Қошке әулетінің шырғалаңы мен шырағданы

Ашаршылық  пен қуғын-сүргін қазақ халқының діңін шайқаған зұлмат екені белгілі. Осы екі апаттың қазақтың кез-келген отбасын шарпығаны белгілі. Нәубет жылдары талай әулеттер түп-тұяғымен жоғалып кетсе, енді бір әулеттен қалған бір бала бүгінде бір әулет ел болды... Осындай қуғын-сүргін құрбандарының қатарында Қошке Кемеңгерұлының да есімін ілтипатпен атау ләзім. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында ұлт мәдениеті мен әдебиетіне белсене араласып, қазақ халқының болашағы үшін  бар ғұмырын сарп еткен қазақ зиялыларының қатарында алаштың белгілі азаматы Қошке Кемеңгерұлы есімі аталуы заңды. Алғашында ауылшаруашылық училищесінде, кейін жоғары оқу орындарында (1919 ж. Омбы политехника институты, 1921 ж. Батыс Сібір мемлекеттік медицина институты, 1924 ж. Ташкентттегі  Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде) білім алған Қошке Кемеңгерұлы «Біздің көбіміз - бәріміз десек те өтірікші бола алман,  кәзір универсалмыз. Көп білгендіктен универсал емеспіз, көп міндет жүктегендіктен, амалсыздан универсалмыз. Қазақ тұрмысында жұртшылық алдына түспей, білінбей қараңғы, тұйық жатқан мәселелер көп,  соларды ашқың келеді, түсінгің келеді...» - деп, замандасы Ғаббас Тоғжанұлы  айтқандай-ақ, уақыттың өзі талап еткен әмбебаптардың бірі болды. Ол негізгі мамандығы дәрігер болса да ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазушы, драматург, педагог, тіл маманы, тарихшы, журналист, әдебиетші ретінде танылды. Ғылымның бірнеше саласында белсенді қызмет ете жүріп, біршама табысқа қол жеткізді. «Біздің қазақ әлі кітапқа кедей. Әсіресе, қазақ тарихынан жазылған кітаптар жоқ. Мына қолдарыңыздағы кітапша қазақ баспасөзіне қазақтың саяси-тарихи тұрмысынан жасаған тұңғыш кітапша», - деп Ғаббас Тоғжанов айтқандай, оның 1925 жылы Мәскеуден шыққан тарихи-танымдық «Қазақ тарихынан» кітабы - қазақ халқының тарихын жасау жолындағы алғашқы қадам. Аталған еңбегінде қаламгер қазақ халқының Ресейге қосылуынан бұрынғы тарихынан бастап, кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі (1923-1924 ж. дейін) жағдайларына шолу жасайды. Қошкенің аталған еңбегі жөнінде М.Әуезов: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысам деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамбетовтың   «Исатай - Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін», - деген болатын. Осы пікірге сүйенетін болсақ, Қошке Кемеңгерұлы - қазақ тарихын жасаушы алғашқылардың бірі де бірегейі. Сонымен бірге ол қазақ әдебиетінің тарихына кімдерді енгізу керектігін де дөп басып таныған білікті әдебиетші. Ол көрнекті ақын-жазушылардың ғана есімін атап, әдебиетке қосқан олардың еңбегін әділ бағалады. Ендеше бұл еңбек - ұлт тарихы мен қазақ әдебиеті тарихын жасаудағы алғашқы қарлығаш екенін ұмытпағанымыз абзал. Қошке Кемеңгерұлының өз тағдыры қаншалықты қиын болса, әдеби мұрасының хал-күйі де соншалықты ауыр жағдайды басынан кешірді. 1920-1990 жылдар аралығында қаламгердің төл туындылары әр кезеңде уақыт талабына сай түрліше бағаланғаны мәлім. 20-жылдардағы баспасөз бетіне үңілсеңіз, Қошке шығармалары көп сөз болып, жақсы бағаланған. М.Әуезұлы «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» мақаласында «Алтын сақина» пьесасын атаса, С.