Қазақты тонауға Лениннің өзі рұқсат берген - Нұрлан Әбдібек
2020 ж. 15 маусым
3965
0
Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда өмір сүрген қытай тарихшысы Сым Цянь айтыпты дейді: «Өткенін ұмытпаған жұрт өз келешегінің қожасы болады».Бүгінгі қытайлар мен жапондар үлгісі осыған дәлел. Сол қытайдың өзі қаншама рет құлады, қайта бас көтерді, бөлшектенді, қайта бірікті, жеңілді, отарланды, құл болып езілді, бірақ қытай халқы қашанда өзін сақтап қала алды, өйткені өткенін, тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, білім-ғылымы мен тілін, мәдениетін жоғалтқан жоқ.
Иә, Қытайдың тарихы мен мәдениеті ежелден қалыптасқан делінеді, бірақ бұл қытайлықтардың ең көне халық екендігінен емес, бұл қаншама мыңжылдықтар өтінен өз ғұрып-дәстүрін аман алып өткен ұлт болғандығынан. Иә, оларда жарқын болашақ бар, себебі олар өз өткенін жақсы біледі. Олардың күші де осында! (Интернеттен алынып, аударылды).
Қазақтарда өзінің жаратылысын қасқырмен байланыстыратын протоаңыз бар. Тіпті күні кеше ұлы даланың соңғы жырауы Сүйінбай «Бөрілі менің байрағым» деп жыр төкті.Қазіргі қазақтың болмысы менің көзіме қансырап,жарасын жалап жазып жатқан қасқыр секілді елестейді...
Дамудың шыңына шыққан елдерге қарағанда біздің маңдайымызға бұйырған сор – біз өзіміздің өткенімізден, тарихымыздан, ұлттық болмысымыздан көз жазып қалғандығымыздан болып отыр.
ХVІ ғасырдың аяғында Ресейде Барыс патшаның (Борис Годунов) тұсында өмір сүрген Қадырғали Қосынұлы Жалайыри дала тайпалары туралы «бұлардың бәрі түрік қауымы еді, неліктен маңғол атала бастады?» деп таңданыс білдіргені бар.
Ата-бабамыз аттың жалында, түйенің қомында, айранын ұрттап, қойын құрттап көшпелі өмір сүрді. Аты жоқ арғы замандарда сүйекке сәндеп, тасқа қашап жазған өзінің әліпбиі де болыпты. Келе-келе ислам еніп, өзіміздің төл жазу – түркі қарпін тастап, өзгенің яғни арабтың әліпбиін қабылдаппыз. Жазуға сауатты адамдар некен-саяқ болып, халық Құранның мағынасын түсінбесе де ауызша жаттап тіл сындырған екен.
Көшпелі тұрмыс жазу мәдениетінің өркендеуіне қолай бермей, ата-баба тарихы, тұрмысы мен дәстүр салтының жиынтығы болып келетін шежірелер мен аңыз-әпсаналар, өнеге сөздер жыршылар мен ақындар, ертегіші әжелеріміздің, әңгімеші қариялардың жеткізуімен ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарады. Қазақ тұрмысына осы қолайлы болған. Мәселен, ол кезде ауылға ақын-жыршы келсе, қойын қоралап, өнерпазды ортаға алып, таңға жыр тыңдаған.
Халқымыз өзінің тарихын жаугершілік замандағы батырлардың ерліктері, билердің, ақылман адамдардың өнеге сөздері арқылы әрдайым жадына тұтқан. Яғни, ақпаратты ауызша таратып, санасында сақтаған ұрпақ ойға жүйрік, аса қабілетті болуы заңдылық еді. Ұрпақ өзінің алдындағы өткен өмірді білуге міндетті болды. Бұл –сол дәуірдегі көшпелі жұрттың идеологиясы. Бұл –бүкіл ұлттың тарихи жады.
Қазір Еуропа өздерінің өткенде кім болғанын ДНК тесті арқылы тексеріп жатыр. Қазаққа мұның түкке қажеті жоқ. Біздің шежіреміз бар. Руыңды айтсаң болды түп-тұқияныңды тауып береді. Түп-тұқиянын танудың әлемдегі ең тиімді, түсінікті, жүйелі жолы осы.
