Алаш қайраткерлерінің белгісіз есімдері
2022 ж. 03 ақпан
10712
0
Өркенді ел боп тұрса деп Алаш,
Билігі өзінде болса деп Алаш,
Отпенен суға түстік қой біздер,
Тәуелсіздігін алса деп, Алаш.
А.Байтұрсынов
ХХ ғасырдың басында ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған арманымызды жүзеге асыруды өздеріне парыз деп санаған – Алаш ардақтылары екендігі бәрімізге аян. Егемендіктің жолында ұлан - байтақ жеріміз бен елімізді аманаттап келе жатқан ұлы тұлғалармен ер жүректі батырларымыздың төккен терлері өз алдына бір төбе. «Атамыз-Алаш, керегеміз- ағаш» ұғымын ұран етіп алған қазақ зиялылары ел Тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресіп қана қоймай, өз жандарын да құрбан етті. Кеңес үкіметінің шолақай саясатының құрбандарына айналған ұлы тұлғалар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Тынышбай, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабай және т.б. саңлақтар десек, Ресей империясының бодандығынан өз елін құтқару жолында қазақ зиялыларымен бірігіп саяси күреске түскен, қырғыз көшбасшылары да болған. Олар өз елінде жүрсе де, «Алаш» қозғалысының өкілдері болғанын мақтанышпен айта аламыз және оған тарих куә. Атап айтқанда, Ж. Әбдірахманов, А.Сыдықов, И.Айдарбеков, И.Арабаев, Қ.Тыныстанов, А.Оразбеков, Б.Исакеев және т.б сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері репрессия құрбанына айналып, абақтыға қамалып жер аударылды. Алаш қозғалысы Орта Азияның қазақ - қырғыз қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс болатын.
Ұлттық мүддені қорғау бойынша бағыт ұстанған Алаштықтар халық санасын оятып, бостандық идеясын ұсынды. Қазақ зиялыларымен тығыз достықта, байланыста болған қырғыз білімдарларын бай-манаптардың тұқымы, «Социал-Тұран», «Алаш» партияларының мүшелері деген сылтаумен абақтыға қамап, ату жазасына кесілгендіктері тарих беттеріне мәңгі жазылды. Бұл мақалада 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында «Алаш» партиясының бірінші сьезінің қатысушысы болған қырғыз зиялы қауымының өкілі қырғыздың тұңғыш ағартушыларының бірі Ишеналы Арабаевтың өмірі жайлы және қазақ зиялы қауымының өкілдерімен байланыстары туралы айтылмақ. Тарихи деректерге сүйенсек, 1917 жылда өткен «Алаш» партиясының алғашқы сьезіне қырғыздардан И.Арабаев және Д.Сауранбаев делегат болып қатысқан. Сонымен бірге, басқа азаматтар да, осы жылы Жетісуда өткен құрылтайшылар жиналысында делегаттардың бекіту тізімінде «Алаш» партиясынан И.Жайнақов, Д.Сауранбаев және А.Сыдықов; солшыл эсерлермен блок түзген «Бұхара» союзынан Алашшы М.Тынышбаев, эсерлер А.Шебарин, Д.Абдуллиндер көрсетілген.
