Билік өзі бекіткен заңды өзі бұзбаса...

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ – ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылы­мының кандидаты, әдебиеттанудың доценті. Вашингтон, Нью-Йорк, Атланта секілді АҚШ-тың жетекші қалаларындағы университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өткен. Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі. «Азат ойдың айнасы», «Мен көрген Америка», «Сөз бостандағы және масс медиа», «Демократиялық қоғамдағы баспасөз», «ХХ ғасырдағы әлем журна­листикасы» секілді 9 кітаптың, көптеген ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, сатиралық шығармалардың, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы. 1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, арт-менеджмент, қоғаммен байланыс, іскерлік қатынас, бизнес этикасы пәндері бойынша дәріс беріп келеді. Оқырман қауымға етене таныс ғалым журналиспен жүздесіп, бірнеше сауал қойған едік.  – Сіз 90-жылдардан бері еліміздің жо­ғары білім беру саласында еңбек етіп келесіз. Осы салаға көңіліңіз тола ма, қаптаған реформадан шаршаған жоқсыз ба? – Қазақта бір сөз бар ғой, «жазған құлда шаршау жоқ» деген. Өзіне міндеттелген жүктемені мінсіз атқарып, жастарға са­палы білім беру үшін жанын сала тер тө­гетін қатардағы қарапайым көп лектордің бірімін. Жоғары білім беру саласында бір артықшылық бар. Өзге салалардағы секілді өзіңді басқарып отырған лауазым иелеріне тікелей тәуелді емессің. Әрине, жанама түрде бағынасың ғой. Дегенмен, сенің еңбегіңе шынайы баға беретін де, күн­делікті жұмысыңа бақылау жасайтын да, жалпы қожайының – студенттер мен магистранттар. Олар – халық! Ал, сен шын мәнінде халыққа қызмет көрсетуші тұл­ғасың. Осылайша, демократияға бір табан жақындайсың деген сөз. Рас, соңғы 20 жылда түрлі реформаны бастан кешірген, ең көп рет сынақ алаңына айналған сала білім мен ғылым шығар. Оны қисынсыз деп тағы сөге алмайсың. Негізі керек. Кенес кезінде ғылым мен білім бөлініп, әрқайсы өз бетімен қалды. Ал, оның тәжірибелік базасы мүлде ай далада жататын. Әсіресе, гуманитарлық саладағы осындай кереғарлық бүкіл социалистік жүйенің күлін көкке ұшырды. Оған сырт­қы күштердің де ықпалы болған шығар. Дегенмен, іштен іріткен факторлардың бірі гуманитарлық ғылымдағы өмірден тым алшақ даңғазалық пен әсіре қызыл мақтаншақтық, шектен шыққан қағаз­бастылық, жалған есепке алданушылық болғандығында еш күмән жоқ. Қазір де соның сарқыншағынан толықтай арылып біткен жоқпыз. Оны сол қаптаған рефор­малардың нәтижесінен де аңғаруға бо­латын сияқты. Айталық, алған білімді сынақтан өт­кізудің әлемдегі ең тиімді тәсілі тестілеу. Дұрыс, біз оны қабылдадық. Мұндай реформа керек болатын. Ал, оны жүзеге асыр­ғанда шалағайлықтарға, қателіктерге жол беріп қойдық. Себебі, университеттерде гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар бойынша пәндерден сабақ беретін оқыту­шылар тест жасай алмай-ақ қойды. Жал­қаулық па, жауапсыздық па, білмеймін. Кейбір әріптестердің жасаған тестілеріндегі сұрақтары мен түрлі нұсқадағы жауап­тарын оқығанда