АЛАШТЫҢ ЗИЯЛЫСЫ - КҮМІСӘЛІ БӨРИЕВ

АЛАШТЫҢ ЗИЯЛЫСЫ - КҮМІСӘЛІ БӨРИЕВ

Ұлттық тарихымыздың жарқын беті саналатын Алаш қайраткерлерінің алатын орны биік. Алаш қайраткерлері ел ішінде ғана емес шет ел азаматтарымен де жақсы қарым - қатынаста болған. Кеңес заманында қазаққа сүйеу болған, демеу көрсеткен өзге ұлт өкілдері де болды. 

Күмісәлі Бөриев - ұлты түрікпен, туған жері Маңғышлақ уезі, Александровск фортының маңында Қожа ауылында 1896 жылы дүниеге келген. Күмісәлі Бөриев қарапайым отбасынан шыққан айтулы тұлға. Оның уездегі қазақтармен жақсы араласып, жергілікті қазақтар «Күмісқали» деп атап кеткен. Кейбір деректерде Кумушали Бориоп деп көрсетілген. «Ақ жол» газетінің сандарында өз есімінің бірнеше (К.Б, К.П, Кмушәли, Кмошғали Бөриоп, К.Бөриев, Күмісәлі Буриев, Күмішәли Бөриоп) бүркеншек есіммен мақалалар жариялап отырған.

Түрікмен халқының зиялы қайраткерлерінің бірі болды. Қазақтың қоғамдық – саяси өміріне қатысты қызметтер атқарған және өзара тығыз байланыс орнатқан. Өз білімі мен алғырлығының арқасында жастайынан Форт –Урицкіде 1907- 1912 жылдары орыс мектебіне жіберіліп, кейін Ашхабадта ерлер гимназиясын тәмамдаған. Ол - түрікпен, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген. Ташкентке 16 жасында земстволық степендияның иегері атанып, мұғалімдер семиниярасына оқуға түседі. Оқып жүріп түрікшілдік пен жәдидшілдік идеяларына ден қоя бастайды. Қоғамдық – саяси ортаға әуестеніп, жастардың «Кеңес» атты жасырын үйірмесіне мүше болып, Х.Сахатмурадов, И.Теджибаев, А.Рахымбаев секілді шәкірттері ереді. [1]

«Туркетанская правда» газетінің қосымшасы – «Костры» журналының 1923 жылғы № 3-4 сандарында, бұл ұйымды 1915 жылы сол кездегі семинарист, қазақтың зиялы қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы құрған. Асқар Мустафиннің мәліметі бойынша бұл іске Мұстафа Шоқай идеялық жетекшілік жасаған. [2] Тағы да айта кететін жайт ұйым мүшелері Санжар Аспендияровтың әкесінің үйінде жиын өткізіп отырған. «Кеңес» атты қолжазба да журнал да шығарып отырған. Демек, Күмісәлі Бөриев мұғалімдер семиниярасында өзінің ұлттық сана – сезімін оятып, ұлтшылдық пен ұлттық идеологияға бет бұра бастаған шағы осы кезең. Бұл туралы «Генерал Галкиннің жазалаушы экспедициясының жауыздығына, полковник Ивановтың Жизаққа жасаған жорығы, Каспий бойындағы түрікпендерді аяусыз қырғынға ұшыратқан Мадиритовтың қарақшылығына төзу мүмкін еместігін алға тартып, өлтірсем екен деп армандағаны» туралы өз естелігінде нақты келітіріп жазады.

Күмісәлі Бөриев оқуын аяқтағаннан кейін көптеген зиялы қауым өкілдерімен қарым – қатынасын күшейтеді. Өзімен бірге оқыған Х.Сахатмурадов, Түркіменстан Компартиясы (большевиктер) Орталық Комитетінің болашақ хатшысы И.Техжибаев, А.Рахымбаев және басқалармен бірге Маңғышлақтағы жерлесі С.Ходжанов жүргізген «Кеңес (Кеңгеш)» заңсыз үйірмесінің қызметіне белсене араласқан. Олар ұлттық идеяларды таратып, Түркістан автономиясын құруға шақырды. Қазан төңкерісіне дейін де дүниеге келгендіктен, ұлттық буржуазия ғана емес, демократиялық көзқарастағы ұлттық интеллигенцияның бір бөлігі арасында да танымал болды, сондай-ақ аты шулы «Иттифаки» құрамында болған .[3]

