АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

  Елімізде іске асырылған әлеу­меттік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалар қоғамның мәдени-рухани өміріне жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер отандық та­рихта орын алған жасампаздық істермен сабақтасып жатқан­дығына көз жеткіземіз және ол өзгерістер бүгінгі тарих ғылымы­ның әлеуметтік қызметіне де ық­пал жасай бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Тарих дегені­міз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі», «қазақ тарихы факті­лердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дә­лелдеуші күш» [1, 237 б.] деген тұжырымы тарихи сананың жа­ңару үдерісінде ұлттық рухани құн­дылықтарымызды игерудегі түбірлі міндеттерді айқындайды. Отан тарихында күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі – Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерт­телге­німен геосаяси ерекшеліктерге сай, концептуалды тұрғыда ба­йыпты қарастыруды қажет етеді. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың се­беп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерек­шеліктерін айқындауға зәру. Түркістан тарихы қазіргі тә­уелсіз мемлекеттер тарихының құрамды бөлігі болғандықтан да мәселені жеке ұлттық мүдделер тұрғысында қарастырумен бірге оны тұтас құбылыс ретінде жал­пы заңдылықтар шеңберінде зерт­теудің өз артықшылықтары бар. Өлкеде патшалық, кеңестік биліктер дәстүрлі қоғамды жаңа­лауымен бірге ұлттық болмысты деформациялау саясатын қатар жүргізді. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы тарихнамасының күр­делі сипат алуы, оның бағдар­ламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойын­ша қайталанбас ерекшеліктері бар тарихи құбылысқа айналып, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыспен саяси-идеялық тұрғыда сабақ­та­суында. Мәселенің шындығы – бұл ұлт-азаттық қозғалыстың Қа­зақстан мен Орта Азия халық­тарының тәуелсіздік жолындағы күресінің биік шыңы екендігі әрі аймақтық сипатпен шектелмей, ХХ ғ. басында отарлық езгіге, империялық өктемдікке қарсы әлемдік қозғалыспен үндескен идеялас құбылысқа айналған­дығы. Кеңестік тарихнамада осы екі ақиқат бұрмаланып келді. Түркістан ұлт-азаттық қозға­лысының ерекшеліктері, бірін­шіден: өлке халқының полиэтни­калық құрамынан туындаған саяси, рухани әралуандық түрін­дегі ішкі фактордан, екіншіден: тарихи Ресейдің қоғамды модер­низациялауының қарқынды жүр­гізілуі түріндегі сыртқы фактор­дан туындады. Отарлық билік Түркістанда жәдитшілер бас болған интел­лектуалдық, мәдени және адам­гершілік өзегі қуатты жаңашыл ағыммен бетпе-бет келді. Түр­кістандық көпестер, зиялылар мен діндарлардың білімді жаңа буыны алғаш рет отарлық би­ліктің «легитимдігіне» күмәнмен қарады. Осы негізде қалыптасқан ұлттық элита өкілдерінің қоғам­дық-саяси қызметі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының идея­ларын іске асыруға сәт сайын жақындай түсті. Өлкелік «Шурои Исламия» – Мұсылмандар кеңесі ұйымы Бүкілресейлік мұсылмандық қозғалыс ықпалымен құрылды. М.Шоқай, М.Бехбуди, М.Аб­дурашитхановтар басқарған «Шу­рои Исламия» либералдық бағыт ұстаса, С.