Жүз жылда жеткен арман
2013 ж. 07 мамыр
2355
0
ЖҮЗ ЖЫЛДА ЖЕТКЕН АРМАН
Алаш арыстарының айнасы – «Қазақ» газетіне 100 жыл
Алыстағы көк түріктер заманында айбынымен жарты әлемді ықтырған жауынгер жұрттың тікелей мұрагерлері кейін адамзат көшінің соңына сырғып, бодандық қамытын мойнына киеді деп кім ойлаған? Бұл, бәлкім, кезінде ертеңгі болашағын парасатпен бағамдай алмай, қатерлі жерде қауіпсіз отырған, өзге жұрт жаппай меңгеріп жатқан жаңалық атаулыны көзіне ілмей астамсыған тәкаппарлығымыздың жазасы ма екен?!. Әлде, бұл – адамзаттың ұлан-асыр дамуының өн бойында көшбасшылық тізгінін алма-кезек қолына алған халықтарды дүркін-дүркін сынға салып, ділі мен тілінің, рухы мен төзімнің беріктігін тексеріп-тергейтін тарамыс тарихтың тылсым заңдылығы ма?!.
Бәлки, бұл – «Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп» (Абай), жат жұрттың қабағына жалтақтаған тәуелді-түйсіктің халқымыздың бірнеше буын ұрпағының бойындағы елдік, отаншылдық, ұлтжандылық рухын езіп-жаншып, дүниетанымымыз бен ділімізді әралуан қитұрқы идеологиялық қисындар қалыбына салуға тырысып баққан өктемділіктерден көрген зардабының табы ма?!.
...Қайсар халықтың көкірегіндегі арманы, «елдігімізді қайта орнатсақ» деген үміт ұшқыны ауық-ауық қоздап-жанып, лап етіп белгі беріп қалатын. Ұшқын тұтанды... Түпкірлі ой, негізгі нысана, халық рухын оятудың көзі – ел арасына ресми түрде кең тарай алатын, басқа елдердегідей ұлттық идеяны насихаттауға қол жеткізетін басты құрал газет ұйымдастыру керек болды. Міне, «ҚАЗАҚ» газеті осы мақсаттан туды. Сол замандағы қалыптасқан ахуал тұрғысынан бағаласақ, отарлық езгідегі елде, отаршылардың көз алдында, жария түрде тәуелсіздік идеясын насихаттайтын газетті шығару – жауапты да, қауіпті, ауқымы кең мағынасы үлкен жұмыс болатын. Қазақ зиялылары таудай талап, жойқын жігермен тәуекелге бел буды!
Талапты – толқын тартып, жігерді – жалын сүйреді... Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш арыстары жұмыла кірісіп, «ҚАЗАҚ» газетін шығарды. Әуел бастан-ақ басылым өз бағдар-мұратын ұлт жолына жұмсап, барша қазақ зиялыларын – тынымсыз соғылған қоңырау сынды – халықтың қалғыған рухын оятты. Алаш арыстары жұртты тәуелсіздік туының астына жинаған қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым: ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының ұйымдасуына ұйтқы болды. Заман аударылып-төңкеріле бастаған тұста Қазақ елін аласапыраннан аман-есен алып шығып, автономиялық мемлекет мәртебесіне жеткізуді мұрат тұтқан Алашорда үкіметінің үні болған да – «ҚАЗАҚ» газеті.
«ҚАЗАҚ» газеті әуелде 1907 жылы наурыз айында, Троицк қаласында шыққан. Бір саны шығып, тоқтап қалған. Шығарушысы – Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылары – Жетпісбай Андреев пен Ешмұхамет Иманбаев. Алайда, ұлттың бас газеті, қалың қазақтың айнасы һәм шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «ҚАЗАҚ» газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. Жалпы, «ҚАЗАҚ» газетінің Орынборда 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап шыға бастағаны айтылады. Редакторы Ахмет Байтұрсынов. Газеттің екінші редакторлығына М.Дулатовты тағайындау туралы 1914 жылғы 19 мамырда Орынбор губернаторына жоғарғы баспасөз басқармасының берген бұйрығында: «Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған «ҚАЗАҚ» газетінің екінші жауапты редакторы қызметін атқаруға Торғай облысы, Сарықопа болысы, №1 ауылдың қазағы Мир-Якуп Дулатович Дулатовқа рұқсат беріледі», делінеді. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265-сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков болған.
