КҮНГЕЙДЕГІ ҚУҒЫН-СҮРГІН СЫРЫ
2024 ж. 12 қыркүйек
1222
0
Совет дәуірінде өткенімізді өнебойы біржақты идеологиялық негізде, сыңаржақ мемлекеттік және қоғамдық саясат арқылы бағалап келгеніміз белгілі. Иә, бүкіл тарихымыз барынша боямаланып, теріс түсіндіріліп отырды. Әсіресе, тіпті, бертінге дейін айтуға тыйым салынған тақырыптың бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесі еді.
Әлбетте, бұл зобалаң елдің оңтүстік өңірін де айналып өткен жоқ-ты. Қарап отырсақ, қазіргі Түркістан облысы бойынша өткен ғасырдың 1920-1930-шы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандардың басым көпшілігін мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми-техникалық және гуманитарлық интеллингенция өкілдері құрапты. Сондай-ақ сотталғандар қатарда колхозшылар мен жұмысшылардың да саны аз емес екен. Тіпті, бұндай тізімде «қуғын-сүргінге көбірек ұшырауы тиіс» көрінетін жекеменшік шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 150 адамның шамасында болса, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға және елді индустриализациялауға тікелей қатысқан колхозшылар мен жұмысшылардың есебі 700-ге жуықтағанын байқаймыз. Сонымен қатар халық шаруашылығының, өнеркәсіп пен транспорт мекемелерінің тағы да басқа да әртүрлі органдар мен барлық деңгейдегі басқарма басшыларының да қуғынға ұшырағаны, мұндай нәубеттен қатардағы партия мүшелері мен партияда жоқ еңбекшілердің де тыс қалмағанын аңдаймыз.
Міне, осынау тұңғиық сыры тереңде жатқан, бұлтарыс-қалтарысы көп тақырыпты мейлінше зерделеп берген профессор Сейдахан Бақторазов екенін айтуға тиіспіз. Бұ кісінің «Қазақстанның Оңтүстік өңірінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін (1917-1939 ж.ж.)» тақырыбындағы зерттеуінен көптеген тосын да, небір құнды деректі ұшыратасыз. Ғалым бұл еңбекте сонау жазалаушы машина тырнағына іліккендерге де аймақ «үштігі» қаталдағы жөнінен кем түспейтін үкімдер шығарғандығын жүйелі баяндап, оның себеп-салдарын да анықтайды. Бұл арқылы Оңтүстік Қазақстан өңірінде жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің оның бірінші басшыларынан бастап төменгі деңгейдегі басқа да кадрларға қолданылуға ұласқанын айқын көруге болады. Олай болса, «репрессиялық қауіпті» мамандықтар қатарына тек мемлекеттік қызметкерлер ғана жатқызылмай, олардың тобын мал және егін шаруашылыгындағылардың, мақташылардың және басқа да көптеген әлеуметтік саладағылардың толықтырғандығын айта аламыз.
Әрине, репрессия қылбұрауының аталған топтан басқаларды да жайпағаны түсінікті. Тағы бір айта кетерлік жәйт, сол тұста тек «қылмыскерлер» ғана сотталған жоқ. Олардың отбасы мүшелері де айыпты деп есептеліп, лагерлерьге айдалды. «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелері отағаларымен бірге қасірет тартты.
Автор оңтүстік өңірде жауапқа тартылған коммунистердің ішінде 58-і облыстық мекемелердің басшылары мен жауапты қызметкерлері болғандығын, аудандық деңгейдегі 14 ауком хатшысы мен 16 ауатком төрағаларының «халық жауы» ретінде жапа шеккендігін айтады. Олардың қатарында, ҚК(б)П Сарысу аукомының хатшысы Н.Данияров, Мирзоян аукомының хатшысы С.Баймаханов, Мирзоян ауаткомының төрағасы Досымбаевтармен қатар, Әулиеата уездік «Қосшы» одағы басшыларының бірі Ж.Мыңбаев және Мирзоян ауданы №49 ат зауытының директоры Ә.Абдыразақовтар бар дейді. Сондай-ақ Мирзоян қаласында қазақстандық алғашқы журналист-коммунист Сабыр Айтқожинның да қызметі доғарылыпты. 1936 жылы ол Мирзоян аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметіне келіп, 1937 жылдың 2 қазанында тұтқындалады, оған контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл ұйымға қатысқансың және мектеп кұрылыстарын салу мен сауатсыздықты жоюға бағытталған іс-шараларды қаскөйлікпен бұздың деген айыптар тағылғанын айтады. Сөйтіп, СССР Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясы С.Айтқожинды ату жазасына кескенін айта келіп: «Қазақстанның саяси тарихында болған осы оқиғаларды түйсініп және оның Оңтүстік өңірдегі ерекшеліктерін ұғыну, ондағы ойластырылған қитұрқылар мен тарихи уақыт талайында тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың өмірлік-бақилық өксігін түсіну әртүрлі деңгейдегі билік тұтқаларында мұндай қасіреттің қайталанбауына сеп болары анық», – деп ой қорытады.
Аталмыш еңбекті тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов жоғары бағалады. Біз де небір жаға ұстататын жәйттер баяндалатын дүние жас ұрпаққа ғана емес, бүкіл халыққа сабақ болуға тиіс деген ойдамыз.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қазақ үні