көзден жас аққанша кү­лесің. Тұнып тұрған сатиралық роман дерсің. Тест негізі логикалық тұрғыдан тақы­рып­тың мазмұнын айшықтайтын, берілген жауаптары арқылы студенттің па­йымы­ның қаншалықты дәрежеде екендігін көрсететін өте әділ түрдегі сынақтың аса қолайлы түрі. Оны сапалы жасай ал­маудың салдарынан бүгінгі таңда «әжеп­тәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды»-ның керін келтіріп жүрміз. Оны қазір өзімізден көріп жүрген ешкім жоқ. Бәрі дерлік, мейлінше одан бас тартуға, бұ­рын­ғы жүйге қайта көшуге кері тартуда. Жоғары білім берудің кредиттік жүйесін тағы да осындай жүйеге көшіріп «қазақ­шалап» алдық та тіпті құтын қашырып жібердік. Бұл жерде ең басты мәселе – студент пен магистрантқа таңдау құқығы іс жүзінде берілуі керек. Олар оқитын пән­дерін, дәріс беретін оқытушысын (доцент, профессор) да өздері таңдауға тиіс. Жоқ, қазір бізде бәрін кафедра меңгерушілері әкімгерлік-әміршіл тәсілмен үйлестіріп отыр. Ал, қағаз жүзінде құрғақ есеп берушілік баяғы сол кеңестік социализм кезіндегідей. Кафедра факультетті, факультет ректорат пен ғылыми кеңесті, олар министрлікті, министрлік үкіметті, үкімет Парламентті, парламент Президентті алдап «бәсекеге барынша қабілетті алдыңғы 50 елдің қатарындамыз» деп мінберлерге шығып алып кеуде соғамыз. Ал, нәтижесін көрейін десең, жоғары дамығандарын айтпағанның өзінде көрші Ресейің де біздің дипломдарды мойындамайды. – Басшыға халық сыншы ғой. Білім, ғылым саласын басқарған сапырылысқан көп министрдің санынан да жаңылдық. Осы жүйедегі қарапайым қызметкер ретінде қай министрге жоғары баға берер едіңіз? – Өзімнің субьективтік пікірімді ай­тайын­шы. Жақсыбек Күлекеев мықты министр еді. Жәкеңді жаңашыл іскер, білікті адам деп білемін. Амал не, кезінде салада реформаның шынайы әрі қарқынды жү­ріле бастағанынан өлердей қорыққан да­рынсыз, керітартпа, ескі күштер соңына шам алып түсіп, еш жазығы болмаса да қызметтен кетуіне мәжбүр етті. Ол білім-ғылымды басқарып 8-9 жыл тұрғанда ғой. Көп дүниеде оң өзгеріс болып, жоғарыда айтқан кредиттік технология да, тест жү­йесі де өз мазмұнына сай дұрыс бағытта қалыптасқан болар еді. – Абажадай аппарат демекші, қазір билікті сынаушылар көп. Мүбәда, билік тізгіні өз қолыңызға тисе, құзыретіңіз болса не істер едіңіз? Әзиз Несиннің бір сықақ әңгімесі бар. Бір топ адам жиналады да орталарындағы ең адал әрі кішіпейіл адамды таңдап алып, қалаға әкім етіп қояды. Оны таққа отыр­ғызған күннен бастап, бәрі жапа-тармағай мадақтап, неше түрлі сый-құрмет көрсетіп бағады. Кейін әлгі жақсы адамы әбден бұзылып, адам танымастай өзгерген соң бәрі жабылып «мынауың адам емес екен ғой, әбден шектен шықты» деп алып тас­тайды да, орнына тағы да таңдап біреуді қояды. Оның қарсылығына қарамастан таққа отырғызады да тағы келесі жолы одан құтыла алмай жүреді. Осылай жалғаса береді. Сықақ әңгіме болғанымен нағыз өмір шындығы дерсің. Адам баласы негізі басына туған қиындығын көтере алады. Ал, биік мәнсап пен атақ-даңқты көтеруге келгенде әлсіздеу көрінеді ғой. Бiздiң елде қабылдана салып орындалып