«ҚАЗАҚ»-тың алғашқы (1913 жыл, №1) санында тәу басылымның бас мақаласында газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған еді: «Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады. 1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм журналдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Францияда сегіз мың, Италияда үш мың бір жүз жиырма, Россияда екі мың елу сегіз екен. Ең білімді һәм өнерлі халық Америка, сол Америкада газет пен журнал бәрінен де көп.
...Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек нәрсе екендігін көрсетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы 2173 есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде басылыпты. Бізде біреуі де болмады. Онан бері бес жыл өтті. Бұл бес жылдың ішінде газет-журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Біз де құралақан болғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты.
Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек!»
Бұдан кейін де «ҚАЗАҚ» газетін жалғастыруды ойлаған талап болған. Газеттің 266-шы санын шығарған дейтін де деректер бар, бірақ, бұл басылымдар оқушы қолына түгел жетпеген, қуғын-сүргін көрген басылым басында қандай берекет болады, жасырын газет осылайша ақыры түпкілікті жабылып тынған.
Қазақтың тынысы тарылып, несібесі кеміген зұлмат кезеңде жазықсыз жазаға ұшыраған А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың ардақты есімдерін тебіренбей ауызға алу мүмкін емес. Асыл азаматтарымыздың ағартушылық қызметі, ғылымдағы, әдебиеттегі аударма ісіндегі, оқу құралдары мен әдеби шығармаларды шығарудағы және журналистикадағы зерттеушілік дарынды еңбектері ерен-ерекше. Тұңғыш журнал «Айқап» пен «ҚАЗАҚ» газетінің беттерінде жарияланған мақалаларын оқығанда, олардың сан қырлы еңбектерінің куәсі боламыз. «ҚАЗАҚ» газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либералшыл орган, алашордашылардың рупоры санап, оның редакторлары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтарды алашордашыл «халық жауы» деп бағалап, газетте басылған халқымыздың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, экономикалық-саяси жағдайларынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдардың бетін жылы жауып қойған заман да өтті.
Осы тұста «Оян қазақтың» тағдырына орала кету жөн. Өйткені, Міржақып Дулатовтың «Оян қазағымен» «ҚАЗАҚтың» тамыры бір, өзектес. Мәселен, «Оян қазақты» елде конфескелеп, таралымына тиым салынғанда, қандас түрік ағайындар қолұшын созған. «Оян, қазақтың» түрікше басылымы – Міржақып Дулатұлының 1909 жылы жарық көрген бұл еңбегін қаз-қалпында қайтадан басуға түрік бауырларымызды жетелеген өзіндік себептер де баршылық. 1917-1918 жылдардағы, одан кейінгі кезеңдердегі оқиғалар орыс бодандығындағы түркі тектес халықтардың бәріне көп нәрсенің бетін ашып берді. Бұл дерек Дулатов шығармалар жинағының бесінші томында жақсы айтылған. 1930 жылдары Түркияның президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің қолдауымен шығарылған Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағының» түрікше басылымының және кітапқа баспагер Таһир Шағатайдың жазған алғысөзінің (қазақша аудармасы) мәні зор.
«ҚАЗАҚ» газетін тексеріп, үнемі бақылау қажеттігі туралы Орынбор генерал-губернаторы, генерал-лейтенант Сухомлинов бұйрық шығарған. Газеттің әр мақаласы қияпат қиындықтармен жарияланған. Орынбор губернаторының Ішкі істер министріне жазған қатынас қағаздарынан «ҚАЗАҚ» газетінің 1914 жылғы 78-санындағы «Алашқа» және 1914 жылғы 79-санындағы «Россиядағы ұйымшылдық» деген мақалаларда үкіметке қарсы үгіт-насихат әрекеттерінің көрініс беретіні айтылып, патша саясатына бас көтергені үшін А.Байтұрсыновқа екі жылға жер аударуға шешім шығарылғаны, ал, газеттің 1914 жылғы 91-санында басылған «Бұл қалай?» деген мақала үшін 50 сом айып салынғаны немесе 2 апта түрмеге жабуға бұйрық шыққаны айтылады. 1914 жылғы 80-санында басылған «Закон жобасының баяндамасы» деген мақаласы үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұрсыновқа 1500 сом айып немесе 3 ай түрмеде отыру үкімін кескен екен. А.Байтұрсыновтың әділдік іздеп жазған қайтарма-жауап арыздарын да тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақыры, Сенат губернатордың үкімін бұзып, «ҚАЗАҚ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов 1500 сом айып төлеуден босатылады.
