Сәдуақас АҢСАТОВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы: ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТӨЛ ТІЛІ БОЛУЫ КЕРЕК

– Жақында Сыр елінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының республикалық семинар-кеңесі өтті. Онда ана тілімізді төрге шығару мәселесі талқыланғаны белгілі. Сол жайлы айта кетсеңіз... – Әңгіменің төркіні ана тіліміздің тағдыры болғандықтан осы жауапкершілікті мойнымызға алған біздер басымыз жиі қосыла бермейтін осындай жиында тек шырылдаған шындықты айтайық деуге жиналдық. «Қазір цензура жоқ, демократиялық елде өмір сүрудеміз» деп кеуде қаққанымызбен, жеме-жемге келгенде «анаған тиіп кетпесін», «мынаған тиіп кетпесін», яки болмаса «өзге ұлт өкілдері өкпелеп қалмасын» деп өзімізге-өзіміз тежеу салып жүрген жайымыз бары рас. Осындай сылап-сипаған күйімізбен 20 апта емес, 20 ай емес, батпандай 20 жыл өтті. Бірақ ана тіліміз өзінің туған жерінде әлге дейін төрден лайықты орнын ала алмай жүр. Осылай сағызша соза берсек, тағы да созыла беретін түрі бар екені жасырын емес. Сөздің тоқетеріне келсек мұның төркіні әріде жатыр. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заңы қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Алайда, азаттық алғаннан кейін, неге екені белгісіз, қазақ тіліне көзқарас өзгерді. Онсызда тегеурінді орыс тіліне бұрын берілген ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі аздай, 1995 жылғы Конституциямызда орыс тіліне ресми мәртебе берілді. Бұл ғасырлар бойы қалжыраған қазақ тілінің құқықтық жағдайын бұрынғыдан да күрт төмендетті. Ал 1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» Заңда қазақ тілі қазақ мемлекеттілігі тәуелсіздігінің негізгі шарттарының бірі ретінде оның пайдаланылуын, сақталуы мен дамуын қамтамасыз ететін және оны қорғайтын тиісті құқықтық нормалар қабылданбағандықтан, оның мемлекеттік мәртебесінің аты бар да, заты жоқ деуге болады. – Мұнан кейін 2001-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама да қабылданды ғой... – Бағдарлама толық қабылдануын қабылданды ғой, бірақ ол толық оң шешімін тапқан жоқ. Оған дәлел – мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру мен іс жүргізуді кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшіруді 2010 жылы аяқтау көзделген еді. Ол аяқталмақ түгілі, басталмай жатып, шалажансар күйде қалып қойды. Ол ол ма, жоғары мәртебелі мемлекеттік органдар – Парламент пен Үкіметтің отырыстары мемлекеттік тілге толық көшті дей аламыз ба? Жоқ. Қазақ елінде жасап тұрып, Заңдарымыздың бәрі әуелі орыс тілінде жазылады. Күлкілі емес пе? Күні кеше сенатор Әділ Ахметов осы туралы Әділет министріне Заң құжаттарының түпнұсқасы қашан қазақ тілінде дайындалады деген сұрақты қойғаны жайдан жай емес. Ал министрдің оған қазақша-орысша араластырып, ақтер-көктер боп түсіп жауап бергеніне бәріміз куәміз. Мұнан соң 2011 жылдың 29 маусымында Үкіметтің тағы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламада бұрынғыдан қарық емес. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік орталарда, әсіресе бүгінгі қиын болып отырған мектепалды мекемелер мен жалпы білім жүйесінде, Орталық, аймақтық билік органдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің тиімді жолдары іздестірілмеген. Сондықтан Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар, кемінде, 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген нақты тапсырмаларын орындау оңай емес деп ойлаймыз. Бұл Бағдарламаны жасаушылардың қоғамдық өмірдегі кейбір шынайы жағдайларды есепке алмағаны көзге ұрып тұр. Мемлекеттік тілдің ахуалын зерттеген ғалымдардың сараптамасына сүйенсек, жауапты органдардың мәселеге жете мән бермеуінен туған мұндай туындылардың кемшілігінің ең бастысы, қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге көтеру мәселесі ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелмей, оның социо-лингвистикалық және психо-лингвистикалық тетіктері жасалмағандығынан болып отыр. Бағдарламалардың іске асуы мониторингтік, мененджменттік, маркетингтік тұрғыдан қамтамасыз етілмеген. Оларда, негізінен, орыс тілінің әлеуметтік қызметінің көлемін сақтап қалуын жоспарлағандығы көрініп тұр. – Бұл тіл ахуалының республикалық деңгейдегі жағдайы ғой. Енді қалың қазақ орналасқан Қызылордадағы ахуалға тоқтала кетсеңіз... – Дұрыс, кейбір азаматтардың «қаймағы бұзылмаған қазақтардың ортасында жүріп осылардың қазақ тілі деп шыр-пыр болғандары несі екен?!.» деп ойлауы заңды. Көп өңірлермен салыстырғанда бізде қазақтар саны 96 пайыз, қазақша сөйлеу, жазу да жоғарғы деңгейде екені рас. Алайда бізде жағдай жақсы деп тоқмейілсіп, басқалар бізге жетіп алғанша отыра беруіміз керек пе? Ақиқатына келгенде, жоғарғы деңгейдеміз деп кеуде көтергенімізбен облыстың кейбір мемлекеттік мекемелері мен халық шаруашылығының, кәсіпкерліктің әртүрлі салаларында жағдай мәз емес. Шығыс қағаздары мен тұрғындарға ұсынылатын құжаттарды жазу үшін аудармашылардың күшімен күн көріп отырғандар Жыр елінен де табылады. – Сөзіңізді нақтылай кетсеңіз? – Мен өзім Қызылорда қаласының тұрғыны ретінде байқағандарымды тілге тиек етсем, жылуға, жарыққа, суға, газге, телефонға, қоқысқа байланысты мекемелермен жасасқан келісімшарт құжаттарымның, сосын оларға ай сайынғы төлем түбіртектерінің бәрі дерлік орыс тілінде толтырылып жүргеніне куәмін. Сол сияқты, күнделікті жеке басымыз бетпе-бет кездескенде «банкомат», «таулингтердегі» қажетті үш тілдің ішінен қазақ тілін таңдауға келгенде ең алдымен орыс тілін қолданатынымыз ешкімге жасырын емес. Сондай-ақ, мекеме басқарып отырған бірсыпыра қазақ азаматтары құжаттарын орыс тілінде толтырып отырғаны белгілі. Екі ауыз сөзінің арасына «хорошо», «давай», «обед», «ладно», «ничего», «нормально» т.б. сөздерін қыстырып сөйлеу үрдіске айналған. Қағазға жазылған тым әдемі ана тіліміздегі айшықты сөздерді тілдері келмей, былдырлап оқитын қазақтың басшы азаматтары бізде де баршылық. Бұлардан құтылу үшін тағы қанша жыл, қандай сылтау керек сонда? Кеңес өкіметіне сілтеме жасап жүргенімізге жиырма жыл болды ғой. Мына көрші өзбек ағайындарымыз сол кезеңнің өзінде де өздерінде тұратын орысыңды өзбекше сөйлетіп жіберген жоқ па? – Мұны неліктен осылай болып тұр дейсіз? – Бойымызға сіңген нәрседен бір сәтте арыла қою қиын, әрине. Алға ұмтылып, оны іске асырудың орнына, сыныққа сылтау іздеушілер көп. Сол аурудан арылу үшін күш керек, ынта, әрекет керек. Кеше ғана бір мекемеде үлкен лауазымда істейтін азаматпен орысша-қазақша араластырып сөйлейтіндер жайлы пікір алысқанымда, «Абайдың өзі орысша араластырып сөйлеген. Бір өлеңінде «Самородок сары алтын» деген...» деп, өзінің шала қазақтығын қорғау үшін жанын салып, өзінше зерттеп жүр екен. Жағамды ұстап таңқалдым. Басқа емес, морды қазақтың /М.Шаханов/ сөзі бұл. Мұның бәрі бізде намыстың жетіспейтіндігінен. Ендеше сол намысты, патриоттық сезімді кім оятады? Оны оятатын «мен – қазақпын» дейтін қазақ. Сосын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, оның мыңдаған белсенділері дер едім. – Бір жылдан астам уақыттан бері «халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымына жетекшілік етіп келесіз. Қандай шаруалар атқарылды, қандай кедергілер кездесуде? – Істі алдымен Қоғамның ұйымдық құрылымын нығайтудан бастадық. Осы мақсатта аудан әкімдерімен байланысып, жұмысы тоқтап қалған филиалдарға беделді, іскер азаматтарды сайлауды қолға алдық. Қазір Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары филиалдарындағы басшылар осындай ниетпен сайланған нағыз ұлтжанды азаматтар. Айтайық, ұлтына жаны ашығаны сондай, олардың бірсыпыралары өз мүліктерін қоғамға қызметке беруде. Арал аудандық филиалының төрағасы өзінің жеке газетін қоғамның органы етіп жұмыс атқаруда. Қазалы ауданының филиалына аудан әкімі «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты. Қармақшы аудан әкімшілігі өз ғимаратынан арнайы бөлме берді. Басқалары да қатардан қалып жатқан жоқ. Алайда, өзгелерге барлық жағынан өнеге болатын Алаштың алғашқы астанасы Қызылорда қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының жағдайы біз күткендегіден әлдеқайда нашар екенін жасырмауға тиіспіз. Мұнда бұрын құрылған бастауыш ұйымдар түгелге дерлік тарап кетіпті. Сондықтан да облыс орталығында бұл жұмысты қайтадан басынан бастадық деуге болады. Әуелі облыс тұрғындарына қызмет ететін коммуналдық, байланыс, банк, зейнетақы мен сақтандыру қорлары мен жұмыс күштері көп шоғырланған мұнай, теміржол компанияларының басшыларына бардым. Іс қағаздарын жүргізуде қазақ тіліне басымдық беруге, қоғамның бастауыш ұйымдарын құруға атсалысуларын сұрап хат жаздым. Ондағы мақсатымыз, егер осы мекемелердің басшылары мен қызметкерлері ұлтжандылықтың үлгісін танытып, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруді әуелі өздері бастаса, келіп-кетушілердің біртіндеп қазақшалатыны да сөзсіз ғой. Осындай мақсатпен облыстық басқармалар мен департамент басшыларына, меншік нысандарына қарамастан, көптеген бюджеттік және әртүрлі саладағы мекемелер басшыларына ерінбей отырып өзім 500-ден аса хат жаздым. Несін айтасыз, кейбіреулеріне 2-3 реттен жазуға тура келді. Көпшілігіне өз аяғыммен барып, ана тілінің халін жүзбе-жүз отырып түсіндірдім. «Біз бәріміз де қазақпыз, іс қағаздарымыз қазақ тіліне көшкен, бізге «Қазақ тілі» қоғамына мүше болудың керегі не?» дейтіндер де бар арамызда. Оларға: «Жалғыз ағаш орман болмайды», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, ең бірінші сол тілді меңгергендер бірігуіміз керек. Біз көп болған үстіне, көп бола түссек, алда тұрған кедергілерді жеңу, ана тілімізге, ұлттық дәстүрімізге мұрнын шүйіргендерді орнына қою мүмкіндігіміз арта түседі. Шынтуайтына келгенде, «көп – қорқытады, терең батырады» дегендей, Президентімізге де, әкімдерімізге де арқасүйер осындай мықты, қауымдасқан, намысшыл ұлттық ұйым керек деп ойлаймыз. – Бір сөзіңізде жарнапұлдың жағдайы көп жақсарды деп қалдыңыз... – Дұрыс, кейде ана тіліміздің мәртебесі жайлы жұрттың намысын оятатын тұшымды бірдеңе жазып, көшеге ілдіріп қояйын десең, оған қаражат керек. Олсыз қолы шолақ кісідей еш қимылдай алмайсың. Бірсыпыра басшы азаматтарға рақмет, өздері бас болып жарнапұлдарын уақытында өткізіп тұр. Қазірдің өзінде сол жарнапұлдан жиналған қаржыға көшелер мен мекемелердің, шаһардың көрнекі жерлеріне «Ана тілімізді шекараны қорғағандай қорғайық!», «Туған тіліне жаны ашымаған адам – тексіз!», «Қазақ пен қазақтың өзара өзге тілде сөйлесуі – намыссыздықтың көрінісі!», «Айналайын, балам! Ана тіліңді кемсіткенің – кері кеткенің, Төрге шығарсаң – мақсатыңа жеткенің!» т.б. тақырыптар бойынша билбордтар мен плакаттар жасатып іліп қойдық. Осы үрдіс аудандарда да жалғасуда. Б.Момышұлының 33 жасында, осыдан 70 жылдай бұрын, өзі қанмайданда жүрсе де ана тілінің келешегіне шыр-пыр болып алаңдаушылық білдірген хатын арнайы күнтізбе ретінде жасаттырып, оны соңғы екі жыл бойы әрбір басшыға ұсынып келеміз. Осындай жұмыстардың нәтижесі болар, бізді қолдаушылар саны күннен-күнге көбеюде. Белсенді қолдаушыларымыз мүмкіндіктеріне қарай әртүрлі мөлшерде демеушілік жасауда. Мұнан да басқа қаржы көздерін іздестіріп: «Азаматтық альянс» қауымдастығының облыстық филиалына 1 миллион теңгелік жобаға ұсыныс бердік. Қазақстанның «Ақ жол» партиясының қазақ тілін жексенбілік мектептерінде оқытуға байланысты жариялаған байқауына да екі ұсыныс түсірдік. Осы орайда облыс әкімшілігінің біздің әрбір ісімізге үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап айтқым келеді. Олар өздері бас болып әкімшілік аппаратында бастауыш ұйымын құрып, жарнапұл төлеуді қолға алғасын, қала, аудан әкімдіктері мен басқарма, департамент басшылары да осы үрдісті жалғастыруда. Нәтижесінде қазір 200-ге жуық бастауыш ұйымдары құрылып, жарнапұлдарын төлеуде. Бұл біздің жұмысымызға үлкен серпіліс бергенін ризашылықпен айтуымыз керек. – Дейтұрғанмен аяқтан тарушылықтарда кездесетін шығар. – Сұрағыңыз орынды. Қай істі бастасаң да, нәтижеге бірден жету оңай емес. Ол үшін біраз тер төгуге тура келеді. Жоғарыдағы айтқан-жазған хатымызды жауапсыз қалдырған 53 мемлекеттік органдардың тізімін Тәртіптік кеңеске, 63 үкіметтік емес ұйымдардың тізімін прокуратураға жіберіп, оларға шара қолдануды талап еттік. Солардың ішінде ең ірі деген, тілге мойындары бұрылмай жүрген компания, банк басшыларының кабинетіне «Қоғам ТВ» тілшілерін алып барып, «судың да сұрауы бар» дегенді есіне салып, хатты жауапсыз қалдыруы заңды сыйламағандығы ма, әлде мемлекеттік тілді сыйламағандығы ма, осыны анықтадық. Телеарна арқылы жарамсыз істері жұртқа жария етілді. Осындай рейдтерден кейін олардың да, басқалардың да беті бері қарады. Қай мәселеде де жариялылық пен ашықтық өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Сондықтан біз жариялылықты барынша пайдаланудамыз. – Мұнан тысқары қандай шараларды жүзеге асырудасыз? – Басқарманың кеңейтілген мәжілістерін, төралқаның отырыстарын уақытында өткізіп тұрамыз, барлық аудандарда іссапармен болып, филиалдардың жұмысымен танысу, оларға көмек қолын созу дәстүрге айналып келеді. Ата-бабамыздан мұра болып бізге жеткен ана тіліміздің ешқашан ешкімге есесін