АЛАШ ОРДАНЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ӘСЕРІ

  Қазақ әдебиетінің тарихын, мұқият оқып шыққан адам, әлімсақтан қазіргі күнге дейін жалғасы үзілмей келе жатқан ұлттық идеяны көре алады. Ол – халықтың бірлігі мен ынтымағы, егемендік үшін ешкімге бодан болғысы келмеген ел жан берісіп жан алысты. Соның арқасында халық өзінің ар- намысы мен беделін биікке көтеріп, абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуге тырысты. Мұның арғы тегі ғұн, сақ, түрік, түркештерден бастау алатыны сөзсіз. Ғұндар дәуірі, көк түрік қағанаты мен шығыс түрік қағанаты тұсындағы ойшылдарымыз бен ірі билеушілерімізден Түмен қаған, Боғда хан ие, Елтеріс қаған және Тұнықұқ би мен Білге қаған, Күлтегін батыр қатарлылар сол Чаңан қаласын өздеріне бағынышты ел ретінде қараған. Ол кез түркі тектестердің аталмыш аумаққа үкімі жүріп, үстемдігі асқан бір дәуір болатын. Қытай жазба деректері де мұны растап отыр. Алма-кезек өмірмен бірде толып, бірде солып жататын кезеңдер көлі біздің ұлтымызды тарихта талай рет шомылдырған болатын. Қай заманда болмасын қандастарымыз ешқашан өз бірлігін ұмытқан емес, керісінше, кез келген қиыншылықты бірлікпен жеңіп отырды.

     Бабалар аманаты – бірлік еді. Бірлік елім деген тарланыңды талауға бермеуден танылады. Бірлігі мықты, санасы сергек елді сырттан келер сергелдең жоқ. Сол себепті, біз қазақ үшін сананы серпу үшін бірлікті ту, татулықты тұғыр ету тура жол. Әрине, рухы күшті, болашаққа сенімі кәміл халық қана қандай қиындыққа да шыдас бере алады. Мүмкін бұл арада атадан балаға жеткен әртүрлі аңыз-әңгімелердегі қазақ ханының өзінің 30 ұлына бір-бір садақ беріп, алдымен бөлек-бөлек, жеке-жеке сындырып, кейін әлгі 40 жебені бірге қосып, оны сындыра алмауы болашаққа қалдырған үндеуі болса керек.

     Кезінде мұны естіген орыс патшайымы II Екатерина да оған үлкен таңданыс білдірген. Қазақ халқы әу бастан ондаған ру-тайпалардан құралғанымен, тілі, діні, рухани тұрмыстық байлықтары жағынан біртұтас халық. Неше бір қиын-қыстау кезеңдерде де, атап айтқанда, талай-талай аумалы-төкпелі сапырылыстарда, моңғол шапқыншылығы, орыс отарлауы,  қалмақ-жоңғар қысымшылығы немесе оңтүстегі қоқан хандығының боданына түскен кезеңде де Еділ мен Алтай аралығын мекендеген ұлт пен ұлыстар ешқашан қазақтығын жоғалтқан жоқ.

     Қазақ хандығын жасақтаған кемеңгерлер ә дегеннен мықтап ескерген, сахара төсінде судай сапырылысып, мидай араласқан ру-тайпалардың хандық аясындағы ішкі құрылымын жаңаша түзген. Көшпелі ру-тайпалардың таным-түсінігіңдегі ең киелі жаралым болып табылатын этнотекті негіз етпей тұрып жұртшылықты бір мүддеге жұмылдыру мүмкін емес еді. Таза қазақ әдебиеті туған кезде, хандық дәуірде бұл идея үзілген де, бәсеңдеген емес. Бұқар жырау да кезінде Сабалақ, кейін Абылай ханға сондай ақылгөй оппозиция болған. Ұрдажық оппозиция емес, ақылгөй оппозиция, Абылайға кісінің сан-сүйегін сырқыратарлық сындар айтқан.

     «Абылай өзің абайла,

     Тыңшы бар дейд маңайда,

     Есітіп қойса оңайма,

     Жыртығыңды әрдайым

     Әке-шешең жамай ма

     Жасың алпыстан асқанда

     Жастарға орын бер жарайма» – деп тіледі. Мұрат ақын болса «Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны –ойындағысы болғаны» жырлады. Махамбеттің Жәңгір ханға «Хан емессің қасқырсың, дұшпанның сені басқа ұрсын. Хан емессің ылансың, қара шұбар жылансың» деп айтқаны секілді. Ел отаршылдыққа мойын ұсынды. Бірақ тәуелсіздікті аңсау тоқтамады. Іштен тыну, заманның өзгерісін күтіп торығу – «Зар заман» сарынын туғызды.

     XX ғасырдың басында қазақ киген отаршылдық қамыты қатайып, мойын бұрғызбай, күшейе түсті. Қазақтарды орыстандыру, шабындық шұрайлы жерлерді тартып алып, Ресейдің түкпір-түкпірінен әкелінген жерсіз шаруаларды қоныстандыру саясаты жедел жүрді. Дамудың мешеу күйінде тұрған елді отаршылдық пен ұлттық езгі екі жақтан қыспаққа алды. «Отырса опақ, тұрса сопақ» деп үнемі сөйлеген сөзін, істеген ісін әжуалап мазақ етті, соның салдарынан қазақтар бір-бірінен ұялатын жағдайға жетті, мәңгүртке айнала бастады. Қазақ ұлтының болашағына қауіп төнді. Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қан қырғын – репрессиялар басталған кезде, көп нәрсе мүлде бұрмаланды, «байтал түгіл бас қайғы» дейтін күндер туды.

     Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды. Ахмет Байтұрсынұлы сөз тыңдауға салғырт надан қандастарының құлағына маса болып ызыңдаса, Міржақып Дулатұлы бар дауысымен «Оян қазақ!» деп жар салды. Соның арқасында ұшқыр ой өрісі бар жас таланттар оянды. Ж. Аймауытов, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Жұмабаев, С. Дөнентаев, С. Торайғыров, М. Әуезов секілді бірін-бірі толықтыратын жастар тобы қазақ әдебиетіне жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, ел өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге тырысты. 1905-1907 жылдардағы алғашқы орыс революциясы тұсында «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық жолындағы қозғалыс тасқыны құрсауына енді» деп жазды Әлихан Бөкейхан.

     Қазағым, елім,

     Қайқайып белің,

     Сынуға тұр таянып.

     Талауға малың,

     Қамауда жаның,

     Аш көзіңді оянып –

деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған.

     Қинамайды абақтыға жапқаны,

     Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

     Маған ауыр осылардың бәрінен,

     Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, – деген жолдары кісіні таң қалдырады.

     Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

     Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

     Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

     Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, – деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.  Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде ерекше орын алады.

     Не көрсем де алаш үшін көргенім,

     Маған артық ұлтым үшін өлгенім.

     Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер

     Істей берсін қолдарынан келгенін.

     Мағжан отаршылдыққа қарсы түрік халықтарының бірлігін көтерді, шығыстың абыройын көкседі. Сәбит Дөнентаев болса патшалық Ресейдің бодан халық жөніндегі саясатына сенімсіздікпен қарап, әкімшіліктің зорлық-зобылығына қарсы үн көтерді.

     Кез келген арыстанның арбауына,

     Тап болып қу түлкінің алдауына,

     Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,

     Тықсырды жердің биік жарлауына.

1917 жылғы бір мақаласында Мұхтар Әуезов «Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тізгін мақсаты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді...Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға киліктік», – деп жазыпты. Халықтың дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Мұхтардың өмір бойғы арманы болып қалды.

Ол халқын, оның елдігін, көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге «Абай жолы» арқылы паш етті.

     1917 жылдың 30 тамыз – 7 қыркүйек күндері Башқұртстан, Қазақстан және күштеп таратылған Түркістан автономиясы үкіметтері арасында Орынбор және Самара қаласында маңызды келіссөздер болды. Бұл да Башқұртстан, Қазақстан және таратылған Қоқан үкіметі арасында жасалған екінші құрылтай болды (алғашқы құрылтай шілде айында Семей қаласында өткен еді). Бұл мәжіліске Алаш Ордадан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы тағы басқа көптеген өкілдер, Қоқан үкіметінен үкімет басшысы Мұхаметжан Тынышбаев пен сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев және тағы басқа кісілер қатысқан еді. 

     Ахмет пен Міржақыптың қазақ әдебиетіне әсері ақын-жазушылардың Алаш Ордаға қатысуымен өлшенбейді. Олар көтерген ұлттық тәуелсіздік, бодандыққа қарсылық, халықты оқу-ағарту жолына тарту, ұлт мүддесіне адалдық XX ғасырдың әдебиетіне түгелдей осы идея арқылы тарады. Мұны біз сол дәуір әдебиеті өкілдерінің бәрінен табамыз. Орталық Комитетінен партияның саясаты мен идеологиясын тұрақты орнатуға 1925 жылдың 13 қыркүйегінде Ф. Голощекин Қазақ Өлкелік Комитеті хатшылығына арнайы жіберілді.

    Ф. Голощекин қазақ зиялылары арасындағы «жікшілдер», «топшылдарды» жанталаса іздеп саяси-партиялық шара қолдана бастады. Бұл идеяның астарында қазақ халқының берекесін кетіру, төңкеріс салдарынан әбден қалжыраған халықты партия саясатына ауыз ашпастан бас шұлғып көне беретін құлға айналдыру саясаты тұрды. Бұл пиғылды дөп басып түсінген Смағұл Садуақасов «Қазақ елі...мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып білу керек...Ұлт сарыны дегеніміз – қазақ ұлтының әрбір қаулыларда, декларацияларда жарияланған правосын іс жүзінде жүзеге шығару. Мекемені қазақыландыру, оқу-ағарту жұмысында қазақты басқа ұлттардың қатарына жеткізу, шаруашылық жағынан қазақтың шикізатын тиісті бағасымен өткізу және басқа ұлт мәселесінің жетіспеген жерлерін жөндеу...» – деп ойын айтты.

     Ол заман шындығына, тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күреске ұмтылған халықтың ой-санасына, арман-тілегіне сай дамыды. Қазақ қоғамының мешеу қалпында, халықтың қараңғылық пен надандығына сыншылдықпен қарау реализмнің сыншылдық бағытын өрістетті. Ауыз әдебиетінен ауысқан дидактикалық сарын азайып, көркем суреттер мен жанды бейнелер молырақ көріне бастады. Әдеби тілдің дамуы мәселелері күн тәртібіне қойылды. Бұл жайлар қазақ әдебиетінің озық дәстүрінің жалғасуын, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы бастаған жолдың өміршеңдігін дәлелдеді. Жаңа әдебиет азаматтық рухтың биіктігін, гуманизм мен демократтық көзқарасты, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмды оятты.

     Мыңжылдықтарды артқа тастап, қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдардың сан түрлі алмастырып, әрқилы қоғамдық формациялардың қызығы мен шұжығын көріп, соқтықпалы соқтықсыз өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуін бастан өткерген біздің ата-бабаларымыздың да ұлт болып ұйысқан халықты уақыт құрдымына құлатпай, қадір-қасиетімен бүгінге жеткізуі сол қажеттілік талабын орындай алғандығынан деп білемін. Олай болмағанда бұл күнде қазақ деген ұлт та, яғни біз де болмас едік. Біздің бар болуымыз, нар болуымыз сол ата-бабаларымыздың тұтастық туын жықпай, қазақтың қалпына қылау түсірмей, ұлттық ұйтқының қаймағын бұзбай, заманнан заманға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуінің арқасы. Ата-баба жолын жалғастыру, аманатқа адалдықты сақтау – ел боламын, жұрт боламын деген ұрпақ үшін киелі міндет, перзенттік парыз. Сондықтан биыл Алаш Орданың құрылғанына 95 жылдығын республикалық деңгейде атап өту перзенттік міндеттіміз деп ойлаймын.           

 

                    

                                                                                Жұмамұрат  Шәмші

                                                                                тарих ғылымдарының  кандидаты