ЛЕНИН жəне ƏЛІМХАН ЕРМЕКОВ
2020 ж. 24 сәуір
1410
0
Бүгін Лениннің туған күні. Пролетариат көсемінің дүниеге келгеніне 150 жыл толып отыр. Жаңа, кешкілік ФБ-ны шолып шықсам, Ленинді біреулер мақтап, біреулер даттап жатыр екен. Өз басым Ленинді мақтамаймын, даттамаймын да. Бірақ Ленин туралы жеке пікірімді білдіргенімді жөн көрдім.
Өздеріңіз білесіздер, жер көлемі жағынан Қазақтан əлемде тоғызыншы орын алады. Осынау шекараны шақырымға шақсақ 12 мың километрге созылады екен. 1920 жылдың тамызында Лениннің осы 12 мың км шекараны қазаққа бір оқ шығармай кесіп бергені белгілі. Соның 7 мыңы Ресеймен, 3 мыңы Қытаймен шектесетінін ойласаң, зəрең ұшады қазір.
Өздеріңіз білесіздер, 1868 жылғы реформадан кейін қазақ даласы Ресей патшасының меншігі деп жарияланды. Бұған дейін Ресейге "ұзын арқау, кең тұсау" жағдайында бодан болып келген қазақ халқы осы реформадан кейін нағыз отаршылдық қыспағына ұшырады. Бұл реформаның жанында 1822 жылғы хандық билікті жойған Сперанскийдің реформасы ойыншық болып қалды. Қазақ атамекеніне иелік ету құқынан мүлде айырылды. Орман-тоғайынан, өзен көлінен, құйқалы қонысынан аулаққа қуылды. Құнарлы жерлердің бəріне орыстар орнықты. Бір-ақ мысал: Совет үкіметі орнағанша Қарқаралы қазақтары үйіне тиіп тұрған қалың орманнан бір бұрау отын ала алмапты. Ұстап алса, орыс казактар соққыға жығып, дүре салып жазалайды екен.
Міне, осы жағдайда Октябрь революциясы орнап, Ресей империясының билігіне В.И.Ленин келді. Келген бетте ол жер халықтың меншігі деп жариялады.
Айта берсең ұзақ əңгіме, төтелей тартайық,1920 жылдың тамызында В.И.Ленин алашорда мүшесі, бірақ сол кездегі қазақ əскери-революциялық комитеті өкілдігінің төрағасы Əлімхан Ермековпен кездеседі.
Осы Əлекеңнің Мағауия деген жалғыз ұлы болды. Өмірінің соңына дейін Қарағанды қаласында тұрып, ұмытпасам 2006 жылы лүниеден өтті. 2004 жылы мен осы Мағауия ақсақалды үйіне іздеп барып, ұзақ сұхбат құрдым. Қандай əке болмасын өзінің өмірінің шындығын басқаға айтпаса да баласына айтып кетеді ғой, ақсақалмен əңгімелескендегі басты мақсатым, Əлімхан Ермековтің Ленинмен əңгімесінің анық қанығын егжей-тегжейлі білу еді.
Ол кезде тарихи зерттеулер арқылы бұл кездесудің мəн-жайын біразырақ біліп қалған кезіміз ғой. Бірақ мен бұл жайды не де болса, Əлекеңнің туған баласынан білуге ұйғардым. Мағауия ақсақал қазіргі Политехникалық университет жағындағы Ленин көшесінде, орыс кемпірімен тұрады екен. Кемпірі екеуі қосыла өбектейтін жүндестеу келген қара мысығы бар, академик атаққа ие, Мағауия ақсақалдың 83 жасына келіп, қартайып отырған шағы екен, əйтсе де мені жатсынбай қарсы алды. "Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал" деген қазақы қағиданы ұстанған мен ə дегенде қариялардың қара мысығына тиісе сөйледім, соның арқасында əнгімеміз тез жарасып жүре берді.
Бұл өзі ұзақ əңгіме, қысқарта айтсам, мен Мағауия ақсақалдың əңгімесінен мынаны аңдадым.
Əуелі баяндаманы Сафаров жасайды. Оның баяндамасы Түркістан республикасында жер реформасын жүзеге асыру жайына арналады. Сафаров батыр адам екен 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде Жетісу қазақтарының патша əскерінен көрген қорлығын айта келіп, сөзінің соңын жауыз казак-орыстарды Жетісу өңірінен көшіру керек деген батыл мəлімдемемен түйіндейді
Бұдан кейігі сөз кезегі Ə. Ермековке келеді. Ермековтің тақырыбы Қазақстанның солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің мəселесі. Бұл кез аталған өңірлердің, əсіресе қазіргі Атырау мен Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан жəне Павлодар, облыстарының қазақтың қолынан сусып шығып бара жатқан шағы екен. Орыс шовинистері бұл жерлерді əсте қазақтың жері деп ойламайды, əлдеқашан Ресейдің құрамына қосып қойған тек осы жиында заңдық тұрғыда құжаттап, бекітіп алу мəселесі ғана қалса керек.
Міне, осы сын сəтте иығына қазақтың бес облысының тағдыры мен қайтсең де ел-жерді орысқа бермей шық деген Əлиханның аманатын арқалаған Əлімхан Ермеков мінбеге көтеріледі.
Қарағандыда біздің жас кезімізде Жайық Бектұров атты қарт жазушы тұрды. Алаш зиялыларының көбін көрген, 37-нің қуғын-сүргінін басынан кешіріп, өзі де "Халық жауы" атанып, жазасын Свердлов облысының арғы бір түкпіріндегі Ивдельлаг деген атышулы лагерде ұзақ жылдар бойы өтеп қайтқан, өмірде көрген қорлығы көп, бірақ жасымаған, қайраткер зиялы адам еді. Сол кісі Əлімхан Ермековпен өмірінің соңғы он жылында жолдас болыпты, Өмірінің кейінгі он жылының соңғы бес алты жылында Жəкеңмен біз жолдас болдық. Аса жарытып жолдас бола алмасақ та, əңгімесін тыңдауға жарап жүрдік.
Ол кісінің əңгімешілдігін мен айтайын, Жайық Бектұров əңгіме айтқанда өзіміз көзін көрген ұлы əңгімеші Ақселеу Сейдімбековтің өзі Жəкеңнің қасында молданың алдында отырған үлгілі шəкірттей мүлгіп отыратын.
Біздің көзімізді Алашорда заманына алғаш ашқан осы Жəкең марқұм еді. Бірде ол Əлімхан Ермеков туралы əңгімесін айта келіп, Əлекеңнің күлгендегі бейнесін періште болмысты сəбидің кейінне теңеген еді. Өмірінің қырық жылға жуығы қуғын сүргенде өтсе де, Əлекең адамгершілігін, адамдық бет келетін еш жоғалтпаған кісі екен. Онысы күлген кезде тіпті анық байқалып, Əлекең күлген кезде жүзі атқан таңдай жарқырап, дидары нұрланып кетеді екен. Сосын Əлекең үлкен мен кішіге "сіз" деп қана сөйлейтін ізетті, ілтипатты адам болыпты. Соған қарамастан Əлекең өте шешен сөйлейді екен. Орыс тілінде сөйлегенде сөйлеу мəдениеті кез келген орыс оқығанынан үстем шығып, мысын басып тұрады екен. Сондай-ақ ол кісі француз, ағылшын, неміс тілдерінде де еркін сөйлей біліпті. Əлекеңнің тағы бір қасиеті - кісі баурағыштығы екен.
Мінеки, Əлекең мінбеге шығып, ғылыми тұжырымдарға негізделген баяндасының тиегін ағыта жөнелгенде, қазір-ақ жабайы қазақтың жерін қалпақпен ұрып аламыз деп жінігіп отырған орыстың ақжелке ұлықтары алғашқыда тосылып, абдырап қалса керек. Əйтсе де жырынды қулар емес пе, əр жерден дауыс көтеріп, сөзін бөліп, наразылық білдіріп Ермековті сөзден сүріндіруге тырысыпты. Тумысынан салқынқанды, мəдениетті Əлекең əлгілермен салғыласпай жүзін Ленинге қарай тіктеп алған күйі, баяндамасын да Ленинге бағыштай қаратып алып, бөгелместен тарта беріпті.
Баяндаманың бір тұсына келгенде, Ленин өзі тоқтатып, "Жас жігіт, жаңа Сафаров жолдас Жетісу өлкесінен орыстарды қуу керек деді, сіз бұған не дейсіз" - депті Ермековке көзін сығырайта сынай қарап.
Осы кезде Əлімхан Ермеков сәлден кейін-ақ бар қазақтың бағына айналғалы тұрған тактикалық қулыққа басып: "Мен Жетісу өлкесінің жайын жолдас Сафаровтан артық білмеймін, ал орыстарды Қазақстанның Солтүстік, Шығыс пен Батыс өңірлерінен көшіру қателік болады, себебі бұл өңірлерді орыс халқы көп мекендейді. Егер орыстарды көшіре бастасақ, жергілікті халықпен арада қақтығыстар туындайды, мұның арты өшпенділікке əкеледі, соңы шиеленістерге əкеліп соғуы мүмкін, сондықтан қазақтарды өз жеріне толық орналастырып алғанша Ресейдің ішкі өлкелерінен орыс шаруаларын қазақ даласына əкелмей тұрғандарыңыз абзал", - депті. Осы кезде Ленин орнынан балаша қуанып атып тұрыпты да: "Көрдіңіздер ме, жаңа Орталық комитеттің мүшесі өзі коммунист Сафаров жолдас орыстарды Қазақстаннан қуайық, - дейді, ал мына партияда жоқ қазақ өкілі орыстарды тек Қазақстанға көшіруді тоқтата тұруды өтінеді. Бұл ойланатын мəселе", - деп орнынан елпілдей тұрып келіп, Ермековтың арқасынан қағыпты.
