"Ақ жол" демократиялық партиясы Алаш аманатына адал екенін нақты істермен дәлелдеп келеді - Азат Перуашев
2021 ж. 13 желтоқсан
5309
0
“ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” жалпыұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының қорытынды кезеңі өтті.
Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттауды мақсат еткен «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл мерейлі 10-шы рет өткізіліп отыр.
Байқаудың ашылу салтанатында "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев байқаудың идеологиялық маңызы, Алаш тақырыбын кеңінен насихаттау партияның басты мақсаттарының бірі екенін айтып өтті.
- «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын осымен 10-шы мәрте ұйымдастырып отырмыз. «Ақ жол» партиясы кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтеріп келеді. Бұл туралы «Ақ жол» Демократиялық партиясының Саяси бағдарламасында да жазылған. Осы жылдар аралығында біз бұл конкурстан бөлек, көптеген шараларды атқара алдық. Олардың қатарында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның көптомдығын шығарудан бастап, сонау Петерборда ескерткіш тақтасын орнатуға дейін, ауыз толтырып айтуға болатындай сүбелі істерді жүзеге асырдық. Парламент Мәжілісінде құрылғанына 12 жылдан астам уақыт болған "Ақ жол" фракциясы Алаш тақырыбын арқау етіп 30-дан астам депутаттық сауал жасады. Олардың ішінде Алаш үкіметінің 100 жылдығы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын еліміз бойынша кеңінен атап өту туралы, Мағжан оқуларын жыл сайын өткізу секілді көптеген өте маңызды мәселелер көтерілген. Осының бәрі біздің Алаш аманатына адал екеніміздің айғағы.
Біз осы байқаудан заманауи саясатқа, оның ішінде мемлекеттік құрылысқа, нарықтық экономикаға, парламентаризм мен демократия дамуына өзекті ұсыныстарды күтеміз, - деді Азат Тұрлыбекұлы.
Әділқазылар алқасының мүшесі, белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы да осы сөздерді толық қуаттап, Алаш мұрасын насихаттаудағы "Ақ жолдың" ерен еңбегін атап өтті.
- Азат Тұрлыбекұлы Алаш идеяларын таратқаны үшін құрбандыққа ұшыраған ағартушының немересі ретінде, "Ақ жол" партиясының төрағасы болғалы осындай байқаудың ұйымдыстырылғаны дұрыс болады деп санап, оның негізін қалап, он жылдан бері тұрақты өткізілуіне басты себепші болып, байқау жұмысын еш уақытта да назардан тыс қалдырмай келеді. Бұрын Алаш тақырыбын зерттеуге, оны насихаттауға ешбір партия белсене кіріспеген еді. Бүгінде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жастардың өздері қатысуға ұмтылатын шын мәніндегі ұлттық байқауға айналды. Осы жылдар аралығында қаншама жас ғалымдар байқау аясында топ жарып, түлеп ұшты. «Алаш» идеясын, қозғалысын, партиясын, атаулас Ұлттық Жерлі Автономиясын және «Алаш» қайраткерлерін тиянақты іс-әрекетімен, қазақша-орысша мақала-жарияланымдарымен, ұлттық, халықаралық ғылыми байқауларымен, ғылыми конференцияларымен мүмкіндігінше шартарапқа насихаттап келе жатқан "Ақ жол" партиясы ғана, - деді Сұлтанхан Аққұлы.
Жалпы, биыл байқаудың І кезеңіне 18 бен 35 жас аралығындағы үміткерлерден 300-ге жуық материал түсті. Желтоқсанның 7-күні Ақтау қаласында өткен байқаудың екінші кезеңінде сараптау комиссиясы 40 жұмыстың тексеріп, қызу пікірсайыстың нәтижесінде ақтық кезеңге 13 үздік жұмысты іріктеп алған болатын.
Елордада өткен байқаудың ақтық кезеңіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы төрағалық етсе, әділқазылар алқасы мүшелерінің қатарында «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің хатшысы, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлыұлы Жүсіп, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер секілді белгілі алаштанушы ғалымдар болды.
Байқау барысында, үміткерлер, баяндамадан кейін бір-біріне сұрақ қойып, тақырыбын қорғап, ашық пікір алмасуға белсенді қатысты.
Әділқазылар алқасының шешімімен “ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” жалпыұлттық байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып мына авторлар танылды:
«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: Алаш идеялары іс жүзінде» номинациясы бойынша
1-орын: Уркунбаева Гүлнұр Ұзақбайқызы –Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Баянды ауылы, № 3 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі (Маңғыстау облысы). Жұмыс тақырыбы: «Алаш зиялылары және қазіргі білім саласы»;
2-орын: Аманкелді Күмістай Рашитқызы - Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты, № 23 орта мектептің тарих пәні мұғалімі (Қарағанды облысы). Жұмыс тақырыбы: «Алаш идеясы – Тәуелсіз Қазақстан идеясының негізі»;
3-орын: Қоңыратбай Алтынай Өктемқызы – Шымкент қаласы №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектеп КММ тарих пәнінің мұғалімі. Жұмыс тақырыбы: «Алаш арыстары армандаған – тәуелсіздіктің ақ таңына 30 жыл»;
«Қазақ меценаттары және олардың Алаш қозағалысын қолдау жолындағы қызметі» номинациясы бойынша
1-орын: Сәрсен Бәшембаев – Алматы облысы, Көксу ауданы, Мұқаншы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі (Алматы облысы). Жұмыс тақырыбы: «Қазақ байлары мен қазақ зиялыларының ұлттық мүдде жолындағы қызметі»;
2-орын: Гүлжанат Оразбекқызы – Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті, № 7 мектеп-лицейінің қызметкері (Маңғыстау облысы). - Жұмыс тақырыбы: «ХХ ғасыр басындағы оқу жайы және оған Алаш Орда үкіметінің әсері»;
3-орын: Жандос Хамза – ТДК-42 телеарнасының тілшісі (Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы). Жұмыс тақырыбы: «Сәлімгерей Жантөрин – Алаш мүддесін ойлаған меценат»;
«Алаш қайраткерлерінің Қазақстандағы ашаршылықпен күресі» номинациясы бойынша
1-орын: рын: Әбілдос Рамазан – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің 1 курс магистаранты (Алматы қаласы). Жұмыс тақырыбы: «Ұлы дала қасіреті».
2-орын: Ерқанат Қажымұрат – М.Өтемісов атындағы БҚУ 4 курс студенті (Батыс Қазақстан облысы). Жұмыс тақырыбы: «Бөкей губернияларындағы ашаршылық (1920-1922 жж.)»;
3-орын: Андыз Нұрлыбек - Маңғыстау ауданы, Ұштаған ауылы, А.Өтепбергенов атындағы ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (Маңғыстау облысы). Жұмыс тақырыбы: «Ашаршылықтың бірінші (1918-1919 жж.), екінші (1921-1922 жж.) және үшінші (1932-1933 жж.) толқындары: олардың ерекшеліктері мен зардаптары»;
«Алаш қозғалысының аз зерттелген және беймәлім тұстары» номинациясы бойынша
1-орын: Данияр Ихсан – Қостанай қаласы №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. А. Байтұрсынова атындағы Қостанай өңірлік университетінің 2 курс магистранты. Жұмыс тақырыбы: «Қазақтың агроном-ғалымы Ғазымбек Бірімжан: белгісіз дерек пен беймәлім еңбек»;
2-орын: Жауынбай Жылқыбайұлы - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің 4 курс студенті (Қостанай облысы). Жұмыс тақырыбы: «Алаштың ескерусіз қалған дәрігері»;
3-орын: Айбек Оралханов - «Найзатас» облыстық әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының қызметкері. (Павлодар қаласы) Жұмыс тақырыбы: «Есеп құралының» ескі нұсқасы»;
3-орын: Бауыржан Сисенов – Атырау облысы Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газетінің редакторы (Атырау облысы). Жұмыс тақырыбы: «Хасан хазірет».
Жас алаштанушыларды құттықтай отырып, ғылыми ізденіс жолында сәттілік тілейміз!
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Қазақ үні