кететiн заңдар да, аты бар заты жоқ боп құр сүлдерімен сүйрелетіп жүретін заңдары­мызда жоқ емес. Осы тұрғыдан қарағанда тіл туралы заңның қауқары қалай деп ой­лайсыз? Қабылданғанына табаны күректей 20 жылдан асса да орындалуы арманға ай­налған мен білетін бір заң бар. Ол – «Тілдер туралы» деп аталады. Өзге тілдерін қайдам, әйтеуір қазақ тіліне сол заңнан қайыр болмай-ақ қойды. Жат жұртта жүріп осы тілден айрылудан қорқып, тарихи Отанға оралып едік. Түрлі мәдениет үлгілерімен ежелден етене таныс Қазақстан бүгінде өзінің төл мемлекеттік тілінің ахуалына қатты алаң­даулы. Оның негізі де бар. Дегенмен кейде тым атойлап, әсіре белсенділікке басқаны­мызбен онымыз сөз жүзінде ғана қалып қойып, нақты істің қолға алынбайтын тұстары кездесіп жатқандай көрінеді. Соңғы кезде тіпті тіл дегенде тым артық кетіп, кейбір игі бастамаларды, мем­ле­кеттің ұстанған дұрыс саясатының өзін жоққа шығаруға тырысып, орынсыз қар­сыласатын болып алдық. Мұнымыз енді тым артық кету деп ойлаймын. Мысалы билік тарапынан көтерілген «үш тұғырлы тіл» деген саясатты өз басым қолдаймын. Бұл менің «маргиналдығымнан» немесе «мәңгүрттігімнен» емес, таза ұлтжанды патриоттығымнан шығар десем артық айт­қандық болмас. Ол үшін өзімнің қазақтілді екендігімді дәлелдеп жатудың мүлде қа­жеті жоқ. Бәріміз де ана тіліміздің жана­шырымыз, оның жоғын түгендеуші, кемдігін бүтіндеуші мәдениет саласының ма­мандарымыз. Қазақ тілінің кең арнада қанат жайып, қоғам өмірінің барлық са­ласында қолданылуына әр қазақ мүдделі екендігі еш күмән тудырмаса керек. Олай болса, ана тіліміздің дамуына үлес қоса­тын, оны әлемдік сахнаға шығаратын кез-келген қадамдарды қолдауымыз керек. Ол үшін ең алдымен әр мінберден тіл үшін айғай мен ойбайға басу, жоқтау айтып, жылап-еңірегендей байбалам салу жеткіліксіз. Керісінше, мейлінше оған прагма­тикалық тұрғыдан қарап, сөзден гөрі іске көшуге ұмтылғанымыз абзал. Рас. Біздің заң шығарушы органдар қазақ тіліне толық көшкен жоқ. Ресми билік, Парламент қазақша сәлемдесуден ары аспайды. Солай екен деп айғайлаудан не түседі? Ал нақты іске көшу үшін қандай тетікті қолданамыз? Осы сауалдарға жауап бермес бұрын бір мысалды тілге тиек ете кеткен дұрыс болар. Біз қазір зиялы қа­уымның өзін қазақтілді, орыстілді деп бейресми түрде болса да екіге бөліп алатынды шығардық. Ал ана тілі мәселесіне келгенде ең алдымен таяқтың ұшы биліктегі тұл­ғаларға келіп тиетіні шындық. Бар пәлені орыстілді қандастарымызға жауып, со­ларды кінәлауға әрдайым даяр тұраты­нымыз тағы бар. Олай болса, мен Қазақ­стан үкіметін бірнеше шет тіліне қамшы салдырмайтын полиглот Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған кезде қазақ тілін бизнес саласындағыларға, тауар өндірушілерге еш айғай-шусыз-ақ тырп еткізбей мойын­датқанын ерекше атап айқым келеді. Оған тіпті көрші елдердің кәсіпкерлері де еріксіз мойынсұнып, көнуге мәжбүр болды. Сондағы Қ.