6749 адамды Мирзоян жазықсыз ажал құштырды
2013 ж. 11 наурыз
2639
1
Қазақтың қан қақсаған қасіретті кезеңі. Кеңес Үкіметінің екпіні күшейіп, етектегі жұрттың еңку-еңку жер шалып, еңкілдей еңіреген зарлы кезі. «Бес арысқа» жазықсыз қару кезеліп, «Үш бәйтеректің» аяусыз оталған мезеті Сәуле апай үшін сирақ шапқан мезетпен тең. Өйткені дәл осы қасіретті шақта әкесі Рақым Сүгіров қызыл жендеттерінің қолынан қаза тапты. Себебі, Міржақыптың тікелей шәкірті болған Рақым өмірінің соңына дейін Алаш арыстарының идеясын жүзеге асыруға барынша атсалысқан еді. Әсіресе зобалаң жылдары ашаршылықтың ақиқатын ашуда Кеңес Үкіметінің сұрқия саясатынан ықпай, қолдан келерін жасап бақты. «Екпінді» газетін епті қылып, қазақтың қамсыз қарекет етуін қалаған Рақым Сүгіровті 1938 жылдың адырна керген жебесі де жанай өтпеді. Қараша үшін турасын айтып, қан қасапқа түскен тұлғалардың тағдыры жүрегі елім деп соққан әр қазақтың қабырғасын қайыстырды. Сол кездегі сұрқия саясаттың астарында не жатқанын зерттеп зерделеген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының байырғы мүшесі Сәуле Рақымқызымен әңгімелесудің сәтті түскен еді...
– «Әкеме «халық жауы» деген жалаң айдар тағылып, жазықсыз ату жазасына кесілгенде, небәрі 3 жаста едім. Қазақтың арыстары осылай шетінен шейіт болып жатқанда, анам Зөре шиттей баласымен боздап қалады. Әкемнің «Алаш» автономиясын жандандыруға тигізген сүбелі үлесі оның отбасымызға керісінше, қамшы болып тиді. Анам марқұм қудалауға ұшырады. Ол кезде анамның аяғы ауыр болатын. Үкіметтің құйтырқы саясаты анамның жүктілігіне қарамай, ақыры қапасқа жапты. Інім Абайды сол абақтыда босанады. Қаңтар айында анам әкеммен кездесуге рұқсат алды. Сонда анам әкемнен баланың атын кім қоямыз деп сұраған. Қыз болса, өзің білесің, ұл болса Абай деп қой деген. Одан кейін көп ұзамай 3-наурызда әкем атылу жазасына кесілді. Ал інім 9-ақпанда дүние есігін ашты. Бірақ інімнің метркесінде әкемнің аты сызылып тастапты».
– Осы оқиғадан кейін анаңыз сіздерді қалай өсірді?
– Анам жөргектегі інім мен етекке оратылған қаршадай мені қасына ертіп, бізді қиындық көрмесін перзенттерім тәуір тұрмыс кешсін деген оймен 3-ші мәрте тұрмысқа шығады. Бірақ анам жаман ауруға шалдығып 36 жасында өмірден өтеді.
– Сіз кімнің тәрбиесінде болдыңыз?
Мені нағашы әпкем тәрбиеледі. Ал інім Абай өзге орыс отбасының тәрбиесінде болды. Әкемізге жағылған қара дақ бізге де көлеңкесін түсірген. Ел ішінде әкемнің жақындарының барлығын аяусыз сабап жатқан кез болатын. Сол кездегі қатал тағдырдың таяғы маған тиіп кете ме деген үреймен мені әпкем мен жездем өздерінің тегіне ауыстырып алды. Жездемнің есімі Қарманов Ахмет болатын. Менің ата-тегім мектеп бітіргенше, Қарманова Сәуле болды. Мектепте оқып бітіргеннен кейін ғана өзімнің тегіме өттім. Әпкем мен жездемнің қолында жүргенде, еш қиындық көрмедім. Олардың балалары болмағандықтан, мені туған қыздарындай аялап-әлпештеп өсірді.
