Қазақ мемлекеттілігінің 3000 жылдай тарихы бар - Берекет Кәрібаев
2021 ж. 16 маусым
11769
0
Жеті ғасыр өтті. 750 жыл тарих қойнауында қалды. Ұлық ұлыстың ұрпақтары ретінде бұрынғы тарихқа бүгінгі көзқараспен қайта қарауды жөн санап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаевпен сұхбаттасқан едік. Ғалым Алтын Орданың сол кездегі мемлекеттік құрылымдарға алып келген өзгерістері, қазақ тарихындағы алатын орны туралы пікірімен бөлісті.
– Берекет аға, ең бірінші ойға оралған сұрақ – Қазақ хандығы Алтын Орданың тікелей мұрагері деп айта аламыз ба?
– Алтын Орда – Дешті Қыпшақ аумағында немесе Еуразияның далалық аумағында ХІІІ ғасырдың басынан ХVІ ғасырдың алғашқы жылына дейін өмір сүрген империя. Алтын Орда ыдыраған кезде одан 6-7 мемлекет бөлініп кетті. Бірінші бөлінген – Ақ Орда, одан кейін – Әбілқайыр хандығы, одан Қазақ хандығы шығады. Сонымен бірге Сібір хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы, Ноғай ордасы және Астрахан хандықтары бар. Осылардың әрқайсысы да Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз деп айта алады. Екіншісі – Қазан татарлары, қазіргі Татарстан Республикасы. Бірақ олар Ресей Федерациясының құрамында, үшіншісі – Қырым татарлары, бірақ оларда, өкінішке қарай, мемлекеттік құрылым жоқ, халық бар. Қазіргі есеп бойынша Қырымда 100 мыңдай қырым татарлары саналатын ұлт бар. Ал Астрахан, Сібір татарлары сіңісіп кетті. Алтын Орда ыдыраған кездегі оның орталық бөлігіндегі мемлекет Үлкен орда деп аталды да, оның тұрғындарының бірі Қазақ хандығының, бірі Қазан хандығының, енді бірі Қырым хандықтарының құрамында кетті. Сондықтан дәл қазір мемлекет болып отырған Алтын Орданың екі мұрагері бар. Олар: Қазақ хандығы мен Татарстан. Ал этникалық жағынан келгенде қырым татарлары да, қарақалпақтар да, түркі тілдес үлкенді-кішілі жойылып бара жатқан халықтар да өздерін Алтын Орданың мұрагеріміз деп айта алады. Бірақ қазіргі таңда Алтын Орданың құрамынан бөлінген елдердің арасынан жалғыз қазақ халқы ғана дербес мемлекет қалыптастырып отыр.
– Алып империяның атауына қатысты қандай пікірдесіз?
– Алтын Орда алғашқы кезде Жошы ұлысының негізінде құрылған. Шыңғыс хан Хорезм мен Қыпшақ хандығын жаулап алғаннан кейін Моңғол мемлекетінің территориясы екі есеге ұлғайып, империяға айналды. Шыңғыс хан бүкіл жаулап алған жерін бәйбішесінен туған төрт ұлына бөліп берді. Қазақ даласы үлкен ұлы Жошының үлесіне тиді. Сондықтан сол жерлердің барлығы ұлдарының атауымен Үгедей ұлысы, Шағатай ұлысы деп атала бастады.
1236-1242 жылдар аралығында тарихтан белгілі, Батыйдың жетіжылдық жорығынан кейін Жошы ұлысының өзі батысқа қарай тағы да екі есеге кеңейді. Бұрын Еділге дейін жетсе, енді Дунайға дейін созылды. Бұл – басқа ұлыстардың ішіндегі ең үлкен ұлыс. Бірақ әлі де болса Моңғол империясының құрамында еді. Сондықтан тарихта мұны Ұлық ұлыс, Үлкен ұлыс деп атайды. Алтын Орда деген атау кейіннен пайда болды. ХІХ ғасырдың өзінде кей деректерде Жошы ұлысы, кейбір жерлерде Алтын Орда деп атай бастаған. 1826 жылы Ресейдің императорлық ғылым академиясы конкурс жариялайды. Байқаудың мақсаты моңғолдардың орыс жерлерін жаулап алуы арқылы оның мәдениетіне, ішкі құрылымына тигізген кері және оң әсерін анықтау болды. Жүлдеге сол кездің құнымен 100 червонец ақша тағайындалады. 1829 жылға дейін ешқандай жұмыс түспейді. Өйткені байқау талаптары өте қатаң болды.