Орысқа бағынғанша осылай өмір сүрдік.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Жылда мерзімдік баспасөз беттерінде отызыншы жылдардың ойраны туралы мақалалар мен ғалымдардың зерттеу-пайымдары там-тұмдап жарияланып тұрады. Меніңше, саяси қуғын-сүргінді анағұрлым ертерек, орысқа бағынған жылдардан бастанымыз дұрыс секілді. Сталин заманындағы аштық пен босқыншылық, репрессия –бұл қазақ қауымының саяси өзгеріске түсіп басына күн туған, қудаланған, құрбандыққа шалынған қазақтың ғана басына төнген «ақырзаманның» шарықтау шегі болып табылады.
Ресей өз бодандығындағы қазақ жұртын өзіне тиімді жолмен басқару жолын көп іздестірді. Ақыры тапты. Қазақ қоғамының ғасырлар бойы негізгі өзегі болып келген билерді яғни басқарудың билік жүйесін жойды. Кезінде бұған Шоқан Уәлиханов өзінің атақты «Сот реформасы туралы жазбалары» атты атақты еңбегінде наразылық білдірген болатын. Билер басқарған жүйе жойылды. Сонымен бірге қара қылды қақ жарған дала демократиясы да келмеске кетті. Билер болыстардың қарамағындағы қолжаулыққа айналды. Қазақ қоғамының күйреуі осыдан басталды. Бұл реформаның ұлтымызға жасалынған саяси соққы екендігіне келісетін шығарсыздар. Бұл –бір. Екінші–Абайдың өлеңіне жүгінелік.
«Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап.
... Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап...».
Бәріміз мектеп қабырғасында жаттап өскен өлең. Кезінде осы өлеңнің ішкі мазмұнына назар аудармаппын. Мұғалімнен «жаттау керек» деген тапсырма алдық. Жаттадық. Ал, қазақтың төбе биге, жалпы билерге пәре бергені туралы әңгіме естідіңіз бе? Құдай сақтасын! Бұл тарихта болмаған жағдай! Қазақ өзінің тұрмысында ешқашан пәре дегенді білмеген. Ал, Абайдың кезіндегі болыстар уезд басшыларын пәрелеп, мал-мүлкін шашып болыс болып, қалған болыстық мерзімді сол шашылған малдың орнын толтырумен өткізген. Қарап тұрсақ, бүгінгі қазақ қоғамында асқынып тұрған жемқорлықты, яғни коррупцияны бізге орыстар әкеліпті. Мұны бөркіңіздей көріңіз. Коррупцияның жазылмас дертке айналғандығына бүгінде көзі тірі ұрпақ бәріміз куәміз. Коррупция – қазақ қоғамын кері тартып отырған қасірет.
Орысқа бағынғаннан кейін қазақтың басына төнген тағы бір қасірет –қазақ өзінің қорғаныс қабілетінен айырылды. Батырлық рухын жоғалтты. Орыстар шекараларға бекініс салып, оны өздері қорғады. Қазақ өзінің жерін жау баспасын деп үкі таққан найзасын мал бағатын таяққа айырбасады. Қылыш-семсерін тот басты.Мұның аяғы баяғы батыр бабалары туралы шежіре жырларды аңсаған, өзінің бойындағы табиғи рухынан айырылған ұлт ата-бабасы туралы әңгіме шықса құлағы елең еткенімен бойында қайрат-жігер қалмады.Осылайша малмен бірге мал болып, көшіп-қонып жүрдік.
Дегенмен де қазақ қоғамын басқару үшін орыстарға жергілікті халықтың ішінен шыққан сауатты адамдар керек болды. Бұлардың ішіндегі Шоқан, Абай, Ыбырай сынды асылдар табиғи қабілеті жағынан өз замандастары арасында орыстың князь ұрпақтарынан, дворяндарынан да асып түсті. Қазақ аса қабілетті халық екенін көрсетті.
Мал демекші, малды бауыздағанда ол ақтық демін шығарарда төрт аяғын бірдей серпеді емес пе? 1916 жылы Жетісуда, Торғайда, т.с.с. басқа да өңірлерде бүкіл қазақ атқа қонды. Орыс патшасына қарсы шықты. «Баламызды әскерге бермейміз» деді. Баласы үшін жан беруге даяр тұрған халықтың келешегі бар. Оны уақыт дәлелдеді.