Лениннің үлкен басымен отызға əлі ілікпеген жас азиатты мадақтап, арқасынан қаққаны орыс жағының наразылығын туғызады. Арасында Ермековтің сөзін бөліп, оның баяндамасын жоққа шығаруға тырысқандар бой көрсетеді. Тіпті Крестинский деген шовинист біреу өктем үнмен: "Этот человек хочет создать Данцингский коридор, нука, прекратить!", - деп салады. Оны қостаған басқа да ақжағалдылар қоштай шулап, жамырасып кетеді. Сонда Ленин орнынан атып тұрып: "Это, вы хотите создать Данцингский коридор, он правильно говорит, - деп əлгілерді тиып тастап, "Продолжайте, молодой человек..." - деп Ермековке оң шырай беріп, баяндамасын.соңына дейін тыңдатқызады.
Ермековтің осы баяндамасының негізінде Ленин қазақ жерінің территориялық тұтастығы туралы құжатқа қол қойып, Қазақ АССР құрылады.
"Егер дейді - Мағауия ақсақал: - келісімге Əлихан Бөкейхановтың өзі барар болса, Əлекең хан тұқымы, өркөкірек, қызу қанды, дипломатияға жоқ адам, сондықтан Ленин бастаған большевиктермен тіл табыса алмауы мүмкін еді. Бөкейханов мұны сезді. Осы себепті келіссөзге менің əкемді жіберді. Ол бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шыға алды", - деді.
Осы əңгіме үстінде менің назарымды аударған бір жайт, Лениннің осы жиын басталғаннан Əлімхан Ермековке жылы шырай танытқаны, оны үнемі қолдап, қорғаштап отырғаны. Орыс шовинистерінің аран аузына түсіп кетуден арашалап, қазақтың жерін тұтас қайтарып беруге бүйрегінің бұрғаны. Қалай десекте Лениннің бұл қылығы əлі күнге дейін жұмбақ.
Ертеректе батыс зерттеушілерінің Ленин туралы бір жазғанын оқыған едім. Сонда əлгі зерттеуші Лениннің бойында көптеген ұлттың қаны болғанын тізе келіп, революция көсемінің бойында қазақтың да қаны бар дейді. Бəлкім рас та шығар.
Көп жылдан бері ел ішін Əлихан айтыпты деген бір сөз кезіп жүр. Ленинмен кездесудің сəтті аяқталғанына қуанған Əлекең: "Пай, пай, мына орыстан да біздің Əлімханмен екі сағат сөйлеуге жараған ұл туған екен" деген деседі. Осы жайында Мағауия ақсақалдан сұрағанымда бұл туралы əкесінен ештеңе естімегенін айтты. Мағауия ақсақалдың айтуынша, Əлімхан Ермеков Ленин туралы ешқашан жаман пікір айтпай өтіпті. Ол тек Ленин идеясының күйрегенін Сталиннен көргенге ұқсайды
Мен де кейде Ленин отызыншы жылдардың ортасына дейін өмір сүрсе не болар еді деп қиялдаймын. Егер Ленин тағы бір он, он бес жыл өмір сүргенде Сталин билікке келмеуші ме еді? Егер Сталин билікке келмегенде қазақ халқы социализмге құрбандықсыз өтіп, 32- нің 4 миллион қазақтың басын жұтқан алапат аштығына ұшырамас па еді? Бəлкім алаш арыстарының түбіне жеткен 37-нің қуғын-сүргінінен де аман өтер ме едік. Осы екі қырғын нəубет болмағанда қазақтың ерлері жапондық үлгідегі мығым мемлекет құрып, киіздей тұтасқан 40 миллион қазағы бар еңселі ел болып, теріскейде орысқа дес бермей, күнгейдегі қытайдан айылымызды жимай, азуымызды айға білеп отырар ма едік. Тілекті құдай бермеді, қайтейік.
Əйтпесе, Лениннің қазаққа бүйрегі бұрып тұр еді. Менің ойымша, Ленинде империялық пиғыл болмаған сияқты. Кезінде Университетте оқып жүргенде Лениннің елу томдығын тісіміз аса батпаса да, жата жастана оқыдық қой, өйткені Ленин еңбектерінінен цитата келтірмесең, ешқандай авторефератың мен курсовой жұмысың қабылданбайтын. Сондағы мені таңқалдырғаны - соншама еңбекті Лениннің өз қолымен жазып шығуы. Қазір СНГ президенттерінің кітап жазғыштығын көріп жүрміз, ол кітаптардың бір ауыз сөзін өздері жазбайтынын жəне білеміз...
Ал Лениннің соңында 55 том еңбек қалғанын жəне бұл күрделі еңбектердің барлығын ол түрмеде, айдауда, тіпті эмиграцияда бой тасалап жүріп, аса жанкештілікпен жазып шыққанын ескерсек, Лениннің қандай ғажайып білімдар һəм еңбекқор адам болғанын бағамдай беріңіз.
Ленинде империялық пиғыл болмаған сияқты дедік, соның айғағындай ол өзінің "О национальной гордости великороссов" атты мақаласында орыс шовинизімін жер жеберіне жеткізе айыптайды.
Лениннің əу бастағы арман-мұраты Ресейді 300 жыл билеген Романовтар тұқымының түбіне жету еді. 1881 жылы Александр II-ге қастандық жасалып, жарылған снаряд жарықшағы күймесінің күл-талқанын шығарған ақ патша тіл тартпай кетеді. Бұл терактыны жасаған "Халық еріктілері" деген патшалық биліке қарсы ұйымның мүшелері еді. Осы ұйымның ішінде Лениннің ағасы Александр Ульянов та болған деседі. Көп ұзамай Ленмннің ағасы да ұсталып, ұйымның барлық мүшелерімен бірге өлім жазасына кесіледі. Сонда үйінде қайғырып отырған шешесін келіп жұбатқан жас Ленин "Біз басқа жолмен жүреміз" деп анасына серт береді.
Ленин сертінде тұрды. Ол патша самодержавиясының түбіне жетті жəне Николай патшаның үрім-бұтағын асқан жауыздықпен қырып салды, оның қанішер жендеті Голощекин бұл тапсырманы тап-тұйнақтай ғып орындағаны соншалықты, тіпті патшаны өрен-жаранымен о дүниеге аттандырғаннан кейін мүдделердің ұстінен кислота құйғызып, сүйектеріне дейін ағызып жіберуге тырысқан деседі. Мұның бəрі Лениннің аса көкшіл адам болғанының айғағы.
Десек те, Сталиннің зұлымдығы бəрінен асып түсті. Бала кезінен ұрлық-қарлықпен айналысқан ол жастайынан абақты көріп өсіп, қаны бұзылып шыққан адам еді. Осылайша қаны сұйық Сталин жас мемлекетті аз жылда "Халықтар түрмесіне" айналдырды.
Сол үшін ол алдымен Лениннің түбіне жетті. Ленин өлісімен билікті қолына алып алған ол өзінің қанды террорын қауырт бастап кетті. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған бұл террор аттай отыз жылға созылып, Сталин өлген соң ғана əзер тоқтады.
Сөзімнің соңында Ленинге қайтып оралайын, бір жылы киіктер жайлы материалдар іздестіріп отырып, бір қызық мақалаға көзім түсті. Большевиктік билікке келген Лениннің алғашқы декреттерінің бірі "Қазақ даласындағы киіктерді қорғау жəне сақтау" жөнінде болыпты. Бұл да Лениннің бір жұмбағы.
Əрине, тарих Ленинді ешқашан ақтамайды, біз де большевизм көсемін ақтауға ықыласты емеспіз. Десек те қазақтың 12 мың шақырымға созылған ұланғайыр шекарасын Əлімхан Ермековтың уəлі уəждеріне тоқтап, қазаққа дау-дамайсыз алып берген кеңшілігін ұмытпауға тиіспіз.
Ленин өлгеннен кейін Сталин тұсында, кейіннен Хрущев пен Брежнев заманында Əлімхан Ермеков сыздырған шекарының 25 пайызынан айырылып қалдық. Орынбор өлкесі Ресейге, Ташкент пен Бостандық ауданы, жəне Қарақалпақстан өлкесі Өзбекстанға, Брежнев заманында қазіргі Түркістан облысының үш ауданы өзбекке жылап кетті.
Жер шығыны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Қазақтың бағына Жұмабек Тəшенов туып, 60 жылдары өзінің мансабын тəрк ету арқылы тағы да бес облысты көрші республикалардың талан таражына түсіп кетуінен сақтап қалды.
Ел болған соң, ер туғыза алмай тұра алмайды" деген осы да. Қазақтың жоғын түгендеп есесін қайтарар туар тағы бір Ер...
Ерлан Төлеутай, Қазақ үні