Тіл мәселесі һәм сауда
2012 ж. 06 наурыз
3466
1
Жиырма жылдық тәуелсіздігімізді дүрілдетіп өткіздік. Отандық телеарналар оны асқақтата көрсетті де. Үкіметтік газет-жорналдар жарыса жазды да. Жетістіктерді айтқанда көгілдір экран алдында тележүргізушілердің арқалары қозып, орындықтарында отыра алмай қалды. Ал пенде болғаннан кейін болмай тұрмайтын, аттай жиырма жылдың ішінде алынбаған асулар, жетпеген жетістіктер жөнінде екі ауыз сөз айтылмады. Біз осындай әттеген-айлардың бірі, 20 жылда шешілмеген ұлттың басты көрсеткіші – тіл мәселесі және оның саудаға айналуы жайына тоқталмақпыз.
Дәлел – үлкендерді айтпағанда, тәуелсіздігіміздің құрдастары 1991 жылы туған орыс балаларының бір пайызы да қазақ тілін меңгермеуі, ал осы жылдары туған қазақ балаларының өзі шамамен 40 пайызға жуығы ана тілін білмеуі, бір қазақтың анық екіге бөлінуі. Кеңес заманынан басталған бұл жарықшақты жиырма жылдық тәуелсіздік жаба алмады, керісінше, аша түсті.
Жиырма жылдың ішінде ана тілі өзінің баласын (қазақтарды) бөлшектейтін құралға айналды. Тоқетерін айтқанда, бүгінгі күні қазақты біріктіретін де, ажырататын да ортақ жай; біріктіретіні – Отандары бір. Яғни, тұрақтары – байырғы қазақ жері. Ажырататыны – екеуінің қазақ тіліне қатысты ұстанымы (принцип), яғни, байырғы қазақ жеріндегі қазақ тілінің шынайы мәртебесі.
Осыған байланысты, біздіңше, орыс тілді қазақ (әлі күнге бұлай айтудың өзі ұят) өз ішінде қаншаға бөлініп жатыр білмеймін, қазақ тілді қазақ үш топқа бөлінді. Осы топтар бүгінгі күні Қазақстан қоғамындағы барлық саяси, экономикалық мәселелерге ана тілін жақтау, жақтамау тұрғысынан іс-әрекет жасауды әдетке айналдырды. Мысалы, қазіргі толғақты мәселенің бірі – болашақ Еуразиялық одаққа байланысты пікірдің екі ұдай болуы тілге тікелей байланысты.
«Есептедік, Еуразиялық одаққа кіру экономикалық жағынан – дұрыс» деушілердің немесе «зерттей келгенде Еуразиялық экономикалық одақ – бұрыс» дегеннің бәрі – қазақ тіліне байланысты ұстаным мүддесінен туған пайымдаулар. Дәлірек айтқанда, тілді қолдаушылар мен қолдамаушылардың жеке көңілдері тұрғысынан пайымдап, ана тілін саудаға айналдыруда. Өйткені, Еуразиялық одақтың оның болашақта ұлт пен ұлттық экономикаға (егер ондай бар болса…) берер пайдасы мен зиянын бір Құдайдан басқа ешкім білмейді.
Тілдің Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты таласқа тікелей қатысы бар деген тұжырымымызды дәлелдеу үшін, әуелі әлемдік, қазақстандық экономиканың бүгінгі жай-жапсарына қысқаша тоқтала кетсек. Соңғы кезде экономика саласындағы нобельдік сыйлық экономика заңдылықтарынан жаңалық ашқан ғалымдарға емес, экономикадағы моральдық-психологиялық заңдылықтарға басымдылық берген, яғни экономикаға психологиялық жағынан келу арқылы жаңалық ашқан ғалымдарға берілуде. Бүгінгі күні экономиканың барлық түйткілдерін макроэкономикалық әдіс-тәсілдер шешеді деген қағидалық көзқарастарды ғалымдар өзгерте бастаған. Өйткені, ең бірінші экономиканы жасайтын – ет пен жүректен жаралған Адам, оның мінез-құлқы. Әлемдегі бүгінгі қаржы дағдарысы да, Адамның ашкөздігі мен жеңіл ақша іздеуінен пайда болған, болуда, бола береді де. Олай болса, тілдің экономикаға тікелей қатысы жоқ дегендік те білместіктен айтылған. Ілгеріде айтқандай, тіл ұлттың көңіл-күйі болатын болса, осы көңіл-күй арқылы ұлттық экономикаға тікелей әсер ететіні анық (нақты қалай, қаншалықты әсер ететіні бөлек әңгіме).
