АТАМАНДЫ АТҚАН ҚАСЫМХАННЫҢ АҚЫРЫ НЕ БОЛДЫ?
2020 ж. 15 қазан
8439
0
[caption id="attachment_152314" align="aligncenter" width="500"] "Атаманның ақыры" фильмінен кадр[/caption]
Қасымхан Шадияров-Қасымхан Чанышев туралы "Атаманның ақыры" фильмінен кейін көп жазылды. Атаманды атып өлтірген Қасымхан Чанышев емес деген пікірлер де болды. Бірақ сол операцияны басқарған Қ. Чанышев екені айдан анық. Ал атаман Дутовты нақты кім атты деген сауал жауабы бұлыңғыр. Осы операция үшін Чанышевтің орденмен және алтын сағатпен марапатталғаны да құжаттармен дәлелденген. Бірақ...
Осы деректерді жазған журналистер мен жазушылардың барлығы тек операция төңірегінде тіл безейді де, ал Чанышевтің отызыншы жылдардағы өмірі туралы үн қатпайды. Яғни бұл ол авторлар үшін де, оқырмандар үшін де белгісіз.
Сондықтан Жамбыл облысының мемлекеттік архивіндегі мына құжаттар менің сезмімді селт еткізіп, ондағы әрбір сөйлемге мұқият үңіліп қарауға мәжбүр етті.
Қасымхан Чанышевтің әйелі Гүлшара Әбдірахманқызы 1903 жылы дүниеге келіпті. Қасымхан екеуі 1919 жылдан 1932 жылға дейін бірге өмір сүрген. Бірақ...
Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысып, ақ гвардияшылардың атамандары Сидоров (бұл туралы да онша айтылмайды) пен Дутовты өлтіру туралы аса маңызды тапсырманы мүлтіксіз орындаған Қасымхан Чанышев Қырғыз елінің Ош облысындағы "Интранспорт" мекемесінің директоры қызметін атқарып жүріп, 1932 жылы тұтқынға алынады да түрмеде ажал табады.
Қалай өлді? Кісі қолынан қаза тапты ма? Әлде ауру түбіне жетті ме? Жұмбақ. Әйтеуір Ош түрмесінде өлгені анық.
Кейін, яғни 1962 жылы Қ. Чанышевтің әлгі қылмыстық іске қатысы жоқ екені анықталып, сот арқылы ақталады. Осыдан кейін Кеңес өкіметі "ұялған тек тұрмас" дегендей, Қ. Чанышевтің әйеліне дербес пенсия тағайындайды. Оны да тағайындамас па еді, Г. Чанышева тиісті мекемелерге хат жазып жүріп, күйеуінің ақталғаны жөнінде анықтамаға қол жеткізеді.
Міне, "қызылдар" саясатының ащы шындығы: әуелі киллер ретінде пайдаланды, марапаттайды, сосын күндердің күнінде батыры мен бағыланының көзін жоқ қыла салады.
Көсемәлі Сәттібайұлы,
Қазақ үні