Азат Перуашев: Алаш аманаты - мықты демократиялық мемлекет құру
2022 ж. 12 мамыр
3518
0
Бүгін әйгілі Жоңғар Алатауының баурайында шалғайда орналасқан Қапал-Арасан ауылындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектепте “Ақ жол” партиясының демеушілігімен көрнекті саяси қайраткер, қазақтың алғашқы конституция жобасының авторы, заңгер, публицист, шығыстанушы Барлыбек Сырттанұлының мүсіні ашылды. Салтанатты шараға Ақсу ауданының белгілі қоғам қайраткерлері, ардагерлері мен ауыл азаматтары қатысты.
Алқалы жиында мектеп оқушылары Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін арнайы ашық сабақ ұйымдастырды.
Осы ауылдың тумасы Барлыбек Сырттанұлы 1886 жылы Санкт-Петербург университетінің Шығыстану факультетіне оқуға түскен. Кейін елге келіп, Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімін басқарды. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ съезін шақыру мәселесін көтерді.
“Алашинский” лақап атын иемденген Барлыбек Сырттанұлы Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен АҚШ және Батыс елдерінің құқықтық тәжірибесін зерттеп, батыстың демократиялық тәжірибесіне сүйенген қазақтың тұңғыш Конституциясының жобасын жасады. Өзі 1914 жылы қайтыс болса да, Алашорда жетекшілері оның дайындаған конституциялық құжатын Алашорда үкіметінің Уставы ретінде бекітті. Яғни, Барлыбек Сырттанұлы қазақтың тұңғыш Конституция жобасының авторы деп ауыз толтырып айта аламыз.
— Біз үшін Алаштан асқан идея жоқ. Біз Алаш арыстарының аманатын ары қарай жалғастыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жасауды қолға алып, Жаңа Қазақстанға батыл қадам жасауда. Конституцияның жаңа моделіне көшу қарсаңында бүгінгі шараның тарихи және саяси маңызы зор. Қазіргі конституциялық реформадағы өзгерістерге келсек, онда Барлыбек Сырттанұлының жобасымен ұқсас ұстанымдар бар. Мысалы, Барлыбек Сырттанұлы дайындаған конституция жобасында «биліктің басында ел мәжілісі болу керек» деп жазылған. Ал, Президент Қ. Тоқаев жариялаған конституциялық өзгерістердің де басты ерекшелігі Парламент құзыретін кеңейту. Сондай-ақ, Барлыбек Сырттанұлы конституциясы жобасында жер, кен орындары, қазба байлықтары халыққа тиесілі болу керектігі көрсетілген. Бүгінде халық талқылауына шығарылған Конституциялық өзгерістерде де «жер және жер қойнауы халықтың меншігі» деп жарияланған. Сондықтан, бүгінгі Конституциялық өзгерістерді Барлыбек Сырттанұлы дайындаған алғашқы құқықтық құжаттың жалғасы деп айтуға болады, - деді Азат Перуашев іс-шара аясында.
Жиынға қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ауыл тұрғындары Барлыбек Сырттанұлының есімін ел жадында мәңгі сақтау үшін оған көше атауларын беріп, ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Осыған орай, “Ақ жол” төрағасы ұлыларды ұлықтау кейінгі ұрпақтың борышы екенін тілге тиек етті.
— Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектептің жетекшісі партиямызға Алаш арысының ескерткішін орнату үшін көмек сұрап жүгінгенде біз бірден қаржылай қолдау жасадық. Меніңше, Барлыбек Сырттанұлы, Әлихан Бөкейхан, Сұлтанбек Қожанұлы сияқты Алаш арыстарын ұлықтау ескерткіш не көше аттарымен ғана өлшенбеуі керек. Олардың басты арманы тәуелсіз, демократиялы Қазақстан құру еді. Біз осыған талпынуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Конституциялық реформа жариялап, халықпен бірге Жаңа Қазақстан құруды қолға алды. Біз мықты демократиялық мемлекетке айналсақ - бұл бабалар аманатының орындалғаны. Сондықтан, баршаңызды 5-маусым күні жалпыхалықтық референдумда сайлау учаскелеріне барып дауыс беруге шақырамын, - деді Азат Тұрлыбекұлы.
«Ақ жол» басшысы өзгерістерді парламент арқылы жүзеге асыруға да болатын, бірақ Президент арнайы оны халық шешсін деп халықтың таңдауына ұсынып отырғанын жеткізді. Біріншіден Конституцияның 3-бабы құқықтық негіз бола алады, онда Республикадағы биліктің жалғыз көзі халық деп жазылған. Яғни, халықтың сенімі батыл өзгерістерді толық ақтайды. Екіншіден бұл реформа демократияландыруға да арналғанын тілге тиек етіп, саяси партияға мүше болуға және туыстарына мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жетекші лауазымдарға ие болуға тыйым салу секілді Президент өкілеттігін шектеулерге қатысты да өз ойын білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзін ұсынған партияның немесе пікірлес топтың мүддесі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына, соның ішінде, өзіне қарсы дауыс бергендерге де қызмет ететіндігін және непотизм саясатымен жемқорлықтың ұғымына жол бермейтін бастама екенін түсіндірді.
Сонымен бірге парламент және оның палаталарының, жоғарғы аудиторлық палатасының және Конституциялық соттың статусындағы өзгерістерге, партиялық және сайлау жүйесін дамытуға қатысты көзқарасын білдірді.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары осы өзгерістердің бәрінде және конститутциялық реформаны толық қолдау керек деп тарқасты.