Алаш арысының ескерткішіне Астана әкімдігінің ақшасы жоқ?!.
2023 ж. 16 ақпан
10292
2
Өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтыңатына жазылған «Астана даңғылдарының біріне Сұлтанбек Қожанов есімі берілу керек» атты ашық хат жарияланған болатын.
Хат иесі Сұлтанбек Қожановтың немере ұрпағы Төлен Қоңқақов.
Бүгін Төлен Қамарұлы редакциямызға хабарласып, аталмыш хатқа құзырлы органдардың жауабы келгенін айтып, жауапты жариялауымызды сұрады.
Қазақстан Республикасы
Президенті
Әкімшілігінің Басшысы М.Ә.Нұртілеуге
Құрметті Мұрат Әбуғалиұлы!
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың атына жолданған 28.11.2022ж. № ЖТ-2022-02756278 хатқа алынған жауаптарға байланысты, Қазақстан Республикасының 2021-жылғы 29-маусымдағы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің» 91-бабына сәйкес құқығымды пайдалана отырып, мынаны хабарлаймын.
Қазақстан Республикасы Президентінің атына жазылған хаттың мақсаты - ірі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тарихындағы аса ұлы тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожановтың есімін ұлықтау жұмыстарын мемлекеттік деңгейге көтеру еді.
Аталған хатқа «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мемлекеттік мекеме) 22.12.2022ж. №ЖТ-2022-02756278/1, «Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Астана Әкімдігі) 27.12.2022ж. №ЖТ-2022-02756278/3, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің (бұдан әрі – Министрлік) 30.12.2022ж. №ЖТ-2022-02756278, Алматы қаласы Әкімі Аппаратының (бұдан әрі – Алматы Әкімдігі) 30.12.2022ж. №ЖТ-2022-02756278/4 хаттарымен берілген жауаптар келді.
Бұл жауап-хаттарда, негізінен, ертеректе іске асқан жұмыстар жайлы баяндалып, ал істелетін жұмыстар жөнінде мәліметтер аз болып шықты.
Сөздерім дәйекті болу үшін, Қазақстан Республикасы Президентіне жолданған хаттағы 5 ұсынысты сол қалпында қайталай отырып, алынған жауаптардың нұсқаларын және ол жауаптарға қатысты өзімнің пікірімді білдірейін.
1. Астана қаласының орталық даңғылдарының біріне, Қазақстанның ірі қалаларындағы көшелерге Алаш арысы Сұлтанбек Қожановтың есімін беру
Бұл сауал бойынша Астана Әкімдігі «елордамыздың орталық даңғылдарының біріне Сұлтанбек Қожановтың есімін беру туралы ұсыныс алдағы уақытта өтетін қалалық онамастика комиссиясы отырысының қарауына енгізіледі» деген оң хабар жолдапты.
Ал, Қазақстанның басқа ірі қалаларынан да көше беру жөнінде Министрліктің жауабы мынадай: «жергілікті әкімдіктер тарапынан ұсыныс түскен жағдайда мәселе Комиссияда қаралады».
Егер жергілікті әкімдіктер ұсыныс түсірмесе ше?
Сонда, мемлекеттік органдардың жергілікті әкімдіктерге, қоғамдық ұйымдарға қозғау салып, бағыт-бағдар көрсететін мүмкіндіктерінің болмағаны ма?
2. Астана қаласында, облыс орталықтарында, ірі қалаларда Сұлтанбек Қожановқа еңселі ескерткіш орнату
Астана Әкімдігінің мәліметі бойынша «қалада Сұлтанбек Қожановтың ескерткішін орнату үшін 2023 жылғы жергілікті бюджетте қаржы қарастырылмаған...».
2018-жылдан бері, бақандай бес жыл өтсе де, еш өзгермейтін жауап...
Үкіметтің тікелей тапсырмасын елемейтін, жыл сайын қайталана беретін «ескерткіш орнатуға қаржы жоқ» дегенге тағы да сенеміз бе?
Әлде, Әкімдік Үкіметтен де жоғары биліктің тапсырмасын күтіп отыр ма?
Егер олай болса, неге ондай тапсырма берілмейді?
Бұл сауал бойынша Министрлік те: «әкімдіктерден тиісті ұсыныс түскен кезде Министрлік заңнамада белгіленген тәртіппен оны комиссияда қарауды қамтамасыз ететін болады» депті.
Ал, егер ұсыныс түспеше ше?...
Қысқасы, «баяғы жартас – сол жартас»...
3. Астана, Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы, ірі қалалардағы мектептерге Сұлтанбек Қожановтың есімін беру
Бұл сауал бойынша Астана Әкімдігінен «№64 мектеп-лицейге Сұлтанбек Қожановтың есімін беру туралы ұсыныс 2022 жылы 7-қазанда өткен онамастика комиссиясында қаралып, қолдау тапты» деген оң жауап келді.
