АЛАШ ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

0
3100

Биыл «Алаш» ұлттық демо­кратиялық партиясы мен Алаш­орда мемлекетінің тарих сахна­сына шыққанына – 95 жыл. Үс­тіміздегі 2012 жыл айтулы дата­ларға толы ерекше жыл болды. Алты алаштың алтын тұғыры киелі Оңтүстік өлкесінің төрінде, облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған халқаралық ғылы­ми-теориялық конференция соның бір айғағы. Сонымен бірге қазақ халқының санасын сан­сыратып, ойын ойсыратып, ұлт ретін­де жер бетінен жойып жі­беруге шақ қалған нәубет ашар­шылыққа 80 жыл, саяси қуғын-сүргінге 75 жыл толып отыр.
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтының мен емес, бір күнгі ісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін!» – деп, арманын ақ қағазға айтып кеткен, Алаштың айтулы ұлы Ахмет Байтұрсыновтың аңсаған сол «ертеңіне» де бүгін 95 жыл. Ойлап қарасаң, бір елісі кем ға­сыр толыпты.
Өткеніміз түгенделмей, бүгі­німіз бүтінделмейді. Өткеннің бұрысы сабақ, дұрысы өнеге. Мұны жүзеге асыру бірдің ша­руасы емес, көптің мұраты бол­мақ.
Қазақ зиялыларының оянуы бажайлап қарасақ, 95 жылдың арғы жағында жатыр. «Құланның қасуына, мергеннің басуы» де­гендей, көргені қорлық пен азап­қа толы қазақтың адал сүт емген ұлдары – сана түйсігі толысып, алған білімдері көкірек көзіне сәуле түсіріп, оянарға келген сәт­те, яғни, 1905 жылдың 6-тамы­зын­да Мемлекеттік Дума жа­нын­дағы патша манифесі жарық көрді. Онда басқа ұлттар мен қатар, қазақ еліне де, Думаға де­путат сайлау құқығын берді. Мем­лекеттік Думаның алғашқы депутаттары жылдың 12 айында 12 депутат болды. Олар: Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Ты­нышпаев, Ахмет Бірімжанов, Ба­қытжан Қаратаев, Сәлімге­-
рей Жантөре, Бақтыгерей Құл­манов, Тілеулі Аллабергенов, Шәймерден Қосшығұлұлы, Алпысбай Қалменов, Дәуіт Ноян Тұндыт, Темірғали Нүрекенов, Молда Тайжанұлы сияқты қазақ саяси элиталары еді.
Олар ұлттық мүдде тұрғысы­нан үгіт насихат жұмысын жүр­гізерге, сайланған өкілдерге ама­нат тапсыру ісіне мұрындық бола алатын саяси партия құру қажет­тігін сезінді.
1905-1906 жылдары Орал, Семей қалаларында өткен қазақ қоғамы өкілдерінің жиналыс­тарында қазақ кадеттерінің өмір­де ұстанған мұраттарының орыс кадеттерінің бағдарламасымен қабыспайтындығы белгілі болды. Себебі, қазақ кадеттері: қазақ жерін қазақ елінің меншігі ретін­де заң қабылдауды, ішкі ресейлік губерниялардан Қазақстанға қоныс аударушыларға шек қою­ды, қазақ балалары үшін мектеп, медрессе, университеттер ашуды және тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мәселелеріне көңіл бөлініп, алғаш рет ұлттық идеяны көтерді.
Қазақ жұртының қолдауына сүйенген бұл қозғалыстың ұйыт­қысы – 1917 жылдың желтоқсан айында құрылған «Алаш» пар­тиясы болды.
Осы мезгілден бастап, Ә.Бө­кейханов, А.Байтұрсын, М.Ду­латов бастаған ұлттық саяси элита өрлеу жолына түскен ұлт азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру мақсатында: газет-журнал шығару, азаттық үндеген кітаптар бастырып тарату, мем­лекеттік Дума жанындағы мұ­сылман, түрікшілдік қозғалы­сы­на ат салысу сияқты саяси күрес әдістерін игере бастайды. 1911 жыл­дан бастап шыға бастаған «Айқап» журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпы ұлттық ба­сылым дәрежесіне көтерілген «Қа­зақ» газеті, 1917-1918 жыл­дары жарық көрген «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ақ жол» газеттері ұлт азаттық күрес идеологиясы­ның қалыптасуына қызмет етті. Ахмет Байтұрсынов елді оятуға тырысып «Масасын» ұшырса, Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп, рух пен жігер беретін ұран салды. Ұлт лидері Әлихан Бөкей­ханов азаттықтың туын аспан­да­туға шақырды.
