Алаш тақырыбын көтерген «Ақ жол» қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияда неге жоқ?
2021 ж. 31 наурыз
2643
0
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Е.Л. Тоғжановқа
Өткен жылдың аяғында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл бастаманы Президент Қ. К. Тоқаев былтырғы 31 мамырда жариялағанында «Ақ жол» фракциясы бірден қолдап, 3 маусым күні жолдаған депутаттық сауалында өзінің нақты ұсыныстарын жіберген болатын. Сонымен қатар, бұл тақырып – «Ақ жол» партиясының саяси ұстанымдарының негізгі бағыттарының бірі. 2012 жылы Парламентке кіргеннен бері Мәжіліс қабырғасында Алаш партиясына, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына, елін, ауылын аштықтан аман алып қалу мақсатында қарулы көтерілістерге қатысып, опат болған батыр бабаларымызға байланысты тарихи әділдіктің орнауын талап етіп, 20-дан астам депутаттық сауал мен баяндамалар жасаған, баяндамалар жасаған, яғни, бұл мәселені жүйелі түрде көтеріп келе жатқан жалғыз парламенттік фракция да – «Ақ жол» еді. Алайда, бізге түсініксіз себептермен, бұл Комиссияның құрамына «Ақ жол» партиясының депутаттары мен өкілдері енгізілмей қалды. Осы орайда, біз Комиссия құрамына кірмесек те, оның жұмысын қолдап, одан әрі жалғастыру мақсатында өзіміздің мынадай шараларды ұсынамыз: 1) Еліміздің тарихшы ғалымдары, академик Хангелді Әбжанов төрағалық ететін «Әділет» қоғамы мен профессор Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» қоры (баспасы) аштық құрбандарын анықтап, тізімдеу жұмыстарын қолға алуда. Бұл шараның өте маңызды да күрделі екенін ескере отырып, осы іске бастамашы болып отырған ғалымдарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керек; 2) Қызыл әскерге ұйымдасқан түрде қарсы шығып соғысқан – ең алдымен Алаштың әскери бөлімдері. Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес сол бөлімдерде соғысқа бірнеше мың жас қазақтар, оның ішінде ұрпақ қалдырып үлгермеген мыңдаған өрімдей жас қатысып, құрбан болды. Бүгінде олардың сұрау салатын іздеушілері де жоқ. Әрине, олар әліге дейін ақталған жоқ. «Нұр Отан» фракциясындағы әріптесіміз Берік Абдығалиұлы бұл тақырыпты зерттеуді бастап кеткен де болатын. Бұл көтерілістерде құрбан болған батыр бабаларымыз бен Алаш әскерінің құрамында жүріп, жанын пида еткендердің тізімін анықтауды ресми қолға алу қажет; 3) большевиктердің репрессиясы мен аштықтан қашып, шекара асуға тырысып, бірақ қандықол қызылдардың қырғынына ұшыраған босқындардың тізімін әртүлі дереккөздерді пайдалана отырып анықтау керек; 4) 1920 – 1930 жылдары болған 360-тан астам қарулы көтеріліс пен аштық құрбандарын тізімдеу барысында олардың туыстары мен бүгінгі ұрпақтарын іздестіріп, оны жариялап және жаңалап отыру үшін арнайы ресми сайт ашып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және бұл шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыру. Мемлекеттік комиссия құрылғанына жарты жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде Комиссия немен айналысты және қандай нәтижеге қол жеткізді? Құрметті Ералы Лұқпанұлы! «Ақ жол» партиясы 2017 жылдан бастап «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Әрбір қазақстандық жанұяда аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбаны, оның суық ызғарын сезген ата-бабалары мен ұлы аналары бар екеніне ешқандай күмән жоқ. Алайда, шеру қалаларда орналасқан Құрбандар мемориалымен ғана шектеліп, әкімшілік пен полиция өкілдері шеруге келгендерді қоршап, көшелермен шеру өткізу туралы ресми өтінішіміз әкімшілік тарапынан қолдау таппай отыр. Ендеше, биыл да осы шараға санаулы уақыт қалғанын ескере келіп, осы құрбандарымызды еске алып, әруақтарына бас иіп, тағзым етуге жергілікті шенеуніктер кедергі келтірмесе екен дейміз. Біздің мақсатымыз – өткен күннен сабақ алып, тоталитаризмге әкелмейтін, ашық, адал, демократиялық қоғам құру. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары