Сұлтанбек Қожанұлын ұмыт қалдыру - елдігімізге сын
2023 ж. 25 тамыз
7066
1
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.К.Тоқаевқа
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Президент мырза
2024 жылы қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожанұлының туғанына 130 жыл толады. 1925-жылы алаш жұртының шекарасын кеңейтіп, жаңа мемлекеттің қабырғасын қалап, ең биік мінберден «Біз бүгін Қазақ Республикасын құрдық!» - деп, бар әлемге жар салған біртуар азаматтың атаулы датасы бұл жолы да елеусіз қалатын түрі бар.
Мен 2022-жылдың 28-қарашасында және 2023-жылдың 16-ақпанында Сіздің атыңызға екі рет хат жазып, Алаш арысын ұлықтауды мемлекет тарапынан қолға алуды сұраған едім. Ондағы ұсыныстарым: Елордада және Қазақстанның ірі қалаларында Сұлтанбек Қожанұлына көшелер беру, ескерткіштер ашу, білім беру мекемелеріне есімін беру және Алматы қаласындағы 2021-жылы бөлшектеніп кеткен «Сұлтанбек Қожанов» көшесін бастапқы қалпына қайта келтіру жайлы болатын.
Бұл хаттар Сіздің құзырыңызға жеткізілмей, тиісті мекемелерге қарауға жіберілді. Тиісті мекемелер «Сұлтанбек Қожановқа бұған дейін бірнеше қала мен облыстан көшелер берілген, ал қалған мәселелер біздің құзыретімізге жатпайды» деген сияқты «шығарып салма» жауаптарын жіберді де, «жабулы қазанды жабуымен» қалдырды. Сондай-ақ, «Астана және Алматы қалаларындағы екі мектепке Сұлтанбек Қожановтың есімін беру қарастырылады» деген жауап та аяқсыз қалды. Ал, Астана әкімдігі «қала бюджетінде С.Қожановқа ескерткіш орнатуға қаражат бөлінбеген» деген сөзді бес жылдан бері қайталаумен келеді.
Бұл, сонда, не болды?
Биліктің құлықсыздығы ма, әрекетсіздігі ме, әлде, құйтыртқы саясаты ма?
Қазақ Республикасының бастауында тұрған ірі мемлекет қайраткерін, атағы аңыз, өмірі өнегелі қастерлі тұлғаны бұлайша «көзге ілмеушілік» билік басындағылар үшін ылайықты қылық па?
Кезінде Сұлтанбегін іздеген ұлтжанды азаматтардың арқасында Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ, оңтүстік және батыс өңірлеріндегі елді мекендердегі біраз көшелер Алаш арысының атымен аталған еді. Бұл үрдісті әрмен қарай жалғастырып, тарихи тұлғаның есімін Қазақстанның барлық қалаларынан, әсіресе, орталық, солтүстік, шығыс өңірлеріндегі нысандардан қашан көреміз?
Ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін көрсетіп кеткен мемлекет және қоғам қайраткерін, Алаш ардақтысын қашан біртұтас ел ретінде құрметтейтін боламыз?
Сталиндік репрессияның құрбаны болған Сұлтанбек Қожанұлы заңды түрде 1957-жылы толық ақталғанымен, онық есімі ұзақ жылдар бойы халықтан жасырылып келді. Мұның себебін асыл азаматтың нағыз ұлтшыл, Алаш арыстарының ашық жақтасы, бірден-бір қамқоршысы болғаны үшін деп түсінеміз. Сондықтан да, Кеңес өкіметі дәуірінде Сұлтанбек Қожанұлының есімі тарих беттерінен сызылып тасталды, отты өлеңдері мен жалынды мақалалары жарияланбады. Асыл азаматтың өнегелі өмірі мен қанатты сөздері ғана кейінгі ұрпаққа аңыз болып жетіп тұрды.
Ал, Тәуелсіздігіміздің таңы атып, Алаш арыстары толық ақталғаннан кейін де Сұлтанбек Қожанұлын тарих тасасына тықпалай беру кімге қажет?
