ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ НАҚЫЛДАРЫ
2021 ж. 25 тамыз
8222
0
Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлының туғанына 125 жыл!!!
XX ғасыр басындағы Алаш рухының айбыны болған мәдениет және саясат марғасқалар шоғырында ұлт перзенті Қошке Кемеңгерұлы нақылдарының маңызы орасан зор. Қайраткердің сөз өнері, әдеби сын, лингвистика, оқу-әдістеме, әдеби және ғылыми аударма, журналистика, ауыл шаруашылығы, медицина, Отан тарихы салаларындағы зияткерлік ізденістері қазақ санаткерлері ұстанымына сай дамып отырған қайталанбас айрықша сипатты айшықтайды. Ол – ұлтына алғаусыз қызмет етуді мұрат етіп ұстанған қыр перзенттерінің өнерпаздық болмысында тоғысып жатқан әмбебаптық қасиет пен тереңдік, өз ісіне деген шынайы кәсіби сүйіспеншілік пен адалдық.
Ақмола облыстық Алаш комитетінің құрылуына атсалысып, Екінші жалпықазақ сиезіне қатысқан қайраткердің «Жас азамат» газетіндегі «Жас тілек», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», «Қазақ жеріне қолқа салушылар», «Һештен де кеш жақсы», «Ұмытшақтық» өзге де мақалалары қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан Алаш автономиясының қастерлі міндеттері терең екшелуімен құнды.
«Жер – мәңгі байлық. Алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрап жатқандық – жер үшін» (Қазақ жеріне қолқа салушылары), «Ел қорғау – құрғақ сөздің «желісіне» байланбайды. Ықыласты көңілден, жігерлі қолдан шыққан іске байланады», «Алаш полктеріне кіріп, ел қорғау – жастардың мойнындағы парыз». «Қырық жыл қырғын келсе де ажалды өледі», «Ақсақал батасын, бай малын, молла ұлағат-насихатын, жас күшін аямай елді жаудан қорғау керек» (Һештен де кеш жақсы) іспеттес нақылдары мәңгілігіміздің мәңгілік мәселелерін толғауымен ғұмырлы.
Алаш идеясының жаршысы «Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» (Жас тілек) болғандықтан басылым ұлттық мүддені басты орынға қойды. «Алаш Орда» тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ», «Ардақты азаматтар! Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық. Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық. Иншалла Алаш жасайды! Жасасын Алаш Автономиясы!!!» (Алаш азаматтарына) деп ұран салды. «Қайырлы Алаш автономиясы болса, жер мәселесі оңай шешілмек, онда қазақ ешкімге ұпай жібермейді. Шапқыншылықпен, яки басқа бір себептермен Алаш автономиясы болмай қалса, қазақ жеріне еншілестердің көбейетіндігіне шек жоқ», «Адам баласының тіршілігі жерге байлаулы, жерсіз – ел болу жоқ. Жерсіз ел – көлеңкемен бір есеп» (Қазақ жері) екенін әлеумет санасына сіңірді.
Өркениет өріне ұмтылу – оқу-білім, ғылым-ілімге байлаулы екенін жеріне жеткізе айтты. Дамыған елдер қатарынан табылудың сарабдал жолын байыптады. «Мемлекет билігі таз қалыпқа түспей, бұқара билігі орнықса, «Алаш Орда» мен земстводағы басшы азаматтарымыз оқудың тез таралуына арымай-талмай қызмет етсе, жылында әр облыстан бір жігітті шет мемлекеттерден оқытып тұрса (биылғы жастар съезінің қаулысында арнайы жазылғандай, стипендия ашып, шеттен оқыту), біз 20-30 құнарлы халықтың санына кірер едік. Өзімізден инженер, механик, агрономдар шықса, қазіргі көп кедергілер жоғалар еді. «Кенже қозы сүтпен жетіледі». Біздің Алаш оқумен жетіледі» (Оқу).
Қошке Кемеңгерұлы редакторлығымен шыққан «Жас азамат» кезекті санында «ЕКІНШІ ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ СЪЕЗІНДЕ АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ ТҮГЕЛ БАС ҚОСЫП, ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ КЕЛЕШЕКТЕГІ ЕЛДІГІНЕ НЕГІЗ ҚҰРҒАН ТАРИХИ 13-НШІ ДЕКАБРЬ КҮНІ БҮТІН АЛАШ ҰРАНДЫ ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІНЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!» (Он үшінші декабрь) айтып, аталған айтулы тарихи оқиғаның бір жылдығын исі қазақ баласына сүйіншіледі. «Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар» деген салиқалы түйін жасады.
Алаш көсемсөзінде өшпес қолтаңба қалдырған Қошке ұлттық журналистиканы өрге сүйреп, кәсіби публицистиканы дамытуда ерең еңбек атқарды. Алғашқы өлеңдерін, аудармалары мен хабарларын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жариялаған (1915-1916) алаш санаткері Омбыдағы «Бірлік» жастар ұйымы шығарған «Балапан» қолжазба журналына редакторлық етті (1916). Қазақ жастарының тұңғыш басылымы «Жас азамат» газетін жарыққа шығарып (1918-1919), «Бостандық туы» газетінде қызмет істеді (1920-1923). Күрделі тарихи кезеңде ұлт мүддесін қорғайтын мақалалары мен көркем туындыларын «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Қазақ тілі» газеттерінде, сондай-ақ «Сана», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Жас қайрат» журналдарында жариялады.
Алаш рухындағы зиялылар шоғырланған «Ақ жол» басылымы Қ.Кемеңгерұлының шығармашылық тынысын ашты. Ол Ташкентте осы газетте қызметте жүріп, тілшілерінің тұңғыш жиынын ұйымдастыру ісінің көшбасынан табылды. Міне, «Газет – ел мұңына, ел жай-күйіне араласып көрсететін айна десек, мақсатсыз айна емес. Мақсатты айна», «Тілші елді жан-тәніме сүйген кісі болу керек. Елді сүймесе өз ісіне қатынасы жоқ қиянаттардан тартыншақ болады. Адамға бір мақсатсыз іс істеу қиын, елді сүйген тілші елдің ел болуын арман қылады. Сондықтан ел жайын жалықпай жазады» (Тілшілердің міндеті һәм мәнісі туралы), «...Тілшілер аш ел тұрмысын, шаруашылық жөнінен елдің мұң-мұқтажын үзбей жазып тұрулары керек» (Ел газеті қандай болу керек?) іспеттес нақылдары өмір тәжірибесінен туындады.
Алаш ардақтысының «Тұтқынның ойы», «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын», «Момынтай», «Дүрия», «Ерлік – жүректе», «Қазақ әйелдері (Қарашаш), «Назиқа», «Жетім қыз» әңгімелері, «Жазғытұрым», «Бақ
іздеген», «Солған гүл» өлеңдері, Пушкин, Никитиндерден тәржімалаған «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» өлеңдері, «Әулие тәуіп», «Бостандық жемісі», «Қасқырлар мен қойлар», «Алтын сақина», «Парашылдар» «Ескі оқу», «Күнәсіз күйгендер» пьесалары суреткерлік шеберлігін даралайды.
Табанды шығармашылық ізденістегі көксеңгір әрдайым ұлттық руханият көшбасынан табылып отырды. «1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен трұңғыш шымылдығын ашты» (Д.Қамзабекұлы).
Қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан ғалымның «Оқу құралы» (Жаупропалықтар үшін) 1-бөлім, «Жауропалықтар үшін ІІ жылдық оқу құралы» еңбектері, «Қотыр сөздер», «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсініс», «Дұрыс па? Бұрыс па?», «Қазақша ай аттары», «Жат тіл оқыту әдісі», «Мектеп қай тілде болу керек?», шәкірті Г.Арханегльскийдің құрастыруымен жарық көрген «Грамматика казакского языка» оқу құралы отандық лингвистика мектебіндегі Қошке тұғырын айқындайды.
Ғалымның тілтанымдық мұрасын, лингвистикалық тұжырымдамаларын зерттеген филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева атап көрсеткеніндей: «Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, олардың саны мен құрамы, буын, сингорманизм табиғаты т.с.с. мәселелерге ерекше көңіл аударып, өзінше ой түйіндейді».
«Мектеп қай тілде болу керек?» деген мәселені өткір көтеріп, ана тілі жасампаздығының түйткілдерін тереңнен екшеген әдіскердің «Оқудың негізі – ауыл мектебі. Ол мектепті көздеген мақсатқа жеткізу үшін үйі, құралы, сайманы, кітабы, оқытушысы сай болу керек», «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды», «Қағазбен ілгерлей беруге болмайды» деген нақылдары мемлекетшіл тұлғаның елшілдік ұстанымына бойлатады.
Алаш реформаторлар толқынының ізін басқан Қошке Кемеңгерұлы ұлттық құндылықтың көкейкесті мәселеріне бей-жай қарай алмады. Өткенге қырын қарап, бұрынғыны мансұқтауға бой алдырған жаңа билік қызметкерлеріне ой салып, адамдық пен ар-ұжданның адастырмас жолын нұсқады.
«Адамшылығы бар қызметкер ешкімге қол жаулық болмайды. Сондықтан ел қызметкерінің адамшылығына байлаулы. Адамшылық, әлеуметшілік, саналылық кірмей, біздің көп кем-кетігіміз түзелмейді», «Туысында жамандыққа бейімділігі бар адам (психопат) үлгі көрумен, тәрбиемен түзелмейді» (Кеңес қызметкерлері туралы.)