– Алаш арыстарын зерттеуді қай кезден бастадыңыз?
– Алаш арыстарын зерттеу менің ес білгелі арманым еді. Халық жауы деп бір оқтың құрбаны болған әкемнің тағдырының себебін білу болатын. Қиқар тағдыр бейкүнә бала кезімнен тұл жетімдік қамытын кигізіп еді. Сондықтан, тағдырдың арыны қатты боп, қанша адуынды болса да айтқанымнан қайтпай, ұлы мұратымды ақиқатқа айналдыруға бел буғам. Жоғарғы оқу орнына түсе салысымен әкемді ақтап алуға барынша тырыстым. КГБ-ға арыз да жаздым. Не үшін менің әкем «халық жауы» деп. Бір күні маған шақыру қағазы келді. Ол кезде институтта оқып жүрген кезім. Өзімнің қайсарлығымның арқасында ешкімнен қорықпай, КГБ-ға бардым. Олар маған шүйлігіп, «неге сен ескірген дүниені қайта көтеріп жүрсің» – деп мені жақтырмай, жекіп сөйледі. Әкемнің не себепті «халық жауы» атанғанын білгім келеді деп жауап бердім. Сол қарқынмен талай мұрағатты тауыстым, тіпті КГБ-ның тың құжаттарын сүзіп шықтым.
–Әкеңіз туралы мәліметтер таба алдыңыз ба?
–Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағатынан әкеме қатысты біраз деректі таптым. 3 - томнан тұратын көлемді құжат екен. Онда Сталин жандайшаптары әкемді Ораз Жандосовтың жеке тыңшысы, идеологиялық диверсияның негізін қалап, Кеңес Үкіметіне қарсы қитұрқы әрекеттер жоспарлаған адам деп жазылған. Қара тізімге енген 15 адамның ішінде әкем 3-ші саналыпты. Бірақ мен мұрағаттарды ақтара келе, тағылған айыптардың негізсіз екенін әшкереледім. Шындығына келсек, тыңшылық топта тек жапондық азаматтар болыпты. Олардың Алаш зиялыларына еш қатысы жоқ. Әкем сынды нақақ атылған тұлғалардың тізімін жасап, «Азалы кітап» шығардық. Сол кітаптың ішінде барлық адамның тізімі бар.
– Сол кездегі оқиғалардың орын алуына себепкер болған адамның кім екеніне көз жеткіздіңіз бе?
– Мен жақында Мирзоян туралы мәлімет алдым. Осы мәліметті президент мұрағатынан алу үшін бір апта отырып, ақыры аяғын да қол жеткіздім. Бұрын соңды мұрағат қызметкерлері ешқандай мәлімет жоқ деп шырылдаған еді. Бірақ өзімнің қайсар, қайтпас мінезімнің арқасында мына хатқа қол жеткіздім.
Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталин жолдасқа!
«Кеңестік саясатқа қарсы жасалған әрекеттердің негізінде біз бірінші деңгей бойынша 8 мың адамды, екінші деңгей бойынша да 8 мың адамды ату жазасына кесуге рұқсат алдық. Қазір бұл меже толығымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін Кеңестік ұстанымға қарсы шыққандарды түгелдей жазалауымыз керек. Арнайы ұйымдардың арқасында біз тағы 1600 адамның қитұрқы әрекетке баруға дайындалғандарын әшкереледік. Сол себепті, «Халық жауы» атанғандарды қоғамнан толығымен аластау үшін сізден бірінші деңгей бойынша тағы 600 адамды, екінші деңгей бойынша 1 мың адамды ату жазасына кесу үшін рұқсат сұраймыз. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Коммитетінің хатшысы Мирзоян» – деп қол қойып, хатты түнгі сағат 10-да жіберген. Мұны Алматыдағылардың ешқайсысы білмеген. Біз әлі күнге дейін миығынан күлген Мирзоянды қазақ қоғамында ұлықтап келеміз. Оны төбемізге көтеріп Алматының қақ ортасынан көше бердік, кей оқу орындарына оның есімі жазылған маңдайшаларды қасқайтып іліп қойдық. Ал, Мирзоян қазақтарға күле қарап, астыртын түрде Сталинге хат жіберіп, қазақ зиялыларын ату жазасына беру туралы рұқсатын алып отырған. Соның нәтижесінде Мирзоянның тікелей пәрменімен Қазақстанда 6749 адамды жазықсыз ажал құштырды. Осы оқиғалардың орын алуына Мирзоянның тікелей қатысы бар екеніне көзім жетті.
– Сәуле апай әлі де қол жеткізе алмай жүрген қандай арманыңыз бар?
–1929 жылдан 1953 жылға дейін, тұтас Кеңес Одағынан 40 миллионнан астам адам сұрқия саясаттың құрбаны болғаны баршаға мәлім. Сол бақилық болғандардың 100 мыңынан астамы қазақ азаматтары. Жалпы, саяси қуғын-сүргін жылдарында 25 мың адам атылу жазасына кесілген. Ал қалған зиялылар 20-30 жылды арқалап темір тордың арғы жағына кетті. Бұл қазақ үшін үлкен қасірет. Қазір сол зұлматтан естелік беретін «Жаңалық» қорымына қойылған жалғыз тас. Биіктігі 2 жарым метрді құрайтын ескерткіш 2004 жылы бой көтерді. Алайда Алаш үшін жанын пида қылған марқасқаларға бұл аздық етеді менің ойымша. Өмірімнің жартысын сарпы еткен «Әділет» қоғамында жүргенімде, мұнда мұражай салуды мұрат қылдым. Сол арманымды жүзеге асыру үшін тіпті арнайы қор да құрдық. Бірақ игі бастама сол күйі аяқсыз қалды. Өйткені мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеді. Жіберген ұсынысқа әлі күнге бей-жай қарап отыр. Ол жерде ескеркіштен басқа ештеңе жоқ. Сол жерді қоршап, келешек ұрпақ көретін мешіт салсақ деген арманым бар.
Тәуелсіздік алып, басқару тізгіні қазақтың өз қолына тигенде, «Алаш» арыстары ақталды. Зұлмат кезінде НКВД-ның қанды қолдарынан қаза тапқан 4121 адам Жаңалық қорымынан табылды. Мәйіттер аршып алынған жерге ескерткіш орнатылып, тағзым етілді. Мүрделерге сараптама жүргізіліп, қаза тапқандардың аты-жөндері анықталды. Кейінгі ұрпақ Кеңестік бұғауда болған бабаларының мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Дегенмен, Алаш арыстары Еуропалық саяси мәдениетті ұстанған деген әңгімелер кейінгі жылдары күрт үдеді. Бұл ең әуелі – зиялыларға қара дақ түсірудің келесі бір талпынысы іспеттес. Тоталитарлық жүйе құрбандары еліміз шын мәнінде дербес, сөз бостандығына шектеу қоймайтын, барлық саяси-қоғамдық түйткілдер демократиялық жолмен шешілуін қалады һәм Алаш идеясы да сонда жатыр. Бірақ бүгінгі Қазақстан Ресейдің 300 жылдық отарлау саясаты кесірінен санаға сіңген құлдық психологиядан әлі де арыла алмай келеді. Бәлкім сол себепті Алаш арыстары әлі күнге толық ұлықталмады. Мұндайда Әлихан мен Ахаңдардың арманы орындалды деу тым ерте. Биыл ақпанда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған «Қазақ» газетіне 100 жыл толды. Азаттық үшін шырылдаған ардақтылардың атылғанына да 76 жыл толды. Мемлекет осыны ескеріп, ақыры қаншама жылдан бері арман болып келе жатқан Алаш зиялыларына арнап мұражай салады деген үкілі үміт көпшілік көкейінде...
Алматы телеарнасы «Тағдыр мен тұлға» бағдарламасының газеттік нұсқасы.
Редакторы: Дастан Сейілханұлы
Дайындаған: Назым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ
nazym.90@mail.ru