Ресей емес, Қазақ үкіметіне неге орысша сауал жасайды Парламент?
2013 ж. 07 ақпан
2201
4
Депутаттар мәселені қазақша көтеруге арлана ма?
Астана. 7 ақпан. Baq.kz Бесінші шақырылған Парламентте тілге қатысты әңгіме кеше тағы қоздады. Алайда Мәжіліс мінберіндегі мемлекеттік тіл мәртебесі бұл жолы да баяғы әңгіме күйінде. «Аударамыз-төңкереміз» делінген тіл туралы заңның өзгерістері былтырғы жылы тауы шағылып, бүктемеге қайта лақтырылғаны есте.
Ал заң түзелмей мін түзелмейтініне бұған дейін талай көз жетпеді ме? Дегенмен Мәжілістегі мемлекеттік тілдің мәселесін сол баяғы жанашыр Розақұл мырза Халмұрадов тағы көтеріп, әріптестеріне үндеу тастады.
Мәжілістің мінберінде мемлекеттік тілдің мерейі үстем болмай тұрып, басқа жерде оның елдік мәртебесі туралы дәріптеудің реті жоқтығын бұған дейін де айтқанбыз. Дегенмен заң шығарушы билікте тілге қатысты түк айтылмады деу әбестік. Арыға бармай-ақ, былтырғы шақырылымдарда Мәжілісте мемлекеттік тіл мәртебесі туралы депутаттар әңгіме деңгейінде біршама іс тындырып тастаған-ды. Мәселен, қазақтың тіліне қайғыратын Розақұл Халмұрадов орысша көсілетіндерді «өз тіліңді неге менсінбейсің?» деп тыйып тастайтын. Алдан Смайылдың тіл туралы: «Туған тілге ынта оянған тұста, қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік мәртебеге ие болуын бүкіл ел болып тілеп отырған шақта Парламент Мәжілісінің ана тілінде сөйлеуі маңызды. Рухың төрде болмаса – иманың кенде болар, тілің өрде болмаса – намысың жерде болар, қазақтың тілі азат болмағы да, мазақ болмағы да – халық қалаулыларынан. Ендеше, Мәжілісте мемлекеттік тіл абыройлы болмаса, ана тіліміз қай жерде ардақты болады?» дегені де есімізде. Дәл осы екі депутат қазақ тілінің құқығы мен мәртебесіне күні бүгінге дейін қайғырып келеді. Алайда Мәжілісте ресми тіл әлі үстем, мемлекеттік тіл жайы әлі де мүшкіл. Бір сөзбен айтқанда, «баяғы жартас сол жартас» немесе «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегеннің кебі.
Дегенмен Ассамблеядан сайланған депутат Розақұл Халмұрадов тілге қатысты түйткілдерді әріптестері алдында ақтарудан әлі де «қартаймапты» (қартаймасын деп тілеңіз – автор). Басқа мәжілісмендер биліктің басқа тармақтарына орыс тілінде сауалдарды бұрқыратып жатқанына бас шайқаған Розақұл Сатыбалдыұлы кешегі отырыста депутаттық сауалды басқаға емес, сол депутаттардың өздеріне жолдады. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мемлекеттік тілге байланысты: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс...
Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық» деп айтқан болатын. Ал біз, халық қалаулылары, бұған қалай қарап жатырмыз? Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналуы үшін қандай үлес қосып жатырмыз? Бұл сұрақтың жауабын өздеріңіз өздеріңізге беріп жатырсыздар», – деп бастады ағалық назын Розақұл Сатыбалдыұлы. Сөйтсек, Парламенттегі ақсақал Халмұрадов 2007 жылдан бері Мәжілістің жалпы отырыстарында депутаттық сауалдар қай тілде жарияланатынын зерттеумен айналысып келіпті. Мұнда да қалаулымыз басқасына емес, ұлты қазақ депутаттардың орысшасы мен қазақшасын нысанаға алғаны байқалады. Мәселен, оның айтуына қарағанда, төртінші сайланған Мәжілісте депутаттық сауалдардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде жарияланған екен. Ал қазіргі бесінші сайланған Мәжілістің өткен бір жылы ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланса, соның 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде жарияланыпты. «Мен бұл туралы, мүмкін, жария түрде айтпас та едім. Бірақ 30 қаңтардағы жалпы отырыста жарияланған депутаттық сауалдар мені осыған мәжбүр етті. Сол отырыста 11 қазақ әріптесімнің 9-ы өздерінің депутаттық сауалын орыс тілінде, екеуі ғана қазақ тілінде жариялады. Бұл – Елбасының Жолдауын өңірлерге барып, халыққа насихаттап қайтқаннан кейін болып отырған жағдай», – деп түйіндеді сөзін Розақұл Халмұрадов. Сосын депутат: «Кейбір әріптестерім біз қай тілде сөйлегенімізде не шаруаң бар деп те айтатын шығар. Ол рас, менің шаруам емес. Дегенмен мұны біреуді сынау үшін емес, өзімнің азаматтық борышым деп санағандықтан, жүрегімнің ауырғанынан айтып отырмын», – деп қынжылды. Бұдан әрі ол Тәуелсіздіктен бері мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалғанын айтып, қазіргі күні қазақшаға ұмтылып жүрген басқа ұлт өкілдерін, оның ішінде Сергей Дьяченко, Виктор Рогалев, Виктор Киянский, Егор Каппель секілді мәжілісмендердің әрекетін құптап, «кейбір қазақ бауырларының қазақша сөйлемейтініне» қайғырды. «Қарапайым халық барлық мәселеде Парламентке қарайды. Себебі бізді солар сайлады. «Парламент қай тілде сөйлейді?», «Парламенттің қазақшасы қандай?» деген сияқты мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында басылып, хаттар келіп жатады. Оңтүстік өңірде іссапармен болып қайтқан бір топ депутат мұны өз көзімен көріп, құлағымен естіп қайтты. Сайлаушыларымыз елімізде қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық төрден орын алуында өздері сайлаған депутаттардың алдыңғы қатарда болуларын қалайды. Осы сенімге лайық болып, өзге тілдің бәрін білейік, өзіміздің мемлекеттік тілімізді құрметтейік. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екендігін ұмытпайық, ағайын», – деп аяқтады депутаттарға арналған депутаттық сауалын Розақұл Халмұрадов мырза.
Үкімет Ресейдікі емес, қазақтікі
Шындығында, тіл турасындағы осыдан бес жыл емес, 10 жыл, тіпті 20 жыл бұрын айтылған әңгіменің бәрі «көш жүре түзеледі» дегенге итеріліп келіп еді. Сол көш әлі түзелген емес. Басқасын қойып, Елбасы неше мәрте қайталаған «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағиданың орындалуы нешік? Ендеше, биліктің бір бұтағы саналатын Парламентте мемлекеттің сипатынан саналатын мемлекеттік тіл мүшкілдік көрмеуі керек еді. Ал депутат Розақұл Халмұрадовтың көтергені мәселенің бергі жағы ғана деп біліңіз. Әйтпесе сауалдардың ресми сипатына қарағанда, депутаттар үшін «орыстың тілі өтімді, қазақтың тілі жарамсыз» болып тұрғаны байқалады. Сонымен қатар сауалдың басым бөлігі Үкіметке қаратып жолданатындықтан, «Үкімет түсінсе болды» деген ниет дейін десең, оған да келісіңкіремейді. Өйткені біздің Үкімет айдаладағы Ресейдің үкіметі емес, Тәуелсіз Қазақстанның Үкіметі. Сонда депутаттар мәселе көтерсе, тек орыстілді орта үшін, орыс баспасөзі үшін көтеріп, сол арқылы тек орыстілділерге көріну һәм жағыну үшін сауал жасай ма деген ойға да қаласың. Бұрынырақта «бәріне түсінікті болуы үшін» дегенді желеу етіп, орысша сөз саптайтындарға күйінуші едік. Ендігі күні ілеспе аудармасы әбден жетілген Парламент мінберіндегі мемлекеттік тілге менсінбей қараушылықты қалай бағаласақ болады? Оған жауап та сол жұрт сайлаған Парламенттегілердің еншісінде болсын.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
Алаш айнасы
www.qazaquni.kz
*Тақырып өзгертілді