жібермеген тіл екенін, әрі бай, әрі мағыналы, терең екенін де жұршылықтың санасына жеткізудеміз. Былтыр «Тіл мәдениеті және шешендік өнерді дәріптеу» атты облыстық байқау өткізіп, оған барлық аудан филиалдары өз жеңімпаздарын алып келіп, бас бәйгеге 50 мың, 1,2,3, орындарға сәйкесінше 40, 30, 20 мың теңгеден, басқа қатысушыларға 5 мың теңгеден сыйақы ұсындық, облыстық филиалдың Дипломы мен Алғыс хатын бердік. Биыл ақпан айында «Алаш ұранды идеялар» атты байқау өткіздік. Онда да жүлделі орын алғандар моральдық-материалдық тұрғыда марапатталды. Наурыз айында қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 115 жыл толуын республикада бірінші болып атап өтіп, «М.О.Әуезов шығармашылығындағы азаттық идеясы» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция өткіздік. –Конференцияда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қауымдастығының көшбасшылығына Елбасымызды ұсындыңыздар? Ол неліктен? – Балтық жағалауында, Қап тауында, Орта Азия аумағында орналасқан бізбен бірге кеңестік дәуірдің ащы-тұщысын көрген республикалар қоғамдық ұйым құрмай-ақ, тіліне де, әліпбиіне де ешқандай саясатқа үстемдік жасатпаған. Біздің географиялық орналасуымыз бен өз менталитетімізді ескерсек, біз Қоғамдық ұйымсыз тілімізді төрге шығара алмайтынымыз белгілі. Сондықтан біз бұл ретте Түркия мемлекетінің тәжірибесінен үйренгеніміз дұрыс дер едім. Кезінде (1932 жылы) Мұстафа Кемал Ататүрік, алты ғасырдан аса Осман империясының езгісінде, онан соң Батыстың ірі империалистік елдерінің үстемдігінде болған өз халқын азат еткен соң, түрік тілін араб, парсы элементтерінен барынша тазартып, оны түріктендіру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін «Түрік тілі қоғамын» құрған, әрі өзі басқарған болатын. Соның арқасында Түркия мемлекеті қазір өркениетті, қуатты ұлттық рухы жоғары мемлекеттердің бірі болып отыр. Сондықтан Қоғамның кезектен тыс Құрылтайын шақырып, онда Қоғам көшбасшылығына Президентті сайлауды конференцияда мен ұсындым. Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты, біздің Елбасы да қазақ халқының мерейін үстем етеріне ешкім шүба келтірмес деп ойлаймын. 1992 жылы 2-Құрылтайда оның ана тілімізді өз төрге шығаратын батыл қадамдарға бару үшін артымызға 15-20 жыл салайық деп айтқан сөзінің сәті енді келгендей. Америкалық лингвист Дэвид Хариссонның «Әлемде әр екі аптада бір тіл жойылып отырады» деген қауіпіне көз жүгіртсек, бізге осындай қадамға барып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын күшті қауымдастық етіп құру қажет. «Қазақ тілі» қауымдастығын жандандырмай, ана тілімізді тірілте алмаймыз. Оның үстіне құрылып жатқан Кедендік және ЕуроАзиялық одақтар орыс тілінің ықпалын күшейте түсіп, қазақ тілінің халін онан сайын нашарлата берері сөзсіз. Осы қауымдасу бізден – Сыр елінен басталғаны дұрыс шығар. Президентіміз «Сыр – Алаштың анасы» деп бекер айтқан жоқ қой. Қазақ тілінің қуаты қазақтар шоғырланған біздің өңірде күшті екенін ескеріп, тиісті әдісін тапсақ, кез келген, тығырықтан шығуға болады. Қазақ тілі – қазақ елінің төл тілі болуы керек. Сондықтан ана тілімізді қызғыштай қорғау, оны сақтау және дамыту – бәріміздің ұлттық басты парызымыз. – Әңгімеңіз үшін рахмет! Сұхбаттасқан Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