ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ШЫН МҰРАГЕРІ – БІЗ, ОДАН ҚҰТЫЛА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ...
2020 ж. 30 мамыр
6509
0
Шыңғыс хан бүкіл әлемге танылған ұлы тұлға, ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет, империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, ешқайсысымен салыстыруға болмайды, бәрінен жоғары. Бір таңғаларлық жағдай, 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдардың басында «Шыңғыс ханға» кірісуіме болар еді, цензура жойылған уақытта анталап тұрған, басқа да толып жатқан қазіргі заманға сай шаруалар болды. «Шыңғыс ханға» кірісер алдында мен қайран қалдым, Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан еді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, Шыңғыс хан әулие болды. Мұрат ақынның Қазтуған айтты дегенінде: Бойында Қиыл, Жем-Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай! Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! Кәпірден теңдік алуға Қайтып та келер деймісің, Мұсылманның баласы, Шыңғыстан туған хандар-ай!, − дейді. Мұрат ақын Қазтуған айтты деп жырлап отыр. Мұрат − отаршылдыққа қарсы өлеңдер, зар толғаулар шығарған азаттық жыршысы. Ал ғасырдың басындағы Алаш орда көсемдерінің бірі Ғұмар Қараш: Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қара Қыпшақ Қобыланды туған ел. Ерегескен дұшпан, жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым саған не болды? – дейді, дәл осы сөзді қазір айтуға болады. Мағжан ақын: «Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды», – дейді. Шәкәрім де осылай айтқан. Абай атамыз: «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өз еркімен қосылды», – деп айтқан. Сұлтанмахмұд айтқан. Қазақтар орыс, совет идеологиясы келіп жеткенге дейін Шыңғыс ханды құрмет тұтқан, қадір тұтқан. Біздің ұлттық санадан айрылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, ғылыми емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиясымен әбден милары уланған. «Ойбай, Шыңғысхан – жауыз!» деп әлі айғайлап жатыр. Қазақы жағдай түсінікті, жетпіс жыл ішінде бар ұлттық санасынан айрылды, салт-дәстүрінен айрылды. Қымыз ішуді, құрт қайнатуды ұмытты. Қазір моңғолдан келген ағайындар құрт қайнатуды үйретіп жатыр, қымыз Орталық Қазақстанда ғана сақталды. Мысалы, мен туып-өскен ауылда, Шұбартауда 20-30 жылдан кейін енді ғана бие байлап отыр. Бірақ дәлелмен айтып жатқан кезде адамның басына қону керек қой. Енді бұндағы қазаққа кінә қоймай-ақ қояйын. Арғы бетте, Қытайда 1 жарым миллион қазақ отыр. Еліміз бар, жұртымыз бар деп көңіліме үлкен медеу тұтатын едім. Олардың «Күлтегін», «Сен − қазақ» деген сайттарын қарап отырамын. Қытайдағы қазақ советтің идеологиясынан тыс болды, оның үстіне Қытайдың идеологиясында Шыңғыс хан − Ұлы Жуңго мемлекетін негіздеуші адам. Шыңғыс хан бастап, немересі Құбылай біржолата бекітті. Сонда сол жақтағы қазақ неге Шыңғыс ханды балағаттайды? Қайран қалатын нәрсе. Бұл қайдан келді? Халықтың азып-тозып, ұлттық санадан біржола айрылғанының көрінісі. Бірақ басқа халық жоқ, осы халықтың санасын ашу керек. Осы халықтың ішінде неше түрлі адамдар бар, санасы озық азаматтар, жастар да көп. Арғы бетте де бар, бірақ азшылық, олардың аузын аштырмайды екен. Мен қатты қайран қалып, пұшайман болдым. Қытайдағы қазақтардың Шыңғыс ханды жамандағанына налыдым. Оған Шыңғыс хан жаман боп қалмайды, бүкіл дүниежүзі мойындап отыр, неше мың мақала, зерттеу жазылған, жүздеген кітап жазылған. Ағылшын, француз, неміс, американ, жапон жазды, бәрі Шыңғыс ханды өзіне тартады. Қазір орыстар Шыңғыс ханды славян болды деп өзіне тартып жатыр. Ал шын мұрагері, ұрпағы біздер одан қашып құтыла алмай жүрміз.
Мұхтар Мағауин,
Қазақ үні