ЕЛІ СҮЙГЕН АҚ БАЙСЕЙІТ
2020 ж. 19 маусым
1677
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай арнайы Үндеу жариялағаны баршаға мәлім. Үндеуінде Президент Тоқаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталған тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын айтты. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деді ол. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімі кеңестік дәуірдегі заңсыздықтар кезеңінде құрбан болып, есімдері мен халық игілігі үшін атқарған істері ұмыттырылған жандарды еске алу ісіне жаңа серпін беруде. Жазушы және тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың жақында «Рух» баспасынан шыққан «Елі сүйген Ақ Байсейіт» атты кітабы осы орайдағы соны серпілістің бір көрінісі екеніне күмән жоқ.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысушылардың алғашқы легінде болған Байсейіт Әділұлы совет өкіметі Алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізген репрессияның алғашқы толқынында оққа ұшты. Кәмпеске науқанынан кейін іле-шала соңына түскен қарулы жасақ оның бой тасалаған үйін қоршауға алып, атқылаған шақта опат болды. Әскерилердің бақылауымен жер қойнына берілді. Есімі «Алаш ісі» тергеулерінде ғана аталып, қалың жұртшылық үшін содан бері жабық жағдайда жатты. Бірақ оны қадір тұтатындар мен білетіндер ұмытпай, тоқсан жылдан кейін сүйегін ауылдастарының мекеніне әкеліп, қаралы-салтанатты түрде қайта жерледі. Осы оқиғаға байланысты әзірленген жинаққа Кеңестердің 1920 жылғы құрылтайшы съезінде сайланған Советтік Социалистік Қазақ Республикасының алғашқы Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) мүшелері ағайынды Байсейіт және Дінмұхамед (Дінше) Әділовтер мен олардың үзеңгілестері туралы зерттеулер және қызықты да танымды естеліктер топтастырылған.
Кітап Отан тарихымен әуестенетін көпшілікке, зерттеушілерге, жастарға, студенттер мен оқушыларға арналған.
Балжан ХАБДИНА,
Қазақ үні