Әйткенмен де, қолдау тапқанына алты айдай уақыт өткенімен, қаулы неге шықпай жатыр?
Бұған, енді, не кедергі?
Алматы Әкімдігінен де «№164 мектеп-лицейіне Сұлтанбек Қожановтың есімін беру туралы ұсыныс тиісті комиссиялардың қарауына ұсынылатын болады» деген көңіл жұбатарлық хабар жетті.
Ал, басқа қалалар жайлы Министрліктің жауабы: «орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңнама талаптарына сәйкес тиісті ұсыныс Министрлікке жолданған жағдайда, мәселе Комиссия отырысында қаралатын болады»...
Ондай ұсыныстар қашан және қалай түсер екен?!
4. Астана, Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы, ірі қалалардағы жоғарғы оқу орындарына Сұлтанбек Қожановтың есімін беру
Министрліктің жауабы бойынша: «орталық атқарушы органдарға бағынысты мекемелерге кісі есімін беру мәселесі тиісті Министрліктің ұсынысы негізінде жүзеге асырылады».
Мемлекеттік мекеменің жауабы бойынша: «жоғары оқу орындарынан өтініш түскен жағдайда қарастырылатын болады».
Қысқасы, қандай да бір іс-әрекеттің ұшқыны байқалмайтын, біріне-бірі сілтей салатын, «шығарып салма» жауаптар.
5. Алматы қаласындағы Сұлтанбек Қожанов көшесін 2021-жылға дейінгі қалпына қайта келтіру және Заң бұзылуына жол берушілерді анықтап, мемлекеттік қызметтен аластату
Бұл сауал бойынша алынған жауап та көңілге қонымсыз.
Өйткені, 1995-жылы Әл-Фараби даңғылына қосылатын «Водозаборная» көшесі «С.Қожанов көшесі» болып өзгертіліп, тура осы қиылысқа Сұлтанбек атамыздың аты-жөні жазылған, бейнесі салынған көлемді ескерткіш-тақта орнатылған болатын. Ұзақ жылдар бойы бұл жер Алматы қаласындағы Алаш арысына тағзым етілетін бірден-бір орын болып келгені баршаға мәлім. Ескерткіштің де алды гүл шоқтарынан босамайтын.
Оған қоса, Әл-Фараби даңғылының үстінен кесе-көлденең тартылған көрнекі тақтаға үлкен әріптермен жазылған «С.Қожанов көшесі» деген жазу да алыстан көз тартатын.
Осының бәрін тып-типыл ғып, қасиетті орынды ойсыратып қойған қала әкімшілігінің «С.Қожановқа берілген көше қысқарған жоқ» деген жалған ақпаратына қайран қалудан басқа амал жоқ.
Сонда, өзімізге өзіміз сенбей, әкімшіліктің көпе-көрнеу өтірігіне сенуіміз керек пе?
Көзі тірісінде В.И.Лениннің «жалын атқан қазақ», И.В.Сталиннің «Азияның Шыңғысханы» деген атақтарына ие болған, И.В.Сталинмен «сен» деп сөйлесіп, «халықтар көсемімен» өзін тепе-тең ұстаған арыстан жүректі азаматтың рухын құрметтемей, ол кісінің есімімен аталған үлкен мегаполистегі жалғыз ғана нышанды жұлмалауға салған әкімқараларға не деуге болады?
Сол, «С.Қожанов» көшесіндегі тақтайшалар ауыстырыла бастаған (кей жерлерде «С.Қожанов көшесі» деген тақтайшаны алмай-ақ, оның үстіне жаңа атаудағы тақтайшаны қаға салған) 2021-жылдың маусымынан басталған халық наразылығы әлі күнге дейін саябырлаған жоқ. Интернет желілерінде жұрттың реніштері де толастаған емес.
Кезінде Кеңес өкіметі де, алпыс жыл жанталасып, Сұлтанбек Қожановтың есімін тарих бетінен жұлып тастағысы келгенмен, ешнәрсе шығара алмаған болатын. Тәуелсіздігіміздің жаршысындай болып қайта оралған бұл есімді тағы да жұлып тастауға кімнің қолы барды екен?! Әлде, Қазақстандағы шенеуніктерге ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған асылдардың аруақтарын сыйламауға рұқсат берілген бе?
Қысқасы, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған іс бойынша және нысанға жаңа есім беру кезінде тікелей заң бұзушылыққа жол берілген фактілер бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуі қажет.
Тарихымызға қызығушылық танытпайтын, ұлыларымызды құрметтемейтін, көпшіліктің талап-тілегімен санаспайтын, «бармақ басты, көз қыстымен» жұмыс істейтін әкімқаралардың есім-сойларын да халық біліп қойсын.