Лапин бастаған улемалықтар тұрмыста және қоғамдық өмірде шариғат заң­дары мен дәстүрлі қоғамдық қатынастарды сақтап қалуды жақ­тауымен ерекшеленді. Ал, түркістандық федералистер де­мократиялық бағдар ұстап, қо­ғамдық және мемлекеттік құры­лыста батыс европалық үлгіні жақтады. Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері Бүкілтүркістан мұсылмандары­ның ІV съезінде (1917 ж. 26 қазан) Түркістан мұхтариятын жария­лады. Ал большевиктер Түркістан мұхтариятын тығырыққа тіреген уақытта «Улема» ұйымы «Шурои Исламиядан» іргесін аулақ са­лып, өлкенің болашағын боль­шевиктік билікпен ынтымақ­та­су­мен байланыстырды. Осындай идеялық қарама-қайшылықтың соңы ашық теке-тіреске ұласты. 1918 ж. 18 ақпанында Түркістан мұхтарияты үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқайды улемашылар «сарай төңкерісін» жасап, Ергеш құрбашымен алмастыруы ар­қылы саяси ахуалы шатқаяқтап тұрған ұлттық автономияны тағ­дырдың тәлкегіне тастады. Түркістан мұхтариятының қару күшімен жойылуы, С.Лапин мен М.Шоқайдың эмиграцияға кетуі, кеңестік үлгідегі Түркістан автономиясы мемлекеттік құры­лымының орнауы да аймақтық тұтастықты қалыптастыру идея­сын тұншықтыра алмады. Әйтсе де, ұлт-азаттық күрес барысында саяси қозғалыстар тұғырна­масы­ның идеялық өзегіне айналған «ұлттық автономия» мәселесін 1918 ж. сәуір айындағы Бүкілтүр­кі­стан кеңестерінің V съезінде большевиктер таптық ұстаным­дарға сай шешті. Осындай жағдайда Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы солшыл қанатының өкілі Т.Рысқұлов бас­таған саяси элита тұтас Түркістан идеясын большевиктердің саяси күрес тәсілдерін қолдана отырып іске асыруды көздеді. Жаңа қо­ғамның билік институттары ны­ғайған сайын кеңес өкіметіне қарсы ашық күресу күрделі сипат алып, күрестің саяси тиімділігін азайта бергендіктен стратегиялық мақсат ретінде Т.Рысқұлов Түркі­стан халықтарын біртұтас ұлтқа біріктіру идеясын тұжырымдады [2, 4 б]. Түркістан өлкесіндегі ұлт-азат­тық қозғалысты Алаш қоз­ғалысымен тарихи сабақтастықта қарастырудың маңызы зор. Алаш­­тың Оңтүстік қанаты ту­ралы ғылыми тұжырымды алғаш рет ұсынған академик К.Нұр­пейіс­тің тұжырымы бойынша «Алаш» немесе «Алашорда» қоз­ғалысы бірнеше құрамдас бөлім­дерден тұратын күрделі ұғым. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мем­лекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақ­тың мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәсе­лелер. Осы нақты үш мәселе жиын­тығы Алаш немесе Алашор­да қозғалысы деген ұғымды білдіреді» [3, 5 б]. Дара құбылыс ретінде осылайша айқындалған қозғалысты Түркістан өлкесіндегі осыған ұқсас құбылыспен салыс­тырғанда оның мазмұны айқын­дала түседі. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс барынша саяси ала-құлалығымен және әлеумет­тік әртектілігімен ерекшеленді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске ұлттық, мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйым­дасқан белсенді әрекеті деп бағаласақ керек. Жалпы, Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының мазмұны мен сипатының ерекшелігін айқын­дау мақсатында таным­дық шарттылықтарға сүйеніп, оның қызметі мен