Садуақасұлы «Әдебиет әңгімелері» мақаласында Қошкені Мұхтар, Жүсіпбектермен қатар бағалайды. 1920-жылдары тілі, көркемдігі жағынан биік бағаланған бұл пьесаларға деген көзқарас 1930-жылдары күрт өзгеріп шыға келді. Бұл кезде қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл кеңес мәдениеті мен әдебиеті жеке басқа табынудың салдарынан саясатқа бағындырылды. Байшыл, ұлтшыл атанған бір топ қазақ ақын-жазушылар шығармалары театр сахнасы емес, ұлт тарихынан біржолата алынып, санадан өшіріліп, көзден ғайып болып кете барды. Осыдан кейін бұл өкілдер туралы қазақ әдебиетінде оларды қаралайтын ғана сөздер жазылып жүрді. 1957 жылы бірсыпыра алаш зиялылары ресми ақталған соң ғана оларды ауызға алуға мүмкіндік туды. Қаламгердің зайыбы Гүлсім апай 1965 жылы бір-екі әңгіме, екі-үш пьесасын көп қиыншылықпен жарыққа шығарды. Бірді-екілі болса да шығарма нұсқасы жарық көрген соң, ол туындылар жөнінде ой қозғау мүмкіндігі қазақ әдебиетшілеріне де тиді. Көп ұзамай (1968) әдебиетші ғалым, драматургия тарихын зерттеуші Р.Нұрғалиев «Трагедия табиғаты» және «Айдын» атты монографиялық еңбектерінде Қ.Кемеңгерұлының  «Алтын сақина» атты трагедиясын М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқалымен» қатар атады. Осыдан кейін «Жанр сипаты» атты «Ғылым» баспасынан шыққан академиялық жинақта оның драмаларын С.Ордалиев ерекше атап өтті. 1975 жылы шыққан «Қазақ театрының тарихы» атты еңбектің І томын жазуға атсалысқан өнертанушы ғалым, профессор Б.Құндақбаев Қ.Кемеңгерұлы пьесалары туралы көп деректің бетін ашып, оның шығармаларына жоғары баға берді. Ол қазақ театры мен драматургиясының қалыптасуында Қ.Кемеңгерұлының орны М.Әуезұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфоллаұлы, Ж.Шаниндермен қатар деп көрсетті. Тәуелсіздік дәуірінде Қошке Кемеңгерұлының төл туындылары мерзімді баспасөз бетінде жарияланумен қатар оның шығармалар жинағы да толық шығарды. Осы салада әдебиеттанушы ғалым Д.Қамзабекұлы да көп еңбек сіңірді. 90-жылдардан бері Қ.Кемеңгерұлының әдеби мұралары  С.Қирабаев, М.Базарбаев, Т.Кәкішев, Т.Қожекеев, Р.Нұрғали, Д.Ысқақұлы, Д.Қамзабекұлы, т.б. әдебиетшілер мен өнертанушы Б.Құндақбаев назарынан тыс қалған емес. Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта Қошке Кемеңгерұлының қазақ әдебиеті мен тіл біліміне, тілді оқытуға (әдістеме) сіңірген еңбектері жеке дара зерттеліп ғылыми айналымға түсті. Қаламгердің ұлт әдебиетінің рухани қорын байытқан дүниелерін төмендегіше саралауға негіз бар. 1915 жылы «Айқап» журналының бірнеше санында өлеңдері мен аудармалары (А.С.Пушкин, И.С.Никитин) жарияланды. Өлеңдері поэзиядағы ізденісін танытса, аудармалары назар аударуды талап етеді. Қ.Кемеңгерұлы - А.С.Пушкиннің «Пайғамбарын» қазақ әдебиетінде тұңғыш тәржімалаушы. Бұл аударма - өз кезеңінің ғана емес, қазақ әдебиетінің аударма саласындағы табысы. Ал әңгімелерін тақырыптық жағынан үш топқа бөлуге болады. Олар: қорғансыздар өмірі   («Жетім қаз», «Момынтай», «Қойшы бала»), әйел теңдігі («Назиқа», «Дүрия», «Ерлік жүректе», «Қазақ әйелдері», «Қарашаш»), отаршылдық зәбірі («Тұтқынның ойы», «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын»). Әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сусындаған қаламгер бұл әңгімелерінде халық өмірінің тұрмыс-тіршілігін, сол тұстағы өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда табысқа жетті. Бұл әңгімелер - сол тұстағы қазақ әдебиетінің шағын жанрдағы табысы екені рас. Драматургия жанрына «Алтын сақина», «Ескі оқу», «Күнәсіз күйгендер», «Әулие тәуіп», «Бостандық жемісі», «Қасқырлар мен қойлар», «Парашылдар» пьесаларымен үлес қосты. «Күнәсіз күйгендер», «Бостандық жемісі», «Әулие тәуіп», «Қасқырлар мен қойлар» пьесаларынан дерек болғанмен, түпнұсқа сақталмаған. «Алтын сақина» пьесасында қазақ өмірінің бір қыртысын қопарып, заман трагедиясын көрсетеді. Осылайша қаламгер поэзия, прозадағы кейіпкерлерін сахнаға да алып келді. Осымен қатар Қ.Кемеңгерұлы әдебиеттануға біршама үлес қосты. Абайды арашалауға қатысқан ат төбеліндей топтың ішінде болып, 20-жылдары баспасөз бетінде болған «Көркем әдебиет туралы» айтысқа С.Садуақасұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Ш.Тоқжігітұлы, Ә.Мәмбет келіні, Ә.Байділдаұлы, М.Әуезұлы, Ж.Аймауытұлдарымен бірге қатысты. Кемеңгерұлының көркем шығармаларының басты сыпаты - өз дәуірінің өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруында. Оның өлеңдері, аудармалары, әңгімелері, пьесаларының көркемдік сапасы, тілінің құнарлылығы өз уақытындағы оқырмандарының эстетикалық талғамын қанағаттандырды деп тұжырымдауға болады.  Әдебиет сынына белсене араласып, Шоқан, Ыбырай, Абай, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, Міржақып туралы алғашқылардың бірі болып дұрыс, әділ пікірлерін айтты. Қазақ тарихының алғашқы нұсқасын жасап, ұлт әдебиеті тарихына кімдерді, олардың қандай шығармалары кіретінін де көрсетті. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген аталы сөз бар. Қыршын жасында қазағы үшін бақилық болған Қошке Кемеңгерұлының артында қалған ұрпағы бүгінде жетілді, өсіп-өнді. Абақтыда жатқанда: Ашығып үш күн болды жаттым төзіп, Жатырмын жас өмірден күдер үзіп. Жан-жарым, жандай көрген үш құлыным, Қаласың әлде кімге көзің сүзіп, - деп, артында қалған жары мен боталарын ойлап қамықты. Түсіндегі түпсіз терең қараңғы қапастан көрінген үш сәуле үш ботасының болашағы еді. «Халық жауы» саналған Қошкенің артында қалған отбасының өмірі де оңай болған жоқ. 1937 жылы екінші рет ұсталып кете барған соң, туған-туыстарды паналап елге барғанда көп адам «халық жауының» отбасына теріс қабақ танытты. Алайда Ташмағамбетұлы (Тәшім) Әлмағамбет (Әлке) ақсақал екі бөлмесінің бірін келіні мен оның қорғансыз, бейкүнә боталарына босатып береді. 1929-1932 жылдары байларды тәркілеу науқанына іліккен ақсақал «Менің басым Қошкенікінен ардақты емес» деп, нақақ кеткен бауыры үшін тағы да қу басты құрбандыққа шалады. Отызыншы жылдардағы Қазақ елін аралаған жаппай ашаршылықтан титықтаған Қарағанды, Ақмола, Баянауыл өлкесінен көшкендердің көпшілігі Қаржасқа (Омбы) барып тоқтаған болатын. Қаржаста колхоз жұмысына кірісіп, балаларына нәпақа тауып жүргенде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Бір Қаржастан 90 азамат Отанды жаудан қорғау үшін майданға аттанғанда, колхоздың бүкіл шаруасы қыз-келіншектер мен буыны қатып, белі бекімеген балаларға қалады.  Қошкенің баласы Нартай да колхоз жұмысына тартылады. Әкесі барда орыс селосы Шарбақкөлде бастауыш білім алған үлкен қызы Зайра 1942 жылы сегіз жылдық мектепті бітіріп, Қаржастағы мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып кіреді. Баласының алды енді жетіліп, ел қатарына қосылдық па дегенде сол жылы ауыл сыртынан «Т.