Алашшылдығы үшін жапа шеккен

Алашшылдығы үшін жапа шеккен

Елдің болашақ тағдыры мен тәуелсіздік ұғымдары бір-бірінен алшақ кетпейді. Тарих үшін бұл кезең – қас қағымдай ғана уақыт. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңдағы дамуы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жағдайына, пандемия мен басқа да қиыншылықтарға қарамастан тарихымыздың әлі де болса шынайы ашылмай, толықтай зерттелмей жатқан беттерін саралау мәселесіне ғалымдар ерекше мән беруде. Солардың ішінде ерекше орын алатындары: «Қазақстандағы 20-30 жылдардағы ашаршылық» және «Алаш орда тарихы», елімізде кең етек алған және екі қезеңнен тұратын (30-40-шы және 40-50-жылдар) репресияның зардаптарын ашу.

Қоғамдық ғылымдардың алдына қойылған жаңа талаптарға байланысты бұрын жабық болып келген архив құжаттарына қолжетімділіктің көбеюіне байланысты тарихшылар қауымы Қазақстан тарихындағы «ақ таңдақтарды» жоюға айтарлықтай үлес қосуда. Соңғы жылдары республика творчестволық жұртшылығының жасаған шараларының нәтижесінде Қазақстанға сталиндік жеке басқа табыну кезеңінде негізсіз жазаланған көптеген қоғамдық саяси және мәдениет қайраткерлерінің есімдері қайтарылды.

Бұл жұмыс алдағы уақытта да толассыз жүргізіліп, жалғасын табуға тиісті. Өйткені тәуелсіздік жолында алаш идеяларын қолдаймын деп жазықсыз жапа шеккен қазақтың ұл-қыздарының есімдері толықтай жарыққа шығуы болашақ ұрпақ үшін өте қажет.

Қазақ даласындағы әділет, теңдік және ұлттық мемлекеттілікті көксеген ХХ ғасырдың басындағы ұлттық қозғалыс көшбасшылары – Алаш орда көсемдері. «Алаш» қозғалысының басты мақсаты: ұлтты сақтап қалу; тұтастығын қамтамасыз ету; оның таптар мен топтарға бөлінуіне жол бермеу; қазақ мемлекеттілігін қайта өркендету; қазақ шаруаларының тартып алынған жерлерін қайтару; Қазақстан территориясында тұратындардың барлығының толық теңдігін орнату; ұлттық әскери жасақ құру және т.б.

Алаш орданың өмір сүрген кезеңі қысқа болғанымен (1918 ж. ортасы – 1919 ж. желтоқсан), оның идеясы өміршең болды. ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында Алаш қозғалысының көсемдері мен белсенділері жаппай репрессияға ұшырағанымен, бұл идеяларды іске асыруды жастар қолға алды.

Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің күшейіп, жаппай қыспаққа алғанына қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жастар ұйымы құрылып, өз қызметтерін ұлттық бағытта жүргізе бастады: Ордада «Лениншіл жастар одағы» (1928), Жалпақталда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» (1941), Оралда «Қазақ ұлтшылдық ұйымы» (1947). Соңғы кездегі ашылған құжаттардың нәтижесінде және жазықсыз жапа шегіп ақталғаннан кейін есімі ел аузында жиі айтыла бастаған азаматтардың бірі – Тұрсынғали Ғатауоллаұлы Қатауов.

Тұрсынғали Ғатауоллаұлының ұлтының болашағына деген қөзқарасы мен саяси санасы ерте оянған. Ол 15-16 жасынан бастап-ақ алаш зиялыларын мақтан тұтып, есімдерін атауға қатаң тыйым салғандығына қарамастан, олардың шығармаларын халық арасында насихаттайды. Жасөспірім Тұрсынғалидың бұл іс-әрекетіне наразы болған ауыл ішіндегі жандайшаптар мен тыңшылар НКВД қызметкерлеріне ол туралы сыбыс жеткізеді. 1943 жылы 16 жастағы Тұрсынғали РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-11 тармағы бойынша «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген жапон тыңшысы» деген айыппен қамалады. Тек оның кәмелеттік жасқа толмағандығы 5 айдан кейін босатылуына себепші болады.

Көзі ашық, саяси сауатты болған, халық жауы атанған әкесі Ғатауолла Шеруеновтен ұлттық рухта тәрбиеленген Тұрсынғали Қатауовтың саяси санасы ерте оянып, ұлтының азаттығын аңсайды. Осы мақсатта Қатауов Тұрсынғали Ғатауоллаұлы 1947 жылы 20 жасында Орал мұғалімдер даярлайтын институтында (қазіргі БҚУ) тарих факультетіне оқуға түсіп, тоталитарлық жүйеден, жеке басқа табынушылық заманнан қорықпай ұлтының азаттығы үшін күреседі. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастары мен еңбектері және ұлттық құндылықтары қазақ ұлтын большевиктердің бодандығынан, сталиндік репрессиядан және халықты қараңғылықтан құтқарып, азаттық, теңдік алып беретініне, Жапония елі секілді өркениеті дамыған ұлттық мемлекет құратынына сенеді. Ұлт-азаттық күресін бастау үшін жастардың бастарын қосып, саяси-ұлттық санасын ояту мақсатында студенттер арасында өзінің бастамасымен «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрады. Өз ұлтын ерекше сүйген Тұрсынғали Қатауов қазақ ұйымына жастарды көбірек тартып, студенттер арасында КСРО көсемі И.Сталин мен Ішкі істер халық комиссары (НКВД бастығы) Л.Бериянының қазақ халқын қынадай қырып жатқан қанішерлік саясатын және қазақтың бағына біткен Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ж.Досұхамедов және Х.Досмұхамедов, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлының т.б. өлтірткен аса жауыздығын батыл әшкерелейді. Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, жастар арасында Алашорда үкіметін және сол кезде тіпті атын атауға болмайтын, «Халық жаулары» деп жала жабылған Алаш қайраткерлерінің идеясын кеңінен насихаттап, батыл таратады.

Ұлтының азаттығын аңсаған Тұрсынғали Қатауовтың Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрып, студенттерді көбірек тартқанына және Алашорда өкіметін ашық қолдап, Алаш қайраткерлерінің идеясы мен еңбектерін халық арасында кеңінен насихаттағанына және ұлт азаттық жолында зәбір-қорлық, қудалау көргеніне ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жолдаған қылмыстық істер алқасының Сот үкімдері және ҚР Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақ-

стан облысы полициясы департаментінің мемлекеттік архивінен алған НКВД қызметкерлерінің тергеу іс-қағаздары мен құжаттары, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен коммунистік партияға өтерде өзінің жазықсыз жазалағаны туралы жазбалары мен мақалалары дәлел болады.

Ол уақытта барлық құжаттар тек орыс тілінде жазылатын болғасын еш өзгеріссіз, аудармасыз беріліп отыр .

1. РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы, 1-бөлімі және 11-тармағымен сотталған Тұрсынғали Қатауовтың қылмыстық іс материалы:

Турсынгали Катауов обвинялся в том, что будучи антисоветской настроенным, среди студентов Уральского Педагогического института проводил антисоветскую агитацию, националистическую пропоганду.

Обвиняемый Катауов Турсынгали был арестован 30.05.1949 г. И привлечен к уголовной ответственнойти по статье 58-10 ч. 1-я, 58-11 УК РСФСР.

Катауов Турсынгали был осужден приговором судебной коллеги по уголовным делам ЗК облсуда от 01.07.1949 г. по ст. 58-10 ч.1 и 58-11 УК РСФСР к 10 годам лишения свободы. Содержался в Степном лагере МВД СССР и из под стражи был освобожден 20 апреля 1955 года.

2. РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10 және 11-тармағымен сотталған әкесі Ғатауолла Шеруеновтың қылмыстық ісі материалы:

«Обвинямый Шеруенов Гатауолла был арестован 17.06.1949 г. и привлечен к уголовной отвественности по статье 58-10, 58-11 УК РСФСР.

Обвинялся в том, что будучи в прошлом муллой среди жителей Западно-Казахстанской области систематически проводил антисоветскую националистическую агитацию. В результате чего явился вдохновителем антисоветской националистической деятельности группы студентов Уральского учительского института, во главе который стоял его сын Катауов Турсынгали». НКВД-ның қылмыстық іс материалында ұйымды Тұрсынғали Қатауов құрғанын және көшбасшысы болғанын көруге болады.

3. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті жолдаған мемлекеттік архивтен алған 1949 жылы 30 маусым күні Батыс Қазақстан облысы Қылмыстық істер алқасының Сот үкімі: «Сотталушы Тұрсынғали Қатауов әкесі Ғатауолла Шеруенов екеуі бірнеше жыл бойы совет үкіметіне қарсы үнемі ұлтшылдық бағытта теріс үгіт жүргізіп, совет үкіметінің мүшелері (бұл жерде Сталин мен Л. Берияны айтып отыр) туралы жаман сөздер айтқан. Колхоз тұрмысын жамандап, халық жаулары – «ұлтшыл алаш-ордашыларды» мақтап, солардың өлеңдерін айтып, еңбектерін насихаттап келген. Қатауов өзінің ұлтшылдық теріс рухта тәрбиленудің нәтижесінде Орал қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын институтының оқушылары арасында «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрып, группаласы Ғ. Бөкеновты және тағы басқа да көптеген студенттерді сол ұйымға тартқан. Екі жыл бойы, қашан қамауға алынғанға дейін үнемі теріс үгіт жүргізіп, СССР тұрмысын, халқын жамандап, «орыс-қазақ» деп ұлтшылдық алауыздық туғызбақ болған, «алашордашылардың» өлеңдерін мақтап айтып жүрген. Сөйтіп, жастарды өз қатарларына көптеп тартқан».

