Азат Перуашев: Жапонияда табылған деректер Алаш автономия емес, Республика болғанын толық дәлелдейді

Азат Перуашев: Жапонияда табылған деректер Алаш автономия емес, Республика болғанын толық дәлелдейді

Бүгін Астана қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясы мен М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазҰЗУ университетінің ұйымдастыруымен белгілі жапон ғалымы, Хокайдо университеті Славян-Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ортаазиялық зерттеулер профессоры (Саппоро, Жапония) Томохико Уямамен кездесу өтті.

Алашорда тарихының ақтаңдақ беттерін ашып көрсететін келелі жиын Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған құпия құжаттарға арналған.

Жиынға «Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаттары, алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым жән БАҚ өкілдері, студенттер қатысты. 

- Құрметті Алаш елі. Бүгінгі кездесуіміздің тарихи, саяси, ұлттық мағынасы ерекше деп білемін. Алаштанушылар арасында Алаш автономиясы, Алаш Республикасы қандай болғаны туралы әртүрлі пікір алмасулар әлі де жүріп жатыр. Жүз жыл бұрын бабаларымыз Алаш туын көтеріп, азаттық жолын таңдады ма, әлде, ақ патшаның қарамағында өмір сүруді қалады ма деген сауалдардың толық жауабы осы күнге дейін берілмей келді. Бүгінгі қонағымыз Томохико Уяма мырзаның Жапонияның Сыртқы істер мининстрлігінің мұрағат қорынан тапқан бірнеше тарихи құжаттары бұл сұрақтарға анық жауап беріп отыр. Бұдан былай біздер Алаш автономиясы емес, Алаш республикасы болғанын ауыз толтырып айта аламыз. Кез-келген қазақ үшін Алаштан артық идея жоқ. Бүгінгі дәрістің маңызы қазіргі заманауи саясат аясында да мағынасы өте зор. Біз кім екенімізді, ары қарай қандай мемлекет құрамыз деген сұрақтарға бүгінгі кездесуден жауап алуға болады. Баршаңызды бүгінгі шарамен құттықтаймын. Құрметті Томохико Уяма мырза, сізге «Ақ жол» партиясының және парламенттік фаркциясы депутаттарының атынан алғыс білдіремін. Сіз бізге тағдыр шешуші кезеңде кеп тұрсыз. Бүгінде елімізде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформалар жүзеге асырылуда, президенттік сайлауға қадам басайық деп отырмыз. Осы орайда да бұл шараның маңызы үлкен, - деді А. Тұрлыбекұлы шараның ашылуында. 


Өз кезегінде Томохико Уяма осы кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев пен М. Нәрікбаев университетіне зор алғысын білдіріп, тарихи құжаттарға қатысты тапқан деректері жөнінде кеңінен баяндама жасады. 

Дәрісінің басында профессор Алаш қайраткерлерінің Жапонияға деген қызығушылықтары, сол кездегі баспа беттерінде жарияланған Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мұхтар Әуезов секілді тұлғалардың жарияланымдарын мысалға келтірді. 

- Мен баяндағалы тұрған тарихи құжаттар Жапон Сыртқы істер министрлігінің төменгі саяси палатасының мұрағатында сақталған. Алашорда қайраткерлерінің басым бөлігі автономды мемлекет құруға жұмыс істеген. Мысалы, «Сарыарқа» газетінде автономия құрылымы қандай болу керектігі туралы көптеген мақалалар жарияланған. Алайда, деректерді оқып қарасаңыз, Алаш арыстарының автономия туралы түсінігі Ресей империясының сол кездегі түсігінен өзгеше болған. Аталмыш басылымның кейбір авторлары Ресей ауымалы-төкпелі кезеңді кешкен сәтте билікті өз қолдарына алу қажеттілігі туралы да ашық жазған. Яғни, Алашорда үкіметі автономия дегенді өзін-өзі басқаратын, жеке дара мемлекет ретінде қарастырған, - деп бастады дәрісін жапондық ғалым. 


Уяма, сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы мен Райымжан Мәрсековтың Шынжанға барғанын, сол арқылы да Жапониямен байланыс орнатқысы келген болуы мүмкін екендігі туралы болжамымен бөлісті.

Профессордың сөзінше, Жапониямен байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков Алашорданың дербестігін мойындап, өзге елдерді де осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінген. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің бастығы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның сыртқы істер министріне жетекхат жазған екен. Сол хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапония вице-консулымен әңгімелескені айтылады. Осы әңгімеде Мәрсеков Алашорданың автономия жариялағанын, кешелекте көршілес елдермен қатар тәуелсіз мемлекеттер құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті.