Тоқаевтың жасаған бар ерлігі үкімет орнының бір ғана қаулысы болатын. Қаулыда шекарадан Қазақстанға өткізі­летін тауарлар мен сауда маркаларында қазақша мәтіндердің жазылуы міндеттелген. Егер олай болмағанда, яғни қазақша мәтін жазылмаса, ол тауар контрабандалық зат ретінде саналып, тәркілеу қарасты­рыл­ған. – Жазушылар одағы төңірегіндегі дау-дамайға күле қараймын. Өзге амалым жоқ. Социализм тұсында әр елдегі осындай одақ­тар дәуірлеп-ақ тұрды. Оған мүшелікке өту деген қазіргі кездегі докторлық ғылыми дәреже қорғаудан да биік мәртебелі іс бо­латын. Осыдан 20 жыл бұрын Монғолияда жазушылар одағы екіге бөлінді. Қазір екеуі­нің жеке газет, журналдары дербес аппа­раттары бар. Өзара бәсекелесіп жұмыс істейтінге ұқсайды. Бірақ, өзгерген дәнеңе жоқ. Әлемнің көп елдерінде жазушылар одағы тіпті атымен жоқ. Бірақ, Нобель сыйлығын алған жазушылары бар, әдебиет жасалып жатыр. Одақты кім басқарғанында тұрған не бар, әрі-беріден соң оның мәр­тебесінің өзіне келсек, бар болғаны, қо­ғамдық бірлестік қана ғой. Жазушылық, ақындық дегеніміз адамның пешенесіне жазылған тағдыр ғой. Ол Алланың адамға берген сыйы! Егер құдай тағала дарын бермесе, жазушылар одағы әлдекімге роман, поэма жазып бере ме?! Жақсы жазушы одақсыз да өмір сүре алады, ал, адамзат қоғамы жазушысыз алға баса алмайды. Қазақ жазушысы, журналисі – жазбаса тұра алмайтын жанқиярлық еңбек құмар адамдар болуға тиіс. – Оралман мәселесі төңірегінде не айта­сыз. Оралман Қазақстан үшін бе, Қазақстан оралман үшін бе? Кімге, не, не үшін керек? – Екеуі де бір бірі үшін керек әрі өте қымбат. Тіпті оралмағандар үшін де Қа­зақстан ауадай қажет әрі асыл құндылық. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасы үшін Қазақстан деген ел әрдайым айна­ласына мақтана көрсететін брендісі бол­ғаны абзал. – Сіздің базалық мамандығыңыз журналистика бола тұра неге бұл саладан тысқары жүрсіз? Негізі, болашақ журналистерге дә­ріс бергеніңіз әлдеқайда тиімді болар еді ғой. – Соңғы кезде осындай сұрақтар маған жиі қойылып жүр. Бірақ, мен төл маман­дығымнан тысқары жүрген жоқпын. Өткен жылы өнер саласындағы шәкірт­терге сабақ берсем, бүгінде болашақ эко­номистерге, менеджерлерге дәріс оқу­дамын. Бірақ, журналистикадан тыс жүрген жоқпын. Менің зерттеулерімнің нә­тижесі отандық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдармен қатар Интернет порталдарда да жарық көріп жатыр. Айталық, abai.kz, minber.kz т.с.с. БАҚ қыз­меткерлеріне арналған семинар-тре­нинг­терде сабақ беретін кездеріміз де болып тұрады. Таяу күндері www.planetasmi.ru және https: //sites.google.com/site/kuan­dyksh/ сайттарында бейнелекцияларым жарыққа шығарылады. – Өзі тынымсыз еңбектен қолы боса­майтын әрі жазбаса тұра алмайтын журна­листің отбасы туралы білгіміз келеді... – Бір үйде бес-ақ жанбыз. Екі ұл, бір қыз және жан жарым – Айша Құрманғали. Зайыбым да журналист, «Заң газетінің» Парламенттегі тілші болып қызмет істейді. Үлкен ұлым машина жасау мамандығы бойынша 3 курста білім алып жатыр. Кейінгі екеуі орта мектепте оқиды. Қызым Айбибі бірінші сыныпты бітіруге азғана уақыт қалды. Сабағы жақсы, күн сайын бестік бағамен бәрімізді бір қуантып тас­тайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жәди ШӘКЕНҰЛЫ