Зерделі ұлт қалыптастыруда маңызды қадам жасалуы қажет
2013 ж. 01 ақпан
2792
2
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
С.Н. Ахметовке
Қазақстан Республикасының
Мәдинет және ақпарат министрі
М.А. Құл-Мұхамедке
Көшірмесі: Облыс әкімдері, Министрлер,
Агенттік төрағалары, Ұлттық компаниялардың
Президенттері, ректорлар мен
банктердің төрағаларына
Құрметті Серік Нығметұлы!
Құрметті Мұхтар Абрарұлы!
Өздеріңізге белгілі, «Президент және халық» газеті (14.09.2012 ж.) және басқа басылымдарда саяси партиялар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары, ғылыми және қоғамдық қауымдастықтар қол қойған мемлекеттік тіл мен адам капиталын дамытып, қоғамды модернизациялау арқылы интеллектуальдық ұлт қалыптастыру жөнінде Ашық хат жарияланған еді. Елбасының жолдауларына негізделген бұл ашық хатқа қол қоюшылардан құрылған Ұйымдастыру алқасы (ҰА) өткізіп жатқан мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына енгізу акциясы атқарушы органдар мен қоғамда қолдау табуда.
Үкіметтің ресми шараларының мемлекеттік тілде жүретін болып шешім қабылдауы қоғамда қолдау тауып, мемлекеттік институттарды дамытудағы нақты қадам болды.
Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласына енгенге дейін жүретін бұл шараның алдын-ала қорытындысы төмендегідей:
1. ІІМ, Қаржы және Тотенше жағдайлар министрліктерінде, «Қазатомпром» АҚ, Қостанай облысында, банктерде және кейбір университеттерде мемлекеттік тілді дамытуға жете көңіл бөлінбей келеді;
2. Атқарушы органдар, Ұлттық компаниялар мен банктердегі мемлекеттік тілді меңгермеген, білім, қаржы және тілдерді дамыту салаларындағы басшылардың өздері елдегі реформаларды жүргізуге кедергі болғандықтан, оларды білікті және іскер мамандармен ауыстыру қажет;
3. Мемлекеттік мекемелер мен ұлттык компаниялардағы тілдерді дамыту басқармаларында негізсіз қысқарылған орындарды қалпына келтіріп, олардың құқықтарын кеңейту қажет;
4. Тұрғындарды қамту Орталықтары, Салык комитеті, ІІМ бөлімдері, банктер мен жергілікті атқарушы мекемелерден шығатын бланктер, ісқағаз, хаттар, арыздардың т.б. мемлекеттік тілде болуы толық қамтамасыз етілмей отыр;
5. Мемлекеттік тілдің елдегі ақпарат саласындағы үлесі небәрі 12-15%, БАҚ-ндағы – 15-18%, кітап шығарудағы – 8-10%, телеарналардағы – 10-12%...! Бұл, мемлекеттік институттардың дамуына және ресми шаралардың жүруіне кедергі болуда. Мысалы, бізде көрсететін Ресейдің 40-тан астам спутниктік телеарнасының қазақстандықтар үшін қажеттілігі 0,02%-ден (Бийск, Ненецк т.б.) 4-5%-ға дейін. Сол каналдардың көпшілігін ресейдің губернияларында да қарамайды. Олардың орнына қоғамға қажеттілігі 50-80% облыстардағы телеарналарды көрсетуге құзырлы органдар кедергі болуда. Көрші достас елдердің арасындағы ақпараттық, экономикалық т.б. қатынастар екі жаққа да тиімді, тең паритетті болуы керек. Ресей де біздің телеарналарды сонда тұратын қазақтарға ана тілдерінде көрсетіп, қазақ газеттерін таратуға неге жағдай жасамайды?! Әлде бұл мәселені шешпей отырған өзіміз бе?! Қазақстанда шығатын ресей газеттерін бюджеттен яғни азаматтардың есебінен қаржыландыруды заңсыз деп танып, оны жақын арада тоқтату қажет деп санаймыз. Себебі, Президент жолдаулары мен Үкімет бағдарламаларының орындалуының 25-30%-дан аспауы осындай солақай саясаттың салдарынан;
6. Біздегі оқу орындарының жартысына жуығы орыс тілінде білім береді және Ресейдің негізгі университеттерінің филиалдары Қазақстанда жұмыс істегенімен, ол елде қазақ тілінде не бір бала-бақша, мектеп, не университет жоқ. Бұл салада біз 2010 жылдан бері Ресейдің Президенті мен Премьер-министріне хат жазып жұмыстанудамыз. Ресеймен қатар, Өзбекстан және Қытайдағы қазақ диаспораларының мәселелерін шешуде жаңа Үкімет белсенділік танытады деп сенеміз;
7. Акция барысында осы уақытқа дейін мемлекеттік тілде бір де бір монография, не оқулық шығармаған университеттердің бар екені анықталды. Болашақта ондай ЖОО жабу кажет болар.
Мемлекеттік тілге байланысты акцияның қысқаша ақпаратымен қатар, Ұйымдастыру тобының келісуімен дайындалған «Мәдениетті өркендетіп, мемлекеттік тілді қоғамға енгізу және адам капиталын дамыту» Бағдарламасын ұсынып отырмыз. :
1. Мәдениетті өркендетіп, мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына енгізу:Бұл бағыт бойынша 2012-2020 жылдары өткізілетін шаралар:
1.1. 2012 жылы 23 қыркүйектен басталған «Мемлекеттік тілді қоғамның барлық салаларына енгізу акциясының» мақсаты мемлекеттік органдар мен оқу орындарында ресми шаралардың (жиналыстар, ісқағаздар т.б.) мемлекеттік тілде жүруіне қол жеткізу. Акцияға Ұйымдастыру алқасы (ҰА), әкімшіліктер, министрліктер мен агенттіктер, Ұлттық компаниялар мен оқу орындары (бала-бақшалар, мектептер, колледждер, ЖОО) қатысады. Акция өз мақсатын толық атқарғанға дейін жүреді;
1.2.«Қазақстан-2050» жолдауындағы латын алфавитіне көшу Қазақстанның түркі және батыс өркениетіне жақындауын тездетеді. Қазақстанда 1928-1938 жылдары латын алфавитін қолданып, оны пайдаланудың ғылыми негіздері қаланып, оқулықтар жазылған. Сондықтан, оған көшуді 2013 жылы бастауға болады және оны биыл 1-ші сыныптан бастаған оқушылар 2025 жылы мектеп бітіргенде латынга көшіп шығады. Бұл дайындық кезеңде латынға өткен білім саласы жолдауда көрсеткендей 2025 жылы көштің басында болады (Бұл шара Үкіметке ұсыныс ретінде берілді).
1.3. «Медиатекауыл» акциясы 2013-2015 жылдары тұрғындарының саны екі мыңнан астам ірі ауылдар мен аудан орталықтарында, 2015-2016 жылдары қалған ауыл-селоларда кітап дүкендері, кітапханалар, интернет-кафелер және кинозалдар ашу. Сонымен қатар қаржы институттарының (банктер, қорлар, несие серіктестіктері т.б.) ауылдық жерлерде филиалдары мен өкілдіктерін ашып, тұрғындарға мемлекеттен 5-7 жылға дейін пайыссыз және банктерден жылына бес пайызға дейінгі несие беруді шешу. Ауыл тұрғындарын төлем карталарымен қамтамасыз ету
1.4. 2013-2017 жылдары Білім және ғылым министрлігімен бірге республиканың барлық оқу орындарына (мектеп, колледж, ЖОО) қашықтықтан оқытуды толық енгізу;
1.5. Ата-аналар мен оқу орындары арасындағы тұрақты байланыс орнатып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы аясын кеңейту, суицид-нашақорлық т.б. күресті күшейту, оқу бітіргендер арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында құзырлы органдармен бірге әрбір оқу орнында тұрақты жұмыс жасайтын «Парасат» қоғамдық университетін құру;
1.6. 2013-2015 жылдары Ұлттық және елдегі шетелдік компаниялар мен колледж-университеттер арасында студенттердің тәжірибеден өтіп жұмысқа орналасуларын қамтамасыз ететін келісімшарттарға қол жеткізу;
Осы бағытта 10-12 түрлі шаралар өткізу көзделген
1.7.Бағдарлама аясында 2013-2025 жж. кітап-жорналдар шығарып, сайттар ашу:
а). 800 том энциклопедия (әр сала бойынша 15-20 томнан, әр облыста 5-6 томнан),
ә). 500 том сөздіктер (әр сала бойынша 12-15 томнан). Энциклопедиялар мен сөздіктердің алдыңғы нұсқаларын дайындауға әкімшілік, министрлік, агенттік, ұлттық компаниялар және құқық саласында істейтін барлық қызметкерлердің қатысуын қамтамасыз ету зерделі ұлт қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ;
б). 500 том отандық және әлем балалар әдебиеті мен ертегілер,
в). 800 том Қазақстанда тұратын диаспоралардың тілдерінен қазақшаға аударылған, немесе сол тілдерде шыққан мәдениеттің негізгі салаларын қамтитын шығармалар,
г). 500 том әлем әдебиетінің үздік туындылары (оныңішінде 200 том түркі халықтарының әдебиеті),
д). 400 том ғылым, техника, қаржы, экономика т.б. салалардағы үздік еңбектерді қазақ тіліне аударып шығару және,
е).сол салалардағы “Nature”, “SсentificAmeriсan” т.б. 25-30 жорналды мемлекеттік тілде шығару.
ж). «Адам капиталы», «Қазақстан экономикасы», «Өркениет», «Зерде», «Мемлекеттік институттарды дамыту» т.б. 18-20 жорнал шығару.
1.8. а). Францияның кино Академиясымен бірігіп 28-30 деректі,документальды және көркемфильмдер шығару;
ә). 55-60 мультфильм шығару.
1.9. Демеушілерге салықтан жеңілдік беретін заң дайындап, парламентте қабылдауға қол жеткізу.
*Бағдарлама негізінен бюджеттен тыс қаржы есебіне атқарылады. Министрліктер, әкімдіктер, Агенттіктер мен Ұлттық компаниялар өз салалары бойынша шығатын энциклопедиялар, сөздіктер және жорналдарды қаржыландырады. Балалар әдебиеті, елдегі диаспоралардың кітаптарын, фильмдерді т.б. шығару кәсіпкерлер ұйымдастырған қор мен шетелдік компанияларға жүктеледі.
2. Адам капиталын дамыту:
2.1. Адам капиталын дамыту механизмін дайындап (2013-2016 жж.) қоғамға енгізуге және Экономиканы басқарудың қазақстандық моделі әзірлеуге (2016-2017жж.) министрліктер, Ұлттық ғылым Академиялары, университеттер мен ғылыми зерттеу институттары, және шетелдік ғалымдар мен компаниялардың қатысуымен «Халықаралық адам институты» ЖШС жүргізеді.
2.2. Отандық (оның ішінде салалық) БАҚ-нда адам ресурстары рубрикаларын ашып сараптама мақалалар дайындау;
2.3. Атқарушы органдар және Ұлттық компанияларда адам ресурстары басқарма- департаменттерін ашып, елдің постиндустриальдық қоғамға өтіп зерделі ұлт қалыптасуына қажетті шараларды іске асыру (2018-2025жж.).
Бағдарлама Президенттің жолдаулары мен елде жүріп жатқан реформаларға сай және оларды іске асыру механизмдерімен толықтыру мақсатында қосымша атқарылатын істер болып табылады.
Дамыған елдердегі университет, музей, кітапхана, қорлардың... негізгі бөлігі жеке демеуші-меценаттардың қаржыларына салынған. Ондай демеушілерге салықтық жеңілдіктер беріледі. Сондықтан бізге де үш жыл демеушілік жасаған меценаттарға салықтық жеңілдіктер жасауды заңдастыру арқылы өркениет жолына түсу мәселесі осы Бағдарламада қаралған. Оны шешу үшін мемлекет пен қоғам кәсіпкерліктің дамуына, ал кәсіпкерлер елдің дамуына яғни қоғамдағы барлық позитивті күштер бір мақсатқа бірігіп жұмылуы қажет.Сонда ғана қоғамды толық модернизациялап, алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтерілуге болады.
Ұйымдастыру алқасы атынан
Халықаралық Адам институтының президенті : Жанұзақ Әкім. ; ;
Адресіміз: 050008, Алматы қ-сы,
Жандосов к-сі, 1/1 үй, офис 402
Тел./факс: +(727) 2931588, 2502355
www.qazaquni.kz