Қалай болғанда да, Сұлтанбектің рухына қиянат жасаған қызметкерлерді «мемлекетшіл», «отаншыл» деп айтуға ауыз бармайды.
Қазақ мемлекетін құру жолында отқа да суға да түсіп, өзінің тарих алдындағы миссиясын толық та, адал атқарып кеткен, ұлтының жарқын болашағы үшін ешнәрседен тайсалмаған, «елім, жерім» деп жүріп құрбан болған арысымызды ардақтау ісі, өкінішке орай, өз дәрежесінде емес.
Кезінде «қазақ» деген халықтың зор әлеуеті мен өршіл рухын кең байтақ Кеңес мемлекетіне түгелдей мойындатқан, бүкіл Орта Азия елдерін топтастырған Түркістан өлкесінің ең жоғарғы саптағы басшысы болған, аштықтан әлсіреген халыққа, өзі жүгіріп жүріп, «шүлен көже» тараттырған, Түркістан өңірінде алғашқы мектептер, мектеп-интернаттар ашып, сол оқу орындарында ұстаздық еткен, алғашқы қазақ оқулықтарын жазып шығарған, алғашқы қазақ газеттерін жарыққа шығарып, олардың бас редакторлары болған, еліміздің оңтүстік өңірлеріне каналдар қазғызып, шөл аймақтарды суландырған, Кремльде отырып бүкіл Кавказ мемлекеттерінің жауапты нұсқаушысы қызметін абыроймен атқарған, Мәскеу төріндегі жоғарғы жиындарда ұлт намысын жанын сала қорғаштаған, қуғын-сүргінде жүрген Алаш арыстарын бөліп-жармай, олардың бәріне бірдей нағыз қамқоршы бола білген, өмірлік ұстанымының арқасында шын мәніндегі «ұлт көшбасшысы» дәрежесіне көтерілген, 1925-жылы қазақ жерлерін жинастырып, сол кездегі аумағы қазіргі Қазақстан аумағынан әлдеқайда ауқымды Қазақ мемлекетін құрып, жаңа мемлекеттің астанасын өзі белгілеп, өзі орнатып кеткен, жаңадан құрылған Қазақ республикасының төрт айдай бірінші басшысы қызметін атқарған (Нанейшвили Мәскеуге шақырылып, Голощекин Қазақстанға келе қоймаған мерзімде), ғасырлар бойы «қырғыз» деп бұрмаланып келген атымызды «қазақ» деп, өзімізге қайтарған, Қазақстандағы алғашқы педагогикалық институттың (КазПИ) ашылуына негіз қалаған, Орта Азиядағы алғашқы политехникалық институтын (САХИПИ) ашып, оның алғашқы ректоры болған, көшеде жүрген қазақ жастарын қолынан жетектеп әкеліп оқытып, олардың кейіннен Үкімет басшысы, үлкен ғалым, зиялы қайраткер болуларына зор ықпал жасаған, Орта Азиядағы алғашқы ғылым академиясын (ВАСХНИИЛ) ұйымдастырған, ұлты үшін жазықсыз құрбан болып, репрессиялық жаладан ақталғанына алпыс алты жыл өтсе де қазақ билігі тарапынан көрер-көзге еленбей келген есіл ер өз елінде, өз жерінде, өз мемлекетінде қашан дәріптеледі?
Ұлы тұлғаны ұлықтауға билік басындағылар неге құлықсыз?
Қалың жұртшылықтың өз арысына деген ықылас-құрметі әрқашан да зор болған. Бүгінгі күнге дейін мемлекет басшысы, ұлт жанашыры, ағартушы, ақын, публицист, ғалым, қайраткер Сұлтанбек Қожанов жайлы көптеген кітаптар, зерттеулер, пьесалар, өлең-жырлар, патриоттық әндер жарық көрді.
Қайталанбас ұлы тұлғаны жан-жақты тануға тарихшыларымыздың, ғалымдарымыздың, зерттеушілеріміздің, ақын-жазушыларымыздың, драматургтеріміздің, сазгерлеріміздің қызығушылықтары өте жоғары.
Тура сондай бастаманың мемлекет тарапынан да қолға алынуы – бұл уақыт талабы, көпшіліктің тілегі.
Құрметті Мұрат Әбуғалиұлы!
Осы баяндалғандардың негізінде, Сұлтанбек Қожановтың есімін ұлықтау шараларының іске асу барысын бақылауды құзыреті де, құдіреті де жететін мемлекеттік органға (өзіңіз басқарып отырған Әкімшілікке, немесе Үкіметке) табыстауыңызды және қатаң қадағалауды қамтамасыз етуіңізді сұраймын.
Қоңқақов Төлен Қамарұлы
(Сұлтанбек Қожановтың немере ұрпағы)