құрылымын «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» деп негіздеген орынды болатын­дай. Бұл жерде басын ашып айта­тын мәселе, ғылыми танымда «Шы­­ғыс Алашорда», «Батыс Алашорда» деген орныққан та­рихи тұжырымдарға балама құ­былыс іздестіру емес, қайта ол құбылыстардың мазмұндық құ­рылымына жаңа кеңістік ашу басты мақсат екендігі. Бұндай тұжырым жасауға деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Ал­ғаш рет бұл тұжырым Түркістан­дағы партия – кеңес органдары­ның ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен ат­тас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Таш­кент­те шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашор­да­шылардың тұғырнамасындай еді» [4, л. 208] деген сипатта не­гіз­делді. Т.Рысқұловтың Түркі­стан­дағы Алаш қозғалысының қызметі туралы ойлары мен тұ­жырымдары 1923 ж. маусымда «Советская степь», 1935 ж. 18 ма­мырда «Казахстанская правда» [5] газеттерінде жарияланған еңбектері мен түрлі сипаттағы жаз­баларында одан әрі өрбітілді. Бұндай деректер Түркістан­дағы ұлт-азаттық күрес тәжірибе­лерін талдау арқылы Алаш қоз­ғалысының Оңтүстік қанатын дер­­бес тарихи таным нысаны ретінде қарастыруға негіз болады. Оңтүстік қанаттың нақты ұйым­дық құрылымы болмағанымен оның қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады. Сонымен бірге Түркістан ұлт-азат­­тық қозғалысының құра­мын­да өлкедегі жергілікті ұлт зиялы­ларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан Алаш қоз­ғалысы Оңтүстік қанаты қызметінің маз­мұнында аймақтық, конфес­сия­лық және идеялық сипаттағы ерек­шеліктері болды. Түркістан­дағы жергілікті халықтардың арасында отаршылыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалы­сының өкілдері М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ.Қожықов, С.Өтегенов және тб. қайрат­кер­лердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жерін­дегі ұлт-азаттық қозғалыстың маз­мұнын байытты. Алаш қозға­лысымен тығыз байланыста болған олар өлкедегі саяси қоз­ғалыстың және Түркістан мұх­тариятының басшылығында жүріп, қазақ мемлекетінің тұтас­тығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Осы мәселе 1918 ж. 4-9 қаңтар­дында Түркістан қаласында өт­кен Сырдария облысы қазақта­ры­ның съезінде арнайы қарасты­рылды. Алашорда үкіметінің аты­нан Б.Құлманов, Т.Құнан­баев, М.Дулатовтар арнайы қа­тысқан съезд шын мәнінде Алаш қозғалысы ұйымдастырған ірі саяси шаралардың біріне айнал­ды. Түркістан қазағын алашқа қосу мәселесін талқылаған съезде «Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ: кәрі-жас, қа­расы-төресі, байы-кедейі бірауыз болды» [6, 109-111 бб.]. Түркістан және Алаш қозға­лыстарындағы ислам факторы­ның да ықпалы әртүрлі деңгейде болғандығы жөнінде Д.Аманжо­лованың «Слабость позиции ислама, очевидно, предопреде­лила выдвижение именно казах­ской интеллигенции на аван­сцену политической арены всего Центрально-Азиатского региона в период революции и граждан­ской войны и сохранение ее вля­ния в советском руководстве Туркестана в начале 1920-х годов. Вплоть до 1924 г. большевики-казахи возглавляли ЦИК, ЦК Компартии и правительство Туркестанской АССР» [7, 74 с] деген тұжырымын қуаттауға бо­лады. Бұл тұжырым қазақ зиялы­ларының ұлт-азаттық қозғалысқа діни маңыз беруден тартынған­дығын аңғартады. Осы саяси фак­­тор жалпыадамзаттық құнды­лықтарды бағдарға алған қазіргі заманғы саяси қозғалыстардың қағидаларымен үйлесім тауып, қазақ зиялыларының алдыңғы орынға шығуында шешуші мәнге ие болды. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан соң Түркістанда билік басындағы ұлттық саяси элита өкілдері Н.Төреқұлов, Т.Рыс­құлов, С.Қожанов, С.Ас­фендияровтар алашшыл қазақ зиялыларын Ташкент қаласына шақырып, түрлі қызметтерге тарт­ты. Алаштық идеяның ке­ңестік билік жағдайында жалға­сын тапқандығына өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформа­сының ұлттық мүдде тұрғысында сәтті жүргізілуі жарқын мысал болады. Олардың басшылығымен Ташкент қаласына топтасқан қазақтың саяси, шығармашылық элитасы өкілдерінің қызметі мә­дениет тарихындағы аса бір сәтті де шығармашылық тұрғыда же­місті кезең болды. М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Дос­мұ­ха­медов, М.Жұмабаев, С.Асфен­дияров, Қ.Болғанбаев, Ғ.Бірім­жанов, М.Әуезов, Ж.Аймауы­тов, Қ.Кемеңгеров т.б. қайраткер­лер­дің 1924 ж. ұлттық-территория­лық межелеуге дейінгі мәдени-ағартушылық қызметі кеңестік би­лік жағдайында Алаш қозға­лысы көтерген ұлттық идеяларды батыл іске асыруымен ерекше­ленді. Өлкеде қазақ зиялыларының саяси күрестің алдыңғы сапына шығуының терең тарихи алғы­шарттары болды. Ташкент қаласындағы «Кеңес» үйірмесі және оның қызметі туралы Түркістанда және Қазақ­станда бірқатар жауапты қызмет­тер атқарған Д.Нысанбаевтың 1925 ж. 31 қаңтарында РК(б)П Қырғыз облыстық Бақылау Ко­миссиясына жасаған мәлімдеме­сінен [8, 173-185 б] аса құнды мағ­лұматтарға қанығамыз. Де­ректе үйірменің төрағасы генерал Сейітжапар Асфендияров бол­ған­дығын аталады. Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде, елшілік қызметте болған генерал С.Асфендияров­тың танымалдығы және биік би­лік лауазым иеленуі, қазақ қо­ғамындағы дәстүрлі билеуші әулеттен шыққан харизмалық тұлғасы оны үйірменің басшы­лығына алып келген. Төрағаның орынбасары М.Шо­қайдың Ресейдің ІV Мем­лекеттік думасы мұсылмандар фракциясы хатшысы ретіндегі беделі өлкедегі 1916 ж. ұлт-азат­тық көтерілістің патша өкіметі әскерлері тарапынан аяусыз басып-жаншылуының салдарын тексеруге келген Мемлекеттік дума комиссиясының жұмысына араласуы арқылы кең таны­малдыққа ұласқан. Осы комиссия төрағасы, Мемлекеттік думадағы демократияшыл күштердің сер­кесі А.Ф.Керенскиймен жол­дастығы өлкедегі билеуші эли­таның арасында М.Шоқайдың «өз адамы» ретінде қабылда­нуы­на қолайлы жағдай еді. Төрағаның екінші орынба­сары Садық Өтегенов ақпан төң­керісінен соң Түркістан қала­сын­да, Сырдария облысында Уақытша үкіметтің уездік, облыс­тық комитеттерінде жауапты қызмет істеген, өлкедегі Алаш қозғалысының белді өкілдерінің бірі, Алаш съездеріне қатысқан, өлкелік деңгейде танылған ұлт зиялылары арасындағы беделді тұлға. Ол 1918 ж. қаңтарда Түр­кістан қаласында Сырдария об­лысы қазақтарының съезін өт­кізуге бастамашыл болған. «Кеңес» астыртын үйірмесін басқаратын басшылық органды үйірменің бюросы атқарған, үйірменің кең таралған желісі және көпсанды мүшелері (ті­лек­тестері) болған. Бюро мүшелері­нің әрқайсына жекелеген жұмыс салалары бөлінген. Үйірменің бюро мүшесі Қоңырқожа Қо­жықов Түркістан мұғалімдер се­минариясының түлегі, халық мұ­ғалімі, мектеп, медреселерде дәріс берген. 