Қылышын жалаңдатып Кеңес үкіметі келгенде, мойнына бұғалық түсіп көрмеген шу асау жуасып, өткенін ұмытқан, рухынан айырылған, жүндей түтілген, жемқорлық жайлаған, өзінің елін, жерін қорғай алмайтын жағдайға жеткен әлжуаз халық болып қалыптасып үлгердік.
Бір ғажабы, күні бүгінге дейін Ресей украиндардың мемлекеттігін жоққа шығарып, Қырымды тартып алды. Күні кеше орыс патшасы Қырым ханына салық төлеп тұрғанын Мәскеу бүгінде ұмытқан. «Крым из пакон веков русская земля» дейді В.Путин беті шімірікпей. Путинің «қазақта мемлекет болмаған» деген сөзін де күні кеше өз құлағымызбен естідік.
Тағы бір ойланатын жайт, отызыншы жылдары одақтас республика құрамындағы елдердің ішінде Украина мен Қазақстанда ғана аштық ерекше қарқынды болды. Әлихан бастаған Алаш қайраткерлері өзінше шаңырақ көтеруді мақсат еткен болатын. Кремль әрине, бұған жол берген жоқ. Алайда, украиндар мен қазақтар құрбандыққа шалынды.Нәтижесінде екі елде де аштық құрбандарының сүйегі шашылып, әбден қалжыраған күйде Мәскеуді мойындап тынды.
Аштық 1918 жылы басталды. Азамат соғысы жылдарында соғыс коммунизмі саясаты жүргені белгілі. Бұл дегеніңіз, Қызыл Армияны азық-түлікпен қамту мақсатында шаруалардың жинаған азығын тартып алуға Лениннің өзі рұқсат берді. Ақтардың әскеріне де азық керек. Қысқасы, халықты екеуі екі жақтап тонады. Нәтижесінде Түркістандағы аштық екі жарым миллион адамды қамтып, бір миллион адам шығын болды. Мұны кәсіби тарихшылар білгенмен халық бұқарасына айтылған да жоқ.
1920-1922 жылдары батыста, әсіресе Ақтөбе аймағында аштық жүрді. Осы кезде халық тұрмысын түзеу мақсатында Жаңа экономикалық саясат қолға алынды. Яғни, шаруаның малына тимеді. НЭП жылдары халықтың бүйірі шығып, Жамбыл туралы кітап жазған Сапарғали Бегалиннің айтуынша «жесір қатын той жасаған» заман болды. Бұл елдің еңсесін тіктеу үшін жасалған шаралар еді. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. 1928 жылы кәмпеске жүрді. Байлар мен орташалардың малы тәркіленді. Халықтың қолында тігерге тұяқ қалмады.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары дүниеге келген, бүгінде тоқсаннан асқан көзі тірі аталарымыз – аттан түскен алғашқы буын ұрпақ. Сол дәуірде колхоздар құрылып, киіз үйлерді қаз-қатар тігіп тастап, арасындағы көшелерге «Сталин», «Голощекин» деп ат қойып, кәмпескеден қалған малды, айдаудан қалған жанды ортаға салып, отырықшы жұрт ретінде қауымдаса бастадық. Астындағы атынан ажыраған халық қолына кетпен алып, жер қазды, бидай септі, ата кәсіпке ден қойып мал да өсірді.
Бір қызығы, осы игіліктің барлығын ешкім өзімдікі дей алмады. Бұл –мемлекеттікі болатын. Халық өзіне күн көрісін алып қалып, қалғанын мемлекет қамбасына құйды. Бұл – Кеңес үкіметі енгізген тұрмыс дәстүрі еді. Осылайша отырықшылық әлемі көшпелі жұрттың ұрпақтарын өз дегеніне көндірді. Сол кездегі әкелеріміз бен шешелеріміз жаңа тұрмысты жатсына қоймаса да олардың колхоз тіршілігіне көндігіп кетуі оңай болған жоқ. Көшпелі өмір сүру дәстүрлері мен талаптары тәрбиелеген халықтың моралі, табиғатындағы «тура биде туған жоқ» болған дала демократиясы кеңестік идеологиямен қайдан үйлессін! Әсіресе, отырықшы елге айналдырамыз деп асыра сілтеп, қазақтың жылқысына қырғидай тиді. Өзге малды былай қойғанда, жылқыдан айырылған қазақ аштық деп аталатын ажалмен бетпе-бет келді.
