихы» (2019, 2-том, 691-б.), басқа да анықтамалықтарға енген.
8. Лапин Серәлі (Шер-Али) (1868-1919). - Қызылорда обл. Сырдария ауданында туған, қоғам қайраткері, шығыстанушы, «исламдық социализм» концепциясын негіздеушілердің бірі. Қазақтан шыққан алғашқы саяси эмигрант. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген (1891). 1908-1910 жж. Санкт-Петербургте тұрып, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы ұйымдастыру бөлімінде қызмет етті. 1917 ж. шілде айынан «Шурои-Улема» («Ғұлама қоғамы» немесе «Дін иелері кеңесі») ұйымының басшысы, Түркістан Мұхтарияты Халық кеңесінің құрамына сайланған. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Түркістан автономиясы қарулы күшпен құлатылғаннан кейін, Бұхара әмірлігі арқылы Түркияға өтеді. Большевиктерге қарсы күреске көмек сұрау мақсатымен 1918 ж. 20 қыркүйегінде Берлинге (Германияға) барған. 1919 жылы Самарқанды қаласындағы отбасына қосылып, белгісіз жағдайда қайтыс болған. Қабірі Самарқандтағы Шах-и Зинда зиратында.
9. Мұстамбаев Ыдырыс – Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1937 жылы тұтқындалып, атылған. Ақталған.
10. Ғалымжанов Файзулла – Алаш қайраткері. Атылған. Ақталған.
Ұсынысты дайындағандар:
Г.Шардарбекова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі Х.Тұрсұн, Облыстық комиссияның мүшесі, т.ғ.д., профессор
Д.Кенжетай, Республикалық комиссияның мүшесі филос.ғ.д., профессор
qazaquni.kz