Байтұрсынұлы әдістемесін өркендету керек
2019 ж. 09 қыркүйек
4788
0
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Данагөй тұлғаның қазақ тілін оқытуға арналған «Методика мәселелері», «Қай әдіс жақсы?», «Оқу құралы» және т.б. мұралары жас ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға мәңгі азық болары сөзсіз.
Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын дәлелдеп жүр. Сондықтан данагөй тұлғаның әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының өміршеңдігін зерделей отыра, қазақ тілін оқыту әдістемесіне толыққанды пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғырту жас оқытушылардың құзырында деп айтсақ қателеспейміз.
Демек, осындай мәртебелі мүддені жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының еншісінде деп білеміз.
Ұлы ағартушы, педагог-ғалымның есімімен байланысты қазақ тілі оқытушылары арасындағы Ахмет Байтұрсынұлы республикалық байқауын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырады. Аталған ісшара 12 қыркүйегінде өтеді.
Байқаудың мақсаты – А.Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыра отыра, ұлы тұлғаның әдістемелік идеяларымен сусындаған, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейту жолында еңбек етіп жүрген, еліміздің 15 өңірінен жиналған, ұлт тілі – қазақ тілі жанашырларының ең үздігін таңдау арқылы оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін тарату.
Байқау алдымен еліміздің барлық облыстары мен өңірлерінде ұйымдастырылды. Облыстық байқаудан жеңімпаз атанған, үздік деген оқытушы республикалық байқауға жолданады. Байқауға еліміздің барлық өңірінен 15 оқытушы қатысады.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік талаптары бар. Алғашқы кезеңнің талаптарына сәйкес оқытушылар өздерінің 3 минутқа созылатын бейнетаныстырылымын көрсетеді. Бейнетаныстырылымда қатысушының білімі мен кәсіби деректері, жаңа қазақ әліпбиінің емлесін оқыту әдістемесіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары және жетістіктері жайлы ақпараттарын жинақтайды. Бейнетаныстырылым байқауға дейін tilalemi@gmail.com электрондық поштасына жолданылып, әрі қарай әлеуметтің пікірлері мен жанкүйерлердің дауыстарын жинау үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсына орналастырылды.
Байқаудың екінші кезеңінде қатысушыларға түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмалар ұсынылады. Бұл кезеңде қатысушылардың әдістемелік біліктілігі, ой ұшқырлығы мен тапқырлығы, жағдаяттан шыға білу шеберлігі сыналады.
Байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар тілді оқытудың В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес жаңа емле ережесі бойынша 20 минут көлемінде ашық сабақ көрсетеді. Бұл кезеңнің талабы бойынша қатысушының тақырыпты меңгергендігі және оқу процесін дұрыс ұйымдастыра алу қабілеті сыналады. Сондай-ақ оқытушының өзіндік шығармашылық бейнесіне, коммуникативтік мәдениеті мен оқытушы қолданған технологиялардың ерекшелігіне басты назар аударылады.
Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін Тіл саясаты комитеті тарапынан қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасында А.Байтұрсынұлының еңбектеріне зерттеу жүргізген ғалымдар, тіл мамандары және педагог-ғалымдар бар.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша анықталып, арнайы дипломдар, алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
София Омарова,
Қазақ үні