ШЫМКЕНТТЕ АЛАШ АРЫСТАРЫНА ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ
2021 ж. 18 желтоқсан
5090
1
Алаш арыстарына ескерткіш - “Ақ жол” көтерген Алашты ұлықтау мәселесінің нақты нәтижесі!
Осыдан төрт жыл бұрын, 2017 жылы, ЮНЕСКО атап өткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл толғанына тура бір жыл өткенде, Алаш қозғалысына 100 жыл толғанда Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Ғабидулла Әбдірахымов кеңес империясының көсемі Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге 102 миллион теңге бөліп, баспасөзді бір шулатып еді.
Оңтүстікке қатысымыз болғандықтан, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздаған едік сол кезде.
“Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын 26 жылдан бері білмей жүрген не білгісі келмей жүрген Шымкенттегі ат төбеліндей коммунистер айта қалды деп, айдалада жатқан Лениннің ескерткішіне жүгіріп, көмусіз жатқан көсемнен көмек сұрағанын қандай саясаткерлікке (қайраткерлікті ауызға алмай-ақ та қояйық) жатқызуға болады?
Шымкенттен ат шаптырым жерде жатқан көрші Өзбекстанда осылай Ленинге ескерткіш қоямын деп құлшынатын құлдық құлықтағы бір әкімді емге таба алмайсыз… Ғайыптан тайып, табыла қалса, онда ол әкім болып істеу түгілі Өзбекстанда өмір сүруінің өзі қиын болады…
Ұлттық идеологиямыздың жоқ екендігінің айқын дәлелі ұлттың ұйысқан өңірі Оңтүстіктен де көрініп тұрғаны ма бұл? ”-деп жазып едік сол кезде “Қазақ үні” газетіндегі “ШЫМКЕНТТЕ ЛЕНИННІҢ ЕМЕС, ӘЛИХАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ТҰРУЫ КЕРЕК!” атты мақаламызда,
“Былтыр елімізде тұңғыш Алаш саяси партиясы мен Алашорда үкіметін құрып, Қазақстанның Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз еңбек сіңіріп, құрбан болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл толды!
Қайда Әлиханның ескерткіші Шымкентте?
Ал биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы екенін Шымкент қаласы әкімі есіне ешкім салмады ма? Оңтүстіктен шыққан Алаш арыстары да аз емес қой біртуар қайраткер Сұлтанбек Қожанов бастаған… Оларға ескерткіш тұрғызу ойларыңызда бар ма өзі?
Әлде әкімге Әлиханнан гөрі қазақты қып-қызыл қанға батырған қызылдардың көсемі Ленин қымбат па?
Лениннің ескерткіші қай әкімнің кезінде алынды екен, енді сол әкімнің өзіне ескерткіш қоятын заман болды ма қазір, не болып кетті ?..»-деп, біраз жерге барысқанбыз.
Шер-шеменімізді ағытып қана қойған жоқпыз:
“Мазалағандардың (коммунистердің) өтініштерін орындағыш болсаңыз, ұлт зиялылары, біздің де айтарымыз бар:
1. Әлихан бастаған Алаш арыстарына ескерткіш тұрғызуды талап етеміз!
2. Кеңес империясы көсемі Ленииннің ескерткішін тұрғызуға үзілді-кесілді қарсылық білдіреміз!”-деп, нақты талабымызды да жариялағанбыз.
Сол талабымыз, Алаш арыстарына ескерткіш тұрғызу енді міне, төрт жылдан кейін, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесінде, Әлихан Бөкейханның 155 жылдығында орындалыпты!
“Ақ жол” партиясы 2007 жылы Қазақ парламенті тарихында Алаш арыстарын ұлықтау туралы тұңғыш көтеріп, 2012 жылы Мәжілісте Алаш фракциясы құрылғалы бері 30-дан астам депутаттық сауал жасады. “XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” атты жалпыхалықтық байқауы биыл 10-шы рет өтті.
Тек биылдың өзінде “Ақ жол” фракциясының “АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ҰМЫТ ҚАЛДЫРУ – ӘДІЛЕТСІЗДІК!” және “ЕЛІМІЗДЕ АЛАШ КӨСЕМІНЕ ЛАЙЫҚ БІР КӨШЕ ДЕ БОЛМАУЫ – АРУАҚҚА ҚИЯНАТ!” атты екі рет депуттаттық сауалын жарияладық.
Шымкенттегі Алаш арыстарына ескерткіш тұрғызылуы - “Ақ жолдың” 15 жылдан бері көтеріп келе жатқан Алаш атын ұлықтау мәселесінің нақты нәтижесі, іспен берілген жақсы жауабы деуге болады!
Шымқалалықтар жарады!
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов пен қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бауырларымызға және алаштанушыларға көп рахмет айтамыз!
Кеше, 2021 жылы 18 желтоқсанда Шымкент қаласында «Алаш арыстары» ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, “Алаш арыстары” ескерткішінің идея авторы Бекет Тұрғараев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, "Ақ жол" демократиялық партиясынан сайланған жергілікті депутаттар және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
- Күні кеше отандастарымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. Болашағын баянды еткен мемлекет, өз тарихын айрықша қастерлеп, дара тұлғаларын, ел болып еңсе көтеруге қызмет еткен асыл азаматтарын ерекше құрметке бөлейді. Уақыт озған сайын ұлт азаттығы үшін аянбай күрескен Алаш қайраткерлерінің даналығын, даралығын, кемеңгерлігін айқын сезініп келеміз. Олардың өмір жолы біз үшін, болашақ ұрпақ үшін – тағылым алар тәрбие. Мұндай кешендер – жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеп, өз еліне, жеріне, өткені мен болашағына деген сый-құрметті қалыптастыру құралы деп білеміз, - деді қала әкімі.
Композициялық ескерткіш Шымкент қаласының орталық саябағы аумағында орналасқан. Тұғыр гранитпен қапталған. Мүсіндердің биіктігі - орташа есеппен 210 см. Тұғырдың ұзындығы - шамамен алты метр, ені - шамамен үш метр.
Жиналғандар композициялық мүсінге гүл шоқтарын қойды.
Алла жар болсын Алашқа!
Тәуелсіздіктің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні