Семейде «Алаш» аты қайта жаңғырды

    XX ғасырдың басындағы Алаш Орда үкіметінің астанасы – Семей қаласында бүкіл қазақ қоғамының көшбасшысы болған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының, Алаш пар­тиясының және оның үкіметі Алаш Орданың құрылғанына 95 жыл толуы құрметіне орай жақында Қазақстан көлемінде тұңғыш рет «Алаш апталығы» өткізіліп, Алаш арыстарының рухына бағышталып «Құран қатым» түсірілді. Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы – Тәуелсіздік идея­сы деген ой- пікір берік қалып­тасуда. Оның айқын үлгісі қазақ халқы Алаш идеясымен қайта қауышты, олардың бір кездері армандаған Тәуелсіздігі өмір шын­дығына айналды. Халқы­мыздың ғасырлар бойы аңсаған ең қасиетті, ең қастерлі күні –Тәуел­сіздік күні еді,оған да қол жеткіздік.Қазақ Елінің Тәуел­сіздік алғанына, міне, 21 жыл тол­ды, ел болдық, жаға-жеңді түзедік, азамат жасы 21-дің то­лысқан кезіне келдік деп шалқып жүрміз. Алайда, 21 жыл тарих үшін қас қағым сәт қана. Ал,тарих бар білімнің атасы екендігі бе­сенеден белгілі, ол сондықтан да тек шындықты ұнатады. Ал, шын­дығы жоқ тарих бүгін мақ­талғанмен, түбінде бір жерден шикілігі шығып жатады. Кейде бір жаңсақ пікірлер де айтылып қалып жүр. Яғни, біздің мемлекет болғанымызға небәрі 21 жыл, бар­лығы 90 жылдардан баста­ла­ды деген секілді. Ағайындар-ау, бұл Тәуелсіздіктің 21 жылдығы ғой, мемлекеттің 21 жылдығы емес, олай десек тарихқа қиянат болады емес пе? Ежелгі ата-баба­ларымыздың бір тудың астына біріге алғандығының арқасында біз ұлт болып ұйып, мемлекет бо­лып сақталып бүгінгі күнге жет­тік емес пе? Тіпті, сақ-ғұн-үйсін-түрік-қыпшақ деп аталатын арғы «Ата-Тарихты» айтпағанның өзінде де, бергі тарихқа да қиянат жасауға болмайды ғой. Ұлттық мақсат-мүддені қорғап, дербес қа­зақ мемлекетін құрып 400 жыл жеке өмір сүрген, Керей мен Жәні­бектен басталып Кене­са­ры­мен аяқталатын қазақ хандығы дәуірінде қазіргі қазақ жерінің сұлбасы жасалып қойған бола­тын. Сол қазақ хандығын жасақ­таған кемеңгерлер ұлы дала тө­сінде судай сапырылысып, мидай араласқан ру-тайпалардың ішкі-сыртқы құрылымын түгелдей тү­зеген еді. Кешегі Алаш арыстары да Совет өкіметінің жүрегі –Мәс­кеудегі Кремльде неше рет Ленинмен жүздесіп, қаншама та­лас-тартыспен дәлелдеп отырып, қазақ жерінің картасын жасап бе­кіттірген еді. Демек, Тәуелсіз­дікті айтқан кезде, біз сол қазақ жерін қорғап қалған, қазақ хан­дығын, қазақ мемлекетін құраған есіл ерлердің еңбектерінен бас­тауымыз заңды емес пе? Яғни, еліңнің жоғын жоқтап, мұңын мұң­даған, ұлтыңның ұлттық құн­ды­лықтарын сақтау жолында батыл қадамға бара алған адал ұлдарымыз қай заманда да, жал­пақ жұрттың жұдырықтай түйіл­ген жұмыр тілегі мен ұлттық рухын ұлықтаған ұлтымыздың тұғырлы тұлғалары болған. 1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Орынбор қаласында өткен II Жалпықазақ съезі тура 13-і күні сағат 15.00-де тұңғыш Ұлт Кеңесі – Алаш Орда үкіметін жа­риялаған болатын. Яғни,1917 жылдың 13 желтоқсаны-қазақ­тың алғашқы заманауи үкіметі­- ­нің – Алаш Орданың дүниеге келген күні ретінде тарихқа ен­гені барша қауымға мәлім. Ғұ­мыры ұзақ болмаса да(2 жыл, 3 ай) алты Алаштың баласына Ақ Орда тігіліп, Алаш Туы көте­рі­ліп,ұлттық ұғымға мәңгілік үлгі, жойылмайтын жосын жасап үл­герген қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі – Алаш Орда үкіметі құ­ры­лып, қазақ халқының мемле­кеттілікке лайықты ел екені паш етілді. Алаш Орда үкіметінің төрағалығына Х.Дос­мұ­хамедұлы, А.Тұрлыбайұлы, Ә.Бөкейханұлы кандидатуралары ұсынылады.Демократиялық жолмен өткен баламалы сайлау негізінде көп­шілік дауыспен Ә.Бөкейханұлы Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып сайланады. Нәтижесінде, Алаш Орда үкіметі 13-желтоқ­сан­да заңды жұмысын бастайды.Оның астанасы – «Алаштың Ор­дасы болып, Алаш қаласы» (27.11.1917ж.–8.10.1927ж.) атал­ған, қазіргі Семейдегі Ертіс өзені­нің сол жағалауы болып ресми бекітіледі. Демек, XX ға­сыр­дың бас кезінде ұлттық де­мократиялық сипатта өрбіген Алаш ұлт-азаттық қозғалысы­ның, Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің саяси орталығы болған Семей өңірінің тарихы Алаштың тарихымен астасып жатқандығы дау тудырмайтын ақиқат. Содан бастап, «Алаш» сөзі тарих сахнасына қайта шы­ғып, барлық құжаттарда саяси ұғым деген атаумен рәсімделіп келеді. Жалпы, иісі қазақтың «Алаш» немесе «Қазақ» деп ата­латын бір кісіден таралуы да, этно-тұтастықты көксеуден ту­- ған ұлы шарттылық, ұлы бірлік идеясы деуге толық негіз бар.Алайда, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталған тұлғалары­мыз­дың – «Алаш Орда» көшбас­шы­ларының заңдық тұрғыда ақтал­ғанына қарамастан, әлі күнге дейін «Алаш» ұлт-азаттық қоз­ғалысына саяси әділ баға бере ал­май және Алаш идеяларының әлеуетін толық аша алмай жүрміз. Енді, 5 жылдан кейін – 2017 жылы Алашқа 100 жыл толады.Яғни, бұл жыл – еліміздің өмірін­дегі аса маңызды кезең ретінде бағалануы тиіс.Себебі, 2007 жы­лы «Алаш»ұлт-азаттық қозғалы­сының қадірін біліп құрметтемек түгіл 90 жылдығы да атаусыз қал­ды. Бұл туралы алғаш­қы­лар­дың бірі болып дабыл көтерген сол тұстағы мәжіліс депутаты Е.Рах­метов еді. Ол өзі бас болып, 15 депутатқа қол қойғызып, Пре­зидент Н.Назарбаевқа ашық хат жазды. Тек,осыдан кейін ғанаҚР Үкіметінің 2008 жылғы 26 мау­сымдағы № 624 қаулысына сәй­кес республика деңгейін­де Алаштың 91 жылдығы атап өтіл­ді. Ал, биыл 95 жылдығы. Осы тұр­ғыда Семей қаласы тарихында өшпес із қалдырған Алаш қайрат­керлерінің есімін ұлықтаудағы негізгі шаралардың бірі-5-13 желтоқсан аралығында өткізілген «Алаш апталығы» мен Алаш арыс­­тарының рухына бағыш­талып «Ақ жол» партиясы атынан түсірілген «Құран қатым» болды. Апталыққа Орынбордағы II Жал­пықазақ съезінің өткен күндері 5-13 желтоқсан аралығының алы­нып отырғаны болашақта осы екі аралықты республика бойынша атап өтілетін айтулы іс шараға – «Алаш апталығына» айналдырса деген игі тілектен туын­дады. «Ақ жол» пар­тиясы және оның Семей қалалық фи­лиалы қала әкімшілігінің мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Нұрқасым, бөлім маманы А.Рыспекұлы­ме­нен бірігіп, жоспар құрып осы бағытта жоспарланып, мақсатты түрде өткен «Алаш апталығы­ның» әр күніне Алашқа ғана қатысты белгілі бір тақырып қойылды. Бұл бастамамызға жер­гілікті мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының басшылары тиісті деңгейде қол­дау көрсете білгендігін тілге тиек еткім келеді.Апталықтың ал­ғашқы күні – яғни, 5 желтоқсанда қаламыздың зиялы қауымы өкіл­дерімен Семейдің мемлекеттік пе­дагогикалық институтының алдындағы Алаш көсемі Ә.Бө­кей­хановтың ескерткішіне тағ­зым етіп,гүл шоғын қоюдан бас­талса,одан әрі жергілікті телеарна және БАҚ-ының қатысуымен Достық үйінің кіші акт залында баспасөз конференциясын өткі­зумен жалғасын тапты.Түстен кейін, «Алаш арыстары және М.Әуезов мұражайында» белгілі Алаштанушы ғалымдар мен тарихшы-студенттердің басын қосқан «Алаш ұғымы және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы» атты дөңгелек үстелұйымдастырылды.Осы мұражай бір кездері Алаш арыстарының біразының уақыт­ша мекенжайы қызметін де ат­қарған тарихи орын болып сана­лады.(арғы-бергі жағалаудағы Алашқа қатысты 4 үйдің әзірге аман тұрған екеуінің біреуі де осы үй). Ертеңінде, орталық кітапха­на­ның акт залында «Алаш Ор­даның мемлекеттілігі» туралы Алаш қайраткерлерінің шығар­машылығына арналған кітап көр­месі және олардың өмір­леріне байланысты түсірілген деректі фильмдер көрсетілімі тамашаланды. Ал, келесі күн құжаттандыру орталығында «Алаштың ресми мағлұматтары сыр шертеді» тақырыбындағы ашық есік күні болып жария­лан­ғандықтан Алаш арыстарының қолжазбалары мен Алаш Орда үкіметінің шығарған біршама бұйрықтарының түпнұсқала­ры­мен еркін танысуға мүмкіндік туды. Бізге беймәлім болып кел­ген кейбір құжаттардағы тылсым құпиялардың көбесі сөгілгендей әсерге бөлендік. Мәселен, Алаш Орданың мемлекеттік мөрі және Ә.Бөкейханұлының қолтаңбасы мен т.б.дереккөздерге толы ақ­параттар алып, бір жасап қалдық.Қалалық мәдениет сарайында түске дейін «Алаш және Тәуел­сіздік»тақырыбындағы патриот­тық әндерден үлкен концерт бе­рілсе,түстен кейін ақындар айты­сының аламанына куә болдық.Семейдің мемлекеттік педаго­ги­калық институтындағы «Алаш идеясы және бүгінгі Қазақ­стан» атты дөңгелек үстелге тарихшы ғалымдар мен тарих факуль­те­тінің студенттері көптеп жинал­ған екен, құттықтау сөзді рек­тордың өзі оқыды. Конференция барысында «Ақ жол» партиясы­ның Семей қалалық филиал төр­ағасы, партия төрағасы А.Перуа­шевтің ШҚО бойынша саяси кеңесшісі Орымбек Сәрсенбин жиналған ғалымдар, студенттер алдында терең ойлы, ұлт-жанды және жалынды сөз сөйледі. Сөзінде ... «Біз қоғам, билік бо­лып Алаш арыстарына тиісті деңгейде баға бермей келеміз. Олар Қазақстан тарихында тіпті болмағандай, Алаш орда үкіметін тіпті құрмағандай, жандарын бүгінгі ұрпақ, сіздер үшін, бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін қимағандай сыңай танытып келеміз. Осыдан 5 жыл бұрын Алаш қозғалысын 90 жылдық мерейтойы ешқандай аталып та өткен жоқ. Тек 2008 жылы атқарушы билік аз-маз бір шаралар өткізген сымақ болып мазаққа қалды. Осындай жағдай үкімет, ел билігі тарапынан тағы да орын алатынын сезген «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, Орталық Кеңес мүшелері, партия қайраткерлері, өздерін бүкіл партия болып рес­ми түрде Алаш қозғалысының ісін жалғастырушы, кеңінен ха­лық арасында насихаттаушы деп атағаннан кейін пәрменді түрде іске кірісіп кетті. Семей өңірі, Алаш қозғалысының бас үкіметі орналасқан астанасы, жүрегі бол­ғандықтан іске бірінші болып кірісті. Қазан айының ортасында «Туған қалам – Семейім» қоғам­дық қорының төрағасы Айдын Рыспекұлы «Қазақстан–Семей» телеарнасымен тікелей эфирге 30 минут уақыт берілетін болып, келісімдерін алған сәтте біз «Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы» атты тақырыпта хабар өткізіп, Семей тұрғында­рына телеарнадан Алаш туралы кеңі­нен баян­дап бердік. «Ақ жол» партиясы да қарап қалмады. А.Перуашев Семей қала­сында халықаралық ғылыми практикалық конференция өткі­земіз деп шешім қабылдады. Кейін­нен ол қаражат мәселесіне байланысты Астана қаласында қараша айының 23-де өткізілді. Конференция жұмысына О.Сәр­сенбин бастаған 4 кісі қатысып баяндама жасады.Баяндамалар «Жас қазақ үні» га­зетінің бетінде басылып шықты. «Ақ жол» партиясы бас байгеге 1 млн тенге тағайындап Алаш қозғалысы, Алаш тағылымдары жөнінде журналистер арасында конкурс жариялады. Оның ере­жесі «Жас қазақ үні» және «Спектр» газеттерінде басылды. Ұлтжанды, рухты болғыларыңыз келсе, таза ақиқат, өткір сынды қаласаңыздар «Жас қазақ үні» газетін оқыңыздар». Желтоқсан айының 5-де бас­талған Алаш апталығы 15 күні «Ақ жол» партиясының Семей филиалы ұйымдастырған Семей қаласының орталық мешіті жа­нындағы қатымханада Алаш арыс­тарының рухына бағыш­талып, есімдері аталып, қатым құран түсірілді. 2,5 сағатқа со­зылған шара барысында кеңінен Алаш қозғалысы жақсы әңгіме болды. Қаражат мәселесін шешіп берген Семей ет-консерві комби­натының директоры, «Ақ жол» партиясының Орталық Кеңесінің мүшесі Бекболат Жамангаринов, және ШҚО «Ақ жол» партиясы­ның филиал төрағасы Талғат Құр­­манғалиевтарға зор алғысы­мызды білдіреміз. Семей қаласы­ның әкімшілігі бой тасалап, бір­де-бір шараға қатыспады, деген­мен бөгет жасамағаны үшін олар­ға да, әкім А.Кәрімов мырзаға да алғысымызды білді­реміз. Достық үйінің үлкен акт залында «Алаш идеясы – қазақ­тың ұлттық идея­сы» тақы­ры­бын­да өрбіген ғы­лы­ми-практикалық конференцияға Семей қала­сы­ның Құрметті аза­маттары, қоғам­дық ұйым бас­шылары, Шәкәрім атындағы Се­мейдің мемлекеттік универ­си­тетінің магистрант­тары, № 38 мектеп-лицейі мен Н.Назар­баев атындағы зият­керлік мектебінің мұғалімдері және Алаштанушы жас ғалымдар ат салысты.Осы­лайша, Семейде тұңғыш ұйым­дас­тырылған «Алаш апталы­ғын­да» Алаш атының ардақталып, қайта жаңғыруына үлес қосқан отаншыл, ұлтжанды азаматта­рымыз – Абай мұра­жайы­ның директоры Ж.Әубә­кірге, Семей­дің мемлекеттік п­едагогикалық институтының рек­торы М.Бек­темісовке, Шә­кәрім атындағы Семей мемле­кеттік уни­­верси­тетінің ректоры Ш.Әмір­бековке, Құжаттанды­ру орталығының директоры Г.Қасы­мо­ваға, Ор­талық кітап­ха­наның директоры А.Шаймар­дановаға, Достық үйінің дирек­торы Ш.Орынбае­ваға, Қалалық мәдениет сарайы­ның директоры Н.Иманбаевқа, «Ақ жол» пар­тиясы Семей фи­лиалының төр­ағасы О.Сәрсем­бинге Семей қа­лалық мәдениет және тілдерді да­мыту бөліміне зор алғыс біл­діреміз. Ж.Қамбаров, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, сазгер, жазушы