Қазақ зиялыларының мем­лекеттік Думада ұлттық мүдде­лерді қою талаптарының күшеюі, патша үкіметін сақтандырып, Қа­зақстандағы ұлт-азаттық идея­ның өршуіне байланысты, Ш-Мем­лекеттік Думаға Қазақ­стан депутат сайлауға тыйым салды. Тыйым салып қана қой­май, қазақ зиялыларының соңы­на шам алып түсті. Саяси сахнаға Кеңестік қызыл империяның би­лікке келуіне байланысты құрыл­ғанына небәрі екі жыл болған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі жойылды.
Бұл дүмпудің нәтижесі «Алаш» қайраткерлерін қуғындаудан бас­тап, 1937 жылғы жаппай репрес­сия – «Қызыл қырғынға» ұласты. Қазақстан бойынша 113 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, ит­жеккенге айдалып, абақтылар­дың азабын тартса, 25 мың адам жазықсыз атылып кетті.
Күнге тік қарай алатын, жас бүркіттей, Алаш партиясының топшысы қайырылды. Алашорда үкіметі жойылды, Түркістан ав­то­номиясы тарады яғни таратты.
Уақытша үкіметті құлатып, мемлекетті билеуге қылышынан қам танған, «Қызыл» империя келді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, Ақ пат­шаның басқа есебінен алыс түс­пейтін, большевиктер партиясы­ның көсемдері қазақ халқына үлкен қауіппен қарады. Оның да себептері бар еді. Тумысынан қаны таза қазақ – қол бастаса кө­сем, сөз бастаса шешен, адал­ды­ғы мен әділдігі, батылдығы мен батырлығы, қарым-қабі­лет­тілігі ана сүтімен дарыған халық еді.
Бір ұлтты түгел жойып жібере алмайтындығына көзі жеткен қара шекпенділер, сұрқия сая­сатын астыртын жүзеге асыруға кірісті. Яғни, қара халықты қол­дан жасалынған ашаршылыққа тап қылды.
Бірден-бір, күн көріс көзі – төрт түлігінен айырды. «Бай – құлақ» деп елдің бас көтерерлерін кәмпескелеп жер аударды. Ұлт­тың ту ұстарларын тірідей тозаққа айдап, атты, асты.
Осыдан 95 жыл бұрын Алаш­тың Ахметі:
«Алхамдулла, аз-ақпыз,
Алты миллион қазақпыз!…» – деп, жырлағаны шайтанның құ­лағына шалынды ма, арада ға­сырға жуық уақыт өтсе де, әлі он миллионнан аса алмай жатыр­мыз. «Баласы ақ сұңқардың аз болады» дегендей, өзге елдердің әйелдері, баланы балағынан бит­ше домалатып жатқанда, «осы біз неге көбеймейміз?» деген, көлде­нең сұрақ санадан бір өшпейді. «Ұлы Жұтта» қырылған қандаста­рымыздың арасында, аштан өл­ген алтын құрсақ қазақ әйелінің өмірге келтіре алма­ған талай-талай алтын айдарлы ұлы мен қырмызы қызы кетті-ау, деп өкі­нерсің. Қайтейік, сенің обалың адамның адамға жасаған озбыр­лығында.
Бұл сол кездегі Түркістандағы болшевиктердің басшысы И.То­болин сияқтылардың: «Марксис­тік көзқараспен қарағанда, қыр­ғыздар мен қазақтар экономика­лық жағынан өте әлсіз, сон­дық­тан бәрібір жойылуы керек» –деген Геноцидік пиғылынан туын­­даған ұлт қасіреті еді.
Тарихта малсыз қазақ болған емес, мал – азығы, мал – киімі, мал – көлігі. Малынан айырыл­ған намысты қазақ, қорлыққа төз­бей, шетел ауа көшті. Ал, көш­ті! Діттеген жерінен басы аман, бауыры бүтін жете алды
ма? Әрине, жоқ. «Көш» деген, өлеңімде:
…. Ауды тағдыр безбені,
Туды зұлмат, бір қауіп.
Көшті, бабам, төзбеді,
Үркерменен бірге ауып.