 Бірінші дүниежүзілік соғыс Күмісәлі Бөриев оқыған Ташкенттегі семинаристтерге де әсер етеді. Жанындағы орыс курстастары әскерге шақырылады. Бұл кезде Күмісәлі Бөриевтің саяси ойы қалыптаса бастаған шақ. Ол майданға аттанудан да, пропорщиктер мектебіне түсуден де бас тартады. Сөйтіп, семинария директоры Н.П.Остроумов ашуланып, Түркістан генерал – генерал губернаторына оның үстінен шығым түсіріп, жарлыққа сәйкес Түркістан өлкесінің мектептерінде сабақ беру құқығынан айырылады. Біраз уақыттан кейін ұстазы Толқынбек Аймановтың үйіне барады. 

Кейін, Күмісәлі Бөриев Ферғана облысы, Қоқанға қоныс аударып, Әндіжан уезінде Сұлтанбек Қожанұлымен тағы табысып, азаттық идеясының арқасында бостандық пен теңдік жолында өз өмірін сарп етуге шешім қабылдайды. Осыдан кейін олар Ақпан төңкерісін қуана қарсы алып, Орынбордағы «Қазақ» газетіне 1917 жылы 24 наурызында жеделхат жолдайды: «Қоқан – 21/ІІІ. Мың басылыққа кісі керек болса, біз бармыз – Сұлтанбек Қожанұлы, Кумушали Бөриев». 

Күмісәлі Бөриев Ақпан төңкерісінен кейін, Ташкент уезіндегі Кенсай ауылында мектепте мұғалім болып істегеннен кейін саяси істерге қызу араласып кетеді.

Адал ниетпен жұмыс жасап, істеген ісін тыянақты бітіріп, бауырлас жұрттың арасында зор беделге ие болды. Сондықтан 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында бірыңғай қазақ сьезіне қатысуын ұлт зиялылары бірауыздан қолдайды.  

Одан әрі Күмісәлі Бөриев Түркістан автономиясының «Бірлік туы» газетінің төңіріндегі ұлт қайраткерлері Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Шамғалы Сарыбайұлы, Ахмет Мәметұлы мен бірге дәстүрге келмейтін мұсылманшылдықты емес, зайырлы бағытты қолдады. Осылайша идеясын, білімділігі мен асқан шеберлігін «Ақ жол» газетінің көптеген санында мақала жариялап, түрлі бағытта талдау жасап, көрсетіп отырған. Әсіресе ауыл шаруашылығы, шаруалардың жағдайы, үкіметтің сан қилы есебіндегі қатені түзеп, халыққа жанашыр бола білген. Өз мақалаларында қазақ пен түрікпен арасындағы қарым – қатынас туралы да мәліметтер келтіреді. «Ақ жол» газетініні 1921 жылы 19 маусым, № 69 санында Күмісәлі Бөриевтің (Құмшәлі Бериев) есімімен жарыққа шыққан «ТҮРКІСТАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» атты мақаласы кездеседі.[4] Бұл мақаласында мақта өсіру, Түркістандағы мақта өндірісінің қарқынын мына мәліметтен біле аламыз: «Түркістанда көп егілетін егіннің бірі мақта. Мақта диханшы халықтардың күн көретін кәсіптерінің зоры. Мақтадан кездеме iстеледi. Кездеме жасап шығару істерінде Түркістан мақтасының ұстайтын орны өте зор Һәм көптігі де сондай. Россияда мақта жалғыз Түркістанда ғана енеді. Түркістанның топырағы жерді қолымен суарғаннан басқа мақтаның бітуіне себеп болатын Түркістанның 7-8 айлық жылдағы ыстық ауасы, сырттан келетін мақтаға хүкімет бір пұтына 4 сом 5 тиын бойынша салатын. Бұл мақта істеліп кездеме болып шыққан соң кездеме күйінше мемлекет iшiнде жарататын....

Түркістанда соңғы жылдар мақтаның аз егiлуiне себеп болған нәрселер бүкіл мемлекеттегі халық шаруашылығының бүліншілігі. Астық жетпей мақтаның орнына астық егілуі, ішкі соғыс һәм басмашылардың шығуы. Ісшілер жетпей жер істелуi һәм жерді қолмен суарудың бұзылуы һәм нашарлауы. Сондықтан бұрынғы жерде бір десятина 100 пұт кейбір жерлерде 200 пұтқа дейін мақта беретін болса бұл күнде бір десятинадан 40 пұттан артық ала алмаймыз. Өткен 20 жыл да егілген мақта 1 миллион 200 десятина барлық егіннің 109 мың десятинасы ғана болған. Бұл жыл хүкімет барлық егінді 2 миллион десятинаға жеткізуге һәм мақтаны 145-150 мың десятинаға жеткізуге әрекет етіп жатыр.» деп көрсеткен.

Осы мақаланың жалғасы 1921 жылдың 25 маусымында Ақ жол» газетінің № 71 санында «ТҮРКІСТАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ » атты тақырыппен тағы да жариялайды. «Түркістаннан Россияға мақта, жүн, тері, еттен басқа жібекте жіберіледі. 1920 жылы Түркістанда 15 мың пұттан көбірек айырылмаған, тазаланбаған жібек алынған. Россияға 400 пұт шикі істелінбеген жібек жіберілген. 

 40-50 жылдан бері қарай Қытайдан Түркістанға ауған дұнғандар (Жетісуға) апиын салуды кіргізген. Апиынның тек қана жалғыз Жетiсуға бітетіндігі бес алтынға салмақтатып алынатын нәрсе екендігі әркімге белгілі болса керек....  

Біз Түркістан шаруашылығында астық, мақта һәм мал шаруашылығында басқа жергілікті еңбекшілердің күн көру кәсіптерінде балықшылық, жер кендерінен өнетін қаншы бұйымдардың (тұз, таскөмір һәм баскалар) күріш егу, бау миуа лар һәм ұсақ бақшы егіндерін салу, жатақ халықтардың қолымен кездеме тоқу, темір соғу һәм әр түрлі ыдыстар жасауды қандай орында тұрып, қанша шығарып бітіріп тұратынын қолымызда есеп - мағлұматтар балмағандықтан һәм жергілікті кiсi бiр қол өнер кәсіптерінің (кездеме тоқу) еш бір таралмағандығынан бұлар туралы мағлұмат бере алмадық. Осы жылда Түркістаннан Россияға балықтың, ет салыктың, кiшмiштiң, кеткен миуаның уақ бақша егіндерінен һәм жанның қанша жіберілгендігі мәлім емес. Басқа барлық бұйымдарды есеп етпей тек 20 жылда Түркістаннан Россияға жіберілген 470 мың пұт жүннің 662 мың пұт терінің, 400 пұт жібектің бәсіне қарасақ соғыстан iлгерi металл (алтын, күміс) ақшамен есеп еткенде 50 миллион сом шамалы болады. Сондықтан Түркістаннан Россияға жіберілетін шикі бұйымдардың саны, сапасы да керектігі һәм бәсi кiндiктен Түркістанға келетін жасалып шыққан бұйымдардан неше рет артық һәм қымбат болса керек.» [5]

Бұл мәліметтерге қарап, Түркістандағы мақта шаруашылығына, егінді суару жұмыстары, аяқты мал шаруашылығы,сонымен қоса Түркістандағы азық – түлік салығының жайын нақты көрсеткен. 

Күмісәлі Бөриев Ақ жол» газетінің 1923 жылы 4 – ші желтоқсанында шыққан № 376 санында КҮМІСӘЛИ БӨРИЕВ атты бүркеншек есімммен жариялаған « КЕДЕЙЛЕР МҰҢЫ БАСПАСӨЗ АРҚЫЛЫ ОРЫНДАЛМАҚ» атты мақаласында халыққа баспасөз қызметінің керек екендігін және баспасөз құралдары арқылы білім, өнер таратуға мүмкіндік беретіндігі туралы жазған. Әсіресе оқушыларға үгіт насихат ретінде, одан қала берді күнделікті елдегі жағдайды біліп отыра алатындығын алға тартқан. Газетті саяси тілдің таптырмас құралы болатынын көрсетеді. Мақаладан үзінді: 

«Газет өзі де һәр уақыт һәр уақиғаны сынап, өз түсінігін айтып отырады. Окушыларға ылғи бiр түрлі саяси пiкiрлер таратылып отырғандықтан ой, пiкiрлерiн қосып, саяси жөнiнен күшейіп, сол газет жүзiнде оқыған уақиғаларына ұқсаған уақиғалар өз тұрмыстарында кездесе қалғанда оларға қарағандай көзбен қарауын күн ілгері біліп отырады. 

