Зашаған елді-мекенін Алашорда деп атауды ұсынамыз

0
940

Өйткені, Бөкей хан атында онсыз да аудан аты бар

БҚО, Орал қаласында Зашаған деген елді мекен бар. Орыстың Зачаганск сөзінің калька аудармасын атау қылып жүрген осы кентті Алашорда (Алаш) деп атау туралы ұсынысқа 2018 жылы бес жүзге жуық азамат, қол қойып жергілікті әкімшілікке жолдағанбыз. Осы ұсынымызға 3 жылдан аса уақыт бойы не «иә», не «жоқ» деп жауап бермеген әкімшілік енді Зашаған елді мекенін Бөкей ордасының ханының есімімен Бөкей хан деп атамақ болып жатыр. Бірнеше күн ішінде осы мәселеге арналған қоғамдық тыңдау болады.

Бөкей ордасы ауданы деген аудан бар біздің облыста ірі елді мекенге Бөкей хан атауын берудің еш қажеті жоқ. Билігі бірнеше ауданның көлеміндей аумаққа ғана жүрген хан үшін бір ауданның атауын иелену жеткілікті деп ойлаймын.

Алашорда қайраткерлерінің есімімен аталатын көшелер шоғырланған, 60 мыңға жақын тұрғыны бар Зашаған кентіне Алашорда (Алаш) атауын беру – қазақ еліне теңдессіз еңбек сіңірген, жандарын пида еткен қайраткерлерімізге көрсеткен құрметіміз болар еді деп есептеймін.

Өзін кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде санайтын «Ақ жол» партиясының өкілі, Мәжіліс депутаты ретінде Қазыбек Исаны осы мәселеге ат салысуға шақырамыз.

Құрметпен,

Нұрлан СӘДІР,

Орал қаласы

Қазақ үні

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз