Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ: "ҚАЗАҚ" газеті қалғыған ел рухын оятты
2013 ж. 28 қаңтар
5192
0
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, "ҚАЗАҚ" газетінің Бас редакторы:
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ҚАЛҒЫҒАН ЕЛ РУХЫН ОЯТТЫ
– 2013 жылдың 2 ақпаны – бұл күн қазақ қауымы үшін аса айтулы күн, қазақ баспасөз тарихының соқталы да ноқталы күні! Өзіңіз басқарып отырған "ҚАЗАҚ" газетіне 100 жыл! Құтты болсын аға! – Бұл күн – аса елеулі күн! Әсіресе қазақ қауымы үшін – қазақ баспасөзін құрметтер ел үшін аса қымбат күн. Себебі белгілі. Сонау қадым заманнан, бергісі өткен қазақ дәуіріндегі үш жүз жыл бойы бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан дербес мемлекетін орнатып, айналасы жиырма шақты жылдың ішінде бүкіл төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді десек, сол ұлы күш осы – ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген азаттық рухы емес пе. Сонау көк түріктер заманында айбынымен жарты әлемді ықтырған жауынгер жұрттың тікелей мұрагерлері кейін адамзат көшінің соңына сырғып, бодандық қамытын мойнына киеді деп кім ойлаған? Бұл, бәлкім, кезінде ертеңгі болашағын парасатпен бағамдай алмай, қатерлі жерде қауіпсіз отырған, өзге жұрт жаппай меңгеріп жатқан жаңалық атаулыны көзіне ілмей астамсыған тәкаппарлығымыздың жазасы. Бұл, бәлкім, адамзат дамуының ұлан-асыр дамуының өн бойында көшбасшылық тізгінін алма-кезек қолына алған халықтарды дүркін-дүркін сынға салып, ділі мен тілінің, рухы мен төзімнің беріктігін тексеріп отыратын тарих заңы. Жасырмайық, бұл – Ұлы Абай айтқандай «Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп», жат жұрттың қабағына жалтақтаған үш ғасыр бойғы тәуелділік халқымыздың бірнеше буын ұрпағының бойындағы елдік, отаншылдық, ұлтжандылық рухын езіп-жаншып, дүниетанымымыз бен ділімізді әр түрлі қитұрқы идеологиялық қисындар қалыбына салуға тырысып баққан өктемділіктен көрген зардап. Бірақ әуелдегі халық көкірегіндегі арманы елдігін қайта орнатсақ деген үміт ұшқыны ауық-ауық қоздап жанып, лап етіп белгі беріп қалатын. Ұшқын тұтанды. Осы тұста түпкірлі ой, негізгі нысана, халық рухын оятудың көзі – ел арасына ресми түрде кең тарай алатын, басқа елдердегідей ұлттық идеяны насихаттауға қол жеткізетін басты құрал газет ұйымдастыру керек еді. Міне, «ҚАЗАҚ» газеті осы мақсаттан туды. Бірақ, сол замандағы қалыптасқан ахуал тұрғысынан бағаласақ, отарлық езгідегі елде, отаршылардың көз алдында, жария түрде тәуелсіздік идеясын насихаттайтын газетті шығару үлкен жұмыс болатын. Қазақ зиялылары нартәуекелге барды және қандай талаппен! Талап нақты істі лаулата жандырды. Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш арыстары жұмыла кірісіп «ҚАЗАҚ» газетін шығарды. Осылайша әуел бастан-ақ басылым өз бағдар-мұратын ұлт жолына жұмсап, барша қазақ зиялыларына тынымсыз соғылған қоңырау сынды халықтың қалғи бастаған рухын оятып, мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай білді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым: ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының ұйымдасуына ұйтқы болды. Заман аударылып-төңкеріле бастаған тұста Қазақ елін аласапыраннан аман-есен алып шығып, автономиялық мемлекет мәртебесіне жеткізуді мұрат тұтқан Алашорда үкіметінің үні болған да осы газет. – Қоғабай аға, осы тұста тарихқа көз жүгіртпей бүгінгіні сөз еткеніміз әбестік болар. Сондықтан, егемен елде әрбір қазақтың серігіне айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны турасында айтып берсеңіз... – Осы ретте "ҚАЗАҚ"-тың алғашқы (1913 жыл, №1) санынан бір мысал келтіре кетелік: "Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады. 1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм журналдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Францияда сегіз мың, Италияда үш мың бір жүз жиырма, Россияда екі мың елу сегіз екен. Ең білімді, һәм өнерлі халық Америка, сол Америкада газет пен журнал бәрінен де көп. Америкада «Сон» деген газеттің үйі отыз екі қабат, биіктігі алпыс бір сажен. Ондай үйдің бағасы әлденеше миллион боларға керек? Неге десеңіз, ол үй тұрған қалада үй орнының жері ғана екі-үш миллион сом тұрады. Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек нәрсе екендігін көрсетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қандастарымыздың отыз шамалы газеті-журналдары болды. Бізде біреуі де болмады. Онан бері бес жыл өтті. Бұл бес жылдың ішінде газет-журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Бізде құр алақан болғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек", – деп жазды тәу басылымның бас мақаласында шығарушы бас редактор Ахмет Байтұрсынов. Сәл-пәл шегініс жасағанға "ҚАЗАҚ" газеті әуелде 1907 жылы наурыз айында, Троицк қаласында шыққан. Бір саны шығып тоқтап қалған. Шығарушысы – Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар – Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бұл жайлардың бәрі татар зерттеушісі Рәмиевтің "Уақытылы татар матбұғаты" деген альбомында жазылған. Алайда, ұлттың бас газеті, қалың қазақ елінің айнасы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған "ҚАЗАҚ" газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. "АйҚАП" пен "Дала уалаятының газеті", "Түркістан уалаятының газеті", "Қазақстан" беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясына "ҚАЗАҚ" газетінің Орынборда 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап шыға бастағаны айтылады. Редакторы Ахмет Байтұрсынов, бастырушы "Азамат" серіктігі, Құсайынов – Кәрімов баспаханасы. Архивте газеттің екінші редакторлығына М.Дулатовты тағайындау туралы 1914 жылғы 19 мамырда Орынбор губернаторына жоғарғы баспасөз басқармасының берген бұйрығында: "Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған "ҚАЗАҚ" газетінің екінші жауапты редакторы қызметін атқаруға Торғай облысы, Сарықопа болысы, №1 ауылдың қазағы Мир-Якуп Дулатович Дулатовқа рұқсат беріледі", делінеді. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265- сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков болған. Жазықсыз жазаға ұшыраған асыл азаматтарымыздың ішінде А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың есімдерін қазір тебіренбей ауызға алу мүмкін емес. Олардың ағартушылық қызметі, ғылымдағы, әдебиеттегі аударма ісіндегі, оқу құралдары мен әдеби шығармаларды шығарысудағы және журналистикадағы зерттеушілік дарынды қызметтерін ерекше атап өтпеске болмайды. Тұңғыш журнал "АйҚАП" пен "ҚАЗАҚ" газетінің беттерінде жарияланған мақалаларын оқығанда олардың сан қырлы еңбектерінің куәсі боламыз. "ҚАЗАҚ" газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либералшыл орган, алашордашылардың рупоры ретінде, ал оның редакторлары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтарды алашордашыл "халық жауы" деп бағалап, газетте басылған халқымыздың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, экономикалық-саяси жағдайларынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдардың бетін жылы жауып қойған заман да өтті. – Газеттің қандай қиындықтармен шыққаны жұрт жадында болса керек. Дегенмен өзіңіз де аз-кем тоқталып өтсеңіз артық болмас… – "ҚАЗАҚ" газетін тексеріп, бақылауда Торғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Тунганчинге тапсырғаны туралы Орынбор генерал-губернаторы генерал-лейтенант Сухомлиновтың бұйрығы бар. Архив материалдарымен танысып отырғанда газеттің әр мақаласының қандай қиындықтармен өмірге келгенін көз алдымызға елестетуге болады. Орынбор губернаторының Ішкі істер министріне жазған қатынас қағаздарынан "ҚАЗАҚ" газетінің 1914 жылғы 78-санындағы "Алашқа" және 1914 жылғы 79-санындағы "Россиядағы ұйымшылдық" деген мақалаларда үкіметке қарсы үгіт-насихат әрекеттерінің көрініс беретіні айтылып, патша саясатына бас көтергені үшін Байтұрсыновқа екі жылға жер аударуға, ал газеттің 1914 жылғы 91-санында басылған "Бұл қалай?" деген мақала үшін (аударған Тунганчин) 50 сом айып салынғаны немесе 2 апта түрмеге жабылуға шешім қабылданғаны айтылады. 1914 жылғы 80-санында басылған "Закон жобасының баяндамасы" деген мақаласы (Тунганчиннің аудармасы) үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұрсыновқа 1500 сом айып немесе 3 ай түрмеде отыру үкімін кескен екен. А.Байтұрсыновтың Орынбор губернаторына, Ішкі істер министріне, Сенатқа жазған арыздары да осы архивте сақтаулы. Бұл арыздарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақыры Сенат Орынбор губернаторының үкімін бұзуға мәжбүр болады да "ҚАЗАҚ" газетінің редакторы – А.Байтұрсынов 1500 сом айып төлеуден босатылады. Қалай дегенмен де қазақ баспасөзі оңайшылықпен қалыптасып, дүниеге келген жоқ. Бүгінде осының бәрі, әрине өткен тарих боп қалды. Дейтұрғанмен қазіргі заман басқа, қазақ қоғамы өзгерді. 1918 жылы жабылып қалған "ҚАЗАҚ" газеті 2006 жылы араға 88 жыл салып, қайта шыға бастады, бүгінде жаңарған Тәуелсіз елдің бас басылымдарының біріне айналып отыр. "ҚАЗАҚ" газеті, – деп жазды Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Шолпан» жорналында, – ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «ҚАЗАҚ» газеті өз міндетін дөп атқарды". Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов әділ бағасын берген «Қазақ» газеті қаққан Тәуелсіздік қоңырауының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, енді дербес ел болған Қазақ Мемлекетінің рухы бүгіндері әлемдік беделге ие болды. «Қазақтың» басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы редакторы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да Арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасаса – мақсаттың орындалғаны, тарихы терең, халқымен шынайы мың өліп, мың тірілген «ҚАЗАҚ» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет етеді. «ҚАЗАҚ» былайғы тұста ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі болуды басты мұратым дейді. Демек, бұл – ұлы ұстанымы, бағыт-бағдары да осы жол! Сонымен, «ҚАЗАҚ» өз халқымен және дидарласуға қадам жасады, таза пиғылмен есік ашты. Тағдырдың не бір қиын тауқыметін бастан өткерген «ҚАЗАҚ» газетінің өз халқына ниеті адал, сонау жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойып шығарған қайсар мінезді, кезінде ұлтының саналы үні болған газет Тәуелсіз Еліне оралды. Бүгінгі ұрпақ газет жұмысына кезінде оқтай зырлап, қордай борап, тер төге, жұмыс еткен Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхаметов, Жиһаша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жиһанша, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шоқаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаевтар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты бұрынғы ата-баба еңбегіне ізетпен алғыс айтуға тиіс. Аттары аталған жайсаңдарымыз сол тұста газеттің тұрақты авторлары болуымен бірге, басылымның ел арасына кең тарауына меценаты да бола білген зиялылар. – Аға, бүгінде баяғы замандағыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе Тәуелсіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Осы орайда Жаңа Қазақстанмен бірге жасап келе жатқан жаңа «Қазақтың» бүгінгі жай-күйі қандай? – Мұндай қадамға қуану керек. Тіпті «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады, абзалы, асығып-аптықпай, осылайша түгенделеміз десек, бүтінделе береміз, бәрі орынды. Әйтсе де енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ,бәсекеге де түспейді, әр газет-жорналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе «Қазақ» қазақ жүгін сүйреуге тартынбайды, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады. Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты – айқын, ұстанымы – берік, жүрегі – адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. Осы ретте «Қазақ» газеті сөз жоқ оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды миллетіне иек артады. Имандай сыры – «ҚАЗАҚ» қазағымен әрдайым бірге! «ҚАЗАҚ» әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Арыстарымыз басылымның атын әуелде "ҚАЗАҚ" деп қойған ғой. Бұл атты олар аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп қойған. Милләт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған ісіміз дейді және. "Құдай сәтін салсын "әумин" деп қол жайып, "әуп" деп күш қосып, "Алла" деп іске кіріселік", дейді тағы. Міне, қандай аталы сөз, дуалы уәж! Біздің ұстаным да осы болмақ, бола береді де! – Әңгімеңізге рахмет! «Қазақ» қазағымен мәңгі жасай берсін! Сұхбаттасқан Әмiр ӘБСАДЫҚ