Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін Ресейдің мойынында - қоғам қайраткері
2021 ж. 15 мамыр
13584
1
Қалың қазақ Елі үшін өте ауыр, әр қазақтың жанына өшпестей болып таңба салған қаралы 31-ші мамыр күні жетіп қалды. Ұмыта алмайтын, жанымыз сыздап, рухымыз шыңғыратын, зұлмат құрбандарына басымызды иіп, кешірім сұрайтын ауыр бір күн. БІР КҮН. Бір-ақ күн...
Мемлекет органдары мен партиялардың, саяси қуғын-сүргін көрген этностармен біріге, сол этнос ұрпақтарының, өздерінің ата-әжелерінің қиын тағдырларын ұмытпауы үшін, арнайы орнатқан ескерткіштеріне барып, гүл шоқтарын қоятын, суретке түсетін, еске алатын күндері.
31 мамыр - саяси қуғын сүргін көргендер мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Осылай деп аталады бұл күн ресми хабарларда. Әліде сол, жүздеген мың, біздің жерге айдалып келген, саяси қуғын- сүргін көрген басқа этностардың аянышты тағдырларын еске алу - осы күннің негізгі себебі. Ал содан кейін ғана "ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ" еске алынады. Мәскеудің қолымен жасалған қылмыс құрбандарын еске алу алдымен өтеді де, содан кейін ғана миллиондаған, сол қылмыстық коммунистік саясаттан қырылған қазақтарға көңіл бөлу кезегі келеді. Оның өзінде, біздің Қарағанды қаламызда, гүл шоғын қоятын, Орталық Қазақстан жұртының барып бас иетін, ашаршылыққа арналған, бірде бір ескерткіші жоқ, осы күнге дейін . Спасск деген жерде неміс, кәріс, еврей және басқа этностардың ана отандары үкіметтерінің көмегімен салынған ғажайып ескерткіштерінің қасында бір тапал бойлы, қысқа жазу жазылған құлпы тасымыз бар, қазақтың қырғынына арналған. Ұялып барасың қасына. Миллиондаған қазақты жоғалтқан Сарыарқаға мұндай ескерткіш лайық па? Гүл шоғын қояр, еске алып қайғырар, ұрпаққа қандай қиыншылықтардан өткенімізді білдірер бір ескерткішімізді салдырып беретін бір қаншыл басшымыз келмеді облысымызға, өкінішімізге орай, осы күнге дейін. Қазіргі облыс басшымызға үмітіміз бар, бұл мәселеге көңіл бөлер деген. Бірақ, іске асыра алмай кетіп қалар деген де күпті ойымыз бар. Қазір Қарағанды облысы шенділер үшін карьера жасайтын полигон болды, бір-екі жыл тұрақтамай, жоғарылап кете барады. Шамасы, бұл ескерткішті, ел болып, жылу жинап салатын шығармыз.
Саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтау үшін мемлекеттік комиссиялар жұмыс атқаруда. Архивтер ашылып, Қазақстанның мамандары, тарихшылары мыңдаған істерді қайта қарап, саяси ақтау жұмысын жүргізуде. Қыруар жұмыс, ақысыз, бір тиын еңбектеріне қосымша жалақы төленбей жасалуда... Жалпы бұл саяси ақтау жұмыстарын неге Қазақстан атқарады? Қылмыс жасаған Совет Одағы, оның "правоприемнигі" Ресей, солар жасасын! Бір заң шығарып бәрін бір-ақ ақтасын! Тәуелсіз Қазақстанның бұған қандай қатысы бар? Біз қаражат жұмсап, ғалымдарымызды архивтердің шаң басқан істеріне бір тиын қосымша жалақы бермей ақтартып, жұмысқа саламыз. Ал жемісін сол Ресей, Германия азаматтары көреді. Себебі, алдымен сол елдердің азаматтарына бұл ақтау құжаттары керек, елдері ауқымды компенсация төлейді. Ресей болса, Советтерден қалған мал-мүлікті иемденуде " правоприемнигі", ал қолдарымен жасаған қылмыс істерін тазалауға келгенде ортада жоқ болып кетеді. Бұл "саяси" қылмыстарды тазалау ісі толығымен Ресейдің жауапкершілігінде, қолымен жасағандарын, мойындарымен көтерсін.
Ал біздегі жұмыстар, Ашаршылық құрбандарын ақтауға, саяси қуғын-сүргін көрген, атылған Алаш ардақтыларының әрқайсысының аты-жөнін толық анықтауға, кәмпескеленіп, итжеккенге айдалған кініәсіз аталарымыздың жеке істерінің көтеріліп, Сібірде, Қиыр Шығыста жерленген жерлерінің анықталуына бағытталуы тиіс. Біздің архив қызметкерлерінің, ғалымдарымыздың күш-жігері осы мақсатқа жұмсалуы қажет. Бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, тарих ғалымдарына, қызметкерлерге қосымша төлемақы төленсін. Ашаршылық зұлматына саяси баға беріліп, көмілмей қалған бабаларымыз алдымен ақталып, тарих алаңында ұлттық мүдделеріміздің қорғалуы, осы комиссиялардың негізгі мақсаты екенін мемлекет, ел болып түсінетін кез келді.
Қазақ елі, болашақ ұрпақ, бостандықтар мен Демократия үшін!
Бейбіт Күлмағамбет,
Қазақ үні