А.» деген жазуы бар жарты қапшық бидай табылады. Бұл қаптың Тәшімов Әлмағамбеттікі (Әлең) екені анықталып, күдік сол үйдегі «халық жауының» жарына түседі. - Егер сен маған тұрмысқа шықсаң, істі сотқа жібермеймін, - деген  басқарма шабарманының тілегін орындамаған Гүлсім анамыз жарты қапшық бидай үшін бес жылға бас бостандығынан айрылып, еңбекпен түзеу лагеріне айдалады. Бір әулетті асырап отырған, бұрын бір рет сотталған қайнағасының екінші рет сотталса інісі секілді қайта келмесін сезген ақылды келін кінәні өз мойнына алып,  бес жылға Свердловск қаласының маңындағы ну орман ішіндегі еңбекпен түзеу лагеріне кете барады. Жарынан тірідей айырылып, өмірдің тауқыметін тартып жаны жабырқаған, өзі қырыққа толмаған келіншек етегі жасқа толып боталарынан тағы айырылады. Балалары аналарының сол кездегі қайсарлығын былайша еске алады: - Анамыз ауыл сыртынан табылған жарты қап бидай үшін қамалып кете бар-ды. Кейін артынан ауылдың майы мен құртын салып, сәлем-сауқат жібергенбіз. Сөйтсек, біз жіберген посылка жолда тоналған ба, әлде «халық жауының» жарын мұқалтқысы келгендердің ісі ме? Кім біледі? Әйтеуір сол дәм-тұзымыз сабанға оралған тасқа айырбасталады. Одан бейхабар анамыз жәшікті ашқан бойда еңіреп отыра кетеді. «Жығылғанға жұдырық» деген осы шығар. Балаларынан мұндайды күтпеген анамыз бұл масқараға да төзіп бағады. 1944 жылы желтоқсан айында үлкен қызы Зайра анаға деген сағынышы мен іштегі құсасын: Тақтай батып жанбасқа, Жиырма төрт ай қапаста Қайран басың қор болып, Шын түсті қиын іс басқа..., - деп қағаз бетіне түсіреді. Ұлы Отан соғысының аяқталуына байланысты анамыздың бір жылы кешіріліп,  1946 жылы елге келетін болды. Бәріміз асыға күтудеміз. Басынан талай қуғын-сүргінді өткізген анамыз, бұл жолы да өзінің қайсарлығын танытты. Еңбекпен тырнақтап жиған бар ақшасына үстіне бір сыпыра таза киім алып, айдаудан емес, тойдан келгендей қасқайып келеді. Ондағы ойы -дұшпандарына таба болмау, елдің мүсіркеуіне ұшырамау. «Бөрі арығын білдірмес» деп сырт көзге жұпыны көрінгісі келмеген ол төрт  жыл көрмеген боталарын көргенде өзін тежей алмай, іштегі шері қозғалып еңіреп сала береді. Бірақ, бұл - қуаныш жасы еді. Алланың берген қажыр-қайратының арқасында елімен қайта қауышып, үш жетімегін бауырына басты. Сөйтіп жүріп, боталарын қатарынан кем етпей, жоғары білім алуына мұрындық болды, - дейді. 1947 жылы училище бітірген қызы Омбы педагогикалық институтына түседі. 1952 жылы филология факультетін тамамдаған Зайра сол кездегі саусақпен санарлық жоғары білім алған қазақ қыздарының бірі еді. Диплом алған соң, өзі оқыған училище оқушыларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1954 жылы Омбы малдәрігерлік институтын бітірген Сұлтан деген жігітпен тұрмыс құрып, жолдамамен Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш елді мекеніне қызметке жіберіледі. Зайра апамыз Ұзынағаштағы Н.Крупская атындағы қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен зейнетке шыққанға дейін сабақ береді. Бүгінде Сұлтан мен  Зайра апамыз арамызда жоқ болғанмен олардан туған Қарлығаш, Гүлмира, Раушан, Сәуле, Дариға есімді қыздардың барлығы да өсіп-өнген үлкен әулеттердің келіндері. Қошкенің ұлы Нарманбет - «атадан ұл туса - игі, әке жолын қуса - игі» деген халық даналығын өз еңбегімен дәлелдеген жан. Омбы облысы, Шарбақкөл ауданындағы  Томар орта мектебінде ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен сабақ беріп зейнетке шықты.  