АЛАШ КӨСЕМІ ӘЛИХАНҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ (видео)
2021 ж. 26 қыркүйек
8210
1
Бүгін, осыдан 84 жыл бұрын 1937 жылы 27 қыркүйекте ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның атылған күні. Сол кезеңдегі қанды репрессия қазақтың қаймағын қырып, бар асылын жалмап кеткені белгілі.
Екі күн бұрын, өткен сенбіде, 25 қыркүйекте Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толу құрметіне арналған
ескерткіш орнатылды. Оған елордадан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Иса, “Ақ жол” партиясы Ұлттық кеңесі хатшысы, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп, белгілі алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ алаштанушы ғалымдары арнайы барып қатысты.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ерлан Құсайын оқып беріп, сөз сөйледі. Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбілова құттықтады.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішін ашу құрметіне алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ел ағасы Қайырбек Сәдуақасов, Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп, Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбілова ие болды.
Ескерткіш басында ел ағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, алаштанушы Қайырбек Сәдуақасов пен Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйледі.
Әлихан Бөкейханның ескерткіші 1973 жылы туған, Шабанбай би ауылы мектебін 1990 жылы бітірген түлектер қаржысына жасалған. Авторы - мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Ескерткіш сәтті шыққан, Әлихан келбеті фотодағы суретінен айнымайды.
Салтанатты ескерткіш ашылу соңы “Тоқырауын толқыны” ансамблінің концертіне жалғасты.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға арналған ғылыми конференцияда Қайырбек Сәдуақасов, Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Жүсіп, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер және тб алаштанушы ғалымдар сөйледі. Конференция барысында оқушылар танымын байқайтын сауалнама өтіп отырды.
Конференцияда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға аманат та айтылды. “Сарыарқа” медиахолдинг директоры, облыстық мәслихат депутаты Қамбар Ахметов Әлиханның ауылына жол салу мәселесін көтерді.
Конференцияда бірнеше ел ағалары мен қоғам қайраткерлеріне, Әлиханның ұрпақтарына “Ақ жол” партиясының “Қазақ Республикасына 100 жыл” медалы табысталды.
Конференциядан соң Әлихан Бөкейханға арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Алаш көсемі Әлиханға тағзым ету сапарында “Ақ жол” партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілда, Қарағанды қалалық мәслихаты депутаты Ғали Өмірбек, Жезқазған қалалық мәслихат депутаты Мақпал Орынбет және бір топ жергілікті мәслихат депутаттары бірге болды.
АЛАШ ШЕРУІ ЕНДІ ТОҚТАМАЙДЫ!? - Қазыбек Иса
Ақтоғайда туып, Ақсораңдай асқар биікке көтерілген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туған жерге табаны тиіп, тағзым еткен әр қазақ бақытты! Мен де бақыттымын, той құтты болсын!
Астанамызда биыл жазда Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына еңселі ескерткіш орнатылды. Сол кезде мен “БҰЛ КҮНГЕ ДЕ ЖЕТТІК! Астанамызда Алаш көсемдеріне ескерткіш орнатылғаны -саяси әділеттілік!”-деп жазып едім.
Өйткені, биыл парламентте біз, о бастан Алаш деп келе жатқан “Ақ жол” партиясы фракциясының депутаттық сауалын жасағанда: “Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру -саяси әділетсіздік” деп
жариялаған едік.
Иә, бұл күнге жету де оңай болған жоқ! Алаш арыстарының аты атағандардың өзі атылып кететін кеңес империясын көрдік.
1988 жылы ғана Алаш арыстары ақталды. Бірақ ел Тәуелсіздік алған кезде де Алаш арыстарына қарсы тосқауыл тоқтаған жоқ.
Иә, Тәуелсіздігіміздің 30 жылында елордамызда Алаш көсемдеріне ескерткіш орнатылды!
Алаш арыстары өздері армандаған Тәуелсіз елдің астанасының төріне жайғасты!
Бұл күнге де жеттік!
Кезінде “Алаш ескерткіші түгілі атын да ататпаймыз” деген, кеңестік идея сүйегіне дейін қатып қалса да, Тәуелсіз ел идеологиясын басқарған басшылар енді қайтты екен?!’-деп ойладым сонда! Алаш арыстарының ескерткішіне беті жанбай қалай қарай алды екен?!. Іштей болса да, Алаш арыстарының әруақтарынан кешірім сұрай алды ма екен?!. Әй, қайдам…
Алаш көсемдері өздері армандаған, сол үшін күресіп, құрбан болған ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ астанасына алшаң басып кіргенде Алашқа қарсы болып келе жатқандар не күйде болды екен деп ойладым!
Енді міне, Ақтоғай ауданындағы Қараталда, Шабанбай би ауылында Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермек, Жақып Ақбай туған өңірде Алаш көсеміне ескерткіш бюст ашылуда.
Қазақ Парламенті тарихында тұңғыш рет 2007 жылы "Ақ жол” партиясы арқасында
Алаш арыстарының аттары аталып, есімдерін ұлықтау мәселесі көтерілді. «Ақ жол» мемлекет көңіл аудармаса да, Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да атап өтті. 2012 жылы парламентте “Ақ жол” фракциясы құрылғалы бері Алашқа байланысты 30 шақты депутаттық сауал жасадық. Ол әр сауалды жасау, жасаған соңғы оның іске асуындағы шекесі тар шенеуніктермен тартыстың өзі бір кітапқа жүк болады.
Тек биылдың өзінде екі айда екі рет депутаттық сауал жасадық. “Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру -саяси әділетсіздік” деген және Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналып, “ЕЛІМІЗДЕ АЛАШ КӨСЕМІНЕ ЛАЙЫҚ БІР КӨШЕ ДЕ БОЛМАУЫ – АРУАҚҚА ҚИЯНАТ!”-деген “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалдарын мен жарияладым.
Бірнеше рет республикалық ғылыми конференциялар мен Халықаралық мүшәйралар өткізіп, мерекелік медаль шығардық. «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл оныншы рет өтіп келеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды.
“Ақ жол” Алаш атын әлемдік деңгейде де алғаш атады.
2017 жылдың 1 желтоқсанында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екеуміз Қытайда, Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының I халықаралық форумына қатысқанда Қытайдағы қамалған 112 қазақ тізімі бар хатты Қытай басшылығына тапсырдық. Содан 79-ы қамаудан босатылды. Сол сапарда
Азат Перуашев 125 елден жиналған 600 делегат қатысқан дүниежүзілік дүбірлі жиында «Алаш» партиясының атын асқақтатты. Ол қатысушыларды Орта Азиядағы алғашқы заманауи саяси партияның 100 жылдық мерекесімен құттықтап, Алаш туралы қазақ тілінде сөйлеп, ағылшын тілінде баяндама жасады. Азекең бүгін келуі керек еді, аяқ астынан бір жағдай болып, келе алмай қалды. Сіздерге дұғай сәлем жолдады. Біз нағыз әлихантанушы, “Ақ жол” партиясы Ұлттық кеңесі хатшысы Сұлтанхан Жүсіп екеуміз бір топ ақжолдықтарды бастап келіп отырмыз.
“Ақ жол” Алаш шеруін бастады!
Екі жылдан бері “Алашқа тағзым” шеруін өткізіп келеді. Биыл астанамызда үш көшені жүріп өттік.Алла қаласа, Алаш шеруі астананың ғана емес, бар қаланың басты көшелерін толтыратын, бар қазақ күн де келеді.
Алаш шеруін енді ешкім тоқтата алмайды!
Әр қалада Алаш алаңы болып, арыстарымыздың ескерткіші тұруы керек!
Қазақ перзентіне өзі ардақ тұтатын адамының ғана атын қояды. Соңғы 5-6 жылдан бері Әлихан есімі сәбилерге ең көп қойылған есімдердің алдыңғы қатарында келеді.
Біз бағана ауылға келгенде алдымыздан жүгіріп шығып қарсы алған Бекзат Cатыбалды бауырымыз Әлихан бабасының ескерткішін тұрғызып жатқан өздері, 1973 жылғы туғандар екенін айтқанда елең ете қалдым. Мен мектепте алты жыл мұғалім болғанда, бір ғана сыныпқа, 1973 жылы туғандарға 5-ші сыныптан жетекші болып, 1990 жылы түлетіп шығарған едім. 73-ші жылғылар оңай болмайды, ұлттық мүдде жолында Алаш көсемінің атын жаңғыртып жатыр екенсіңдер, Алла жар болсын! Бұндай, әкімдік емес, жеке кәсіпкерлер емес, халықтың өзі жиналып жасайтын игі елдік шаралар жалғаса беруі тиіс. Жаңа Қайырбек аеамыз айтқандай, Әлихан бейнесі өте сәтті шыққан. Мен мұны мамандығы суретші болғасын айтып тұрмын.
Еліміздің барлық жерінде Алаш арыстарын ұлықтай беруіміз керек.. Әлиханның есімі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді!
Мен енді сөзімді қазір ғана Ақтоғайдан шыққанда жол үстінде туған жыр жолдарымен аяқтайын.
Әлихан десе талай жыр есілген.
Ұлтым қуат алады ұлы есімнен.
Алашқа қосқан айтсақ үлесіңді ең,
“Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”-деп,
Асқан үлгі көрсеттің күресіңмен!
Кез емес бұл салатын кеңге аяқты,
Ерлерге арнап оқиық енді аятты.
Ахаң болса ұлтымның ұлы ұстазы,
Міржақыптың мір сөзі елді оятты!
Көрдік міне киелі Ақтоғайды,
Әлиханды кім бүгін жоқтамайды?!.
Әлімхан мен Жақыптың жарқылдаған,
Әр ісінен жүрекке от тарайды,
Арыстардың арманы орындалып,
Желбірейді Көк туым көкте арайлы!
Сең қозғалды, қазағым, сен де қозғал!-
Шеруі енді Алаштың тоқтамайды!
Қазыбек Иса,
25 қыркүйек 2021 жыл.
Қарағанды облысы
Ақтоғай ауданы