Бүкіл ТҮРКІНІҢ қаһарманы АЛПАМЫС БАТЫР ескерткіші салынбақ

    

  Исі түркі халқы құптар ұлық шаруаны аудан әкімі қолға алды

       Бисмиллаһир Ирахманир Рахим! Қызмет бабымен өзі туып өскен жерінен жырақ жүрген ақын-жазушыларымыздың қай-қайсысы болса да, кіндік қаны тамған туған жерінен ешқашан да қол үзбеген. Мен Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының Бесарық елді мекенінде дүниеге келгендіктен де менің Жәннәтім – Жаңақорған! Сондықтан да, соңғы 35 жыл көлемінде Алматыда тұрып жатсам да, туған жерде тіршілік жасап жатқан жерлестерімнің аман -саулығына әрқашан да тілеулес болумен қатар, аудан экономикасы мен мәдениетінің  өсіп- өркендеуін қадағалап, абыройға бөленіп жүрген азаматтарын  ешқашан да  назарымнан тыс қалдырмауға тырысамын... Өткен жазда ауданға жаңа әкім тағайындалғанын естіген  соң,  арнайы ат басын бұруға тура келді.  Жеңіл машинамен бара жатып байқағаным, аудан орталығына соңғы жылдары аз-кем жанды өзгеріс еніп қалыпты. Темір жолдың екі бетіне ғана шоғырланған елді мекен Қаратау етегіне қарай тәп-тәуір кереге жайыпты.  Бұрынғы біз тұрған кезде Аманкелді Иманов, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы көшелер біріктіріліп, орталықты Батыс Қытай – Батыс Европа трассасымен байланыстырар Хорасан Ата даңғылы атаныпты. Баяғы бала кезімізде жаттап өскен «Алпамыс батыр» жырындағы Хорасан әулие - Әбдіжалил Баб. Ішім жылып қалды... Жаңадан келген әкім Сұлтанбек Тәуіпбаев көрші  Сырдария ауданына әкім болып  істеп жүрген жерінен ауысып келген тәжірибиелі азамат болып шықты. Әңгімесін ықыластана айтумен бірге, өзгенің әңгімесін де зейін қоя тыңдай біледі екен. Әсіресе Жаңақорған тарихы жайлы әңгімеге ерекше ықыласты көрінді. Кездесу барысында туған елді-мекеніңе орай; -Шаруа айтыңыз, қандай тілектер бар?- дегенде, аздап ашылуға тура келді; - Сәке, ауданның жер қойнауындағы қазына байлығымен өзің де танысып үлгерген шығарсың. Толық игерілсе Хорасан мен Шалқия кенішінің байлығы бір аудан ғана емес, бүкіл облыс экономикасын күрт көтеріп жіберер өндіріс көзі  ғой... Өзіңіз сұраған соң менің айтқым келіп отырған жайт,  аудан орталығындағы үлкен көшені Хорасан Ата даңғылы деп дұрыс атаған екенсіздер. Тегін адам ел аузында әулие атанбайды... Бірақ, қасиетінен айналайын, сол  Хорасан әулие  бабамыздың аты бүгінге дейін ұмытылмай жетуі «Алпамыс батыр» эпостық жырындағы  Байбөрі бабамыз бен Аналық анамыздың; Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып. Қабыл болған тілегі, Жарылғандай жүрегі – деген өлең жолдарымен бүгінге жетіп отырған жоқ па?! Хорасанды ұмытпаған ел Алпамыс батырын да ұмытпағаны жөн ғой деп едім, сөзіме шап беріп жабысып; - Сол батыр бабамызға өзбек ағайындар көбірек егелік жасап жүр ғой, жазып-сызатын ағайындар соны қазақ етіп берсеңіздерші? – деп қалды. Несін жасырамыз, әкім мырза дұрыс айтады, екі ел ғалымдары көкпар етіп тартып жүрген даулы мәселе ғой бұл. Дегенмен, сол жеде жеңерақыға тағы да жырды алға тартуға тура келген:       - Бұрынғы өткен заманда,       Дін мұсылман аманда.       Жиделі Байсын жерінде,       Қоңыраттың елінде       Байбөрі деген бай бопты... –   деп жырдың өзі айтып тұрған жоқ па?..  Өзіңіз де білетін шығарсыз, өзбек ағайындарда ру жоқ. Жиделі Байсын - кезінде қоңыраттардың мекен еткен жері. Сол кездегі Хиуа мен Қоқан хандығын қоңыраттар билеген.  Қолдағы қоңырат шежіресінде қоңыраттың 30 ұлы, 2 құлы болған. Қазір осы 32 ұлдан екі ұл ұрпақтары ғана еліміздің оңтүстік аймағын  мекен етсе, қалған 30 ұлдың ұрпақтары сол өзбек еліне, арысы Түркияға, берісі ауған, қарақалпақ пен қырғыздарға сіңісіп кеткен деп білгенімді жеткізген болатынмын. Және әкімнің өтініші бойынша Алпамыс батырдың қазақтан шыққандығы туралы өз тарапымнан және ғалымдар тарапынан бір-екі мақала жариялатуға уәде беріп кеткен едім. Содан келе  қазақтың тарихын біршама зерттеп, шежіресін жасаған белгілі қайраткер Мұхамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан «Материалы истории киргиз-казахского» деген еңбегін іздеттім. Еңбекте Алпамыс батырды Қоңыраттың Божбан руынан шыққандығын нақтылы дәлелмен көрсетеді. Бұған қосымша белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев пен оның ұстазы В.М. Жирмунскийдің «Алпамыс батыр» туралы ғылыми еңбектерін тауып, көлемді мақала жазуға ниеттенгенмін. Пенденің дегені бола бере ме, содан аяқ астынан сырқаттанып, екі-үш операцияға түсіп, бес-алты ай ауруханадан шыға алмай, аяққа енді-енді міне бастаған жағдай бар. Мұндай жағдайда уәде қайдан орындалсын... Дегенмен, осы әңгіменің қорытындысы ма, әлде жоғары орындардан басқалай нақтылы тапсырмалар болды ма, таяуда «Егемен Қазақстан» газетінен (22.Х.2012ж) Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің қазақтың эпостық жырының бас қаһарманы, шын мәнінде қазақтың бас батыры болған Алпамыс батыр ескерткішінің эскиздік жобасына ашық конкурс жарияланғанын оқыдым. Бұл хабар - берісі қазақ, арысы исі түркі халықтары құптарлық, абырой боларлық тірлік, игі бастама. Бұлай айтып отырғаным, біздің қазақ «Алпамыс біздің батырымыз!»- деп көршілерімізбен таласқанымен, осы күнге дейін қазақ тарихында белгілі-белгісіз батырларға жарыса ескерткіш қойғандарына мәз болып келген қырсыз халық. Бас батырымыз Алпамыс батырға ескерткіш қоюды осы күнге дейін қолға алмақ түгілі, жанашырлық та танытқан емес. Әйтпесе, Алпамыстың ескерткішін Алматы мен Астанаға, тіпті осы Жаңақорған ауданы қарайтын қазақтың бұрынғы астанасы Қызылорда мен қалың қазақ қоныстанған Шымкент қаласына көтерсе артық болар ма еді? Бірақ, оны ойлап отырған үкімет  болса?!.. Осыдан соң,  исі түркі халқы қолға алар осындай игі тірлікті бір ауданның Сұлтанбек Тәуіпбаевтай әкімі қолға алып жатса, көзі қырағы, ойы салмақты, халыққа ненің керек екенін жақсы білетін  азаматтан қалай айналмассың. Әкім есімін қалай дәріптесең де жарасады емес пе?.. Бір ескерер жағдай, конкурс мерзімі өте қысқа екен, ұзағырақ болғанда, конкурсқа көбірек жобалар түсер ме еді. Тіпті халықаралық деп жариялағанда да артық болмас еді. Бұған қосымша еске алар тағы бір жайт – Гүлбаршын.    