Дәрісте айтылған тағы бір қызықты жайт, Жапон генштабы басшысының хатында Алашорданың тәуелсіздік жариялау туралы шешім қабылдағаны жайлы жазылған екен.


Сонымен қатар, жапон офицерлері өз беттерімен қазақтар туралы мәліметтер жинауды үдете түскен, – дейді жапондық ғалым Т. Уяма. 

- Бір капитан Иркутск қаласында Әлімхан Ермековпен кездесіп, Колчак үкіметінің ішіндегі ахуал туралы мәлімет алған. Осы жылдың мамыр айында қазақ тау-кен инженері Әлімхан Ермеков жапон тарапына қазақтардың моңғолдармен бірге тәуелсіздікті жариялауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат береді. Сондай-ақ жуықта елші жіберіп, Моңғолия арқылы Жапониядан қару мен әскери көмек алуға ниетті екендерін де айтады.

Дәрісінің соңында, Томохико Уяма Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында табылған деректер Алашорда дәруінің толық кескін-келбетін қалпына келтірмесе де, бірқатар маңызды сұрақтарға жауап беретініне баса назар аударды. Оның пікірінше, бұл архивтік құжаттар Алаш арыстарының тәуелсіздік жариялап, жеке мемлекет ретінде әрекет еткендіктерін толық айғақтайды. 

Кездесу соңында Хокайдо университеті Славян-Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ортаазиялық зерттеулер профессоры қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.


- Томохико санға біздің елімізге, тарихымызға қатысты қызығушылығы үшін тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді. Осы орайда профессордың дәрісіндегі кейбір фактілерге күмән келтірушілер болса, оларға басқа да маңызды жайттарға назар аударуды сұраймын. Тәуелсіз мемлекет деген не? Бұл жеке әскері, халықаралық аренада мойындалуы секілді көптеген факторлардан құралады. Тәуелсіз мемлекеттің бірнеше көрсеткіштері бар. Оның ішінде өзінің әскери күштері және де сыртқы саясаты. Райымжан Мәрсековтің Жапон үкіметіне жазған хатында Алаштың 40-50 мың әскерді жинауға қауқары бар. Бірақ оларды қару-жарақпен қамту керек деп Жапон елінен көмек сұраған. Алаштанушылар тапқан деректерге қарасақ, Алаш әскері кемінде 2 бригада, 6 полкпен азаматтық соғысқа қатысқан. Яғни Алашорданың да тәуелсіз мемлекет ретінде қарулы күштері бар болғаны анық. Ал сыртқы саясатқа келсек, Райымжан Мәрсеков Алашорда мен Жапон үкіметінің арасындағы ресми қарым-қатынасты нығайтумен қатар, Париждегі дүниежүзілік конференцияда Жапон үкіметінен Алашорданың делегациясын қолдауды сұрап, өтініш білдірген. Себебі осы конференция үстінде БҰҰ алғышарты саналатын Ұлттар лигасын құру туралы мәселе қарастырылған. Яғни Алашордашылар Алаш республикасын әлемдік деңгейде танытуды іздеген. Бүгінгі дәрістегі ерекше факт де осы. Ал, Алаш арыстарының неліктен Жапониядан көмек сұрағаны туралы мәселеге келсек, бұны пантюркизм емес, жан-жақты мемлекеттік саясаттың салдарынан туған шешім. Себебі, Алаш басшылары тек қару-жарақ ғана емес, экономикалық және басқа да даму мәселелеріне назар аударған. Алаш арыстары өзге мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерттеген. Мысалы, Дания мен Швейцариядағы ауыл шаруашылығын, Германияның өндіріс саласы мен гигиена және түрлі індеттен қорғауға арналған екпелерді зерттеп, елімізде іске асыруды ұсынған. Сондай-ақ, Жапониядағы ұлттық жаңғырту тәжірибесін де зерттеген. АҚШ Конституциясына сүйене отырып, Қазақ елінің уставын дайындаған болатын. Сондықтан, Алаш автономия емес, республика болғанын бүгінгі дәріс толық дәлелдеп отыр. Бұл дәрістің тарихи маңызы да осында. «Ақ жол» партиясы 2019 жылы Қазақ Республикасының 100 жылдығы құрметіне арнайы төсбелгі тағайындаған болатын. Алаш тарихының ақтаңдақ парағын толтырған Томохико мырзаны осы төсбелгімен марапаттауға рұқсат етіңіздер, - деді «Ақ жол» лидері шараны қорытындылап.