4. Ұлт азаттығы үшін күрескен Т.Қатауовтың архивтен алынған өмірбаянында және өзінің жазып қалдырған мақаласында:

«НКВД тыңшылары Тұрсынғали Қатауовты тергеу кезінде өте жауыздық әрекеттер жасайды. Тырнағын жұлып алып, саусағын темір үстіне қойып балғамен ұрып, аяқ-қолын байлап, салқын су құйылған ыдысқа тігінен түнімен тұрғызып қояды, басын төмен қаратып байлап, суық карцерге қамайды. Қинап, әбден есінен танып қалған соң, қолын қойдыра салады» деп жазады. Сөйтіп, ұлт-азаттық күрескері Тұрсынғали Ғатауоллаұлын Батыс Қазақстан қылмыстық істері сот алқасының Үкімімен 1949 жылдың 30 маусым күні, 22 жасында РСФСР қылмыстық кодексінің 58- бабының 10-тармағы, 1-бөлігі және 11-тармағы «Кеңес Үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген жапон шпионы» деген ауыр бабымен 10 жылға соттайды.

5. НКВД қызметі Тұрсынғали Қатауовтың жасаған қылмысының ерекше маңыздылығын, аса қауіптілігін ескере отырып, үкім оқылған күні, яғни 1949 жылы 30 маусымда Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасы бастығы «СССР ішкі істер министрінің Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы «халық жауларына» арналған ерекше саяси лагері (Степлагқа) жіберу туралы қаулы шығарады.

1953 жылы 5 наурыз күні Сталин қайтыс болған соң, сталиндік репрессия бойынша сотталғандарға кешірім берілді. Екі жылдан кейін 1955 жылдың 26 ақпан күні Кеңес Одағы Жоғарғы сотының шешімімен ақталып, еліне оралады.

1927 жылы дүниеге келіп, 1992 жылы өмірден озған Тұрсынғали Қатауов саяси лагерьден аман-есен оралғасын 1955-1984 жылдары аралығы халық оқу-ағарту саласында мұғалім, мектеп директоры қызметін атқарып, абыройлы еңбек етіп, халық жауы еместігін дәлелдейді.

 Кеңес Үкіметі мемлекет алдындағы ерен еңбегін ескеріп, Қаратөбе ауданы бойынша тұңғыш «КСРО оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» және «ҚазССР оқу-ағарту ісінің үздігі» атағын береді, «Құрмет белгісі» орденімен марапаттайды. Ол кезде республикалық оқу-ағарту министрлігінен еңбектері мен жетістіктері әбден сарапталып барып, Мәскеуден берілетін мұндай жоғары марапаттар білім және ғылыми-әдістеме саласына орасан үлес қосып, ерен еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткендерге ғана берілетін. Екінің біріне берілмейтін осындай мемлекеттік жоғары наградалардың берілуі – Тұрсынғали Қатауовтың оқу-ағарту саласының артуына және тәрбие жүйесінің дұрыс жолға қойылуына орасан үлес қосқан ұлағатты ұстаз, білікті, іскер басшы екеніне және архивтен алынған құжаттар талай тарихи белестерден өтіп, бірнеше күрделі кезеңдерді бастан өткерген, ұлтына адал қызмет еткен зиялы, тарихи тұлға екенін сөзсіз дәлелдейді.

«Ерім деген ел болмаса...»

Алаш азаматы, ұлағатты ұстаз Тұрсынғали Қатауовтың есімін өзі соңғы жылдары басшы болып қызмет еткен Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл орта мектебіне және Орал қаласының көшесіне беру туралы жергілікті жердің зиялылары, әріптестері мен шәкірттері бастама көтерген.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, Ақ Жайық өңірінің ардақты азаматы, Кеңес одағының үздік тарихшысы Тұрсынғали Қатауов биыл 95 жасқа толып отыр және өмірден озғанына 30 жыл болады.

Қоскөл ауылындағы Қоскөл мектебі атауының – ұлттық-тарихи атауларға, географиялық, мәдени ерекшеліктерге еш қатысы жоқ және ешқандай мән-мағынасы жоқ. Қоскөл ауылы және Қоскөл мектебі деп қайталанып келеді, сол себепті жұртты шатастырады.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан табар кемеңгерді» деп Алаш арысы Ілияс Жансүгіров айтқандай, Батыс Қазақстан облысының зиялысы, белгілі тарихшы, Алашорда үкіметін қолдап және Алаш қайраткерлерінің идеяларын насихаттағаны үшін қудалау көріп, 10 жылға сотталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған, ұлт-азаттық жолындағы күрескерлігімен, сонымен қатар халық оқу-ағарту ісінің оқыту мен жас ұрпақ тәрбиесі саласына қосқан орасан еңбегімен өмірі өнеге, ісі үлгі болған, ұзақ жыл ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған ұлағатты ұстаз Тұрсынғали Қатауов есімін Қоскөл орта мектебіне беруге лайықты, тұғыры биік бірден бір тарихи тұлға. Біздің бұл ұсынысымыз қолдау табады деген сенімдеміз.

Тұяқбай Рысбеков,

 тарих ғылымдарының докторы, профессор,

 ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері

qazaquni.kz