Иә, 1932-33 жылдары бүкіл Қазақстанды қамтыған алапат аштық жүрді.
Қазақ тарихында жұттар болып тұрған, ашаршылық та жүріп өткен, індетті де бастан өткергенбіз, тіпті жоңғар шапқыншылығында «ақтабан шұбырындыны» да бастан кешірдік. Сталин заманындағы аштық соның бәрінен асып түсті. Ашаршылықтан қырылып, босқыншылыққа ұшыраған халық қазақтың 70 пайызын алып кетті деп ғалымдар пайымдап отыр. Яғни, Орта Азиялық ағайындар түрікмен, тәжік, қырғыз Кеңес келгенде миллионға да жетпейтін ел еді, өзбектің өзі бізден анағұрлым аз болатын. Қазақ елі осы аштықтың салдарынан екі жарым есе азайып, аталған елдер он есе көбейді. Егер аштық жүрмегенде, біздің бүгінгі санымыз қанша миллион болары бір Құдайға ғана аян!
Отызыншы жылдары туған-туыстары аштықтан қырылған адамдардың балалар үйіндегі жүздеген мың сәбилерінің басым көпшілігінің тілі орысша шықты. Олар жетімханаларда өзін аштықтан Кеңес үкіметі құтқарып қалды деген сеніммен тәрбиеленді. Бұл балалардың ешқайсысын қазақ деп айтуға болмайтын еді. Қазақтың ұлттық болмысының бұзылуына осы фактор да өзіндік үлесін қосты.
«Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген...» деп Жұбан ақын айтпақшы,өз тарихында,тіпті жоңғармен болған екі жүз жылдық соғыста мұндай адам айтқысыз ауыр халді қазақ басынан кешіріп көрмеген болатын.
Ашаршылықтың алдын алып, зардабын жояға болатын ба еді? Әрине. Кәмпескені жеңіл түрде жүргізіп, жылқысына тимесең, аштық айналып өтіп кетер еді ғой. Бұл мәселені кәсіби тарихшылар үзіп-жұлқып зерттеп жатқаны рас. Бірақ ұрпақтың болмысына етінен өткен, сүйегіне жеткен аштық пен репрессия – ұлы құрбандықтың зардабын жою тәуелсіздік талабымен қолға алынса әлі де кеш емес дер едім.
Ұлы Отан соғысы жылдарында да ел-ауылдың халқы жаппай қырылмағанымен, ел ішінде аштық жүрді. Қазақ жеріне соғыс жылдары айдалып келген кавказдық қариялар әлі күнге дейін айтады ғой, «Біз келгенде сендер аш отырған едіңдер» деп. Ол кезде бидай да, мал да болды. Соғыс жүріп жатты. Бірақ, бір уыс бидай алсаң, он жылға сотталасың. 37-38 жылды басынан кешкен қазақ аштан өліп қалса да үкіметке қарсы келмейтіндей дәрежеге жеткен. Қалтырап, қалт-құлт етіп күн кешті. Қазақтың бойын билеген үрей әлі де басылған жоқ.
Билік тарапынан көрген қысым сүйегінен өтіп кеткен ұлттың бойындағы қорқыныш қанына сіңіп қалды. Тіпті милиция мен полицияны көргенде қазақтың бойын бір беймәлім қорқыныш билеп тұрады. Бұл да болса сол 37-38 жылдары 25 мың қазақтың сүт бетіндегі қаймағы, ұлы тұлғалары жазықсыз жазаланды, атуға бұйырылған репрессия жылдарынан қалған, әлі күнге дейін тамырының бір талшығында сақталып қалған бейсаналы үрей. Сол жылдары НКВД қызметкерлерінің істеген зұлматы өз «нәтижесін» берді.
Иә, айтпақшы, НКВД қазақты бір-бірінің үстінен арыз жазуға үйретті. Жаныңда бірге жүрген адамның үстінен арыз беретін әдет таптық. Бұл да бізге Кеңес дәуірінен қалған «мұра».