Омбыдан бастап, Томарда жалғасқан әкесінің 100 жылдығына, Павлодардан басталып, Баянның Сарытауындағы «Жұмат Шанин» ауылында Қошке Кемеңгерұлы атындағы мектепте жалғасқан  110 жылдығының басы-қасында болып, ата-баба, әке рухына бағыштап ас берді, әке аманатына адалдық танытып ғылыми конференция ұйымдастыруға мұрындық болып, ұрпаққа үлгі-өнеге берерлік тағылым көрсетті. Текті әкеден туған Гүлнар, Ризабек, Қаршығалар «әкеге қарап ұл өсер» дегендей зейнетке шыққанға дейін мектепте шәкірт тәрбиелеген ұстаздар. Гүлнар ҚазПИ-дің, Ризабек Омбы педагогикалық институтының, Қаршыға Ақмола педагогикалық институтының филология факультетін тамамдап, қазақтың қара сөзін қадыр тұтып жүрген жандар. Ризабектен туған Айгүл, Қайырбек, Бейбіттер де ұстаздық жолды таңдап, бірі - музыкатанушы, бірі -  әдебиетші, бірі - математик болды. Қайырбектің үйіндегі келініміз Айжан ата мұрасын ардақтап, оның қазақ тілін жавропалықтарға (өзге ұлт өкілдеріне) оқытудағы әдістемесі жөнінде кандидаттық диссертация қорғады. Келбеті де, жандүниесі де атасына ұқсап туған Қайырбек Кемеңгер бүгінде елге танымал ақын, әрі әдебиеттанушы. Орманбет Нарманбетұлының өмірі мен шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғаған ол бүгінде Омбы өңірінде туған, не сол жерде қызмет етіп, аттары белгісіз болып қалған алаш арыстарының мұрасын зерттеумен айналысуда. Сондай атаусыз қалған жандардың бірі - Олжабай Нұралыұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ғылыми айналымға қосты. Екі ғасыр тоғысында өмір сүріп, ХІХ ғасыр басында тағдыр тауқыметін  көп көрген арқалы ақын Олжабай Нұралыұлының әдеби мұрасы тұңғыш рет тақырыптық, жанрлық, көркемдік тұрғысынан өз замандастарының шығармаларымен салыстырыла зерттелді. Ақынның Омбы өңірінен табылған туындылары мен шығармаларының текстологиясын қарастыру арқылы оның әдебиеттегі орнын анықтап берді. Мен туғам жоқ құр босқа жер тіреуге, Тойсам, жатсам - дейтін Өмір тілеуге. Жалғыз ғана арманым бар жалғанда: Пайдам болсын тым болмаса біреуге, - деп, өзіне үлкен міндет жүктеген Қайырбек - кешегі алаштың бір ардағы Қошке Кемеңгерұлының бүгінгі тікелей жалғасы. ХХ ғасыр басында елі үшін басын ер өлімге тіккен Қошке атамыздың тікелей ұрпағы ХХІ ғасыр басында замандастарына ой сала сөйлеуі де заңдылық. Бұл - кешегі арыстардың тәуелсіздік тұсындағы бүгінгі жалғасы екені жасырын емес. Гүлсім анамыз «Кебенек киген келеді» деп қанша жолына қарағанмен жары қайта оралмады. Оның табандылығының арқасында Қошке атамыздың мұрасы бүгінге жетті. Үйелмелі-сүйелмелі қалған үш ботасын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» жетелеп жүріп жеткізді. Кемеңгер әулетінен өсіп-өнгендер бүгінде Қошке атасының атына кір келтірмей, егемен еліне адал қызмет етуде. Қазақта текті, текті жерден шыққан, тегі жақсы деген сөздер бар. Олар - сол тек туралы жақсы сөздерді жаңғыртып келе жатқан текті әулет. Кемеңгеровтардың қай-қайсысы да бүгінде ата рухына адал қызмет етуде. Артында осындай өсіп-өнген ұрпағы бар, іздеушісі бар Қошке Кемеңгерұлының екінші өмірі ғұмырлы болуы қуантады. Гүлжаһан ОРДА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.