Сонымен, жалпы экономиканы жасайтын тіл мен сезімнен тұратын еңбек Адамы болса, Қазақстанда олардың нақты жай-күйі қалай? Ал экономикалық дағдарыстардың негізгі себебі – байлардың ашкөздігі болса, біздің қазақстандық тіл мен сезімі жоқ мырзалар шетелдік әріптестерінен қалысты ма? Енді тілге байланысты негізгі әңгімемізге қатысты болғандықтан осыларға жауап беріп көрейік...
Қазақстан экономикасында қызмет жасайтын, жұмыс істейтін қызметкерлер мен жұмысшылардың жай-күйін, тіпті, өндірістің тіліне дейін шешетін тәуелсіз кәсіподағының жоқтығынан, олардың еңбек, азаматтық құқықтарының аяқасты болып келе жатқанына да, міне, аттай жиырма жыл. Ендеше, қызметі мен жұмыс орындарында көңілмен еңбек етпеген елде еңбек нәтижесінің жемісті болуы мүмкін емес. Дамыған елдерде кәсіпорын қожалары жұмыс өнімінің сапалы болуы үшін, жұмысшылар мен қызметкерлерінің күй-жайын қамтамасыз ететін шынайы кәсіподақтарды құруды өздері қолға алады. Кәсіподақ құрмаған кәсіпорындардың қожаларын үкімет құруға мәжбүрлейді.
Ал бізде керісінше. Облыс әкімдері (макроэкономиканың тетігін ұстаушы мырзалар) тағайындалысымен, облыс көлеміндегі бюджеттен қаржыланатын мекемелерге өз адамдарын қойып, «бөтендерден» тазартады. Оларға тәуелсіз кәсіподақ мүлдем қауіпті. Түпкі сыры ашылып қалады. Қазақстандық кәсіпорын қожаларына да, тәуелсіз кәсіподақ – жау. Өйткені, қызметшілер мен жұмысшыларға ойына келгенін істеткізбейді. Сот төрелігі жөнінде айтпай-ақ қояйық. (Бас жаққа барыспайық…)
Бұдан кейін жаңа, дамыған экономика жасамақ Қазақстанда, оның тұтқасын ұстайтын, өз ісіне берік тәжірибелі қызметкерлер мен маман жұмысшылардың қалыптасуы жөнінде сөз қозғау артық емес пе? Осыдан соң экономиканың бәсекелестігі мен ашықтығы жөнінде айтып жүргендеріміз шындыққа жанаса ма? Олай болса, жылдар бойы дәстүрлі тауарларын шығаруға маманданған, экономиканың белгілі салаларына әбден машықтанған екі одақтасымыздың экономикалық тегеурініне шыдай аламыз ба? Ал жарыста, сайыста, мейлі ол экономикалық болсын – аяу, бір-біріне қарасу деген болмайтыны белгілі. Біздің бар сенгеніміз – ауылшаруашылық тауарларын шығару саласы (басқасы шикізат), яғни отандық ауылшаруашылық кәсіпорындары. Олар, шынтуайтына келгенде, материалдық базасы жағынан да, жұмысшылардың мамандануы, қызметкерлерінің тәжірибесі жағынан да одақтастардан бірнеше есеге кем соғады. Шекараның мүлдем ашықтығын пайдаланып, біздің тек табысты ойлайтын мырзалар Қазақстанда бәсекелестікке төтеп бере алмайтын кәсіпорын ашқанша, қаржыларын бәсекеге қабілетті екі одақтас елдің экономикасына салып, ішкі инвестициямыздың өзінен айрылып қалмаймыз ба? Немесе, олар Кеңес Одағы кезіндегідей негізгі мамандарды екі одақтас елден әкеліп, еліміздегі жағдайды әлеуметтік теңсіздікке, жұмыссыздыққа тіреп, тіл, діл мәселелерін шиеленістіріп жібермей ме?
Осындай толған ауыр, толғағы қиын сұрақтардың төңірегінде сөз қозғала қалса шенеуніктер, саясатшылар, саясаттанушылар, экономистер, бизнес өкілдері одақтың экономикалық тиімділігі жөнінде бірдеңе деп мұрындарының астынан түсініксіз міңгірлеп, шын мәнінде тілге байланысты көңіл тұрғысынан әрекет етеді.
Енді сөзіміздің басында айтқан, екіге бөлінген қазақты анығырақ әңгімелейтін кез жетті.