Бүкіл елде байлар тап жауы деп танылып, оларға деген жеккөрінішті көзқарас қалыптасты. Кеңес дәуірінде туып өскен аға ұрпақ қазір де ел ішінде пайда болған байларға «ала көбен» қарайды. Ол қазіргі қоғамның ала-құла екендігінің тағы бір көрінісі. Бұл да қазақ болмысындағы бір қасірет. Кеңестің дәстүрлі көзқарасы.
Соңғы кезде аштық азамат соғысының жалғасы деген пікірлер бой көтеріп жатыр. Себебі, қазақ сарбаздарының қарсылығын жою үшін малы мен жанын жоқ қылудың тамаша әдісі –аштық ұйымдастыру болды, – дейді оқығандар.
Жетісудың оңтүстік-шығысын мекендеген Албан, Найман тайпалары жиырмасыншы ғасырда Қытайға екі мәрте ауды. Бірінішісі – 16 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде, екіншісі –отызыншы жылдарғы кәмпеске, репрессия кезінде. Яғни, Кеңес дәуірінің патшалық Ресейден айырмашылығы болмағаны ғой.
Аштық пен репрессия жылдары солтүстіктің қазақтары Ресейге ауды. Шығыс Қытайға ауды. Оңтүстік– Шымкент, Қызылорда, Жамбыл –Өзбекстанға, Тәжікстанға, тіпті Иранға дейін өтті. Алматы облысының шапыраштылары Қырғызға ауды. Осылайша, бүкіл қазақтың біраз бөлігі жарты әлемге босқын болды. Ел басына күн туды. Бір ғажабы,бұлардың ішінде Қытайға ауғандар ғана жаман. «Олар қиын-қыстау кезде елін сатып кеткен опасыздар» деген пікірлер әлі де айтылып қалып жүр. Осының барлығын бастан кешкен елдің ұлттық қасиетінен не қалды дейсіз.Қазіргі қазақ қоғамының ала-құлалығы осы тарихи ақтаңдақтардың салдары емес деп енді бүгін кім дауласа алады?
Ашаршылық кезінде біздің ел екі, екі жарым миллион адамынан өлідей, 1 миллион адамынан тірідей айырылды. Бұл туралы деректер әлі бір жүйеге түскен жоқ.Осының салдарынан қазақтың ұлттық болмысына орасан зор нұсқан келді.
«Елу жылда –ел жаңа» демекші, соңғы бірнеше онжылдықта нарыққа бет бұрдық. Ақша өміріміздегі ең басты құндылыққа айналды. Ар да, адамгершілік те сатылатын болды.Қазіргі қазақтың рухани болмысы осылайша ала-құла болып тұр. Біріншіден,Кеңестен мұраға қалған ұлтсызданудың жемісі– орыстілді қазақтар көбеймесе азайған жоқ. Тіпті олар биліктегі жетекші, басшылық орындарды басып алды. Екіншіден, тәуелсіздік алғалы бері әсіредіншілдік белең алды. Кез-келген ауылда мешіттер бой көтерді. Бұл мешітердің құрылысына арабтар қуан-қуана ақша берді. Үшіншіден,бұған қарсы біздің түп тегіміз бен дәстүріміз тәңіршіліктің көрінісі дейтін ағым пайда болды. Ағым емес-ау,бұл бір жағынан біздің түп-тұқияннан бергі өмір сүру дәстүріміз де секілді. Біздің қаншалықты Тәңір жаратқан ұрпақ екенімізді алдағы өміріміз көрсете жатар. Бұл күндері әлеуметтік желілерде тәңіршілдер мен діншілдер қызылшеке болып дауласады да жатады. Алайда атам қазақ Тәңір мен Алланы бір-бірімен төбелестірмей бүгінгі күнге дейін алып келген еді.
Қалай дегенмен де бізге ұлттық болмысымыз керек.Біз енді келешектегі қазақтың тарихи дүниетанымын қалпына келтіру жұмыстарын мемлекеттік деңгейде қолға алмасақ кеш қаламыз. Кеңес дәуірі тудырып, одан бері асқынған осынау дерттен халықты рухани емдеу жолдарын ұйымдастырумен айналыссақ жарар еді.
Нұрлан ӘБДІБЕК,
Қазақ үні