Газет халықтың, оқушылардың үнемі сөйлеп тұратын тiлi болып тұруының себебі: həp уақыт газет жүзiнде халық оқушылар тұрмысының, тіршілігінің кемшіліктері, жетпестері газет жүзiнде жазылып, жалпы жұртқа мәлімдеп тұрылады. Кемшіліктерді, жетiспестiктердi құртуға әрекет етіледі. Мемлекет халық жұмысында біреулердiң iстеген қателерiн көрiп, басқалар тура жолмен жүру әрекетінде болады. 

Газет оқушылардың даусы, тілі деуге болатынынын бiр себебі: әлеумет тiршiлiгiнде бiр халыққа иәки адамға iстелетiн зиянды iстерi туралы жазылып айтса, сондай iстердiң азаюына себеп болады. 

Баспасөздің, әсіресе, газеттiң өте көп керек жерлерін айтып шетіне шығу киын. Октябрь төңкерiсiнен соң өсіп келе жатқан қазақ – қырғыз баспасөзiнiң бiрi «Ақ жолға» келейік. «Ақ жолдың» шығуына үш жыл толып, 4 жылға айналып барады. 

Кеңестер хүкіметінің арқасымен тұрған «Ақ жолды» қырғыз – қазақ кедейлерінің тілі деп түсіну керек. Қаншама қиындык көрсе де, жаманды, жақсылы мойнындағы қызметiн атқарып, «Ақ жол» үш жылды сыртқа салып отыр. Кедейлер мұңын орындау үшін тағы да «Ақ жолдың» талай үш жылдар өткiзуi кедейлер қолында. Кедейлер «Ақ жолды» өз тiлiм деп, жәрдем етуде болса, «Ақ жол» тағы да жасап, мойнындағы борышын атқаруына сенемiз» - деп қазақ – қырғыз баспасөзіндегі «Ақ жол» газетінің маңызы туралы сипаттап кетеді. 

Күмісәлі Бөриевтің бірнеше мақаласы осы «Ақ жол» газетінің 25 томдық кітаптарында бар. Барлығында емес, газеттің кейбір сандары әлі күнге дейін табылмаған.

1918 жылдың наурыз айында Күмісәлі Бөриев Александровск фортына қайта оралып, азық – түлік комитетінде жұмысқа орналасып, одан әрі қарай Түрікменстанның Жебел ауылында мұғалім қызметін атқарады. Азық – түлік комитетінде қызмет еткен шақта «АЗЫҚ – ТҮЛІК АЛЫМЫ ҺӘМ КООПЕРАЦИЯ» атты мақаласын жариялайды. Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты қазақ жерінің экономикасын көтеру еді, және сол жолда тынбастан еңбек етті. Сол заманда Алаш қайраткерлері тек қана қазақтар ғана емес қырғыздар, татарлар да болды. Күмісәлі Бөриевтің ұлты түрікмен болса да, қазаққа жанашырлығын жасыра алмаймыз. 

 Сол кезде жәуміттің жапарбай руынан шыққан Қараш ханның заңгер баласы Николай Николаевич Иомудскиймен тығыз қарым – қатынаста болады. Ұлт мәселелерін бірге бағдарлайды. Халық Николай Иомудскийді «түрікменнің ленині» деп атаған екен. [6] 

Түрікменстан республикасы тәуелсіздік алар тұста 1920 -1924 жылдары Түркістан республикасында халыққа білім беру бөлімінің бастығы;

«Түрікмен елі» журналының редакторы, тәуелсіздік алғаннан кейін 1925 – 1932 жылдары республикалық өлкетану қоғамының басқарма мүшесі;

Мемлекеттік баспа директорының орынбасары, «Түрікменстан» газетінің жауапты редакторы;

ТКП ОК баспасөз бөлімінің коллегия мүшесі;

Бас ғылыми кеңестің төрағасы;

Жаңа түрікмен әліпбиін енгізу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары; 

Оқу – ағарту халық комиссары;

Түрікмен Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің және Орталық Атқару Комитетінің мүшесі. 

Күмісәлі Бөриев түрікменнің әдеби тілінің дамуына, терминология мен орфографияны түзетуге зор үлесін қосты. Іс қағаздарды түрікмен тіліне көшіріп, оқу орындарында түрікмен тілінің оқытылуына көптеген жұмыстар атқарды. Ол : 

«Түрікменстанның бірінші ғылыми конференциясы»

«Түрікмен әдеби күйінің жай – күйі»

«Түрікмен тілі» - атты өзекті мақалаларында түрікмен диалектісін есепке алу керектігін көрсетеді. 