Алдымен, қазақ тілді қазақ жөнінде:
Біріншісі – тексіз қазақ. Ішкені мен жегеніне мәз. Оның ішінде кекірік атқан байлары да, ынжық кедейлері, тоңмойын оқығаны, өсекшіл оқымағаны да бар. Оларға тіл мәселесі отбасы, ошақ қасы (соғым) әңгімесінен де төмен тұрады.
Екіншісі – сан ғасырлық құлдық психологиядан құтыла алмай жүрген әрі-сәрі, дүмбілез қазақ. Олардың оқыған-тоқығаны: сырты қампиған, іші қуыс, өзінше пысық, жалт етпе, жылт етпе. Тым тәубешіл кедейі де, осылармен бірге. Оларға тіл жайында жоғарыдан айтылса болды: дұрыс болса да – дұрыс, бұрыс болса да – дұрыс.
Үшіншісі – «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп жүрген, оқыған, шоқтай қазақ. Солармен бірге, кедей, бірақ, тамақтан гөрі қазақтың оқығандарына қарны ашып жүрген көкірек көзі ояу, оқымаған қазақ. Олардың оқығаны да, оқымағаны да ұлттың ең басты дүниесі де, жаны да тіл екенін, ұлттық экономиканы жасаушылардың тілі – орыс тілі болса, ондай экономика ұлтқа қызмет етпейтінін анық біледі.
Енді орыс тілді қазаққа келсек:
Жұмыр басты пенденің ой-әрекеті ең алдымен жеке бастың мүддесінен туады демекші, олар орыс тілінің сойылын соғу қарқындарының әр түрлі болуына байланысты жіктеледі.
Олардың алғашқысы – кезінде орысша оқыған, қазір елді, жерді ойлайтын, ақыл тоқтатқан жасқа келгендер. Бірақ, баласының – ізбасарының қазақша білмейтіндігі – біржола қазақ тілі жағына шығуына бөгет. Сондықтан, Еуразиялық экономикалық одақ өзіне емес, балаларына керек болғандықтан қолдаушылар.
Екіншісі – (бұлар біріншінің сыңарлары, олардан жас) – қазақ тілінің бүгінгі бастан өткізіп жатқан қиыншылығына төзгісі, оның дағдарыстан шығуын күткісі келмейтіндер. Сондықтан балаларын бірден оқу-құралдары дайын, тілі (экономикалық, заң, пәлсафалық) жатық, орысша оқуға беруді құптайтындар. Оларға Еуразиялық экономикалық одақ, бар болғаны, сол үшін ғана керек.
Үшіншісі – Отаншыл, бірақ орыстілді тәрбие мен ресми саясатқа байланысты толқып жүргендер. Олар алдағылардан қалған «әдет пен сара жол» бойынша одақтың көңілін жыққысы келмейтіндер. Бұлардың қатары көбіне жастардан тұрады.
Төртіншісі – кезінде орыс тілінің артықшылығына байланысты байлығын жасап алғандар. Олар ана тілді қолдайтындардың кедей екенін, оларға билік тисе, материалдық байлықты бөлісуді ертең қатаң талап ететінін білетіндер. Сондықтан оларға қандай одақ болса да бәрібір, тек қазаққа қатысты ұлттық белсенділікті жаншитын одақ болса жетіп жатыр.
Бесіншісі – жандүниесімен ұлттан безгендер. Олар – жаһан адамдары (космополиттер). Оларға Еуразиялық одақтың өзі тар.
Алтыншысы – саясат үшін ғана қазақ тілін құптап, ал, шын мәнінде, басқаша ойлайтындар.
Жетіншісі – саналы түрде, кезінде Абай айтқан қазақ пен қазақ тыныш отыру үшін, ортасына татар салу керек дегенді тура мағынасында түсінетіндер. Демек, орыссыз өмір сүруге болмайтын пікірге имандай сенетіндер. Сондықтан, оларға қазақ қоғамы – қорқыныш. Оларға одақ сол үшін де аса қажет.
Сегізіншісі – орыс ділі мен мінез-құлқын сіңіргені соншалық, олар қожайынсыз, патшасыз өмір сүре алмайтындар. Оларға үнемі қожайынның темірдей жұдырығы мен нұсқауы болмаса өмір қараң.
Тоғызыншысы – қазақ тілін толық білмесе де, ұлттың сақталып қалуы үшін шынайы жүрегімен күресіп жүргендер. Олар балаларын қазақша оқуға беруде.
Біздің қазақша оқығанымыз да, орысша оқығанымыз да өз кескін-келбетін осының ішінен табатынына сенемін. «Сын түзелмей мін түзелмейді...»
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