1832 жылы қайта байқау жарияланғанда австриялық неміс ғалымы Хаммер Пургшталь 1845 беттен тұратын қолжазбасын ұсынады. Оны академия комиссиясы «Иран тарихына көбірек тоқталған, деректері үстірт» деген сылтаумен қабылдамай қояды. Ғалым оны қайта жөндегендей болып, 1840 жылы сол кездегі Пешт (Будапешт) қаласында «История Золотой Орды» деген монографиясын шығарады. Бұл – айналып келгенде, Еуропадағы алғашқы Алтын Орда тарихына арнап жазылған көлемді монографиялық еңбек. Алғашында Жошы ұлысы деген термин көбірек кездессе, осыдан кейін Алтын Орда деген атау жиі қолданыла бастайды. Ал Алтын Орда деген сөздің өзі қайдан пайда болды? Бұл сол кездегі деректерге байланысты. Мысалы, Ибн Батута дейтін араб саяхатшысы Өзбек ханның ордасына келген кезде хан ордасын «алтындатылған шатыр» деп суреттейді. Алғашында бұл ханның ордасына қатысты айтылса, бара-бара мемлекет атауына айналып кетті.
– Ұлық ұлысты өз кезеңіндегі саяси күшке ие мемлекет ретінде қарастыруға бола ма?
– Жошы ұлысы үш ғасырлық тарих деуге болады. Осы уақыт аралығында қазақ этногенезіне, мәдениеті мен әдебиетіне, мемлекеттік құрылымына көп ықпал етті. Сол сияқты бүкіл Еуразия аумағындағы түркітілдес халықтар мен Жошы ұлысына тәуелді болған орыс халқының елдігіне әсер етті. Өйткені Литва князьдығы, поляктар мен шведтер, немістер орыстарға жиі шабуыл жасап отырды. Ал Алтын Орда бытырап жатқан орыс жеріндегі князьдықтардың басын біріктіріп, жерін сақтап қалуына көп көмектесіп, тарихына оң ықпал етті деп айта аламыз. Әрине, кеңестік тарихнамада Алтын Орда шабуыл жасаған елдердің дамуын тежеді дейді. Дегенмен прогрессивті маңызы сонда – өзіне бағынысты орыс князьдықтарының мемлекеттік құрылымын жойып жібермей, дінін, тілін сақтап қалды. Тек қана сырттай қорғады, сол үшін салық салып отырды. Кейіннен Мәскеу князьдығы өзінің айналасындағы 50 шақты князьдықты әртүрлі жолдармен бағындыра бастады. Нәтижесінде Еуропада Московия деген мемлекет пайда болды. Алтын Орда орыс князьдықтарының бірігіп, бір мемлекет болып қалыптасуына ықпал етті.
Сол кездегі алпауыт мемлекеттер: Алтын Орда, Ирандағы Құлағулар әулеті, Египеттегі мәмүліктер. Осы үшеуі Еуразия аумағындағы негізгі саяси күшке ие болды. Геосаясат жағдайында бір-бірімен күресті. XIII-ХV ғасырларда Алтын Ордаға Египеттен көптеген елшілер, саяхатшылар мен географ ғалымдар келді. Солардан қалған жазба деректердің негізінде кейіннен құнды-құнды еңбектер жарық көрді. Алтын Орда әскери тұрғыда қуатты болғандықтан, Еуропа мемлекеттері онымен санасуына тура келді. Қытайдағы мемлекеттік құрылымның элементтері Алтын Ордада болса, одан Московияға, кейіннен Ресей империясына әсер етті. Егер ол кездейсоқ мемлекет болса, онда із-түзсіз кеткен болар еді. Объективті болғандықтан шығар, ол өзінің негізгі функциясын орындады.
– Алтын Орда мен Қыпшақ хандығы дәуіріндегі мемлекеттік құрылымның айырмасы неде болды?
– Алтын Орданың алғашқы жүзжылдығында этникалық тарихи тұрғыдан қыпшақтану процесі жүрді. Алтын Ордаға дейін бұл аумақта қыпшақтар ғана болды. Дешті Қыпшақ хандығы құрылып, кейін ол екіге бөлініп кетті. Сығанақ жағындағы бір бөлігін елбөрі деген рудан шыққан династия биледі. Тоқсаба дейтін ру Маңғыстау жағында болды. Қыпшақ хандығының ыдырауы сол кездегі заңды құбылыс. Неге десеңіз, қыпшақ қоғамдық қатынасы әлсіз саналатын ерте феодалдық қатынастарға негізделді. Олардағы билік жүйесі бір-біріне бағынбайтын: атқарушы, заң шығарушы және сот билігі деген үш бөліктен тұратын. Үшеуі бір-бірінен дербес еді. Ал Шыңғыс хан құрған мемлекеттік жүйенің мықтылығы осы үшеуін біріктіріп, бір өзі басқарды. Ол дамыған феодалдық қатынастарға тән.
Этникалық үдерістердің даму барысы өз кезеңіндегі тарихи даму барысымен тікелей байланысты және оны жалпы тарихи дамудан бөліп қарау мүмкін емес. Тарихи дамулардағы барлық факторлар этникалық үдерістерге өз ықпалын тигізіп отырады. Кей жағдайларда оның дамуына қолайлы жағдайлар жасаса, кейде оны уақытша болса да тежейді. Бірақ үдерісті тоқтата алмайды. XIII ғасыр басындағы моңғол жаулап алуы қазақ тарихында жаңа бір дәуірді – Алтын Орда дәуірін қалыптастырды. Осы дәуірдің алғашқы кезеңіндегі Жошы ұлысында, одан кейінгі Алтын Ордада болған барлық тарихи жағдайлар этникалық үдерістерге де өз әсерін тигізді.
– Қазақ даласындағы мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгерте алған алып орда өз деңгейіне лайықты тарихи бағасын алды ма?
– Алтын Орданы зерттеуді қолға алғаннан кейін оны тарихи тұрғыда бағалау барысында асыра сілтейтін жазбаларға куә боламыз. Мәселен, «Алтын Орда – қазақ халқының алтын бесігі» деу асыра айтқандық. «Бесігі» деген сөз «генезисі содан басталды» дегенді білдіреді. Ал қазақ мемлекеттілігінің 3000 жылдай тарихы бар. Еліміздің тарих ғылымында қазақ этногенезінің басталуы кем дегенде қола дәуірінен басталады деген ғылыми тұжырым берік орныққан. Сол қола дәуірінен қазақ этносының тарих төріне көтеріліп, көршілес елдерге танымал болған XV ғасырға дейінгі 3000 жылдық тарихи дәуір – қазақ этносының қалыптасу жолы делінеді де, ол өз ішінде ірі-ірі бірнеше кезеңге бөлінеді. Олар қола дәуіріндегі этникалық кезең, скиф-сақ дәуіріндегі, ғұн-үйсін дәуіріндегі, түрік дәуіріндегі, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі және Алтын Орда мен Ақ Орда дәуірлеріндегі этникалық кезеңдер деп аталады. Соңғы кезең уақыт жағынан алғанда ХIII ғасырдың басы мен ХV ғасырдың ортасы аралықтарын қамтиды.
Қазақ халқында этникалық процестердің қозғаушы күшіне бірнеше ру-тайпалардың бір типті шаруашылық түрімен айналысуы жатады. Бұл – көшпелі мал шаруашылығы. Ол б.э.д. XV-XVI ғасырларда пайда болған. 1930 жылдары Кеңес өкіметі оны күштеп тоқтатты. Бір сөзбен айтқанда, қазақы болмысымыздың негізінде осы көшпелі мал шаруашылығы жатыр. Демек, Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің тарихында өзіндік орны бар белесті кезеңнің бірі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН,
Қазақ үні