«ҚАЗАҚ» газеті, – деп жазды Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Шолпан» жорналында, – ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «ҚАЗАҚ» газеті өз міндетін дөп атқарды». Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов әділ бағасын берген «ҚАЗАҚ» газеті қаққан Тәуелсіздік қоңырауының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бостан жұрт, дербес ел болған Қазақ Мемлекеті қазіргі таңда әлемге танылып, бұйырған беделге қол жеткізді. «ҚАЗАҚтың» басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы редакторы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас-табысқан «ҚАЗАҚ» газеті күллі талайым-тағдырын елімен бірге жасамаққа ниет етеді.
Қазіргі заман басқа: еліміз еркін, қазақ қоғамы өзгерді. 1918 жылы жабылып қалып, арада 88 жыл өткізіп, 2006 жылдан қайта шыға бастаған «ҚАЗАҚ» газеті – бүгінде жаңарған Тәуелсіз елдің бас басылымдарының біріне айналды. «ҚАЗАҚ» қазағымен әрдайым бірге боламын деп жаңа дүние есігін ашты. Қалың жұрт, қазақ қауымы қуанды. Тағдырдың тауқыметті жылдарында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойып шығарған «қайсар мінезді», ұлтының саналы үні болған «ҚАЗАҚ» газеті Тәуелсіз Еліне оралды. Байсалды басылымның қазіргі қызметкерлері кезінде газет жұмысына оқтай зырлап, қардай борап, бар күш-жігерін жұмсап, жұмыс еткен Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Жиһанша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Жиһанша, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шоқаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаевтар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты аталарының еселі еңбектеріне ізетпен алғыс айтады.
Қазақ тарихындағы аса елеулі оқиға – ақпанның 2-ші жұлдызы – қазақ қауымы үшін аса айтулы күн, қазақ баспасөзі тарихының соқталы да ноқталы күні! Қазақ қауымы үшін – қазақ баспасөзін құрметтер ел үшін – аса қымбат «ҚАЗАҚ» газетіне биыл 100 жыл толды!
Халық – әділ қазы. Қазіргі «ҚАЗАҚтың» ешкіммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді, әр газетке «мінез» керек, әрбір газет-жорналдың өз жолы бар, сол жолда кімде-кім де оза шауып, олжа тапса – беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе отырып, «Қазақ» – қазақ жүгін сүйреуден тартынбайды, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл-тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады.
Тақыр жерге үй тігу жеңіл шаруа емес, жаңа замандағы «ҚАЗАҚ»-қа да оңайға тиіп жүрген жоқ. Жүрекке салмақ салатыны: басталған істі «Қазақ шаруасы» ғой деп, аяқтандырып жіберуді біздің қазіргі қоғам да ойларына алар емес! Өткенімізді түгендейтін, өшкенімізді жандыратын, жоғалтқанымызды іздеп-табатын іргелі ел, табанды жұрт боламыз десек – «ҚАЗАҚ»-ты мемлекет қамқорлығына шұғыл алуға тиіспіз! Олжа жалғыз: «ҚАЗАҚ» өмірге келді, әзиз қазақ жұртымен қайта қауышты. Жұбанатын шаруа! Қазақ шаруасы!
«ҚАЗАҚтың» мақсаты – айқын, ұстанымы – берік, «жүрегі» – адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. «ҚАЗАҚ» – аталы жұрт, ауқымды миллетіне иек артады. Имандай сырымыз – «ҚАЗАҚ» қазағымен әрдайым бірге! «ҚАЗАҚ» әр қазақтың шаңырағынан табылам, деп өмір есігін ашты. Әуелде басылымның атын «ҚАЗАҚ» деп қойған арыстарымыз бұл атты аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты, деп қойған.
«Милләт халын есімізге түсіріп, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған ісіміз» дейді және. «Құдай сәтін салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік!» – дейді тағы. Қандай аталы сөз, дуалы уәж!
«ҚАЗАҚ» – ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі болуды басты мұраты тұтты. «ҚАЗАҚтың» – ұлы ұстанымы да, бағыт-бағдары да осы болмақ, бола береді де! Адам – үмітпен өмір сүреді. «ҚАЗАҚ» – басында Тәуелсіздігі бар халқына сенеді. «Қазақ»-тың басты мақсаты – Алаш жұртымен бірге жасау.
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
«ҚАЗАҚ» газетінің
Бас редакторы, жазушы