Қара қайғы өрмегін,
Сөгіп кетіп барады.
Жол жөнекей, өлгенін,
Көміп кетіп барады.

Артып өмір азабын,
Желіп кетіп барады.
Желген сайын қазағым,
Кеміп кетіп барады – деп, қайғыра жырлаппын.
А.Байтұрсынов айтқан 6 млн. Халықтың үштен екісі саяси нәу­бет құрбаны болды деп айтар едік.
Осындайда ұлт жандылығы­мыз да сыр бергендей.
Мәселен, кешегі екінші дүние жүзілік соғысы жылдарындағы елімізге еркінен тыс әкелініп, тұт­қынға түскен 39 мың жапон­дық­тарды өз мемлекеті айрықша көңіл бөліп, қайта жерлеп, ес­керт­­кіштер орнатты.
Сондай-ақ, Украинаның Жо­ғары Радасы 2003 жылы ашар­шылық жайында ресми түрде халыққа жолдау жолдап, 1932-1933 жылдары ашаршылықты қолдан жасалған геноцидтік қа­сірет деп таныды.
Украинада миллиондаған қан­дастарын еске алу мақсатымен
24 қараша күні, күн ұясына қон­ған кезде бүкіл электр шамдары
1 сағатқа сөндіріліп, сағаттар тоқ­­­татылатынын мәлімдеді. Ал, бұл ашаршылық біздің халықты айналып өтпегені баршамызға белгілі. Ашаршылықты былай қойғанда, аты-жөні белгілі, «Елім деп!», қазақтың тәуелсіздігі үшін қасық қанын қиған Алаштық­тардың, яғни қазақ қаймақтары­ның күні бүгінге шейін молалары беймәлім.
Кейде ойлайсын, «осы бізде тарихқа құрметпен қарау сезімі әлсіреп кеткен бе?» деп. Әсіресе, 70 жыл бұрынғы «37-нің құр­баны» болған қазақ зиялыларына деген құрмет, ынта-ықылас өз дәрежесінде емес. Өйткені бүгінгі қоғамдағы азаматтарда патриот­тық сезім, өр рух аз. Отанға, тә­уел­сіздікке Қазақстанның негізгі иесі болып табылатын өз ұлты­мызға деген мейір-шапағаттан гөрі, басқа жағдай аттардың мә­селесі көбірек алаңдататын сияқ­ты.
Ұлы тарих төзімді де, шы­дам­ды. 95 жыл бұрын Алаш көксеген Тәуелсіздіңтің де күні туды.
Дербестікті армандап кеткен Алаштық алып ағалардың рухы алдында есеп бермек болсақ: өз мемлекетіміз, әз Әнұранымыз, төл теңгеміз, желбіреген көк туы­мыз, ұлттық Рәмізіміз жалпы мем­­лекетке тән атрибуттардың бәрін де алдық.
Атадан балаға мұра болып қалған кең байтақ жеріміздің асты да, үсті де құнарлы байлық. Шайлық қуып кетпей, ара-тұра рухани байлыққа да көңіл бөліп қоямыз. Тәуелсіздікті қанаттаса, қабаттаса алған, кешегі бір шек­пеннен шыққан көршілерге қа­ра­ғанда, адымымыз нық, бойы­мыз тік. Өзге жұрт есін жинай алмай жатқанда, біз өткенімізге үңіліп, өлгенімізді тірілтіп, өшке­німізді қайта жақтық. Халық мерейіне ие болған батырлары­мызды қастерлеп, хандарымызға құрмет көрсетіп үлгердік.
Алаш аты атаусыз қалған жоқ.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен «Ұр­пақ­тар сабақтастығы жалғасты». 1997 жылы – «Жалпы ұлттық ке­лісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні 31-ма­мыр деп, танылды.
Әрбір істе, көшбасшы болып қалыптасқан, оңтүстік өңірінде 1937 жылғы жаппай репрессияға ұшыраған аға буынды мәңгі есте қалдыру мақсатында Шымкент қаласындағы «Қайтпас» елді-мекенінде «Қасірет» мемориалы бой көтерсе, Тәуелсіздіктің 10-жыл­дығына орай, қала орта­лығына «Саяси қуғын-сүргін құр­бандарына» арналған мұра­жай пайдалануға берілді. Бұл қасиетті ғимараттың алқызыл лентасын елбасымыз Н.Назар­баевтың өзі қиды.
Дәл осы мұражай бүгінде алаш қайраткерлерінің тарих қой­науында қалаған қолтаңбасы «Шолпан» журналын, «Ақ жол» газеттерін төте араб жазуынан кириллицаға көшіріп кітап етіп шығарып жатыр.
Бүгінде алыстан жылтылдаған көмескі жалыны жалқындай тү­сіп, болашақ ұрпаққа «Алаш» деген ұғыммен, оның қайрат­кер­лерінің аты-жөні архивтерден аршып алынып, тоң мойын та­рихтың мойнын бері бұрған жағ­дайымыз бар.
Оңтүстік бастамашылдығымен бағалы. Республикада тұңғыш ашылған тарих ақтаңдақтарының шаңын сүртіп, тәу етер орынға айнал­дыра алғанымыз үшін, тә­уелсіздікке тәуба айтамыз.
Бұл – 1937 жылғы жаппай «Қызыл қырғында» құрбандыққа шалынған, яғни шейіт кеткен 25 мың адамның, оның ішінде екі жа­рым мың жерлестеріміздің рухын мәңгі есте қалдырмаққа жасаған ұмтылыс.
Әлі де, ала алмай жатқанымыз баршылық. Ол не?
Кешегі Алаш қайраткерлерінің көксеген армандарының бір са­ласы – Тіл!
Тіл – ұлттың паспорты, ұлт­тың ұстыны да тіл. Ұлтты ұстап тұрған да, рухты ұстап тұрған
да – Тіл. Алдаспандай өткір тілі, қыран­дай шамырқанған өр ек­піні жоқ қазақ – қазақ емес.
Жүзге жетсек те, күзге жетпей­тін әдетіміз бе? Алаш аңсаған ана тіліміздің жарасын әлі жаза ал­май келеміз. Атса да, асса да, мойы­май:
Қаным қайда төгілген?
Қабірім қайда көмілген? – деп, бүгінгі ұрпаққа сұрау салған, ке­шегі Алаш зиялыларымен, бүгінгі зиялылардың арасы алшақ жат­қан сияқты.
Бүгінгі зиялыда үрей басым. Үрей – адам жанына бір алса, өмір бойы сонда қалатын сияқты. Бір мысал келтіре кеткім келіп тұр. Баршаңызға белгілі Ақмола облысындағы «Малиновка» де­ген жерде, «халық жаулары» – деп табылған зиялы азаматтардың әйелдерін апарып тоғытқан «Ал­жир» яғни, «Отанын сатқан­дар­дың әйелдері» отырған лагерь бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін бүгінгі күнге аман жеткен көзі тірі аналарға үкімет тарапынан басын жиып, құрметтеп, сый-сия­пат жасайды. Қайран, аналар, алғыстарын айтып, мәз-мейрам болып отырғанда, өткен шақта сол лагерьде комендант болып іс­теген кісі келе қалады. Әлгі әже­­­лер, қорыққандарынан тізе­лері дірілдеп, отырған орында­рынан тұра қашады. Міне, бұл аналардың бойындағы бұрын қалыптасып қалған үрей.
Біз, 2006 жылы желтоқсан айында, репрессияға ұшыраған­дардың ұрпақтары мен белгілі ғалымдарды шақырып, конфе­ренция өткіздік. Атын айтпай-ақ қояйын, үлкен ғалым, көптеген мемлекеттік наградалардың иесі, жасы жетпістен асқан бір абыз ағамыз да келді. Жол бойы әке­сінің «халық жауы» ретінде аты­лып кеткендігі мен жетімдікпен өткен өмірін ой елегінен өткізіп келген болуы керек, күтіп алушы жігіттер, «Сіз сол кісісіз бе?» – деп аты-жөнін сұрағанда, ол өз ойының шырмауынан шыға алмай, «Жоқ, мен емеспін деп», қайта вагонға кіріп кет­кенінің куәсі болды.
Бұл да, бала кезден қалып­тасқан үрей!
Сондықтан, зиялы қауым өкіл­дері мен бүгінгі ұрпағы­-
мыз – жастар, сіздер мен біздер, Алаш ардақтылары салып кет­кен, «Ертеңшіл» жолға сай бол­май, Тәуелсіз мемлекетіміздің көк туын жасқанбай, жасымай, жоғары көтере берейік!

 Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси Қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз