Сұлтан Хан Аққұлы: АЛАШ РЕСПУБЛИКАСЫ «ЖАРИЯЛАНБАДЫ» ЕМЕС - ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛДЫ

Сұлтан Хан Аққұлы: АЛАШ РЕСПУБЛИКАСЫ «ЖАРИЯЛАНБАДЫ» ЕМЕС - ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛДЫ

Кәсіпқой тарихшы мен оның ұстазына жауап

Анасының құрсағынан «данышпан» боп туғандай сөйлейтін болған Сәбит Шілдебаймен пікірталастыру жаман түсіме де кірмепті. Оның жазбасын уатсабыма «мынау не қыртып отыр, айтуға уәж бар ма?» дегендей бір емес, 4 адам қатар жіберді. Оқиын десем, ашылмады (қара: https://www.facebook.com/100004564715919/posts/pfbid0G4fQqrtZpfLxAeadKA2VNHUEmFVFeUy7TuVtta31euB82djGXmpe8jQLHkRSPGy1l/?d=n). Мені өз парақшасына кіріп оқымасын деп шектеп қойыпты да, мені Тұрсын аға Жұртбаймен және Бейбіт аға Қойшыбаймен бірге сыртымнан даттауға кірісіпті. С. Шілдебай менен жасырған жазбасында: «Алаш» партиясының құрылғаны... үлкен дау туғызады», «Алаштың партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды» «Алаш автономиясын... құру әрі жариялау мәселесі шешілмеді» деп тепсініп келіп: «Бұған Т. Жұртбай, С. Аққұлұлы, Б.Қойшыбаев сынды бірқатар тарих әуесқойлары дауласуы мүмкін», - деп мұқатпақ болыпты. 

         Пах, шіркін, нағыз «ержүрек мың баланың» бірі-ақ екен. 

        Десе де жазбаның сілтемесін жіберген достарым мәтінін де жіберді. 

        Біреуді мұқату үшін «кәсіпқой тарихшымын» деп өзіне өзі көпшік қоятын мұндай тарихшылардың сыртымнан даттайтын «мәдениетіне» ет үйренген. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институтының алдыңғы директоры тұсындағы бір топ кәсіпқой тарихшы (ішінде С. Шілдебай да болса ғажап емес) Президент әкімшілігі мен Білім және ғылым министрлігіне менің және жаңа директордың үстінен 15 томдық «Ә.Н. Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» жинағын басып шығарып, Чехияға қайта оралып, сол жақтан президент Н.Назарбаевты қайта сынамақшы» деп бірнеше домалақ хат (донос) жазып, 1920/30-жж. Алаш арыстарының сыртынан Кремльге жалған арыз-шағымын қардай боратқан Т. Рысқұлұлы, С. Сейфоллаұлы, Ә. Жангелдиндердің «жақсы дәстүрін» қайта тірілткені бар еді. Кәсіпқой тарихшыдан «кәсіби арызқойға» айналғандардың тұңғыш қазақ коммунистері Тұрар-Сәкен-Әлібилерден де асып түсті. Олар әлгі донос-хаттарын Тарих институтының ғылымға тиіп-қашты қатысы жоқ техникалық қызметкер қызын қорқытып, соның атынан жолдап отырды. 

        «Кәсіпқой» тарихшылардың тағы бір ерекше мінезі - өзі істемейді, істегенді көре алмайды. Өздерінің дәрменсіздігін жуып-шаю үшін мені «Алаш пен Әлиханды жекешелендіріп алды» деп айыптаған кезі де болды.

         Одан да сорақысы және ащы да болса оның ашығын айтатын кез келді: кәсіби тарихшылардың кеңес дәуірінен «мұраға» қалған үлкен буыны мен қазіргі шәкірттері – екіжүзді келеді. Сырт көзге елшіл, отаншыл болып көрінсе де, ішінде жұлыспай беріспейтін рушылдық, жүзшілдік жатыр.

         Рушылдық-жүзшілдік, әрине, үлкен буын тарихшылармен бірге кеңестік-коммунистік дәуірден қалған ауыр, тіпті елдігіміз бен еліміздің тұтастығына төнген қатерлі дерт, ісік дер едім. Олардың бүгінгі Қазақ елінің негізін қалап кеткен «Алаш» арыстарын, мемлекетін және оның Алаш Орда үкіметін «жарылқамайтын» бір-ақ сыры бар – «Алаш» қозғалысы, партиясы мен Алаш Республикасына пәленше жүздің, төленше рудың қатысы болмаған екен де, демек ондай қозғалыс, партия, мемлекет болмапты-мыс. 

         Тақырып таңдағанда тарихшылардың бір бөлігі өз туысын, болмаса - руласын, одан қалса өз жүзінен шыққан тұлға мен оқиғаны алатыны құпия емес.

         Ал енді С. Шілдебайдың ФБ-дағы жазбасына оралсам, оны оқығанымда ұлт көсемі Әлиханның 122,5 жыл бұрын «Дала уалаяты газетіндегі» «Аңқау елге арамза молла» атты мақаласы есіме түскені. «Құтырған ит қапқан кісіге бір бақсы шақырған, - деп жазды Ә. Бөкейхан, - бұл бақсы «құрымайсың» деп ауруға иттің қу-боғын жегізген. Мұнан дәрмен болмаған соң, аурудың оң жақ құлағын кесіп алған. Бұл бақсы... үйінде отырып жынданса, біздің жұмысымыз жоқ еді. Бұлардай адам ошақ басындағы бүлігін дүнияға шашар. Кедей ақылдан халыққа кесапатты сөздер шығарар». 

        «Алаш» туралы сандырағыңды аңқау елге жаярдан бұрын, Сәбит-ау, оның тарихын терең зерттемей-ақ, ең болмаса бар тарихын бір оқып шықсаң еді! Бір-ақ факты сенің «Алаш»-тан бар білгенің бір 9 да, білмегенің 99 екенін аңғартады: «Съезд 54 адамнан тұратын Алаш­орда атты үкімет құрды» дегенің не сандырақ? Алаш Орда мен Түркістан мұхтариатын қалай шатастырасың?!? ІІ ұлттық құрылтайда 54 емес, одан 2 еседен де аз - 25 адамнан тұратын Алаш Орда Халық Кеңесі сайланды. Онда да қазақ арасында тұратын өзге ұлттарға 10 орын қалдырып, қалған 15 орынға Алаш қайраткерлері сайланды. Ал 54 адам - Түркістан мұхтариаты үкіметінің мүшелері. 

         Міне осындай өшпес тарихты шатастырған маңдайы кереғарыс «кәсіби тарихшымен» пікір таластырудың өзі де ұяттау екен. Бұл жағдай «құдық түбінде отырған бақа төбеден көрген аспанын «бар аспан осы-ау!» деп ойлайды» деген қытай мақалын еске түсіреді.  

         «Өлетін бала молаға қарай қашады» демекші, өзің көз майыңды төгіп зерттемеген «Алашқа» тиіскенің – тарихшы ғалым ретінде өлгенің! Бірақ, «әр қазағым жалғызым» демекші, өзің аман бол, Жамбыл атамыздан да ұзақ жаса!

        Әйтсе де «қызым саған айтам, келінім сен тыңда!»-ға салып, өзге азаматтарымыздың тарихи жадын ояту үшін ғана жалғастырайын.

        «Құрылтай» мен «съезге» келейік. «Құрылтай» мен «съездің» «құрылтай жиналысы» мен «құрылтай сиезі» сияқты мән-мағысы мен міндеттерінде алып бара жатқан айырма жоқ. «Құрылтай» сөзінің түбірі «құру», яғни «образовать», «учредить», «создать» болса, тіпті айырма жоқ. Президент Қ. Тоқаев атап көрсеткендей, көне дәуірде қалыптасқан дәстүрге сәйкес, құрылтайдың басты мақсаты елді біріктіру, отан қорғау, мемлекет құру, хан, қолбасы сайлау болса, ал 1917 ж. шілде және желтоқсан айларындағы жалпы қазақ-қырғыз жиындарын қазақ-қырғыз ұлттық құрылтайы деуге толық негіз бар. Бұған келіс-келіспе, тарихшы бол-болма, өзің біл. Кәсіби тарихшы ретінде «айдағаның 5 ешкі болса да, ысқырығың жер жарады-ау». 