1927 жылы М.Гелдиевпен бірге «Латын қаріптерінің негізінде түзілген түрікмен әліпбиі»; 

1928 жылы «Жаңа әліпбидің емлелері (орфография ережелері) атты кітаптарды жарыққа шығарды; 

1928 жылы Германияныі Кельи қаласында өткен Халықаралық кітап және басқа да полиграфиялық өнімдер жәрмеңкесіне қатысып, Берлиндегі Азия мұражайының директорығ көрнекті түркітанушы Альберт фон Лекокпен танысады;

1929 жылы А.С.Алиевпен бірге «Орыс – түрікмен сөздігін» жасады;

1930 жылы М.Исмаиловпен тізе қосып, түрікменнің жаңа әліпбиіне сүйенген «Колхозшыға арналған әліппе» жариялаған.  


Күмісәлі Бөриев зейінді еңбек жолында екі ел арасында көптеген іс атқарды. Қазақ – түрікпен арасын бірнеше есеге жақындатты. Ардақты тұлғаға айналып, өз ұлтының ғана емес қазақ-қырғыз халықтарының жанашыры атанды. Өзінің аудармашылық, көптеген әдістемелік құралды жасауымен көзге түсіп, қоғамдық - саяси әдебиетті түрікменше сөйлетті. 

Алайда, сұм саясат жасаған игі ісін өзіне қарсы қойып, 1932 жылы «Түрікмен азаттығы» атты жасырын ұлтшылдық ұйым басшыларының бірі деген айыппен жауапқа тартылып, 20 наурызда партияның мүшелігінен шығарылады. Алдымен, 1933 жылы 10 мамырындағы үкіммен 10 жыл лагерьге айдалып, Соловкиге жіберіледі. Күмісәлі Бөриевтің әйелі - Нелли Войцеховна. Бір қызы болған. Жасы – 7 де Аида. Қызы Аиданың күйеуі Кон Тевя Горшевич өз естелігінде әкесінен кейін қалған бүкіл кітапарын, қолжазбаларын өртеп жібергенін келтіреді. 1969 жылы 26 тамызда Мары қаласынан жазған және КСРО прокуратурасына жолдаған хатын басқа жаққа бұрып жіберген: «Сенің әкең Бориев Кумушали Түркістан әскери округінің әскери трибуналымен 17 шілдеде ақталды. 1958...» деген хат келген....

1937 жылы 9 қазанда «үштіктің» шешімімен «халық жауы» саналған 1111 адамның сапында ату жазасына кесіліп, 27 қазан күні үкім орындалады. Ресми дерек бойынша Карелияның Сандормох орманына жерленеді. 

Бұл мақаламдағы көптеген мәліметтерді алдағы уақытта архив құжаттарымен толықтырып, зерттеуді қажет етеді. Күмісәлі Бөриевтің Алаштың жанашыры деу артық болмаса, кем болмас. Қазаққа бір туғандай қызмет еткен дара тұлғаның ғұмыры дүйім жұртқа белгілі болса деймін... Күмісәлі Бөриев менің ғылыми жұмысыма негіз болды. Алдағы уақытта репрессия құрбанының есімін жарыққа шығаруға өз үлесімді қосқым келеді. 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

Шәріп Амантай, Алаш мұраты: тарихы мен тағылымы атты халықаралық ғыл – прак конф мат, «Түрікмен және Алаш қайраткері – Кумушали Бөриев» 2009 жыл, Астана қаласы.

//«Ана тілі» газеті 1991 жыл 

//ҰҚК архиві, 48577, т. 2, т. 67; т. 8, 18-л., 209; «Өзбекстандағы қоғамдық ғылымдар» журналы, 1989 ж. , № 12, 51 б.

//«Ақ жол» газеті, ІІІ том, № 69, 24 б Алматы қаласы. 

//«Ақ жол» газеті, ІV том, № 71, 55 б Алматы қаласы. 

//«Айқын апта» газеті № 170, «Түрікменнің Алашшыл қайраткері», Шәріп Амантай, 2007 жыл

Дайындаған: Сисенова Динара Мамутбеккызы

Жаңаөзен қаласы, №18 жалпы білім беретін коммуналдық – мемлекеттік мекемесінің «Тарих» пәні мұғалімі