1912 ж. Орынборда Карими баспасынан жарық көр­ген қазақ мектептеріне арнал­ған алғашқы әліппені жазуы да оны өлке зиялыларына кеңінен танымал етті. Қ.Қожықовтың 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқандығын 1916 ж. көте­ріліске қатысушыларды жазалау­дың ауыр зардаптарын тексеруге Мемлекеттік дума комиссия­сы­ның шақырылуына бастама­шыл болғандығынан көреміз [9, 336-375 б]. Ол Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметінің құрамына енген. Бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, жерге ор­наластыру басқармасы басшы­ларының бірі ретінде Жетісу­да­ғы жер-су реформасына басшы­лық жасаған, өлкелік «Қосшы» одағын ұйымдастырушылардың және басшыларының бірі. Бюро мүшелерінің бірі Сан­жар Асфендияровтың Ташкент­тегі атқарған қызметі өз төңіре­гіне ұлт зиялыларын топтастыра алатындай маңызды еді. Ресейдің орталығында саяси күреспен танысуы және өлкедегі евро­палық демократиялық қозғалыс басшыларымен араласуы оны жас ұлттық саяси күштердің алдыңғы легіне шығарды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары ТАКСР Денсаулық сақтау, Жер істері халкомы, Түркатком төр­аға­сы, ТКП ОК хатшысы қыз­меттерінде болған С.Асфендия­ровтың «Кеңес» үйірмесімен бай­ланыстылығы оның таптық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойған ұлтжандылығынан кө­рініс тапты. Үйірменің бюро мүшелері Серікбай Ақаев Түркістан мұх­тарияты Халық кеңесінің мү­шелігіне сайланған, офицер Мұзарап Қасымов алашорда­шылар жағында соғысып, Ақтөбе майданында қызыл әскердің тұт­қынына түсіп, атылған. Ал Әли­мұхамед Көтібаров та Санкт-Петербургте Жоғарғы әскери-медицина академиясын бітір­ген, өлкедегі жоғары білімді қазақ саяси элитасының бірі. Ол М.Шоқаймен тығыз жолдастық байланыста болған. Бюро мүшесі Алдабек Мангелдин, үйірменің хатшысы Зұлқарнайын Сейда­линдер де өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысқа араласқан саяси тұл­ғалар еді. Д.Нысанбаев С.Қожа­нов­ты да осы үйірме басшы­ларының қатарында атайды. Бұл деректі С.Қожановтың өзі де жоқ­­қа шығармайды. Оған та­ғыл­ған алашордашыл деген айып осы үйірменің қызметінен бастау алған. Үйірме қызметінде М.Шо­қайдың идеялық ықпалы айқын аңғарылды. Үйірменің саяси-ұйымдық тәжірибесінен өткен қайраткерлер 1917 ж. қарбалас оқиғаларға қызу араласып, өл­кедегі ұлт-азаттық күрестің ал­дыңғы легіне шықты. Үйірме басшыларының саяси қызметі қазақ облыстарына да танымал болды. 1917 ж. 15 наурызында Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар Минск қаласынан «Қазақ» газеті арқылы елдегі игі жақсыларға жеделхат жолдаған [«Қазақ» 1917. №223]. Ұлт-азаттық қозғалысқа бағыт сілтеген жеделхаттың гео­гра­фиялық аумағы Түркістан­ды да қамтыды. Бұл тарихи құ­жаттың екі түрлі маңызын атап айтамыз: біріншіден, жеделхат жолданған тұлғалар мен же­делхатты жол­дағандардың тізімі сол кездегі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық элита өкіл­дерінің жеке құрамын нақтылауға көмектеседі; екіншіден, жеделхат мазмұнында көтерілген идеялар Алаш ұлт-азаттық қозғалысының саяси тұғырнамасын айқындап, ұлттық элита қызметінде бас­шылыққа алынғандығы. Үйірме Ресейдің орталығын­дағы демократиялық күштердің қызметін ұйымдық тұрғыда үлгіге алған, үйірменің төрағасы, төр­ағаның орынбасарлары, бюро мүшелері болып қызмет бөлісуі осындай тұжырым жасауға же­телейді. Екіншіден, үйірменің жұмыс мазмұны оның отаршы­лыққа қарсы күреске бағыттал­ған демократиялық құнды­лық­тарға негізделгендігін танытады. Үйірме басшыларының дәстүрлі қоғамдағы билеуші ортадан шық­қандығы олардың таптық құн­дылықтардан алыс тұрғандығына дәлел болады. Үшіншіден, үйірме жұмысының басты бағдары жер­гілікті халықтың өзін-өзі билеуі­не қол жеткізу болған. Демокра­тиялық құндылықтарды бағдар етіп алған астыртын үйірменің осындай сипатты белгілері оның қызметі «Шурои Исламия» ұйымы­­­на емес, Алаш партия­сының ұс­танған саяси бағытына етене жа­қын болғандығына көз жеткізеді. «Кеңес» үйірмесінің қызметі Түркістандағы ұлт зиялылары­ның саяси күрестегі алғашқы тәжірбиесі болды. Қысқа мерзім жұмыс істеп, қызмет ауқымын кең өрістете алмағанымен олар­дың әрекеті ізсіз кеткен жоқ. Оның басшылары 1917 ж. «Шу­рои Ислам» және Алаш партия­ларының ұйымдық тұрғыда қа­лыптасуына белсене араласып, өздерінің саяси күресін осы жы­лы мамырдан бастап жарық көре бастаған «Бірлік туы» газеті ар­қылы одан әрі жалғастырды. М.Шоқай, С.Қожанов, Қ.Бол­ғанбаевтар редакторы болған «Бірлік туы» газеті Түркістан мұх­­тариятының қазақ тілді бас­па­сөз органына айналды. Газет бетінде өлкедегі ұлт-азаттық қоз­ғалыстың тыныс-тіршілігі кө­рініс тауып жатты. Большевиктік билік орныққанға дейін Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты­ның өкілдері өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсене арала­сып, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамын жаңартуда ұлттық мүдде үшін күреске араласудың осындай үл­кен дайындығынан өтті. Кеңестік қоғамның басқару құрылымдарының негізін құра­ған ол мемлекеттік қызметкер­лер­дің басты миссиясы екі қоғам арасындағы байланыстырушы­лық рөл еді. Өздерінің әлеуметтік жағдайы, қоғамдық-саяси көз­қарастары, тіпті тарихи миссиясы бойынша ерекше маңызға ие бол­ған бұл категорияның арасы­нан кеңестік қоғамда көрнекті қайраткерлерге айналған ұлттық элитаның М.Тынышпаев, С.Ас­фендияров, Т.Рысқұлов, С.Қо­жанов, Н.Төреқұлов, А.Сер­ғазиев, Қ.Ибрагимов, И.Тоқ­тыбаев, Б.Аралбаев, Қ.Сар­молдаев, С.Есқараев, О.Жан­досов, Т.Жүргенов, Н.Рүстемов, Ә.Палмұхамедов, Ә.Құдабаев, Н.Сатығұлов, Қ.Болғанбаев, Қ.Қожықов, Қ.Күлетов және т.б. сияқты мықты өкілдері өсіп шық­ты. Олар Түркістан респуб­ликасының жоғарғы билік құ­рылымдарында басшылық қыз­меттер атқарып, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қалып­тастыруға елеулі ықпал жасай алды. Кеңестік партноменклатура жүйесі нығайған сайын өз қа­тарын «таптық жат элементтер­ден» тазарту түрінде саяси күрес күшейе түсті. Ал билік инсти­тут­тарындағы ұлттық элитаның жо­ғарыда аталған алғашқы буын өкілдерінің ықпалы азая берді. Тоталитарлық билік оларды қу­ғын­дауды қолға алды. Осы топ өкілдерінің үстінен жүргізілген алғашқы сот үдерістері бойынша істі болғандардың да көпшілігі түркістандықтар болды. Ұлттық элита өкілдерін қуғындаудың келесі толқыны 1932-1933 жж. «Бірыңғай жасырын орталық бас­қарған біртұтас контрре­во­люциялық құрылымдар» деген іспен қуғындалғандардың бас­шы­лары И.