         1917 ж. шілде-желтоқсан құрылтайлары, біріншіден, 1841 ж. Кенесарыны үш жүздің ханы сайлап, ақ киізге көтерген құрылтайынан 76 жыл өте шақырылған тұңғыш ұлттық құрылтай. Ал оны «құрылтай» емес, «съезд» деп атауға Ресейдің қанішер патшасын құлатқан, бірақ «ұлы державалық дерттен арылмаған орыстың төңкерісшіл демократтарының» (М. Шоқайдың пікірі) көңіліне «пантүркизм мен панисламизм көтерілді» деген күдік түсірмейік деген сақтық себеп болды. Екіншіден, шілде құрылтайы отаршыл империя өз мүддесі үшін 2 өлке (Дала және Түркістан), дербес 5 облыс пен бірнеше оязға (Алтайдың Барнаул, Змеиногорскі, Төмен гүбернесінің Бийскі ояздары және т.б.) бөлшектеген қазақ-қырғыз жерлері мен халықтарын біріктіру, тұңғыш ұлттық партия құру және «халық милитсиясы» деген бүркенішпен тұңғыш ұлттық тұрақты армия жасақтау туралы тарихи қаулылар қабылданды. 

         Желтоқсандағы ІІ ұлттық құрылтай – Алаш Ұлттық Аутономиялық Мемлекетін құрды. Алаш - 1847 ж. ыдырап, тарих сахнасынан түскен Қазақ хандығының тарихи, саяси әрі заңды мұрагері еді. Хандық үлгідегі Қазақ елінің ыдырауынан тура 70 жыл өте (1847-1917) – 1917 ж. сол хандықтың жер аумағында заманауи, парламенттік Алаш атты егеменді ұлттық мемлекет қайта жаңғырды. Алаш Республикасы – қазіргі Қазақ жеріндегі тұңғыш зайырлы мемлекет. Ал мемлекет құру сынды жалпыұлттық мәселелер, кәсіпқой тарихшы білетіндей, ұлттық құрылтайдың құзырына жатады.

         Мүйізі қарағайдай, «Ұлттық ғылым академиясы» деген қоғамдық ұйымның мүшесі ретінде (ҰҒА-ның академигі болу қазір көбіне «бизнес» екенін бәрі біледі, бірақ ауыз ашпайды. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» Дархан Қыдырәлі, Динара Құлыбаева сияқты «академиктер» бүгін аз ба!?!) «академикпін» деп терісіне сыймай жүрген алаштанушы-тарихшылардың бірі де «Алаш» партиясының не үшін құрылғанына ешқашан мән берген емес. Оның орнына «Алаштың» партия болуы аяқсыз қалды», «өтпелі саяси ұйым», «...Алаш Орданың көлеңкесінде қалды» деп құмалақпен пал ашқандай жорып келеді. 

         Ал ұлттық партия құрудың жалғыз да бірден-бір мақсаты – 7-8 млн қазақ-қырғыздың, ия-ия – қазақ пен қырғызды жұбы ажырамастай біріктіру (бұл І шілде құрылтайында ашық айтылды), алда сайлауы өтіп, 1917 жылы шақырылуға тиісті Бүкілресейлік құрылтай жиналысында ұлттық автономия алу болды. «Алаш» партия ретінде құрылтай жиналысын өткізді ме, қалыптасып үлгерді ме не «өтпелі саяси ұйым» болып қалды ма – бәрі далбаса, А. Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ – «ақ малтаны езе беру». Ең бастысы:

1) дербес партия ретінде Ресейдің сайлау комиссиясында тіркеліп, сайлауға партиялық тізімімен түсуі; 

2) 1917 ж. қараша-желтоқсан айларындағы бүкілресейлік құрылтай сайлауында Қазақ облыстарында алдына жан салмай жеңіп, Құрылтайға қазақтан 43 депутат өткізуі - «Алаш» партиясының нағыз тарихи маңызы міне осында. 

