«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі мәресіне жетті

«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі мәресіне жетті

Бүгін Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақ жол» демократиялық партиясының дәстүрлі «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі өтті. 


Шараға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Қажымұрат Ахмеденов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, М.Өтемісов атындағы БҚУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Сдыков, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев, Алматы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынасилова, Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Виталий Куликов, Партияның Ұлттық кеңесінің хатшысы, аппарат басшысы Асылхан Қожахметов, БҚО Бөрлі аудандық мәслихат депутаттары Серік Дүйсенов пен Бақытжан Ғадылшиев және білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Сараптау комиссиясы байқауға түскен жұмыстарды тексеріп, 4 номинация бойынша жалпы саны 40 үздік жұмысты екінші кезеңге іріктеді.


Жас зерттеушілердің ғылыми еңбектерін байқаудың қазылар алқасының мүшелері филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Сдыков бағалады.

Еліміздің әр аймағынан келген 40 қатысушы «Алаш идеясы және Екінші республика», «Қазіргі заман шындығы аясындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы», «Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және кәсіпкерлікті дамыту», Алаш тарихының «актаңдақтары» номинациясы бойынша бақ сынап, оның 13-і ақтық кезеңге жолдама алды. 


Екінші кезеңге өтіп, ғылыми жобаларын қорғаған 27-і қатысушының жұмыстары оң бағаланып, алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Қызу пікірсайыстың нәтижесінде байқаудың ақтық кезеңіне Сүлеймен Құлдан (Жаңаөзен қаласы), Айгүл Өтеміс (Алматы қаласы), Камшат Төреқұлова (Маңғыстау облысы), Мирас Абдрахим (Алматы қаласы), Мадияр Ералыұлы (Тараз қаласы), Жансая Сман (Ақтау қаласы), Ақерке Мұхтасарқызы (ШҚО), Бақтияр Бутеев (Қарағанды қаласы), Гүлім Жылқайдарова (Астана қаласы), Жауынбай Жылқыбайұлы (Астана қаласы), Надия Жастлек (Орал қаласы), Нұргүл Қамиева (Атырау қаласы), Динара Сисенова (Жаңаөзен қаласы) өтті. 


     Еске сала кетейік, байқау биыл 11-ші рет ұйымдастырылды. Байқаудың екінші кезеңін еліміздің әр аймағында өткізу дәстүрге айналған. Бұған дейін Семей, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Астана, Ақтау қалаларында өткізілді. Байқаудың ақтық кезеңі 13 желтоқсанда Астана қаласында өтетін болады.