Гүлбаршын Алпамыстың жастай атастырған қалыңдығы. Менің сыншы бауырым Бақыт Сарбалаша айтсақ; «Сұлу қыз ғана емес халықтық салт дәстүрге, сертке берік, адамдық ар-намыс жолынан айнымайтын адал әйел. Нағыз қазақ қызы». Мұны айтып отырғаным осы Жаңақорған маңында, кезінде республикалық дәрежедегі тарихи ескерткіштің бірі ретінде тіркеуге алынған Көккесене шаһары тұр. Орыны Төменарық станциясның  солтүстік күншығысында 5 шақырым жерде, қазіргі Қожамберді ауылында. Бұл шаһар туралы академик Әлкей Марғұлан; «Оғыз елінің атақты бір қаласы - Баршынкент. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қаланы оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын сұлуға арналып салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді, демеке қызға арнап салды дегенді мегзейді» («Ежелгі жыр, аңыздар», 196-197 беттер. «Жазушы» баспасы, 1985 жыл) - деп жазады. Ғұлама осы қаладағы Көккесене күмбезіне Гүлбаршынның жерленгенін де ескертеді. Гүлбаршын Алпамыстың жары. Кезінде батыр бабамыз қалыңдығын осы жерден тапқан.  Осы ауданда тұрып жатқан белгілі жазушы Адырбек Сопыбеков өзінің 2008 жылы жарық көрген «Жаңақорған» атты тарихнама еңбегінде  Гүлбаршынның әкесі Қармыс байдың Жаңақорғанның түбіндегі Өзгент қаласында тіршілік еткенін жазады.Тарихи осы деректер тұрғанда Алпамыс батыр ескерткішін қолға алған азаматтар оның жары Гүлбаршын сұлуды неге ұмыт қалдырады?.. Аудан орталығындағы бір көше Алпамыс, екінші көше Гүлбаршын есімімен аталып, ол көшелер Хорасан Ата көшесінде қиылыс тауып, сол жерге жастар бас қосатын, демалатын көрікті аллея салынып жатса жарасымды -ақ көрінеді емес пе? Мұны айтып отырғаным аудан орталығында көптеген көшелерге кезінде көңіл жықпастықпен белгісіз адамдардың есімдері беріліп кеткен. Қазір Астана қаласында Сығанақ, Сауран көшелері бар. Бұл тарихи екі қаланың орыны да осы ауданда орналасқан. Астана көшелеріне қойылған осы атаулар аудан орталығындағы  көшелерге қойылып жатса, тәрбиелік мәні әлдеқайда жоғары болмас па еді. Бірақ мұндай мәселе күні бүгінге дейін  назардан тыс қалып келді. Жаңа әкім бұл мәселеге де назар аударып жатса, нұр үстіне нұр бола түсер еді. Сөз соңында айтарымыз, Жаңақорған ауданында С. Тәуіпбаевтың бастамасымен қазақтың бас батыры Алпамысқа ескерткіш салу туралы игілікті тіршілік қолға алынды. Бізден тілек – бәрімізді елеңдетіп отырған сол бастама өзінің игі жалғасын тапса екен...

                                                                    Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

                                                                    жазушы  

www.qazaquni.kz

www.qazaquni.kz  сайтының анықтамасы

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы әкімі Тәуіпбаев Сұлтанбек Тәуіпбайұлы 1956 жылы осы облыстағы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Жалағаш ауданындағы «Мырзабай» ұжымшарында жұмысшы ретінде бастаған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын бітірген соң Қазақстан мен Ресейдегі оқу орындарында оқытушылық және ғылыми қызметпен айналысқан. Техника ғылымдарының докторы, 2005-2007 жылдар аралығында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. 2003-2008 жылдары «Қызылордасушаруашылығы» МКК-ның директоры, 2008-2012 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2012 жылдан осы кезге дейін Жаңақорған ауданының әкімі лауазымында қызметін атқарып келеді.