«Бұлай емес» дейін десең, онда:
- алғашқы қазақ оқулықтарын жазған, Түркістан Республикасының он жылдығына орай жан-жақты ғылыми-зерттеу еңбегін кітап етіп шығарған, алғашқы жоғарғы оқу орны - Қазақ халық ағарту институтын (КИНО) ашуға қызу араласқан, Қазақ педагогикалық институтының бастауында тұрған (институт 1918-жылы Сұлтанбектің ұйымдастыруымен Ташкент қаласында ашылған мұғалімдік курстардың базасында құрылған), Орта Азиядағы алғашқы политехникалық институтты (САХИПИ) ашып, оның алғашқы ректоры болған, Орта Азиядағы алғашқы Ғылым академиясын (ВАСХНИИЛ) ашуды ұйымдастырған Сұлтанбек Қожанұлы жайлы мектеп бағдарламаларында ешқандай мағлұматтың болмауын;
- жарияланып жүрген тарихи деректерде (әсіресе, Сұлтанбек Қожанұлы бас редактор болған «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттерінен мәліметтер келтірілгенде), сол басылымдардың жарыққа шығуы үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алған, сондай-ақ, қазіргі кезге дейін өзектілігін жоғалтпаған көптеген еңбектердің авторы болған Сұлтанбек Қожанұлы есімінің аталмауын;
- мемлекетке қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидарларда Сұлтанбек Қожанұлы жайлы мақалалардың, хабарлардың жарық көрмеуін;
- жас мемлекеттің қалыптасуына, ұлттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып, өшпестей із қалдырған ұлы тұлға жайлы тарих, әдебиет оқулықтарында, мектеп бағдарламаларында жазылмауын;
- қазіргі драматургия, кино-теле қойылымдарда Сұлтанбек Қожанұлы бейнесінің көрініс таппауын, ол кісі атқарған істердің, қасақана, басқа қайраткерлерге телініп кетуін тағы сол сияқты көптеген қысастықтардың орын алуын кім, қалай түсіндіре алады?
Басқасын айтпағанның өзінде, Мұстафа Шоқайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы жайлы қойылымдардың өзінде Сұлтанбек Қожанұлы бейнесінің ұшқыны да көрінбейді. Апырмау, бұл кісілер қуғын-сүргінге ұшырағанда, оларға көмек қолын ұсынып, өз қамқорлығына алған бірден-бір тұлға – сол кезде жауапты қызметтерде жүрген Сұлтанбек Қожанов емес пе еді? Ер басына күн туған қиын кезеңде бүкіл Алаш арыстарымен қоян-қолтық араласқан, оларға моральдік және материалдық қолдау көрсеткен, «жазаларын өтеп қойған Алаш Орда өкілдерін қайта-қайта қудалай берудің еш қажеті жоқ» деп, «солшыл» большевиктерге ашық тойтарыс берген де Сұлтанбек атамыз еді ғой.
Сұлтанбек Қожановтың тарихтағы орнын айналып өтуге болмайтын кезең – Орта Азия халықтарының ортақ Отаны болған Түркістан Республикасындағы қазақтар мекендеген бүкіл аймақтарды түгелімен Қырғыз (қазақ) Автономиясына қосып, аумағы қазіргі Қазақстан Республикасынан әлдеқайда ауқымды Қазақ Республикасы құрылған 1925-ші жыл жайлы тарихшыларымыздың, ғалымдарымыздың, әдебиетшілеріміздің көбіне үнсіз қалуы да түсініксіз. Олардың ұстанымдары бойынша «Қазақ автономиясы 1920-жылы құрылған да, сол қалпында өзгертілмей бізге жеткен». Сонда, Қырғыз (қазақ) автономиясынан тыс қалған және атамзаманнан бері қазақтар мекендеп келген Ақмешіт, Түркістан, Жетісу аймақтарын (қазіргі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарын) Қазақ еліне қосу үшін И.В.Сталиннің алдына қайта-қайта барып жүріп, өз дегеніне жеткен Сұлтанбектің алаш үшін жасаған жанкешті еңбегін жасырудан кім не ұтады?
Есіл ер сол кезде қазақтарға тиесілі бір тұтам жерді де көрші елдерге қалдырмай, аумағы 2 983 564 шаршы шақырым болатын Қазақ Республикасын құрып, ұлан-ғайыр жерді ұрпақтарға аманаттап тапсырған еді.
Сол аманатқа қиянат жасағандар, және олардың құйыршықтары емес пе, Сұлтанбектің атынан қорқып, қасиетті есімді халық жадынан өшіріп тастағысы келгендер.
Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтік желіде 1924-1925 жылдары И.В.Сталиннің қабылдауында болатын азаматтардың аты-жөндерін тіркейтін «кеңсе кітапшасындағы» жазбаларға тап болдым. Әлгі кітапша бойынша сол жылдары И.В.Сталиннің қабылдауында ең көп болған кісілердің бірі Сұлтанбек Қожанов екен. Бір қызығы, тіркеу кітапшасындағы «айтылатын мәселе» деген баған кейде толтырылмаған, кейде оған «вопрос на месте» деп жазыла салған. Бұл кішкентай ғана деректен қазақ көшбасшысының Мәскеу төріндегі беделінің қаншалықты зор болғандығын және оған «ұлттар көсемі» алдына емін-еркін кіру мүмкіндігі берілгенін аңғарамыз.
Мемлекет басқарып отырған арыстың осындай беделінің арқасында ғой, сол жылдары қазақ жұртының біртұтас ел болуына қол жеткізуі.
Мұндай тұлғаны көпіне-көрнеу ескермеу – қазіргі қазақ билігі үшін қаншалықты жарасымды?
Ал, «жымысқы саясатты» жетік меңгерген шенеуніктердің жасап отырған сорақылықтары ше? Олар, мысалы:
- ешкіммен санаспай, өз қалаулары бойынша, Алматыдағы арыс атындағы көшенің үштен бірін бөліп алады да, басқа азаматқа бере салады;
- ресми жауаптарда «көше қысқарған жоқ, сақталған» деп, жартысы өтірік, жартысы шын ақпаратты, «сенсең - сен, сенбесең - қой» дегендей, жолдай салады;
- Астана қаласынан тым шеткері, қаладан бөлек жатқан шағын ауданның ең шетіндегі екі жүз метрдей елеусіз жолды «Сұлтанбек Қожанов атындағы көше» деген қаулы қабылдайды да, «Астанадан ол кісіге көше беріліп қойды» деп, мәселені жылы жаба салады;
- Үкіметтің 2018-жылы шыққан «Астана қаласынан Сұлтанбек Қожановқа ескерткіш ашу туралы» шешімін ысырып тастап, «бізде ескерткішке ақша жоқ» деп сылтаурата салады;
- мұндай сылтауға қалтқысыз сенген Үкімет бес жылдан бері, әкімдікке сұрау да салмай, сауал да қоймай, өз шешімін өзі ұмыта салады...
Сонда, мұндай бассыздықтар қашанға дейін жалғасады?
Сын сағаттарда Сұлтанбек Қожанұлын тарихтың өзі алдыңғы қатарға шығарып, асыл азаматтың арқасында қазақтың ғасырлар бойғы арманы іске асырылып, бүкіл алаштың мұң-мұқтажы орындалған еді.
Мұндай тұлғаға жасалған қиянат – бүкіл алашқа жасалған қиянат емес пе?
Мұндай тұлғалардың есімін ұрпақтар санасына сіңдірмей, жорта ұмыт қалдыру - мемлекеттігімізге, елдігімізге сын емес пе?
Құрметті Президент мырза!
Егер бұл ашық хат Сіздің назарыңызға ілігетін жағдайда, Алаш арысына қатысты әділеттілікті орнатады деген үмітпен,
Қоңқақов Төлен Қамарұлы,
сұлтанбектанушы
Қазақ үні