Ресей емес, Қазақ үкіметіне неге орысша сауал жасайды Парламент?

Депутаттар мәселені қазақша көтеруге арлана ма?

 Астана. 7 ақпан. Baq.kz Бесінші шақырылған Парламентте тілге қа­тыс­ты әңгіме кеше та­ғы қоздады. Алайда Мәжіліс мінберіндегі мемлекеттік тіл мәр­те­­бесі бұл жолы да бая­ғы әңгіме күйінде. «Ау­да­рамыз-төңкереміз» делінген тіл туралы заң­­ның өзгерістері был­тыр­­ғы жылы тауы шағы­лып, бүктемеге қайта лақтырылғаны есте.
Ал заң түзелмей мін түзел­мейтініне бұған дейін талай көз жетпеді ме? Дегенмен Мәжілістегі мем­лекеттік тілдің мә­се­­лесін сол баяғы жа­на­­­шыр Розақұл мырза Ха­л­мұрадов тағы көтеріп, әріп­тестеріне үндеу тастады. Мәжілістің мінберінде мемлекеттік тілдің мерейі үстем болмай тұрып, басқа жерде оның елдік мәртебесі туралы дәріптеудің реті жоқтығын бұған дейін де айтқанбыз. Дегенмен заң шығарушы билікте тілге қатысты түк ай­тыл­мады деу әбестік. Арыға бармай-ақ, былтырғы шақы­ры­лым­дарда Мәжілісте мемлекеттік тіл мәртебесі туралы де­пу­таттар әңгіме деңгейінде біршама іс тындырып тас­таған-ды. Мәселен, қазақтың тіліне қайғыратын Розақұл Хал­мұрадов орысша көсілетіндерді «өз тіліңді неге мен­сін­бейсің?» деп тыйып тастайтын. Алдан Смайылдың тіл ту­ра­лы: «Туған тілге ынта оянған тұста, қазақ тілінің шын мәнінде мем­­лекеттік мәртебеге ие болуын бүкіл ел болып тілеп отыр­ған шақта Парламент Мәжілісінің ана тілінде сөйлеуі ма­­ңызды. Рухың төрде бол­маса – иманың кенде болар, тілің өрде бол­маса – намысың жерде болар, қазақтың тілі азат болмағы да, мазақ болмағы да – халық қа­лау­лы­ла­ры­нан. Ендеше, Мәжілісте мемле­кет­тік тіл абыройлы бол­маса, ана тіліміз қай жерде ардақты болады?» дегені де есі­мізде. Дәл осы екі депутат қазақ тілінің құқығы мен мәр­тебесіне күні бүгінге дейін қайғырып келеді. Алайда Мә­жі­ліс­те ресми тіл әлі үстем, мемлекеттік тіл жайы әлі де мүш­­кіл. Бір сөзбен айтқанда, «баяғы жартас сол жартас» не­­месе «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» де­геннің кебі. Дегенмен Ассамблеядан сайланған депутат Розақұл Халмұрадов тілге қатысты түйткілдерді әріптестері алдында ақтарудан әлі де «қартаймапты» (қартаймасын деп тілеңіз – автор). Басқа мәжілісмендер биліктің басқа тармақтарына орыс тілінде сауалдарды бұрқыратып жатқанына бас шайқаған Розақұл Сатыбалдыұлы кешегі отырыста депу­тат­тық сауалды басқаға емес, сол депутаттардың өздеріне жол­дады. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Жолдауында мемлекеттік тілге бай­ла­нысты: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, ті­ліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық ор­нын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзі­мізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүд­деге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қам­шы­лауы тиіс...   Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сон­дықтан оған бейжай қарамайық» деп айтқан болатын. Ал біз, халық қалау­лы­лары, бұған қалай қарап жатырмыз? Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналуы үшін қандай үлес қосып жатырмыз? Бұл сұрақтың жауабын өздеріңіз өздеріңізге бе­ріп жатырсыздар», – деп бастады аға­лық назын Розақұл Сатыбалдыұлы. Сөйт­сек, Парламенттегі ақсақал Халмұ­радов 2007 жылдан бері Мәжілістің жалпы оты­рыс­тарында депутаттық сауалдар қай тілде жарияланатынын зерттеумен айна­лысып келіпті. Мұнда да қалаулымыз басқасына емес, ұлты қазақ депутаттардың орысшасы мен қазақшасын нысанаға алғаны бай­қа­лады. Мәселен, оның айтуына қарағанда, төр­тінші сайланған Мәжілісте депутаттық сауалдардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде жарияланған екен. Ал қазіргі бесінші сайланған Мәжілістің өткен бір жылы ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланса, соның 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде жарияланыпты. «Мен бұл туралы, мүмкін, жария түрде айтпас та едім. Бірақ 30 қаңтардағы жалпы отырыста жарияланған депутаттық сауалдар мені осы­ған мәжбүр етті. Сол отырыста 11 қа­зақ әріптесімнің 9-ы өздерінің депутаттық сауалын орыс тілінде, екеуі ғана қазақ ті­лінде жариялады. Бұл – Елбасының Жол­дауын өңірлерге барып, халыққа наси­хаттап қайтқаннан кейін болып отырған жағдай», – деп түйіндеді сөзін Розақұл Халмұрадов. Сосын депутат: «Кейбір әріптестерім біз қай тілде сөйлегенімізде не шаруаң бар деп те айтатын шығар. Ол рас, менің шаруам емес. Дегенмен мұны біреуді сынау үшін емес, өзімнің азаматтық борышым деп санағандықтан, жүрегімнің ауырғанынан айтып отырмын», – деп қынжылды. Бұдан әрі ол Тәуелсіздіктен бері мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалғанын айтып, қазіргі күні қа­зақ­шаға ұмтылып жүрген басқа ұлт өкіл­дерін, оның ішінде Сергей Дьяченко, Вик­тор Рогалев, Виктор Киянский, Егор Кап­пель секілді мәжілісмендердің әрекетін құптап, «кейбір қазақ бауырларының қа­зақ­ша сөйлемейтініне» қайғырды. «Қа­рапайым халық барлық мәселеде Пар­ламентке қарайды. Себебі бізді солар сайлады. «Парламент қай тілде сөйлейді?», «Парламенттің қазақшасы қандай?» деген сияқты мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында басылып, хаттар келіп жа­тады. Оңтүстік өңірде іссапармен болып қайт­қан бір топ депутат мұны өз көзімен көріп, құлағымен естіп қайтты. Сайлау­шы­ларымыз елімізде қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық төрден орын алуында өздері сайлаған депутат­тардың алдыңғы қатарда болуларын қалайды. Осы сенімге лайық болып, өзге тілдің бәрін білейік, өзіміздің мемлекеттік тілімізді құрметтейік. Ел­басымыз айтқандай, Қазақстанның бо­ла­шағы қазақ тілінде екендігін ұмыт­пайық, ағайын», – деп аяқтады депутаттарға арналған депутаттық сауалын Розақұл Халмұрадов мырза. Үкімет Ресейдікі емес, қазақтікі Шындығында, тіл турасындағы осыдан бес жыл емес, 10 жыл, тіпті 20 жыл бұрын айтылған әңгіменің бәрі «көш жүре түзеледі» дегенге итеріліп келіп еді. Сол көш әлі түзелген емес. Басқасын қойып, Елбасы неше мәрте қайталаған «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағиданың орындалуы нешік? Ендеше, биліктің бір бұтағы сана­латын Парламентте мемлекеттің сипатынан сана­латын мемлекеттік тіл мүшкілдік көрмеуі керек еді. Ал депутат Розақұл Халмұрадовтың көтергені мәселенің бергі жағы ғана деп біліңіз. Әйтпесе сауал­дар­дың ресми сипатына қарағанда, депутаттар үшін «орыстың тілі өтімді, қа­зақтың тілі жарамсыз» болып тұрғаны байқалады. Со­нымен қатар сауалдың басым бөлігі Үкі­метке қаратып жолдана­тын­дықтан, «Үкі­мет түсінсе болды» деген ниет дейін десең, оған да келісіңкіремейді. Өйткені біздің Үкімет айдаладағы Ресейдің үкіметі емес, Тәуелсіз Қазақстанның Үкіметі. Сонда депутаттар мәселе кө­тер­се, тек орыстілді орта үшін, орыс баспасөзі үшін көтеріп, сол арқылы тек орыстілділерге көріну һәм жа­ғыну үшін сауал жасай ма деген ойға да қаласың. Бұрынырақта «бәріне түсінікті бо­луы үшін» дегенді желеу етіп, орысша сөз саптайтындарға күйінуші едік. Ендігі күні ілеспе аудармасы әбден жетілген Пар­ламент мінберіндегі мемлекеттік тілге мен­сін­бей қараушылықты қалай бағаласақ бола­ды? Оған жауап та сол жұрт сайлаған Парламенттегілердің еншісінде болсын. Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана Алаш айнасы www.qazaquni.kz *Тақырып өзгертілді