Ишеналы Арабаев қырғыздың тұңғыш ағартушыларының бірі болған. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларымен достықта тығыз байланыста болып, қазақ-қырғыз елдігінің арасында мәдени-ағартушылықпен айналысып, Ресей империясының құрамындағы басқа елдер сияқты тең құқықтықта әрекет еткен азаматтардың бірі. Сонымен қатар, ол басқа да қырғыз зиялыларымен бірігіп, өзге мұсылман елдеріндегідей ұлт – азаттық идеяларын жүзеге асырып, сол үшін күш біріктіруге өз үлесін қосты. Сол уақыттағы Столыпиндік режимдегі патшалық биліктің азаматтарды қуғын-сүргінге ұшырату саясатына қарамастан, ұлт- азаттық жолындағы күресі күн өткен сайын өрши берді. Қылышынан қан тамып тұрған Ресей империясының отаршылдық саясатына қарамастан, түрік-мұсылман елінің білімге құштар жастары Уфа, Қазан қалаларына аттана бастады. Соның арқасында 1904-1915 жылдары қырғыз елінің де азды-көпті, жеке-дара интеллигенттері ел ішінде көріне бастады. Атап айтқанда, олар О.Сыдықов, И.Арабаев, А.Сыдықов, К.Шабдан, С.Жанғарашов және т.б болды. Білім нәрімен азықтанған жаңа саяси көзқарастағы қырғыз зиялылары орыс тілі, дін, аудармашы мамандықтарымен бірге өзге де түрік тілдерін оқып біліп өз сауаттарын аша білді.Білімдері жетілгендердің бірі И.Арабаев Ресейден келген соң, 1913-1916 жылдар аралығында қырғыз елінің Тонды ауданы Төрткөл ауылында және Нарын аймақтарында мектеп ашып, елдің сауатсыздығын жою үшін кедей-кепшіктің балаларын оқытқан алғашқы мұғалімнің бірі болды. Білімдері жетілгендердің бірі И.Арабаев 1914 жылы Қырғыз елінің Тон ауданы Төрткөл ауылында мектеп ашып, сол аймақтағы кедей-кепшіктің балдарын оқытқан алғашқы ағартушылардың бірі болды. Жаңа бағыттағы ашылған мектепте өз сауаттарын ашқан жас буын өкілдері қысқа уақыт ішінде білімдерін жетілдіріп, өсе келе көпшілігі кеңсе жұмыстарына, басқару және есептеу сияқты көптеген жұмыстармен қамтыла бастады. Кейіннен көзі ояу, көкірегі ашық жастардың бір қатары әр-түрлі бағыттағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласып, ел арасында беделдері арта бастады.
И.Арабаев өз кезегінде білім алған жастардың бірнешеуін, сол кездегі білім мен ғылымның және сауат ашудың орталығы саналатын «Мухамадия», «Қасымия» (Қазан), «Галия», «Усмания» (Уфа), «Хусаиния» (Орынбор) мәдениет және білім ошақтарына жіберіп, одан әрі қырғыз жастарының басқа да ұлт өкілдерімен (татар, башқұр, қазақ, өзбек) бірге білім алуларына өз үлесін қосты. Тарих беттеріне үңілсек «Галия» медресесін 1906-1916 жылдар аралығында 1000-ға жуық азамат бітіріп шықса, олардың 17-сі журналист, жазушы болған. Бұл медресе де білім алып шыққан қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен ұлттарының өкілдерінен де қоғам қайраткерлері, ағартушы ғалымдар мен әдебиетшілер және имам молдалар да шыққан.
И.Арабаев осы мезгілдегі балаларды оқыту және сауат ашу ісіне де өзгерістер енгізе бастаған. Алғашқыда дәріс алу сабақтары боз үйде молдас құрып отырып білім алса, кейіннен балаларды тақтайдан жасалған партаға отырғызып, тақтаға жазу жазып, өзі жарыққа басып шығарған арифметика, жағрафия, жаратылыстану пәндерін оқыта бастаған. Қырғыздың белгілі түрколог ғалымы К.Мифтаков: «Революцияға дейін де, кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында тондықтарды оқытып, ағарту ісіне қызығушылық танытқан осы И.Арабаев болғанын жасруға болмайды» - деп, атап кеткен.
