Үкіметтің шешімі шыққанымен Сұлтанбек Қожановқа ескерткіш ашуға жетінші жыл ақша табылмай отыр - ұрпағы
2024 ж. 14 наурыз
2374
0
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.К.Тоқаевқа
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Президент мырза!
2024 жылы халқымыздың ардақты ұлы, қазақ тарихындағы тау тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожанұлының туғанына 130 жыл толады.
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ жерін қайта біріктіру жолында жанқиярлық еңбек етіп, отарлаушы империяның Қырғыз (Қазақ) және Түркістан республикаларына бөлшектеп тастаған атамекенімізді бір орталыққа жинастырып, 1925-жылы біртұтас Қазақ Елін құрған шоқтығы биік мемлекет қайраткерінің, Қазақ Республикасының алғашқы Елбасшысы болған дарабоз тұлғаның мерейтойы, бұған дейінгі жылдардағыдай, тағы да ескерусіз қалғалы тұр.
Сұлтанбек Қожановтың есімі елімізде атау беру және қайта атау жұмыстары кезінде басшылыққа алынатын «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген. Әйткенмен де, бұл бағытта атқарылған жұмыстар көңіл көншітерліктей емес. Әзірге Алаш арысына оңтүстік аумақтағы үш қаладан ғана - Түркістан, Алматы, Шымкенттен көшелер бұйырыпты. Мұның өзінде, Алматы қаласындағы көшесі 2021-жылы қасақана қысқартылып, біраз бөлігі басқа тұлғаның есімімен аталып кетті.
Есіл ерге Елордамыз Астана қаласынан да өзіне ылайық көше табылмапты. Ал, 2016-жылы хабарланған, қаладан оқшау жатқанмен, қала есебіне кіретін, «Үркер» ауылындағы, бес-алты үйдің ғана алдынан өтетін екі жүз метрдей жол – кейбір шенеуніктердің жоғарыға ақпар беріп, мәселені жабу үшін ғана жасаған іс-шарасы сияқты. Сонымен қатар, Үкіметтің тиісті шешімі 2018-жылы шыққанымен, Астана қаласынан Сұлтанбек Қожановқа ескерткіш ашуға, биыл жетінші жыл, ақша табылмай отыр.
Сондай-ақ, осы күнге дейін орталық телеарналарда аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, ақын, ғалым, публицист, көсемсөз шебері, сегіз қырлы, бір сырлы азамат жайлы бір де бір қойылымның, немесе көрсетілімнің болмауын қалай түсіндіруге болады?
Бұл да «қаражаттың жетіспеушілігі» ме, әлде Мәдениет және ақпарат министрлігінің біліксіздігі ме?
Кезінде Орта Азиядағы жалынды қайраткер ретінде Бүкілодақтық саяси аренада жарқырай көрініп, қазақты жарты әлемге мойындата білген «қызу қанды қазаққа» (Лениннің қойған аты), ұлт намысы жолында айбынды күрескер ретінде танылған «Азияның Шыңғысханына» (Сталиннің қойған аты), Қазақ мемлекетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан саңлақ саясаткерге Қазақстан билігінің көзқарасы қашан түзеледі.
Мен 2022-2023-жылдары Сұлтанбек Қожановты ұлықтау жұмыстарын мемлекет тарапынан қолға алуды ұсынып, Сіздің атыңызға үш рет хат жазған едім. Әлеуметтік желілерге жүктелген ашық хаттар 23 мыңдай қаралымға ие болып, көпшілік тарапынан қызу қолдау тапқанымен, билік тарапынан көзге ілінбей, «баяғы жартас бір жартас» қалпында тұр.
Осындай мізбақпаушылықтың салдары болар, Алаш арысын жоқтаушылар 2024 жылы мерейтойы тойлануы жоспарланған тарихи тұлғалар тізімінен Сұлтанбек Қожанұлының есімін тағы да таппай отыр.
Қазақ халқының біртуар ұлы, ұлт жанашыры, елі үшін құрбан болған есіл ер мемлекет тарапынан ұлықтау шараларынан неге шеттетіле береді?
Бұл сұраққа нақты жауап болады ма?
Қоңқақов Төлен,
Сұлтанбек
Қожанұлының ұрпағы