Бұл орайда Қошкенің ұлттық сипаттағы сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық қайнарын саясаттандырудағы кеңес идеологиясы таяздығын әділ сынның тезіне алудағы принципті ойлары, объективті тұжырымдары арынды. «Көркем әдебиет туралы (айтыс ретінде), «Сәбитпен айтысты доғардым», «Сыншыларға» т.б. проблемалық әрі полемикалық мақалаларындағы өрнекті нақылдары ұлттық әдебиеттанудың білгірі тұрғысындағы білігін танытады.
«...Сыннан бұққан адам тоғыз қабат торқаға бөлесең де жазушы болмайды», «Қазақ әдебиетінде тойып секіретін күн әлі туған жоқ», «Көркем жазушылық пен жай жазушылықтың арасы жер мен көктей», «Талантың шамалы болса, үлгі алумен ірі суретші бола алмайсың» (Көркем әдебиет туралы (айтыс ретінде), «Жазушылардың көбі жапа-тармағай шапқан бәйгенің аты сияқты. Әлі қарақшыдан өтіп, бәйге алған жүйрік жоқ. Біреудің алғашқы жазғанына қарап сын жүргізуге терең сезім, толық білім керек». «Өлеңнің сыртқы ұйқасына қарамай, ішкі мағынасына, сөздің маңызына, заманның рухын көрсететін жағына көбірек көз салатын әдебиет қызметкерлерінің бар екенін де сыншы мырзалар ұмытпауы керек», «Әдебиет тарихымен таныс болмаған бір сыншының бірлі-жарым мақалаға келіп жабысуы – адасқандық, өзі отырар шанасын білмегендік» (Сыншыларға).
«Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой» (Дінше бауырым) дейді Қошке. Өзгеге қойылар талапты өзінен бастаған Алаш ұлы Отан тарихы және отаршылдық ойранында жаншылған ұлттар тағдырын арқау еткен іргелі еңбектерін жазды.
«Қазақ тарихынан» (Мәскеу, 1924) еңбегінде отарлаудан туындаған қысымға қазақтар саяси, рухани тұрғыдан қалай қарсылық жүргізді, елдігін сақтауда қандай тарих өткелдерінен өтті деген мәселелер байыпталған. Кітаптың «Меңгеру жайы», «Мәденилеу орыс қандай үлгі берді?» бөлімдерінде отаршылдық пен ұлттық рух текетіресі екшелген.
«Бұрынғы езілген ұлттар» (Мәскеу, 1925) кітабында орыс отаршылдығында жаншылған отыз алты ұлт пен ұлыс тарихы қамтылған. Еңбектің «Түркістан автономиялы республикасы» бөлімінде «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ержетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп жазылса, «Қазақ автономиялы республикасы» бөлімінде қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан бастап, автономия жарияланған 1920 жылға дейінгі аралықтағы ел мен жер тарихы баяндалады.
Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелерін рухани өмірдің өзекті арналарымен сабақтастықта зерделеген Қошкенің парасатты пайымдары елшілдік ілкі қасиеттерді санамызда жаңғыртуымен құнды.
Отаршылдық ойраны: «Үкіметтің тарихи зорлықтарының жемісі сол: қазақтың құбыжығы, қорқатын құдайы – «протокол», не «жылтыр түйме», не «картоз» болды. Осы үшеуі жүрген жерден қазақ албастыдан қашқандай зымырап қашатын болды». «133 жылда қазақты бағындыру жолындағы саясаты, одан соңғы тайға таңба басқандай қазақ тұрмысының шаруа, рухани, мінез тарауларына үлкен із қалдырды», «Қамшының өрімі, қылыштың қыры қазақтың үстінде ойнағаны кедейдің кер шолағының алым үшін алынғаны, бейкүнә ұсталған жұмысы тексерілмеуі, абақтыда шірігені, адал ақыны парасыз іздеп ала алмауы, кірін жуып кіндік кескен жеріне қуылуы, бақ-дәреженің парамен табылуы – бәрі закон атымен істелді. Қайткен күнде де закон қазаққа дем алдырмайтын тұмылдырық болды. Қазақ пара мен тұмылдырықты тесіп тыныс алатын болды»;
Ояну дәуірінің рухы: «Қазақ елінің әр түрлі тұрмыстың жұмбақтарына кездесіп, даң болып тұрған кезіне «Қырық мысал» мен «Оян, қазақ!» деп келіп, әлеумет жұмбақтарын шешкендіктен, елді оятқан үлкен күш болды. Тақпақты сүйетін қазақ бұл екі кітапты үлгі орнына ұстап, мысал орнында айтатын болды». «Қазақ» газеті саясат ауруын қарайтын тамыршы болып үкіметтің арам ойлы сырларын қазақтың кестелі тілімен қалың қазаққа ұғындырып отырды» (Қазақ тарихынан);
Тұлғатану: «Кенесары қалың қауымға қауға түскен бір шағым оттай болып, халықтың толқынын көтеріп жіберді». «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде де, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан». «Алғаш ұлт әдебиетіне өрнек берген, әлеумет тұрмысын толық тексерген, идеалға сілтеген Абай болды». «Қазақтың оқыған азаматынан ең бірінші бұқараның мұңын жоқтаған, ұлтшылдық негізін салған Шоқан Уәлиханов болды» (Қазақ тарихынан);
Елтану: «Қазақ ұлты түрік буынан шыққан елдердің ішінде жер аймағына қарағанда бірінші орын, жан есебінен қарағанда екінші орын алып отыр». «Торға шырмалған қазақ бұлқынды, шыға алмады. Сырым батыр, Кенесары, Наурызбай, Сыбанқұл, Құдайменді, Есет, Махамбет, Бекет батыларлар көп толқыды. Елді де толқытты» (Бұрынғы езілген ұлттар);
Шаруашылық барысы: «Қазақ елінің негізгі кәсібі – мал өсіру. Мал – қазақ тұрмысының айнасы», «Мал – адамның бауыр еті» деген мәтелден қазақтың бар өмірін жіктеп шығаруға болады. Шаруа байлығы – жердің ішкі кенінде, сыртқы түгінде. Шаруаны гүлдендіретін – мәдени қызметкерлер. Мәдени қызметкерлер басқа ұлттардың тұрмысымен таныс болса, өз ұлтына ұнамды үлгі пішпек. (Бұрынғы езілген ұлттар) сипатындағы нақылдарымен безбенделеді.
Туған жерінің тау мен тасын сүйіп өткен текті ұл «Жауропалықтар үшін ІІ жылдық оқу құралы» (Қызылорда, 1929) еңбегінде «Аймақтану» бөлімін қамтыды. Ондағы «Көп елді асырайтын анасы – Ертіс, жүгін таситын белді көлігі – Ертіс». «Түркістанның меңіреу шөліне жан беріп тұрған жалғыз Сырдария. Түркістан шаруасының жұлын тұтасы осы Сыр суы сулай бастаса, Түркістан шаруасының жұлын тұтасы үзіле бастайды». «Тоқырауын: қысқа өзен болғанмен, шаруаға пайдалы. Тоқырауын Балқашқа қарай ағады. Арнасын құм басқан Тоқырауынды берекелендіріп отырған егінші қазақтар. Бұлар Тоқырауын тоғанын жылма-жыл аршып, бейнетпен жеңіп, қолмен суарып, жоңышқа, ақ бидай алады». «Жайық ең пайдалы өзеннің бірі – суы тұщы, балығы мол». «Өсімдік қожасы – екі нәрсе: 1) ауа; 2) топырақ» т.б нақышты анықтамалары қанатты сөздей әсерлі де әуезді.
Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебі, Омбы ауылшаруашылық училищесін бітірген Қошкенің денсаулық, аурудың алдын алу, ұлт саулығы хақында жазылған «Қызмет адамдарының қонақасы (айтыс ретінде)», «Ел денсаулығын ескеру керек», «Егін салу турасында» т.б. мақалаларындағы нақылдары ұлттық сипатымен құнарлы.
«Қараңғы мен түтін – аурудың құрдасы» (Қызмет адамдарының қонақасы) (айтыс ретінде), «Жаны өскен көшпелі ел не малды көбейту үшін жер ауданын кеңейту керек, не егіншілікке көшу керек, не мал тұқымын асылдандырып көп еңбекпен көп пайда ашуға (интенсификация жолына) түсу керек» (Ел денсаулығын ескеру керек).
Алаш санаткерлері қатарында түрлі ғылым салаларын бойынша ғылыми терминология орнығуына үлес қосқан Қошке Кемеңгерұлы П.Лебедевтің жеті жылдық мектептің 5, 6-жылдарында оқылатын «Химия» (Қызылорда, 1929) кітабын аударып бастырды. «Осы оқулықтың құндылығы ретінде еңбектің соңғы жағында кестемен берген 200-ге жуық химия терминдерінің тізбегін көрсетуге болады» (Б.Жонкенов).
Түйіп айтқанда, Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының нақыл сөздері рухани кемелденудің асыл қайнары болуымен сан ұрпақты елшілдік пен мемлекетшілдік, білім мен білік, кәсіп пен мамандық, қайраткерлік пен азаматтық биігіне жетелей бермек.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ
филология ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш»
мәдениет және рухани даму институтының
ғылыми қызметкері