И.Арабаев Уфа шаһарында «Галия» медресесінде оқып жүрген мезгілінде (ол жерде де алғашқы интелегенция өкілдері болған көптеген қазақ, өзбек, қырғыз, татар т.б жастары білім алған) Қоғабай Сәрсекеев деген қазақ жігітімен бірлесіп, 1911 жылы «Әліппе және төте жазу» деген 52 беттен тұратын кітап шығарған. Бұл кітаптың маңыздылығы соншалық сол кездегі замандастарының айтуынша осы кітаппен оқыту оларды ілімді тез қабылдауына жеңіл тиген. Аталмыш медреседе оқыған екі дос жазғы демалыс мезгілдерінде қазақ ауылдарына барып, бала оқытып, ақша тауып қайтатын болған. Балаларын оқуға беретін қазақтар: «Баланы қайсы әліпбимен оқытасыңдар?, Төте оқуменен ба?» - деп алдын-ала қызығушылық танытуы, бұл екі ұлы адамның өз мезгілінде сауат ашу саласында бірлесіп жасаған еңбектерінің дәлелі болса керек. 1911 жылы Қазан шаһарында сол кездегі қырғыздың ақиық ақыны Молда Қылыштың қырғыз жеріндегі 1910 жылы 22 желтоқсанында болған жер сілкінісінен болған апаттары мен оның салдары туралы жазылған «Қысса-и-зилзала» атты кітабы жарық көреді. Осы кітаптың шығуына сол мезгілде Уфа қаласында білім алып жатқан қырғыздың алдынғы - И.Арабаев, О.Сыдықов, И.Қанатов сияқты жастары зор көмек көрсетіп баспаханадан шығуына өз үлестерін қосқан. Әсіресе, И.Арабаев осы кітапқа «Алғы сөз» жазып, өз пікірін білдірген. Осыған дейін машһур Молда Қылыш ақын өзінің 20 жыл көлеміндегі жазған өлеңдер жинағын қаламмен жазып, тілмен сөйлеп, дүйім халыққа жеткізіп отырған. «Мазмұны терең, тілі өткір кейбір сөздеріне өзім де түсінбейтінмін. Қандай болғанда да, өз тілімізде кітап шығарып ақынның «Зар заманын» бастырып халыққа тарату менің асқақ арманым болатын» - деп, И.Арабаев атап өткен болатын.
И.Арабаев сол заманғы қазақ интеллигенциясының ортасында да қадір-қасиеті жоғары болып, зор құрметке ие болған. Қазақ елінің саяси көшбасшысы, ағартушы «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі және лидері Ахмет Байтұрсыновпен жақын дос болған. Сол бір жылдары ол партияның басшы органы болып табылатын «Қазақ» газетінің бас редакторы болып міндетін атқарған. Сонымен қатар, Пишпектегі (Бішкек) филиалының негізін қалаушылардың бірі болған. 1917 жылдың жаз айларында И.Арабаев, А.Сыдықов, Д.Сауранбаев, С.Чукин, Н.Тулин, К.Тыныстанов, И.Айдарбеков, Т.Тынаев және т.б «Алашорданың» Пишпектегі филиалын ұйымдастырып жұмыстың жүйелі жүруіне өз үлестерін қосты. Совет дауірінде бұл партияны ұлттық, орта және ірі буржуазиялық партия қатарына қосып, оны антисоветтік кулактық көтерілістерді ұйымдастырушылар деп санаған. Бұдан бөлек «Тура-Исламия», «Тұран», «Иттифак» және тағы басқа партиялардың бөлімдері ашылып, олар кейіннен кеңес билігі тарапынан қудаланған.Ресей империясы «Алаш» партиясының мүшелерін 1916 жылы көтерілісшілерге қолдау көрсетті деген айып тағып қудаланған. Шындығында да жоғарыда айтылғандай бұл партиялар қырғыз жерінде 1917 жылы ұйымдастырылып ел беделіне ие бола бастаған болатын. Партия мүшелері қытайдан қайтқан қашқындарға да үлкен көмек көрсеткен. Өйткені, И.Арабаевтың өзі 1916 жылы әр түрлі қудалауға ұшыра бастағаннан кейін, қытайдың Үш-Турпан деген жеріне қашып кетеді. Ол жерден 1917 жылдағы революциядан кейін өз мекеніне қайта оралған. Ағартушы өз атамекеніне келген бойда, өз еліне қайтып келе алмай жүрген қырғыз қашқындарына жәрдем беру, оларды бұрынғы ата-жұрт жеріне қайта шоғырландыру мақсатында «Жолдас Лениннің жеке өзіне» атты өтініш хатын жазған. Шұғыл шаралар көріліп қашқындарды қайтаруға ықпал жасалып елге орналастыру бойынша біршама жұмыстар атқарылған, нәтижесінде 1920 жылы 300 мыңға жуық қырғызбен қазақтар өз еліне оралған. И.Арабаевта совет үкіметі орнағаннан кейін де қоғамдық-саяси істерде белсене араласып, қырғыз мемлекетінің негізін қалаушы ірі тұлғаның бірі десекте болады. Сонымен бірге, елді сауаттандыру бағытында халықтың білімін ашу мақсатында көп тер төгіп еңбектенген. Оның басшылығында, тұңғыш қырғыз алфавиті мен әліппесі, грамматикасы мен арифметика сияқты оқу кітаптары шығарылған. Соның айғағы болар, И.Арабаевқа замандастары «Молдеке» деп ізет білдіріп қараған. Бұл деген сөз, қырғыздар ішінде сауатты адамға қарата айтылып, қайсы бір жерде болмасын сый-құрметке ие болғанының белгісі деп түсінеміз.
Жалпы алғанда, Орта Азия аймағында совет үкіметі орнағанға дейін, қазақ-қырғыз ұлттық интеллигенциясының алғашқы өкілдерінің отаршылдыққа бағытталған саясатқа қарсы жалпыхалықтық - демократиялық қозғалыс ұйымдастырып, халық санасын оятуда бостандық идеяларын бірігіп жүзеге асырған десекте болады. Кейіннен «Алаш» партиясының жетекшілері А.Бөкейханов, А,Байтұрсынов, М.Тынышбаеав және т.б 1937 жылы ату жазасына кесілсе, Ш.Лапин эмиграцияға кеткен. Ал М.Чоқаев – Францияға жер аударылған (1941ж дүниеден өткен). Партияның қырғыз филиалының көрнекті өкілдері Д.Сауранбаев пен Т.Тынаев 1921 жылы атылған. Мақаламыздың басты кейіпкері алаштық И.Арабаевқа 1930 жылы жалған жала тағылып Ташкент абақтыларының біріне қамалған. Кейін 1933 жылы сол абақтыда қаза болған. 1936 жылы басқа да Алаш өкілдері А.Сыдықов, И.Айдарбеков, К.Тыныстанов, С.Чукин, Н.Тулин және т.б ату жазасына кесілген. Кейіннен білімпаз тұлға 1958 жылдың 9 шілдесінде толығымен ақталған.
И.Арабаев өзінің замандас партияластары қазақ зиялы қауым өкілдері, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай және т.б бірге қазақ-қырғыз халықтарының азаттығы мен бостандығы үшін, патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы күресіп, сол күрес жолында өздерін құрбан етті.
Осындай ұлы тұлғалар туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін аңдып қана қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызан айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда адал орындаудан жал-тармағын адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұрттың азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген»,-деп атап өткен.
Қорыта айтқанда, барлығымызға белгілі болғандай И.Арабаев Тәуелсіздікті түптеген, елінің тағдыры үшін жанын аямаған, бүткүл ақыл-парасатын, күшін, білімі мен ілімін ел бірлігі мен тұтастығы үшін жұмсаған қайраткердің бірі және тоталитарлық биліктің құрбаны болған ұлы тұлға.
Бүгінде, қырғыз халқының И.Арабаевқа деген құрметімен махаббатының арқасында бірнеше, мектеп, мәдениет және оқу орындары қоғам қайреткерінің атына берілген. Айта кетсек, Бішкек қаласындағы Қырғыз мемелекеттік университеті осы тұлғаның атында және өзі білім алған Башқұртстан астанасы Уфа қаласында И.Арабаевқа арнап, «Ескерткіш тақта» қойылған.
Берік Садықов,
А. Қуатбеков атындағы халықаралық достық университетінің проректоры