Тоқтыбаев, Б.Арал­баев Түркістанда жоғары лауа­зымды қызмет істегендер еді. Алаш пен Түркістан ұлт-азат­тық қозғалысының ықпалдас­тығы жеке тұлғалардың қыз­метінде көрініс тапты. Айталық, М.Дулатов 1912 ж. жазған хат­тарының бірінде Түркістан қа­ласындағы қазақ, өзбек байлары мен қырғыз манаптары Мір­жақыпқа мол қаржы жинап бер­гендігін, Орынборға келіп А.Байтұрсынов, Ә.Бөкей­хановтар­мен ақылдасып «Түркістан­да жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шә­кірттерінің қосқандарын «Қазақ» газетін шығаруға бағыштаған­дығын» [10, 298-299 бб.] жазады. Ташкентте жолдары түйіскен С.Қожанов пен М.Дулатовтың «Ақ жол» газетіндегі қызметінде алаш­тық идеялар жалғасын тап­ты. Шын мәнінде, М.Дулатовтың «Ақ жол» газеті арқылы Түркі­станда ұлттық идеяның орнығуы, кеңес өкіметінің мемлекеттік би­лік құрылымдары туралы қо­ғамдық пікір қалыптастыруда атқарған қызметі «Қазақ» га­зетіндегі қызметінің жаңа жағ­дайдағы жалғасы болды. Түркістандағы шығарма­шалық элита өкілдерінің бірі – Ғ.Бірімжанов 1921-1922 жж. «Ақ жол» газетіндегі қызметінде А.Байтұрсынов пен М.Дула­тов­тың көтерген идеяларын одан әрі жалғастырады. 1922 ж. тамызын­да А.Байтұрсыновтың Ташкент­- ке келген сапары жөнінде Ға­зым­бек «Қазақ халқының қаламға жүйрік, алты алашқа аты жайыл­ған атақты азаматы Ахмет Бай­тұрсынов Ташкентке келіп қайт­ты... келген жұмысы – Түркістан­дағы екі облыс қазақты Қазақ­станға қосып, қазақ елін біріктіру. Қашанда болса қазақ халқының қамын жеп жүрген қамқорын, қажымайтын қаһарманын бұрын сыртынан ғана қанық Түркістан азаматтары зор қошеметпен қар­сы алды» [11, 12 б] деп жазды. Бұл мақала бір жағынан А.Бай­тұрсыновтың Ташкент сапарын­дағы тарихи миссиясын айғақ­таса, екінші жағынан оның кө­семдігін Түркістан халқы да мо­йын­дағандығын аңғартады. Қорыта айтқанда, Алаш қоз­ғалысы көтерген ұлттық идея­лардың қатарында Түркістан мәселесі мемлекеттік тұтастықты қалыптастыру түрінде көрініс тапты. Қозғалыстың саяси қыз­метінде қазақ қоғамын жаңа­лаудың демократиялық қағида­ларын іске асырумен бірге ұлттық бірлікке қол жеткізу міндеттері ұлттық саяси элита қызметінің басты мақсатына айналды. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде олардың саясат сахнасына алып шыққан осындай өміршең идея­лары еліміздің тәуелсіздігі жағ­дайында нақты іске асты. Со­нымен бірге Оңтүстік қанаттың 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейін идеялық тұрғыда жартылай жария, жартылай жа­сырын жағдайда жұмыс жаса­ғандығы жөніндегі дәйектер Оң­түстік қанаттың қызметі арқылы Алаш қозғалысының геогра­фиялық ауқымы кеңейіп, оның уақыт­­тық шегі ұзара түскендігін айғақтайды. Хазретәлі ТҰРСҰН, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, т.ғ.д. Түркістан қаласы