Астана даңғылдарының біріне Сұлтанбек Қожанов есімі берілу керек - Алаш арысының ұрпағы

Астана даңғылдарының біріне Сұлтанбек Қожанов есімі берілу керек - Алаш арысының ұрпағы

Қазақстан Республикасының Президенті 

Қ.К.Тоқаевқа

Аса құрметті Қасымжомарт Кемелұлы!

    Қазақ тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожанов. Ол кісінің өз серіктестерімен атқарған ерен еңбегінің арқасында Ресей империясының құрамындағы «Қырғыз (қазақ) автономиясы» және «Түркістан автономиясында» Орта Азия халықтарымен араласып, бөлшектеніп келген қазақ жерлері біріктіріліп, біртұтас Қазақ республикасын құруға қол жеткізілді. Ұлт болашағы жолында жасалған жанқиярлық істерінің нәтижесі ретінде, Сұлтанбек Қожанов 1925-жылдың сәуірінде Ақмешіт қаласында өткен Бүкілқазақтық V-съезінің биік мінберінен «біртұтас Қазақ мемлекетінің құрылғанын» салтанатты түрде жариялады. Осылайша, бүкіл қазақ жұрты, Алаш арыстары армандап келген мемлекет тарих сахнасынан берік орын алды.

    С.Қожанов мемлекет билігіндегі жауапты қызметтерде жүрген кезінде көптеген қазақ қайраткерлерін (С.Сәдуақасов, Ғ.Мұратбаев, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, Б.Аралбаев, Е.Ерімбетов т.б.) барынша көтермелеп, лауазымды орындарға тартты. Кеңестік билік тарапынан қудалауда жүрген Алаш арыстарына (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Х.Досмағамбетов, Қ.Болғанбаев, Ж.Аймауытов т.б.) жәрдем қолын созып, ылайықты қызметтермен қамтамасыз етіп, моральдік және материалдық жәрдем берді.

С.Қожанов алғашқы білім ордаларын ашуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ халық ағарту институтының (КИНО) негізін қалап, оның алғашқы мұғалімдерінің бірі болды. Орта Азиядағы ең үлкен политехникалық институт САХИПИ-ді құрып, оның алғашқы ректоры болды. Бұл қызметтерде жүрген кезінде көптеген қазақ жастарын (Н.Оңдасынов, ағайынды Қоңыратбаевтар т.б.) өзі басқарып отырған білім ордаларына жетектеп алып келіп оқытып, олардың тиянақты білім алуларына жағдай жасады.

С.Қожанов алғашқы қазақ баспасөздері «Бірлік туы» және «Ақ жол» газеттерінің негізін қалап, олардың бас редакторы болды. 1925-жылы Сұлтанбектің басқаруындағы «Ақ жол» газеті И.В.Сталиннің тікелей нұсқауымен «газет Мұстафа Шоқаевпен байланыста» деген желеумен жаптырылып тасталған.

    Кезінде қазақ халқын революция көсемі В.И.Лениннің жеке қабылдауындағы сұхбатта қызулана қорғаштаған, «осы күнге дейін Орта Азиядағы жағдай бодандық күйінде қалып отыр» деп И.В.Сталинге өзіне тікелей айтқан мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа бүгінгі билік, өкінішке орай, ылайықты құрмет көрсете алмай отыр.

    Мысалы, алаш арысына Астана қаласынан тиген көше – «Үркер» ауылынан берілген, ұзындығы екі жүз метрдей қарабайыр жол. Оған да қожановтанушылардың билік орындарына қайта-қайта хат жазуынан кейін ғана, 2016-жылы әзер дегенде қол жеткізілген.

    С.Қожановқа Астана қаласынан ескерткіш ашу туралы Үкімет тапсырмасы 2018-жылы шыққан болатын. Ол тапсырма да әлі күнге дейін орындалмай отыр.

    Сондай-ақ, Сұлтанбек Қожановқа Астана қаласынан мектеп беру мәселесінің қаралып жатқанына да талай жыл өтті.

    Ең сорақысы, 2021-жылы Алматы қаласының әкімдігі сол қаладағы «Сұлтанбек Қожанов» көшесін өз қалауынша қидалап, оның «Әл-Фараби» даңғылымен қиылысқан бөлігін «Еділ Ергожин» деп атап жіберген. Қожанов жанашырларының «қайтыс болғанына бір жылдай ғана болған кісіге қалайша көше берілген, бұл жерде Заңның өрескел бұзылуы орын алып отыр» деген шағымдары Алматы әкімдігі тарапынан қараусыз қалдырылған.

    Осы баяндалғандардың негізінде, Сізден сұрайтынымыз:

    1) Астана қаласының орталық даңғылдарының біріне, Қазақстанның ірі қалаларындағы көшелерге Алаш арысы Сұлтанбек Қожановтың есімін беру;

    2) Астана қаласында, облыс орталықтарында, ірі қалаларда Сұлтанбек Қожановқа еңселі ескерткіш орнату;

    3) Астана, Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы, ірі қалалардағы мектептерге Сұлтанбек Қожановтың есімін беру;

    4) Астана, Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы, ірі қалалардағы жоғарғы оқу орындарына Сұлтанбек Қожановтың есімін беру;

5) Алматы қаласындағы Cұлтанбек Қожанов көшесін 2021-жылға дейінгі қалпына қайта келтіру және Заң бұзылуына жол берушілерді анықтап, мемлекеттік қызметтен аластату.

    Аса құрметті Қасымжомарт Кемелұлы.

    Халық Сіздің ұлт тұлғаларына деген әділ көзқарасыңызды жақсы біледі, сондықтан да Алаш арысы Сұлтанбек Қожановқа, өз дәрежесіне ылайық, мемлекет тарапынан құрмет көрсетуге жол ашып беруіңізді сұраймыз.

Қоңқақов Төлен Қамарұлы

(Сұлтанбек Қожановтың немере ұрпағы)