        Ал енді 1937 ж. Тамызында (атылар алдында), Бутыркада (Мәскеу) Ә. Бөкейханның берген жауабы мынау: «...Задачей партии «Алаш» являлось создание автономии Казахстана в составе Российского […] государства через Учредительное собрание… На нас, избранных в Учредительное собрание членов «Алаш», падала задача добиться объявления автономии Казахстана… Наша партия «Алаш» блокировалась с другими национальными партиями (Татарстана, Башкирии и др.). Основой этих блоков было: совместное требование от Учредительного собрания автономии национальных областей в составе Россиийского […] государства путём договорённости с российскими […] партиями» (ЦА ФСБ РФ. - Р-34862. – Лл. 27-28).

        Тоқетері - бүкіл Ресей жұрты, әсіресе Алаш қайраткерлері асыға күткен Құрылтай жиналысы, қазақ облыстық және жалпы ұлттық құрылтайлар бір кісідей қаулы еткендей, Ресейді федеративтік демократиялық (парламенттік) республика ретінде жариялауға тиіс еді. 

        Жалпы «Алаш» - терең және өте күрделі тарихи құбылыс, ғылыми салааралық тақырып. Оның бар қыр-сырын зерттеп, ашып, әділ де шынайы бағасын беру бір тарихшылардың қолынан келмейді. Заңгер, құқық және мемлекет теориясының маманы, саясаттанушы, экономист керек, ал лингвистсіз (филологсыз) тарихты зерттеу – құр қиял.

        «Данышпан» кәсіпқой-тарихшы мен оның тарихты зерттегенде әр сөзіне өмірде жоқ «дәлел» іздеп арамтер болатын «академик» ұстаздарының құлағына алтын сырға. ХІХ ғ. 60-жж. мен ХХ ғ. 20 жж. «облыстық» (мыс. Г.Н. Потанин бастаған «Сибирское областничество»; сол үшін 1860-жж. ол «сепаратист» деген айыппен сотталды, айдалды; ал Әлихан Потанинге жазған хатында атап көрсеткендей, 1905 ж. маусымында «Алаш» қозғалысын Сібір қозғалысының қазақ филиалы ретінде құрды) немесе «автономия» терминдері кешегі СССР не қазіргі РФ құрамындағы автономия емес, «дербес мемлекет» деген сөз. Әлиханның «Автономия болған – өз алдына мемлекет болған» деп жазуының себебі де сол («Жалпы Сібір сиезі» мақаласы). Ал кәсіби тарихшылар, өзін айнадан танымай өзіне өзі үрген әлгі итке ұқсап, Алашты «Республика», «Мемлекет» демей, өз тарихынан жиреніп әлі «автономия» деуден қайтпайды. 

         1917 ж. 5-13 желтоқсанындағы Жалпыұлттық… қазақ емес (кәсіби тарихшы ерекше назар аударсын), қазақ-қырғыз құрылтайы Алашты неге «аутономия» деп жариялады, соған тоқталайын. Уақытша үкімет бүкілресейлік құрылтай сайлауын да, оның шақырылуын да өзін 25.10.1917 ж. бәлшебектер құлатқанша созып келсе, сайлауда жеңісті солшыл эсерлерге беріп қойған Кеңес өкіметі де оны шақыруға асықпай, 1917 жылдың соңына дейін екі ойда болды. Кеңес көсемдері әлі ойда отырған желтоқсан айында ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы Алашты шақырылуға тиіс және федерация деп жариялайды деп күтілген Ресей федерациясының өзгелермен, оның ішінде орыс автономиясымен құқы тең дербес субъектісі – «ұлттық жерлі автономия» деп құрды. Оның өзінде де Алаш дайын федерация құрамына кіре салмай, өзгелермен бірге сол федерацияны құруға тиіс еді.

         Біздің кәсіби тарихшыларымыз бен олардың «данышпан» шәкірттерінің ескермейтін бір тарихи жайт – Уақытша үкіметтің орнын басып алған Кеңес өкіметінің өзі де Құрылтай шақырылғанша ешкім мойындамаған Уақытша үкімет болатын.

         Алайда 1918 ж. 5 қаңтарында Құрылтайды шақырып, 6-қаңтарға қараған түні оны уақытша кеңес өкіметі күштеп таратқан себепті Ресей кеңістігінде заңды (легитимді) билік қалмады. Міне орталық биліксіз қалған саяси жағдайда өзінен жоғары федералдық билік қалмаған Алаш құрылмаған федерацияның субъектісі болудан қалып, күтпеген толық егемендікке ие болды. 1918-1920 жж. ішінде Алаш мемлекетінің үкіметі – Алаш Орда – егемендік құзырын жүзеге асырып, бір-бірін мойындау, Кеңес өкіметіне қарсы бірге күресу сынды мәселелер бойынша Кеңес өкіметі, Сібір автономиясы, Комуч, Уфа директориясы, Колчак үкіметтерімен, қайтадан Кеңес өкіметімен келіссөз өткізді. Ал соңғы кезде екі жапон ғалымы Рёсуке Оно мен Томохико Уяманың Жапония СІМ мұрағатынан тапқан Алаш Орда үкіметінің ресми хатына сәйкес, халықаралық қауымға өзін тәуелсіз дербес мемлекет ретінде мойындатуға ұмтылған келіссөзін жүргізді. Осы мақсатта 1919 ж. қаңтарында Жапонияның Владивостоктағы Бас консулдығына Р. Мәрсекұлын, І-дүниежүзілік соғысты қорытындылаған және қазіргі БҰҰ-ның негізін қалаған Ұлттар Лигасының жарғысын мақұлдаған Париж халықаралық бейбіт конференциясына – М. Шоқайды аттандырған. 

         Ал Кеңес өкіметінің егеменді Алаш мемлекетінің аумағына басып кіріп, өз билігін орнатуын – Ресей империясынан кейін Қазақ елін екінші рет отарлау актысы деп бағалау керек.

         Бұл факты – кеңес дәуірін сағынған кәсіпқой тарихшы алаштанушы-мұстафатанушылардың да бар қиялын түбегейлі теріске шығарады. Оның ішінде Сәбиттің Алаш туралы «сәуегей» пікіріне «дау айтпайтын кәсіпқой тарихшылар» деп жүргендері - «Алаш» жетекшілері тәуелсіздік алуды көздеген жоқ» дейтін Д. Аманжолова, «Алаш автономиясы Орта Азияның басқа түркі-мұсылмандарымен бірігуді қалаған жоқ» дейтін А. Бисембаев, «Алаш автономиясының жариялағаны туралы дерек жоқ» дейтін М. Қойгелдиев болса, олар Алаш Орданың сол хатын оқып көрсін. Соны оқыған соң, келешек ұрпақты жайына қойып, қазіргі замандастарының алдында масқара болдық деп тарихтан безіп кетпесе болғаны.         

           Ал Д.Аманжолованың «мойындалмаған автономия», оның бұл «жаңалығын» меншіктенген М. Қойгелдиевтің «Алаш өзін жариялаған жоқ, демек Автономия болған жоқ, Алаш Орда үкіметі болды» деген дақпырты - «Алаш» партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды» деген далбасаның сыңары. Құқық және мемлекет теориясына сәйкес, мемлекеттің өзін өзі жариялау-жарияламауы – мемлекеттің құрылған-құрылмағанын айқындайтын фактор емес. Мемлекеттілікті айқындайтын басқа 6 белгісі бар. Олар - егемендік, жариялы билік (публичная власть), салық жүйесі, азаматтық, жері, заңнамасы, әкімшілік-территориялық бөлімдері (облыс, аудан, болыс) болуы. Олардың бәрі де Алашта толығымен болды.          

          «Тарих әуесқойына» келсем, мен әуесқоймын ба, Дина Аманжолова сыртымнан айтып жүргендей, не журналиспін бе – ондай бағаны маған «данышпан» Сәбит Шілдебай да, билік те, тіпті Құдай да бермейді. Оқырман қауым, қоғам, халық береді. Кімді және нені зерттесем де «данышпан» кәсіпқой тарихшы Серік Шілдебайдан ақыл сұрамайтыным айдан анық. 


         Махатма Гандидің «Тәуелсіз елге отарлық дәуірінде тәрбиеленген ұлт элитасынан қауіпті жау жоқ» деген сөзі – біздің кәсіпқой тарихшыларымыздың үлкен буыны мен солардың шәкірттеріне айтылса керек.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, 

Қазақ үні