АЛАШ ИДЕЯСЫ - ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ
2012 ж. 20 қараша
6543
1
Таяуда Семей қаласындағы «Қазақстан- Семей» телеарнасының тікелей эфирінен «Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы» деген тақырыпта, ШҚО «Ақ жол» партиясының төрағасы, Азат Перуашевтың ШҚО бойынша саяси кеңесшісі О.Сәрсенбин мен «Туған қалам- Семейім» қоғамдық қорының президенті, этнограф А.Рысбекұлының қатысуымен ашық пікір алмасу өтті. Алаш туралы ауқымды ойлар айтылған осы сұхбатты «Жас қазақ үні» газеті оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн санадық.
Жүргізуші: 2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына тура бір ғасыр болады екен. Осыған байланысты туған қаламыз – Семейде үлкен бір ғылыми конференция ұйымдастырылғалы жатыр деп естідік. Дайындықты ерте бастауға не түрткі болды?
О.Сәрсенбин: Мен енді «Ақ жол» саяси партиясының атынан сөйлеп тұрғаннан кейін, осы партия жөнінде бір – екі ауыз сөз айта кетсем деген ойым бар. Біріншіден кішігірім мерей той – «Ақ жол» партиясының құрылғанына биыл 10 жыл толады, екіншіден «Ақ жол» партиясы Алаш идеясын елге кеңінен жайып, насихаттауды ұлтымыздың ең бір зор құндылықтары деп бағалайды. Осы тұрғыда табаны күректей 9 жыл бойы Ақжол партиясын басқарған, бір кісідей еңбек сіңірген, бүгінде мемлекеттік агенттіктің төрағасы лауазымын атқарып жүрген Ә.Бәйменов мырзаға үлкен алғыс білдіргім келеді. Партия құрылып халық арасында жұмыс істей бастағаннан бері, «Ақ жол» партиясы - Алаш идеясының бірден-бір қолдаушысы, жалғастырушысы деп санамызға құйып кеткен, оны талай жерде іспен және жеке сөйлеген сөздері, берген сұхбаттары арқылы бірнеше мәрте дәлелдегенін Қазақстан халқы жақсы біледі. Өздеріңіз білесіздер былтыр «Ақ жол» партиясы жаңа төраға Азат Тұрлыбекұлы Перуашев деген азаматты сайлады. Әлекеңнің қолынан партияның тізгінін аманатқа алған жаңа төраға Алаш идеясын әрі қарай дамытып, жандандыра түсуді қолға алып, алдымызда келе жатқан Алаш Орда үкіметінің 100 жылдық мерейтойын атап өткелі жатырмыз. Бұл шара ұлтымыз үшін зор мәртебе әрі ұлы мереке. Сондықтан да, алдын ала дайындық жұмыстарына кірісіп, Алаш идеясын кеңінен насихаттауды «Ақ жол» партиясының атынан тікелей жүзеге асыруға қатысты ұйымдастырушылық жұмыстары басталып жатыр. Биыл, яғни 2012 жылы 9 қарашада Алаш идеясы бастау алған, Алаш автономиялық үкіметі орналасқан Семей қаласындағы сол жағалауда халықаралық деңгейде ғылыми конференция өткізу туралы «Ақ жол» партиясы шешім шығарды. Бұл көптен күткен игілікті шара негізінде қамтылатын мәселелерді талқылауға алыс-жақын шет елден, Жапониядан, Қытайдан, Германиядан, Түркиядан және т.б көрші мемлекеттерден ғалымдар арнайы шақырылып отыр. Осыдан бес күн бұрын А.Перуашевтың орынбасары Семейге келді, алдын ала танысу мақсатында қажетті ғимараттарды және т.б. өткізілетін орындарды көріп, кейбір мәселелер төңірегінде ой қорытып, ақылдастық. Қара Ертіс өзені Семей қаласының ортасын қақ жара ағып жатыр, ал, Алаш Орда үкіметі сол жақ жағалауында орналасқан. Осы негізде барлық шараларды сол жағалауда өткізу ұстанымын принципті түрде басшылыққа алғалы жатырмыз. Оның басты себебі, сол жағалаудағы қаламыздың бөлігі Алаш қаласы деп ресми аталғаны тарихтан белгілі.
Жүргізуші: «Туған қалам- Семейім» қорының тарапынан қандай қолдау бар. Бұл бастамаға ұйтқы болуға не себеп болды?
А.Рысбекұлы: Алаш идеясы - тәуелсіздік алған 90 жылдардан бері қазақтың бәрін толғандырып келе жатқан идея. Бұл әрқайысымыздың көкейімізде көптен бері жүрген ой. Біздің қоғамдық қордың Алаш идеясына бағытталған арнайы жобасы бар. Құрамымызда көптеген ғалымдар, тарихшылар мен әдебиетшілер, саясаткерлер, кәсіпкерлер бар. Олардың барлығы қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелері болып табылады. Және Қор Семейден шыққан, бірақ басқа қалаларда тұратын бірқатар ғалымдарды да топтастырып отыр. Ал, бүгінгі «Ақ жол» партиясы саяси ұйым болғаннан кейін және маңызды мемлекеттік істермен шұғылданып жүргеннен кейін, біз өз тарапымыздан мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз деп шешіп отырмыз. Алдын ала дайындық жұмыстарын бастап жатқанымыз, халыққа Алаш тақырыбын молынан түсіндіру, кеңінен насихаттау.
Жүргізуші: Алаш сөзі, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі қалай пайда болды. Бір кездері Алаш зиялылары не үшін Семей қаласын таңдап алды?
А.Рысбекұлы: Семей қаласының таңдап алыну себебі, Ә.Бөкейханұлының 1915 жылы «Қазақ» газетіне шыққан «Оқушыға жәрдем қауымы»деген мақаласында қазаққа тұлға боларлық адамдар қай қалада бар мәселесі жан-жақты талданып, көтеріледі. Сонда төрт қаланың аты аталады, Орынбор, Омбы,Троицк,Семей. Осы қалалардың ішінен Семей қаласын Алаш Орда үкіметінің орталығы деп танудың бірнеше алғы шарттары таратылып айтылады. Атап айтқанда, Темір жолдың бойында орналасқандықтан, Алаш Орда үкіметінің ішкі, сыртқы саясатына және экономикалық жағынан қолайлы, ең бастысы бұл қалада елге басшы боларлық оқыған қазақ азаматтары болды. Оның үстіне қазақтар мен мүсылмандар көп шоғырланған. Міне, осы себептер негізге алынды. Ал, Алаш сөзі- көне түркі тілінде қандас, туыс,бауырлас деген мағына береді. Яғни,тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан тарихи ұғым. Алаш сөзі-қазақ тайпаларының алғаш қауым болып біріккен одағы, қазақ атауының көне баламасы және бүкіл қазақ халқының ортақ ұраны. Алаш, Алаш азаматы, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі деген ұғымдар- қазақ елі, қазақ мемлекеті деген мағынада да қолданыла береді. Ал, Алаш қозғалысы 1905 жылы Ә.Бөкейханұлының бастамасымен дүниеге келсе, Алаш партиясы 1917 жылы 21-26 шілде күні Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезінде құрылды. Алаш Орда үкіметі осы жылы, осы қалада 5-13 желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезінде құрылды, құрамында 25 адам болды, оның 15 қазақ, 10 басқа ұлт өкілдерінен еді. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты Семей қаласы осы екінші съезде Алаш Орда үкіметінің және оның Шығыс бөлімінің уақытша орталығы деп ресми аталды. Содан бастап, Алаш Орда үкіметінің басшылары, әскери штабтары, халықтық кеңесі және т.б. мемлекеттік мекемелері Алаш қаласында орналасты.
Жүргізуші: Алаш идеясын ұстанған ұйым бар ма, бар болса Алаш идеясын насихаттау жолында қандай еңбек етуде?
О.Сәрсенбин: «Ақ жол» партиясы, басқа саяси партиялардың ішінде Алаш идеясын ұстанып келе жатқан бірден бір партия. «Ақ жол» партиясы қыркүйек айынан бастап, мектептерде Алаш тағылымдары деген сабақ өткізуді бағдарламаға енгізсе деген ұсыныспен мемлекетке арнайы жолдау жолдады. Өскелең ұрпақ Алаш деген не, олардың мақсаттары, құрамында кімдер болды, не үшін Алаш Орда үкіметін құрды, және т.б. Алашқа қатысты барлық мағлұматтардың маңыздылығын білуге міндетті. Бүгінгі таңда Алаш аллеясын ашуды, қазіргі Полковничий деп аталып жүрген аралды Алаш аралы деп атауды көтеріп жатырмыз. Енді осы ШҚО мен Семей қаласының басшылары бар, олардың да бойында патриоттық сезімдері жеткілікті шығар, осы бастамамызды билік тарапынан ашық қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Жүргізуші: Ұлттық идеясы дегеніміз не?
А.Рысбекұлы: Ұлттық идея дегеніміз – мемлекет, елдік мүдде деген мағына береді. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы жайдан-жай емес. «Керегеміз ағаш – ұранымыз Алаш» деген қалыптасқан қағида бар. Бұл табиғи қағида. Яғни, кереге-мемлекет құрылысы, Алаш-идеология, тоқтам осы. Ал, ұлт саясатының кіндігі кесілген, қазақтың ұлттық элитасы шоғырланған Алаш қаласы сол уақыттағы Орта Азия аймағындағы ең ықпалды саяси ұйым болғаны тарихтан белгілі. Алаш идеясы-тәуелсіздік идеясының темірқазығы болып, Алаш қайраткерлерінің қолымен алғаш рет Алаш қаласында қағылды. Азаттық ұраны осы қаладан қазақ даласына тікелей тарады. Өзге жұрттың отарында ұзақ жыл отырып, ұлт мәдениетінің уызына өлердей шөлдеген қазақ халқын бостандыққа жеткізу мақсатында Алаш идеясы-қазақтың ұлттық идеясы болып қалыптасты.
Жүргізуші: Алаш арыстарына құрмет көрсетудің тағы да қандай алғы шарттары бар?
А.Рысбекұлы: XIX ғ. аяғында Ертістің сол жағалауын Слабодкалар(қалашық) деп атаса, XX басында яғни,1917 жылдың 7 науырызда Семейде ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен облыстық қазақ комитетін құруға қатысты өткен алғашқы жиында-ақ, Алаш қаласы деп жариялау туралы шешім шығарды. Алаш қаласының негізін салған уақ руынан биі Т.Кәукенұлы және терістаңбалы руынан биі Ж.Жандарбекұлы есімді қазақтың игі жақсылары болатын. 1918 жылдың 28 қарашасында бекітілген Алаш қаласының бас жоспарында 38 көшенің аты көрсетілген, мысалы Абай, Кенесары және т.б. олардың барлығы Ертіс өзенініе басталып отырған. Қазіргі күнде Семей қаласында 877 бар, тәуелсіздік алған 20 жылда 76 көше ғана заман талабына сай жаңартылды. Ал, Алаш арыстарының біразына қаламыздың шеткері бөлігіндегі елеусіз жерлерден там-тұмдап ғана көше берілді. Біз бүгінгі күнде сол жағалауды Алаштандыру саясатын ұстанудамыз. Ондағы мақсатымыз, тек көше аттарын берумен шектелмей, мектеп,колледж,институттарды Алаш қайраткерлерінің есімімен жаппай атауды ресми енгізуді жүзеге асыру. Бір кездері өздері еңбек еткен, қолтаңбалары қалған, талай-талай мемлекеттік келелі мәселелерді шешкен жерді толықтай Алаш атына көшіру-табиғи үрдіс болар еді. Оларға құрмет көрсету алдағы уақытта Ертістің сол жағалауында өткізілуге тиісті халықаралық ғылыми конференциядан басталады.
Жүргізуші: Семейде Алаштану орталықтары да бар, олармен байланыстарыңыз қалай?
О.Сәрсенбин: Олардың біразымен жолықтық. Біз қаламыздағы жоғары оқу орындарында Алаш мәселесімен айналысып жатқан ғалымдармен және студенттермен байланыс орнатқанбыз.
Жүргізуші: Нақты конференция қашан басталады?
О. Сәрсенбин: Осы жылдың 9-16 қарашасы аралығында өтеді. Алдын ала халықты тағы да құлақтандырамыз. Ал, хабарласқысы келген, тың идея, деректер айтатын немесе ұсыныстары бар адамдар болса, жұмыс тел 526984 үй 423935 қазірден бастап тыңдауға дайынмын.
А.Рысбекұлы: Әлиханнан қалған мынадай тағылымды сөз бар, түген деген хан, пәлен деген батыр, би өткен, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз-әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кеткендігі дейді. Осы негізге сүйеніп, біз де өз жүгімізді белгілі жерге дейін көтеріп, 2017 жылы өтетін Алаштың 100 жылдығына дейін қазақтың ұлттық идеясын насихаттап, халыққа дұрыстап жеткізе алсақ жақсы болар еді. Осы ұлттық идея жолында 1937-38 жылдары Алаш арыстарының 99% атылып кетті, ал зиялылардың қалған 1% пайызымен(Ә.Марғұлан Қ.Сәтбаев, М.Әуезов ) халықтың жүрегінде өлмей қалған ұлттық рухты ояту оңайға түскен жоқ.
Жүргізуші: Көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Гаухар Мұратқызы
«Қазақстан – Семей» телеарнасы