Семейде «Алаш» аты қайта жаңғырды
2013 ж. 04 қаңтар
2261
0
XX ғасырдың басындағы Алаш Орда үкіметінің астанасы – Семей қаласында бүкіл қазақ қоғамының көшбасшысы болған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының, Алаш партиясының және оның үкіметі Алаш Орданың құрылғанына 95 жыл толуы құрметіне орай жақында Қазақстан көлемінде тұңғыш рет «Алаш апталығы» өткізіліп, Алаш арыстарының рухына бағышталып «Құран қатым» түсірілді.
Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы – Тәуелсіздік идеясы деген ой- пікір берік қалыптасуда. Оның айқын үлгісі қазақ халқы Алаш идеясымен қайта қауышты, олардың бір кездері армандаған Тәуелсіздігі өмір шындығына айналды. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған ең қасиетті, ең қастерлі күні –Тәуелсіздік күні еді,оған да қол жеткіздік.Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанына, міне, 21 жыл толды, ел болдық, жаға-жеңді түзедік, азамат жасы 21-дің толысқан кезіне келдік деп шалқып жүрміз. Алайда, 21 жыл тарих үшін қас қағым сәт қана. Ал,тарих бар білімнің атасы екендігі бесенеден белгілі, ол сондықтан да тек шындықты ұнатады. Ал, шындығы жоқ тарих бүгін мақталғанмен, түбінде бір жерден шикілігі шығып жатады. Кейде бір жаңсақ пікірлер де айтылып қалып жүр. Яғни, біздің мемлекет болғанымызға небәрі 21 жыл, барлығы 90 жылдардан басталады деген секілді. Ағайындар-ау, бұл Тәуелсіздіктің 21 жылдығы ғой, мемлекеттің 21 жылдығы емес, олай десек тарихқа қиянат болады емес пе? Ежелгі ата-бабаларымыздың бір тудың астына біріге алғандығының арқасында біз ұлт болып ұйып, мемлекет болып сақталып бүгінгі күнге жеттік емес пе? Тіпті, сақ-ғұн-үйсін-түрік-қыпшақ деп аталатын арғы «Ата-Тарихты» айтпағанның өзінде де, бергі тарихқа да қиянат жасауға болмайды ғой. Ұлттық мақсат-мүддені қорғап, дербес қазақ мемлекетін құрып 400 жыл жеке өмір сүрген, Керей мен Жәнібектен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ хандығы дәуірінде қазіргі қазақ жерінің сұлбасы жасалып қойған болатын. Сол қазақ хандығын жасақтаған кемеңгерлер ұлы дала төсінде судай сапырылысып, мидай араласқан ру-тайпалардың ішкі-сыртқы құрылымын түгелдей түзеген еді. Кешегі Алаш арыстары да Совет өкіметінің жүрегі –Мәскеудегі Кремльде неше рет Ленинмен жүздесіп, қаншама талас-тартыспен дәлелдеп отырып, қазақ жерінің картасын жасап бекіттірген еді. Демек, Тәуелсіздікті айтқан кезде, біз сол қазақ жерін қорғап қалған, қазақ хандығын, қазақ мемлекетін құраған есіл ерлердің еңбектерінен бастауымыз заңды емес пе? Яғни, еліңнің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, ұлтыңның ұлттық құндылықтарын сақтау жолында батыл қадамға бара алған адал ұлдарымыз қай заманда да, жалпақ жұрттың жұдырықтай түйілген жұмыр тілегі мен ұлттық рухын ұлықтаған ұлтымыздың тұғырлы тұлғалары болған.
1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Орынбор қаласында өткен II Жалпықазақ съезі тура 13-і күні сағат 15.00-де тұңғыш Ұлт Кеңесі – Алаш Орда үкіметін жариялаған болатын. Яғни,1917 жылдың 13 желтоқсаны-қазақтың алғашқы заманауи үкіметі-
нің – Алаш Орданың дүниеге келген күні ретінде тарихқа енгені барша қауымға мәлім. Ғұмыры ұзақ болмаса да(2 жыл, 3 ай) алты Алаштың баласына Ақ Орда тігіліп, Алаш Туы көтеріліп,ұлттық ұғымға мәңгілік үлгі, жойылмайтын жосын жасап үлгерген қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі – Алаш Орда үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттілікке лайықты ел екені паш етілді. Алаш Орда үкіметінің төрағалығына Х.Досмұхамедұлы, А.Тұрлыбайұлы, Ә.Бөкейханұлы кандидатуралары ұсынылады.Демократиялық жолмен өткен баламалы сайлау негізінде көпшілік дауыспен Ә.Бөкейханұлы Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып сайланады. Нәтижесінде, Алаш Орда үкіметі 13-желтоқсанда заңды жұмысын бастайды.Оның астанасы – «Алаштың Ордасы болып, Алаш қаласы» (27.11.1917ж.–8.10.1927ж.) аталған, қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауы болып ресми бекітіледі. Демек, XX ғасырдың бас кезінде ұлттық демократиялық сипатта өрбіген Алаш ұлт-азаттық қозғалысының, Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің саяси орталығы болған Семей өңірінің тарихы Алаштың тарихымен астасып жатқандығы дау тудырмайтын ақиқат. Содан бастап, «Алаш» сөзі тарих сахнасына қайта шығып, барлық құжаттарда саяси ұғым деген атаумен рәсімделіп келеді. Жалпы, иісі қазақтың «Алаш» немесе «Қазақ» деп аталатын бір кісіден таралуы да, этно-тұтастықты көксеуден ту-
ған ұлы шарттылық, ұлы бірлік идеясы деуге толық негіз бар.Алайда, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталған тұлғаларымыздың – «Алаш Орда» көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғанына қарамастан, әлі күнге дейін «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына саяси әділ баға бере алмай және Алаш идеяларының әлеуетін толық аша алмай жүрміз. Енді, 5 жылдан кейін – 2017 жылы Алашқа 100 жыл толады.Яғни, бұл жыл – еліміздің өміріндегі аса маңызды кезең ретінде бағалануы тиіс.Себебі, 2007 жылы «Алаш»ұлт-азаттық қозғалысының қадірін біліп құрметтемек түгіл 90 жылдығы да атаусыз қалды. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып дабыл көтерген сол тұстағы мәжіліс депутаты Е.Рахметов еді. Ол өзі бас болып, 15 депутатқа қол қойғызып, Президент Н.Назарбаевқа ашық хат жазды. Тек,осыдан кейін ғанаҚР Үкіметінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 624 қаулысына сәйкес республика деңгейінде Алаштың 91 жылдығы атап өтілді. Ал, биыл 95 жылдығы. Осы тұрғыда Семей қаласы тарихында өшпес із қалдырған Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтаудағы негізгі шаралардың бірі-5-13 желтоқсан аралығында өткізілген «Алаш апталығы» мен Алаш арыстарының рухына бағышталып «Ақ жол» партиясы атынан түсірілген «Құран қатым» болды. Апталыққа Орынбордағы II Жалпықазақ съезінің өткен күндері 5-13 желтоқсан аралығының алынып отырғаны болашақта осы екі аралықты республика бойынша атап өтілетін айтулы іс шараға – «Алаш апталығына» айналдырса деген игі тілектен туындады. «Ақ жол» партиясы және оның Семей қалалық филиалы қала әкімшілігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Нұрқасым, бөлім маманы А.Рыспекұлыменен бірігіп, жоспар құрып осы бағытта жоспарланып, мақсатты түрде өткен «Алаш апталығының» әр күніне Алашқа ғана қатысты белгілі бір тақырып қойылды. Бұл бастамамызға жергілікті мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының басшылары тиісті деңгейде қолдау көрсете білгендігін тілге тиек еткім келеді.Апталықтың алғашқы күні – яғни, 5 желтоқсанда қаламыздың зиялы қауымы өкілдерімен Семейдің мемлекеттік педагогикалық институтының алдындағы Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың ескерткішіне тағзым етіп,гүл шоғын қоюдан басталса,одан әрі жергілікті телеарна және БАҚ-ының қатысуымен Достық үйінің кіші акт залында баспасөз конференциясын өткізумен жалғасын тапты.Түстен кейін, «Алаш арыстары және М.Әуезов мұражайында» белгілі Алаштанушы ғалымдар мен тарихшы-студенттердің басын қосқан «Алаш ұғымы және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы» атты дөңгелек үстелұйымдастырылды.Осы мұражай бір кездері Алаш арыстарының біразының уақытша мекенжайы қызметін де атқарған тарихи орын болып саналады.(арғы-бергі жағалаудағы Алашқа қатысты 4 үйдің әзірге аман тұрған екеуінің біреуі де осы үй). Ертеңінде, орталық кітапхананың акт залында «Алаш Орданың мемлекеттілігі» туралы Алаш қайраткерлерінің шығармашылығына арналған кітап көрмесі және олардың өмірлеріне байланысты түсірілген деректі фильмдер көрсетілімі тамашаланды. Ал, келесі күн құжаттандыру орталығында «Алаштың ресми мағлұматтары сыр шертеді» тақырыбындағы ашық есік күні болып жарияланғандықтан Алаш арыстарының қолжазбалары мен Алаш Орда үкіметінің шығарған біршама бұйрықтарының түпнұсқаларымен еркін танысуға мүмкіндік туды. Бізге беймәлім болып келген кейбір құжаттардағы тылсым құпиялардың көбесі сөгілгендей әсерге бөлендік. Мәселен, Алаш Орданың мемлекеттік мөрі және Ә.Бөкейханұлының қолтаңбасы мен т.б.дереккөздерге толы ақпараттар алып, бір жасап қалдық.Қалалық мәдениет сарайында түске дейін «Алаш және Тәуелсіздік»тақырыбындағы патриоттық әндерден үлкен концерт берілсе,түстен кейін ақындар айтысының аламанына куә болдық.Семейдің мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Алаш идеясы және бүгінгі Қазақстан» атты дөңгелек үстелге тарихшы ғалымдар мен тарих факультетінің студенттері көптеп жиналған екен, құттықтау сөзді ректордың өзі оқыды. Конференция барысында «Ақ жол» партиясының Семей қалалық филиал төрағасы, партия төрағасы А.Перуашевтің ШҚО бойынша саяси кеңесшісі Орымбек Сәрсенбин жиналған ғалымдар, студенттер алдында терең ойлы, ұлт-жанды және жалынды сөз сөйледі. Сөзінде ... «Біз қоғам, билік болып Алаш арыстарына тиісті деңгейде баға бермей келеміз. Олар Қазақстан тарихында тіпті болмағандай, Алаш орда үкіметін тіпті құрмағандай, жандарын бүгінгі ұрпақ, сіздер үшін, бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін қимағандай сыңай танытып келеміз. Осыдан 5 жыл бұрын Алаш қозғалысын 90 жылдық мерейтойы ешқандай аталып та өткен жоқ. Тек 2008 жылы атқарушы билік аз-маз бір шаралар өткізген сымақ болып мазаққа қалды. Осындай жағдай үкімет, ел билігі тарапынан тағы да орын алатынын сезген «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, Орталық Кеңес мүшелері, партия қайраткерлері, өздерін бүкіл партия болып ресми түрде Алаш қозғалысының ісін жалғастырушы, кеңінен халық арасында насихаттаушы деп атағаннан кейін пәрменді түрде іске кірісіп кетті. Семей өңірі, Алаш қозғалысының бас үкіметі орналасқан астанасы, жүрегі болғандықтан іске бірінші болып кірісті. Қазан айының ортасында «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қорының төрағасы Айдын Рыспекұлы «Қазақстан–Семей» телеарнасымен тікелей эфирге 30 минут уақыт берілетін болып, келісімдерін алған сәтте біз «Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы» атты тақырыпта хабар өткізіп, Семей тұрғындарына телеарнадан Алаш туралы кеңінен баяндап бердік.
«Ақ жол» партиясы да қарап қалмады. А.Перуашев Семей қаласында халықаралық ғылыми практикалық конференция өткіземіз деп шешім қабылдады. Кейіннен ол қаражат мәселесіне байланысты Астана қаласында қараша айының 23-де өткізілді. Конференция жұмысына О.Сәрсенбин бастаған 4 кісі қатысып баяндама жасады.Баяндамалар «Жас қазақ үні» газетінің бетінде басылып шықты.
«Ақ жол» партиясы бас байгеге 1 млн тенге тағайындап Алаш қозғалысы, Алаш тағылымдары жөнінде журналистер арасында конкурс жариялады. Оның ережесі «Жас қазақ үні» және «Спектр» газеттерінде басылды. Ұлтжанды, рухты болғыларыңыз келсе, таза ақиқат, өткір сынды қаласаңыздар «Жас қазақ үні» газетін оқыңыздар».
Желтоқсан айының 5-де басталған Алаш апталығы 15 күні «Ақ жол» партиясының Семей филиалы ұйымдастырған Семей қаласының орталық мешіті жанындағы қатымханада Алаш арыстарының рухына бағышталып, есімдері аталып, қатым құран түсірілді. 2,5 сағатқа созылған шара барысында кеңінен Алаш қозғалысы жақсы әңгіме болды. Қаражат мәселесін шешіп берген Семей ет-консерві комбинатының директоры, «Ақ жол» партиясының Орталық Кеңесінің мүшесі Бекболат Жамангаринов, және ШҚО «Ақ жол» партиясының филиал төрағасы Талғат Құрманғалиевтарға зор алғысымызды білдіреміз. Семей қаласының әкімшілігі бой тасалап, бірде-бір шараға қатыспады, дегенмен бөгет жасамағаны үшін оларға да, әкім А.Кәрімов мырзаға да алғысымызды білдіреміз. Достық үйінің үлкен акт залында «Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы» тақырыбында өрбіген ғылыми-практикалық конференцияға Семей қаласының Құрметті азаматтары, қоғамдық ұйым басшылары, Шәкәрім атындағы Семейдің мемлекеттік университетінің магистранттары, № 38 мектеп-лицейі мен Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің мұғалімдері және Алаштанушы жас ғалымдар ат салысты.Осылайша, Семейде тұңғыш ұйымдастырылған «Алаш апталығында» Алаш атының ардақталып, қайта жаңғыруына үлес қосқан отаншыл, ұлтжанды азаматтарымыз – Абай мұражайының директоры Ж.Әубәкірге, Семейдің мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры М.Бектемісовке, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ш.Әмірбековке, Құжаттандыру орталығының директоры Г.Қасымоваға, Орталық кітапхананың директоры А.Шаймардановаға, Достық үйінің директоры Ш.Орынбаеваға, Қалалық мәдениет сарайының директоры Н.Иманбаевқа, «Ақ жол» партиясы Семей филиалының төрағасы О.Сәрсембинге Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне зор алғыс білдіреміз.
Ж.Қамбаров,
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, сазгер, жазушы